Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Қашықтан оқыту білім сапасына кері әсер етпейді» Избранное

Пятница, 28 Август 2020 03:52 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 381 раз

–Жанат Арысбекқызы, жаңа оқу жылы жақындап келе жатыр. Осы орайда, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және мұқтаж отбасылардың балаларына қандай қолдау көрсетілуде? Олар қашықтан оқуға қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілді ме?

616

 

– Жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы мектептерде 222 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 1 сыныпқа келуі жоспарланған 24 169 оқушының құжаттары электронды форматта қабылданды.
Әрине, биылғы оқу жылы жылдағыдан өзгеше басталғалы тұр. Бүкіл әлемге таралған пандемияға байланысты оқушылардың денсаулығын қорғау үшін мұғалімдеріміз қашықтан оқытуға мәжбүр болып отыр. Бірақ, бұл білім сапасына кері әсер етпеуі тиіс. Қазір осыған қажетті барлық жағдай жасалуда. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына айрықша назар аударылып отыр. Ел Үкіметі арнайы қаулы қабылдап, соған сәйкес бір ғана Шымкент қаласының өзінде әлеуметтік көмекті қажет ететін 42 368 балаға 30 мың теңгеден бір реттік көмек берілді. «Мектепке жол» акциясы аясында атқарылған бұл іске 1 миллиард 271 миллион теңге қаржы қаралды.
Қашықтан білім беру жағдайында, шымкенттік 222 050 оқушының 35 пайызында, яғни, 77 698 оқушыда компьютер жоқ екені анықталды. Білім ұйымдарындағы компьютерлерді уақытша беру арқылы әлеуметтік көмекті қажет ететін 24 955 отбасының 35 798 баласы қамтылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы шілде айында 10 975 дана компьютер сатып алынды. Қазір тағы 36 355 компьютерлік құрылғылар сатып алу жұмыстары жүруде. Оның 5 195-і жергілікті бюджет есебінен қаралса, 31 160-ы Үкіметтің қорынан қосымша қаралуда. Жалпы құрылғылардың 7 438-і компьютер, 24 716-ы ноутбук, 4 201-і планшет.

607

 

–Қаланың шеткі шағын аудандары мен елді мекендерінде интернеттің жылдамдығы төмен. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

–Қаладағы 147 мектептің 145-і (2 түрме жанындағы кешкі мектеп) интернет желісіне қосылған. Биыл осы мақсатқа 235,9 млн теңге қаралған.
Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген талапқа сәйкес, мектептерде интернет жылдамдығы секундына 8 Мб-тан кем болмауы тиіс. Қалада 24 мектептің интернет жылдамдығы осы көрсеткіштен төмен.
Қазіргі таңда «Қазақтелеком» компаниясы тарапынан жаңа оқу жылына интернет желісінің жылдамдығын 8 Мб/с – 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту және қала сыртындағы 33 елді мекенде интернет жылдамдығын жоғарылату бойынша жұмыстар жүргізілуде.

–Ұялы байланыс операторлары мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы тариф ұсынады деген жаңалық таралып еді. Осы мәселе жөнінде де айта кетсеңіз.

–Интернетке мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға интернет қызметіне қаралған қаржы есебінен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арқылы арнайы интернет желісіне қосылған «ӘМБЕБАП НӨМІРЛЕР» беріледі.
Білім беру ұйымдарындағы оқу кабинеттеріне «Қазақтелеком» тарапынан қашықтықтан білім беруге арналған топтық конференция трансляциясын орнату жобасы қолға алынуда.

–Мектептердегі орын тапшылығы, үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы дейтін проблеманы айналып өте алмаспыз. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?

–Елімізде демографиялық өсім жоғары. Осыған байланысты Шымкентте жыл сайын мектеп оқушыларының саны 12 мыңнан астам балаға көбеюде. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Еліміздің ертеңі болар балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау — мемлекеттің тікелей міндеті. Сол себепті мектеп құрылысы әрқашан маңызды бағыт болып қала береді.
Жыл басында жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4-еуге көбейгені (№50,53,58,115 жом), сөйтіп жалпы 19-ға жеткені және ғимараты (№79,101 жом) апатты жағдайдағы 2 мектеп бар екені анықталды.
Аталған мәселелерді шешу мақсатында Шымкент қаласының орта білім беру саласында жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу арқылы жекеменшік-мемлекеттік серіктестік аясында жұмыс істейтін мектептер желісін кеңейту қолға алынған.
2020-2023 жылдарға арналған жоспарға сәйкес Шымкентте 32 350 орынға арналған 47 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде, бюджет есебінен 6 жаңа мектеп салынады. 19 мектепте қосымша ғимараттар бой көтереді. Ал, жекеменшік инвесторлар есебінен 22 жаңа мектептің құрылысы жүргізілмек.
Қазіргі таңда, бюджет есебінен 6 520 орынға арналған 7 жаңа мектеп («Самал-3» ш.а. №1 – 1200, «Самал-3» ш.а. №2 – 1200, «Абдулабад» т.а. (№101) – 300, «Сайрам» т.а. – 300, «Асар-2» ш.а. – 1200, «Тұран» ш.а. – 1200, «Өнер» мектебі - 150) салынып жатыр. Сондай-ақ, 6 мектепте қосымша ғимарат бой түзеуде. Нәтижесінде жыл соңына дейін 1 апатты және 5 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі.
Алдағы уақытта апатты мектептердің саны көбейіп кетпеуі үшін жыл сайын мектеп ғимараттарының техникалық жағдайы талданып, нәтижесі бойынша күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, болашақта оқушылары көбейіп, мектептері үш ауысымды режимге өтіп кетуі мүмкін болған шағынаудандар мен тұрғын алабтарына да зерделеу жүргіздік. Мектептердің әуелі қай шағынаудандарға салынуы туралы шешімді осы зерделеу жұмыстарының нәтижесіне қарап қабылдап жатырмыз. Бірінші кезекте ең зәру шағын аудандарға басымдық берілуде.
Сауалыңызға орай тағы бір айта кететін мәселе, қалада 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 133 мемлекеттік мектепте жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Және 18 жекеменшік мектепке 8 304 оқушы мемлекеттік тапсырыс арқылы қабылданды. 2024 жылға қарай үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешу жоспарлануда.

–Өткен жылдары мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдау интернет порталдардың көмегімен конкурс арқылы жүзеге асып жүрген еді. Қазіргі пандемия кезінде бұл конкурстар қалай ұйымдастырылып жатыр?

–Алғаш рет Шымкент қаласында педагогтар мен білім ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бойынша «HR-Process» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе бос орынға өтініш беру және өңдеу барысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, ең мықты, дарынды әрі білімді мұғалімдерді іріктеп алуға жол ашылды. Үміткерді таңдау кезінде меритократия, жариялық және айқындық қағидаларын сақтау жақын келешекте мектепте ұстаз деген қадірлі атқа лайық мамандардың ғана қалуына себеп болары сөзсіз.
Жүйе конкурстық әдіске негізделеді. Педагогикалық қызметке үздік кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Жемқорлықтың алдын алады. Мұғалім болып жұмысқа орналасқысы келетін маман порталға өтініш қалдырады. Ол адамның талапқа сәйкестігі баллдық шкала бойынша анықталады. Цифрлық жүйе мұғалімнің біліктілігі қандай екенін 75 пайызға анықтап береді. Ал, мектепте құрылатын мемлекеттік комиссия түпкілікті шешімге 25 пайыздай ғана әсер етеді.
Арнайы комиссия құрамына білім беру ұйымының директоры, тәжірибелі пән мұғалімдері, психологтар кіреді. Әлеуметтік желілерде конкурстық комиссия отырысының онлайн трансляциясы жүргізіледі. Конкурстың барлық нәтижелері сайтта ашық жарияланады.

–Жалпы, білім беру мекемелеріне жұмысқа қабылдау жүйесін одан әрі жетілдіру және осы мәселедегі жемқорлық қаупін азайту үшін алдағы уақытта қандай жұмыс жүргізіледі?

–Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тудыратын өзекті мәселелер толығымен зерделенді. Бірінші кезекте білім беру саласындағы 24 мемлекеттік қызметтің барлығы автоматтандырылды.
Алайда, білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, аттестаттау мәселелері әлі күнге дейін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алатын көлеңкелі тұстары болып отыр.
Осы уақытқа дейін білім басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін автоматтандырды. Нәтижесінде, балабақшаларға жолдама алу және ауыстыру мәселесі шешілді. Бір кездері бұл мәселе де сыбайлас жемқорлық қауіптерінің бірі болғаны белгілі.
Шымкент қаласының әкімдігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру жоспарын іске асырудың арнайы жол картасын дайындады.
Нәтижесінде ашықтықты, тазалықты, айқындықты қалыптастыру мақсатында автоматтандырылған қызметке көшіру 2 бағыт бойынша жұмыс істеу жоспарланды. Біріншіден, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау бойынша сыбайлас жемқорлық қатерін болдырмау мақсатында автоматтандырылған электрондық қызметтер көрсету жұмыстары басталды (Ол жөнінде жоғарыда айтып өттік).
Екіншіден, бүгінгі таңда Шымкент қаласында қоғамдық көліктерде электронды картамен жүру жобасы енгізілуде. Міндетті әлеуметтік төлемді алатын оқушылар аталған картаның көмегімен мектеп асханасынан бір мезгіл ыстық тамақ іше алады. Төлем арнайы терминалдар ар0ылы қабылданады. Мектеп асханалары бірнеше жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесіне өтеді. Бұл ата-аналар, шәкірттер және кәсіпкерлер үшін де өте ыңғайлы. Ең бастысы осы жүйе арқылы мектеп асханаларында сыбайластықа жол берілмейді.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, «Адалдық алаңы» жобасы аясында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының жұмыс кабинеттері 100 пайыз бірінші қабатқа көшті. Жаңа оқу жылында барлық мектептерде ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «Open Space» ашық бөлмелері ашылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру үшін «Адал Ұрпақ» клубы құрылды. Оған 7–9 сыныпта оқитын 77 260 бала мүшелікке қабылданды. Колледж деңгейінде академиялық адалдық пен олардың қызметінің қағидасын нығайтуға бағытталған «Саналы Ұрпақ» жобасы жүзеге асырылуда. Мұнан бөлек қаланың барлық мектептері мен колледждерінде сатушылары жоқ «Адалдық дүкені» де ашылған. Бұл жобалардың барлығы жас ұрпақтың бойына адалдық дәнін егіп, олардың бойында жемқорлыққа қарсы сана қалыптастырады деп сенеміз.

—Әңгімеңізге рахмет!