Түлкібастың ақын Тұрары еді

Пятница, 07 Октябрь 2022 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2216 раз

tilkitas-turarАйтыс — ықылым заманнан қазақ халқының айнымас серігі, сарапшысы, өткір құралы, ал халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны. Сөз өнерімен қатар, тапқырлық пен ұшқыр ой, көсемдік пен шешендік ұштасқан ұлт мектебі қай кезеңде де өз биігінен түскен емес. Біз бүгін айтыс өнерінің өкілі, Кеңес дәуірінде мұғалім бола жүріп, ұлттық өнерді серік еткен, тірі болғанда ғасыр жасайтын Тұрар Байсариев жайында баяндамақпыз.

Тұрар Байсариев 1922 жылы қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданы Жиынбай ауылында дүниеге келген. Ауылда 7 жылдық мектепті үздік бітірген соң, мұғалімдерді даярлайтын училищеде білімін жетілдірген. Алғашқыда бастауыш сыныптарды оқытқан. Ұлы Отан соғысынан елге оралған соң, 1970 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, математика пәнінен дәріс берген. Ұл-қыздарының айтуынша, Тұрар Байсарыұлы ұстаздықтан тыс уақытында дастан, термелерді жатқа орындайтын болған.

— Әкем термелерді Нартай ақынның мақамымен орындап, сырнаймен сүйемелдейтін. Айтыс ақыны ретінде алғашқы қадамы ауданаралық ақындар айтысынан бастау алды. Айтыстары газеттерге басылып, елге кеңінен танылды. Абай, Жамбыл, Ілияс ақындардың өлеңдерін мәнеріне келтіріп оқып, той-жиындарда әндерін шырқайтын. Өнеріне ауыл халқы риза болысатын. Тіптен, өз ауылымыздан тыс көрші елді мекендердің той-жиындарында өнер көрсетіп, беташар жырын жырлайтын, - дейді Найля Тұрарқызы.

Кеңес дәуірінде қазақтың айтыс өнеріне қайта көңіл бөлініп, қолдау көрсетіле бастаған кезеңде Тұрар Байсариев та атсалысады. Жер-жерде ұйымдастырылған аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, елге танымал Тәушен, Есіркеп, Әселхан сынды ақындармен сөз қағыстырып, сол кезеңнің өткір мәселелерін қозғай білген. Мерзімді басылымдарда жарияланған Тұрар мен Тәушен айтысынан-ақ орақ тілді, ұшқыр ойлы айтыс ақыны екенін тануға болатындай.

Бірде Тәушен апамыз:

— Тұрғанда түйілместен қас-қабағың,

Көрсетейін үлкенін масқараның.

Тұреке, Тәушенді сен оңай деме,

Тірідей жоныңнан сенің таспа аламын.

 

Сөзге шешен екенің байқалынды,

Айтып қал осы жерде айтарыңды.

Жөні келсе, Тәушенге тиіспей жүр,

Қағып алам желкеңнен сайтаныңды.

 

Шеберсің өлеңге де, өнерге де,

Айтыста қалыспаймын сенен мен де.

Менімен айтысқанның бәрі өлген,

Тұреке, өліп қалсаң менен көрме, - дегенде, Тұрар ақын:

 

— Тәушен-ау, шалды көрсең, бас саласың,

Шығарасың сорлының масқарасын.

Өлуге де жібермей тірісінде,

Жонынан бейшараның таспа аласың.

Сенің қайшың тот басқан ескі қайшы,

Сол жағынан аз ғана жасқанасың.

Отырмын тағы жауап қайтарғым кеп,

Өзіңе керек болса, айтарым көп.

Шайтанменен жолдас боп көрмегенмін,

Сен қағатын желкемде сайтаным жоқ.

Шал көрсең, жұлқынасың қатты кейіп,

Жөн келсе әдептілік көрсетейік.

Өлгендерден жанымыз артық емес,

Артынан өлгендердің біз де шейіт,- деп жауап берген екен. Ел аузында жүрген өлең шумақтарын қос ақынның жерлестері күні бүгінге дейін ұмытпай, замандастардың орынды айтылған қағытпа-әзілдерін айтып жүреді.

— Әкеміз 2013 жылы 91жасында дүниеден озды. Отбасында 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп өтті. Әкем бала тәрбиесіне ерекше мән беретін. Ұлдарына білімді, білікті маман болып, адал әрі әділ өмір сүруді насихаттаса, қыздарына ар-ұятты биік қоюды үйретті. Ұстаздық пен ақындығынан бөлек, әкемнің аңшылық, құсбегілік қасиеттері де болатын. Есік алдына тал-теректі отырғызып, баптап, жемісін жинайтын. Әр дүниенің еңбекпен, термен келетінін айтатын. Анам екеуінің әрбір әрекеті тұнып тұрған тәрбие еді. Марқұм анамыз әкеміздің атын атамай, өмірінің соңына дейін «мұғалім» деп өтті, - деп еске алады ақынның қызы.

Иә, өмірін өнегелі істермен өрген Тұрар Байсариев жайлы айтар естелік көп-ақ. Оның бір айтыс өнеріне қосқан үлесінің өзі ел аузында. Уақыт табы, қоғам көзқарасының бедері айтысқа сіңіп, сол арқылы көрініс тауып отырары анық. Ел аузындағы «Тәушен мен Тұрар айтысы» да өз дәуірінің өткір тілді, ұшқыр ойлы айтысы болып ел есінде сақталмақ.

Б.ЕРНАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.