2024 жылдың 6 айында қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі 1,2 трлн теңгеден асып түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,1 есеге (немесе 638,4 млрд теңгеге) артық және жыл басынан бері 1,3 трлн теңге көлемінде аударылған жарналардың деңгейіне жуықтап қалды.
БЖЗҚ-ның міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінен түсіп, салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілік 2024 жылдың 6 айында 6,59% көрсетті. Жыл басынан бергі 01.07.2024ж. дейін инфляция деңгейі - 3,9%. Егер БЖЗҚ-ның соңғы 12 айдағы зейнетақы активтерінің кірістілігін қарастырсақ, онда осы кезеңдегі инфляция 8,4% болған кезде кірістілік 13,08% көрсетті.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі - 1,84%.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялық кіріс алу мақсатында экономиканың Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі түрлі секторларының әр түрлі қаржы құралдарына түрлі валюталарда орналастырады. Әртараптандыру орнықты инвестициялық кірістілікті қамтамасыз етеді.
Зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жылда талдаған жөн. Мәселен, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2024 жылғы 1 шілдеге дейінгі инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 876,87% көрсетті. Бұл кезеңдегі инфляция - 787,63%. Осылайша, ұзақ мерзім ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік бар. Төлемдер құқығы басталған кезде салымшының жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген кезеңдегі кірістіліктің төмендеуі кезінде де айырмашылықты өтеуге мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.
Көптеген маңызды және пайдалы ақпаратты, соның ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесі сарапшыларының зейнетақы активтерін инвестициялау туралы сұхбаттарын - БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасынан көруге болады.