Біз ұзына бойы тарихымызда Ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген; сан рет қирап, сан рет бой түзеген; “тарихтың тағдырлы көші” дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген; салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.
Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Сондай сұмдықтардың кесірінен қазақ кезінде атамекенін тастап, тоз-тоз болып жан сауғалауға да мәжбүр болды.
Орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар-ожданымыз табанға тапталды. Алқакөл-сұламаға ұшырадық. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз әжуаға, күлкіге, мазаққа айналды. Тарихымыз саясаттың құралына айналды. Сана, дәстүр күйреді. Халық жадынан айрылды. Шыбын жаны шырқырады. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Қазақтың: «Қаратаудың басынан көш келеді», деп зарлағаны, Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгілгені; үш жүздің басын қоса алмай, қала сала алмай, көшіп-қонған жұртын орнықтырып ел ете алмай Абылайдың пұшайман болғаны; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренгені; «Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны», «Әдіра қалғыр Үш Қиян» деп Мұрат ақынның күйзелгені; «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын», деп Абайдың қабырғасы қайысатыны осы тұс еді.
Даламызды да, өзімізді де көрмеген батыстың ғалымдары қазақты жер бетіндегі жабайы халықтың қатарына қосты. Олар өркениеттің Шығыстан басталғандығын, Еуропа қалың ұйқыда жатқанда бұл өңірде салтанатты тіршілік болғандығын, керек болса, ер қанаты жылқыны да қолға үйретіп, ер-тоқым салып, жүгендеп, өмір сүрудің құралына айналдырғандығын біле тұра, мойындағылары келмеді. Өркениеттің жалғасын, тұтас бір дәуірін жасаған ата-тегіміз – ғұндарды да, оның көсемі Еділ (Аттила) патшаны да; көк Тәңірі мен қара жердің ортасындағы бүкіл адам баласын билеген, дүниенің төрт бұрышын аузына қаратқан, сөйтіп азды-көп, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған, асыл мұралар қалдырған Қағанат қаһармандарын да жабайыға санады.
Ойыңа түссе зығырданыңды қайнататын, пұшайман қылып сергелдеңге салатын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз.
«Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме», – дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұрпақтың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік.
Құдайға шүкір, Алла көзіміздің жасын көріп, тілегімізді беріп, басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық.
Сөйтіп, көз алдымызда демде жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Күл-талқаны шығып, быт-шыт болып қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ызы-қиқы, адам баласы түсініп болмайтын неше түрлі мехнат-қиындықтар ұмыт болды. Жылқы мінезді халық емеспіз бе, енді бүгін сол құбыжықтарды басымыздан кешпегендей, көзімізбен көрмегендей болып отырмыз. Демде-ақ бәрін де ұмыттық. Ұлы далада шым-шытырық, қым-қиғаш, астасқан алуан заманның ел басынан өткені де, талай дәурен сүргені де рас, бірақ ХХ ғасырдың аяғында көзіміз көрген, өзіміз араласқан бүгінгідей ғажайып шындықты қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешкен емес.
Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Осы байтақ далада бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті Н.Ә.Назарбаев бастады. Арғы-бергі заманда осындай ұлан-ғайыр мемлекет орнатып, халқының көңіліндегісін тауып, көкейіндегісін істеген Назарбаевтай кісіні Ұлы даланың тарихы білген емес.
Н.Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етіп, осыншама құдіретті жасап беріп отырған Елбасының кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады.
Н.Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен батырлық үзілмеген, қазақ тарихында қолбасшылығымен, билігімен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұла бойы тұңғышы, әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған баласы.
Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін. Қажырлы, еңселі болатын. Тұрғыластарының арасынан иығы озық тұратын. Намысшыл болатын. Момынға болысып, жұртқа көмектесіп жүретін.
Болат кездік қын түбінде жатпайды дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қынаптан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді.
Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді.
Асылы, ықылым заманнан бері қоғамдық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – кесек, біртуар тұлғалардың жаратылысы ерекше болып, көпшілік ортада құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден танылатындығы. Сөйтіп, жасынан көзге ілігіп, қай істе де мақсаткерлік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы.
Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қаласына, онда да оқуға емес, жұмысқа тартып кеткенін, кейіннен өзге де қазақстандық жастармен Днепродзержинскіге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақстан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауазымды қызметке – Орталық Комитеттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағындағы ең жас Совмин Төрағасы болып бекітілгенін де бүгінде халық жақсы біледі.
Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі,
Қарындағы баланың хан боларын кім біледі,
– дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Президент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді.
Нұрсұлтан уақыт тынысын ерте сезді. Қазақ жастары атын естісе де затын білмейтін бүкілодақтық екпінді құрылысқа жазылды. Өз жолын, даңғылын тапты. Ортасынан оза шауып, көшбасшылыққа ұмтылды. Көкірек көзі ерте ашылды. Сандалмамен күн кешкен, қызыл төңкеріс, қызыл зұлмат, кіші тәркілеу, ұлы тәркілеу, ашаршылық тозағынан өткен қазағына күзетші болайын деді, ел қатарына қосудың қамын жеді.
Темір қорытты. Домнаның пешіне қайнап-пісті, жарғақ құлағы жастыққа тимей жастайынан жарқырап көзге түсті. Дегеніне жетті. Әруақ қолдап, бақ дарып, таққа мінді. Сөйтіп, заты қазақтың рухын аспанға көтерді, ел-жұртын да өрге жетеледі.
Нұрсұлтан Әбішұлы неге жетсе де – моншақтаған терін сұқ саусағымен сыпырып, от шашқан домна пешінің қызуына қақталып жүріп жетті. Жоғарыға, билік иерархиясына сүйреген, қолтығынан демеген жанашыры болған жоқ. Өзінің жүрек отына сенді. Бейнеттен бойын тартпады. Өмірдің ыстық-суығына алмас қылыштай суарылып өсті.
Н.Назарбаев жауапкершілікті мойнына алып, ел үмітін арқалаған кезде, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы дейтұғын елде тұратын азаматтардың ішіндегі ең бейшарасы, ең сорлысы қазақтар болатын. «Қазақпын» деп те, «Менің ана тілім – қазақ тілі» деп те айта алмайтынбыз, айтқызбайтын. Мың қазақ отырып, арамызда жалғыз орыс болса бәріміз орысша сөйлейтінбіз. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де мансұқ болды. Мәскеуден келгендердің ығына жығылдық. Сөзін сөйлеп, жағынуға тырыстық. Қатыгездік, бірін-бірі сыйламастық, жанкештілік, самарқаулық, жалқаулық, немқұрайдылық етек алды. Елдің еңсесі түсті. Өтірік күлді, жалған сөйледі.
Енді, құдайға шүкір, сан ұрпақ аңсаған, мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік – ел болдық. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекет өзінен өзі орнай салғандай, өзінен өзі дами беретіндей даурығысып, қалпағымызды аспанға лақтырып, қуаныстық. Есі шыққан ел не істерін білмей шеруге де шықты. Қайсыбірі сол шеруге не үшін шыққандарын да білмеді.
Шынтуайтына келгенде, біз бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар сезіп-білмеген жауапкершілікті мойнымызға алған едік. Бұрын ешқандай тәжірибесі болмаған елде, даму жолының өнегесі болмаған жерде тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алған едік. Бұл адамзат тіршілігіндегі, адам санасындағы, оның тәжірибесіндегі қиынның ең қиыны еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойынына алған, өз тағдырын елінің тағдырымен жалғаған, сөйтіп солардың ылғи үзіле берген үмітін жалғаған азаматымыз – халқының ержүрек перзенті Н.Назарбаев болатын.
Тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде мен Н.Назарбаевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың айла-әрекеттерін іздеп шарқ ұрған, елі үшін төсегінен түңіліп, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген адаммын. Жан-жақтан анталаған кезеңде жанында болған, ерлігін, қайсарлығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген нөкерлерінің бірімін.
Тәуелсіздіктің қиын да күрделі жылдары 5 жыл бойы күні-түні қасында болып, тереңдігін, кемелдігін көрдім. Елім дегенде ен дүниеге сыймай талай тебіренгенін, талай ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндерді басынан кешіргенін көзіммен көріп, жүрегіммен сездім.
Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кестеңі шығып жатқан, алда не боларын білмей жұрт сасқалақтаған уақытта Н.Назарбаев именбей қол бастады, тар кезеңнен жол тапты. Алаштың аманатын мойнымен көтерді. Азаттыққа қолымызды жеткізіп, мәртебемізді асқақтатты.
Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Назарбаев осындай қадамға барды. Керек десеңіз, бәйгеге басын да тікті. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Ес жиып, етек жапқан кезде ол туралы Н.Назарбаевтың: «мен халқымның тәуекеліне сендім» – деп жазғаны да, «…Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…» деп ағынан жарылғаны да жадымызда. Қандай да бір шешім қабылдағанда да, нендей бір істі бастағанда да Елбасы осылай, үнемі халыққа сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да – өзінің туған халқы.
Осының бәрі айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе тар кезеңде азаматқа елдің тілегін жүзеге асыратын жүрек керек еді. Білек те керек еді, қолдайтын тілек те керек еді. Риясыз жүрек те, тілек те болды. Алла не берсе де оңынан берді. Соның арқасында біз басымыздан кешпеген өмірді кешіп отырмыз, жүріп өтпеген жолға түсіп отырмыз. Назарбаевты қазақтың пешенесіне берген, халық үшін туған ұлы перзенті дейтініміз сондықтан.
Елбасының саясаты алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Мемлекет рәміздерінен бірде-бір кем ұстамайтыны, қайта-қайта аузынан тастамайтыны – елдің ынтымағы мен бірлігі. Билікті қолына алған сәттен бастап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді.
Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жырыңға жол бермеу керек еді. Бұдан басқа жол жоқ еді. Бабаларымыз бізге мирас етіп кеткен сол жолдан Елбасы ешқашан тайған емес. Небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да, тозақтың отынан да, қияметтің қыл көпірінен де бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өтті.
Елбасын әсіре мақтап, аңызға, мифтік кейіпкерге айналдырайын деп отырғаным жоқ, аңызға бергісіз шындықты көзімізбен көріп, басымыздан кешіп отырған соң айтып отырмын.
Біз бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, желбіретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Құдайға шүкір, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық, осының бәрін де көрдік, бәріне де куә болдық, мақтаныш сезіміне бөлендік. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да астанасына айнала бастады.
Астана салу былай тұрсын, сортаң, қу тақыр даламыз да енді бүгін жайқалған орманға айнала бастады. Байтақ Қазақстанды орманға, жасыл елге айналдырамын деген Елбасының «Жасыл ел» дейтін жобасы «Мәңгі ел» орнатамыз деген байырғы Түркі қағанаты заманындағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады. Астананың маңына он жылда 45 мың гектар орман егіліпті. Ол 75 мың гектарға жетпекші. «Біз болашақ ұрпаққа ну орманға айналған Қазақстанды табыс етуіміз керек» – деді Елбасы. «Жасыл ел» – «Мәңгі ел» ұғымдары астасып, түбінде еліміздің басты идеологиясына айналатын түрі бар.
Елбасын көп ретте Абылай ханмен салыстырып та жатады. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қайраткер, кемел тұлғаның: «Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, сөйтіп көшіп-қонған жұртымды ел етсем» деген арманы асқақ болатын. Абылайдың да сол арманын жүзеге асырған, аманатқа адал болған адам – тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев. «Тымақ – төбесінен, ел төресінен тозады» дейді халық. Құдайға шүкір, қазақтың тымағы бүтін, төресі төрінде.
Н.Назарбаев ешқашан халқына жалған уәде берген жоқ, ақиқаттан айныған емес. Оны халқы бағалады. Астананы көшіргенде де халқы қолдады, қазір де қолдап отыр.
Нұрекең ес біліп, етек жиғалы халқым деп тебіреніп, елім деп еміреніп, ұлтым деп қызмет етіп келеді. Не көрсе де, елімен бірге көріп, бірге жасасып келеді.
Құдайға мың шүкір! Бүгінде дүние жүзін мойындатқан егеменді еліміз бар. Мемлекеттігіміздің негізін қалап, еліміздің көсегесін көгертіп, әлемге танытып, көрегендікпен өрге сүйреп келе жатқан Көшбасшымыз бар.
Өмір көшкен керуен тәрізді. Бір көш келіп, бір көш кетіп жатады. Сондықтан алдымен мына жалған дүниеде бір-бірімізді қадірлеп, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп жүргеннен артық ештеңе жоқ. Алда не боларын кім біледі дейсіз, тіршілікте сіз-біз дескенге, сыйласқанға, жүзіміздің жарқын болғанына ештеңе жетпейді.
Өмір бірқалыпты тұра бермейді. Арқамызды Алатауға сүйегендей болып жүргенде, халықтар достығының кемесі шайқалып, отыз жылдай еліміздің тізгінін ұстаған, аспандағы айымыз, көктегі жұлдызымыз деп жүрген Димекең құданың құдіретімен бір-ақ сәтте торғайдай топ етіп жерге түсті емес пе? Өмір бойы жақсылығын көріп келе жатқан талай қазақ сонда Қонаевтан лезде-ақ теріс айналып шыққан. Жарықтық Димекеңнің басынан бақ, астынан тақ тайғанда, көзін сүзіп қайдағы бір сау денеге шыққан сыздауықтай болып Колбин келгенде: «Бұлттан шыққан күндей болдыңыз» деп әкесі тірілгендей қуанғандарды да көзіміз көрген.
Қазақтың бағы Колбин кетіп, билікке Назарбаев келген соң ашылды.
Ауыс-түйіс болып жатқанда да, кейін де Орталық Назарбаевқа «Халің қалай?» деген жоқ, қолұшын да берген жоқ. «Сен қалайсың?» деген жанашыр болмады. Қып-қызыл өрттің ішінде жалғыз қалды. Жетпейдінің заманы туды. Қамауға түскен барысша арпалысты, барыстық мінез танытты. Нендей қиындық болмады дейсіз. Сонда да қалың елді, қиямет-қайымнан әупірімдеп аман алып шықты. Ішкі-сыртқы қиындықтармен арпалыса жүріп аса маңызды жобаларды жүзеге асырды, сөйтіп Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың қатарына қосты.
Еліміздің талантты да алғыр жастарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқытып алуға жол ашты. Нәтижеде қазір менталитеттік технологияның құлағында ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. Ғарыштық зерттеу комитетінде, «Жол картасында», 30 инновациялық кешенді өндірісте – топ-менеджерлік – ел ертеңі іс білетін жастардың қолына көшуде.
Адам өмір бойына үйренеді, ұдайы жетіледі. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Президентіміздің айрықша қасиеті. «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы» – ұлт болып, Елбасы болып, өзін-өзі қамшылаудың айрықша көрінісі.
Діндер шайқалса – әлем шайқалады. Онда дін қасиетіңе емес, қасіретіңе айналады. Дүние жүзі дін басшыларын Астанаға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған Президентімізден айналсақ та болады.
Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Ауыр әрі абыройлы асудан астық. Дүниедегі қабырғалы елдердің қатарына қосылдық. Халық Президентін жүрегінің төріне көтерді. Осының бәрі айналып келіп, Елбасын – ұлттың құтқарушысы, ұлттың бас иесі етті.
Нұрсұлтан Әбішұлы – ұлттың көшбасшысы. Көріпкелі. Ұлт намысының қамшыгері.
Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы; еліміздің дарынды ұйымдастырушысы, көреген басшысы, нарықтық экономиканың терең білгірі, аңқылдаған ақ көңіл; кекшіл емес, текшіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін Азамат.
Назарбаев – әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі.
Көк түріктің кіндігінен жаралғандардың ішінен озып туғаны да, түркі тектес халықтардың лидері де – Н.Назарбаев. Күні кеше ғана Т.Ердоғанның Назарбаевты «түрік әлемінің лидері» дегені — сол мойындаудың келісті көрінісі.
Бәріміз жақсы білетін Назарбаев, міне, осындай адам.
Қазақтың құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр даласы бар. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған соншама алып далада, мұндай алып кеңістікте мемлекет құру қиынның қиыны еді. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Бізде ондай елдің де барын, бізде ондай ердің де барын мақтаныш етеміз. Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан. Қазақстан, Астана, Назарбаев дейтін сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды.
Біз бүгін ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған Президентіміз үшін мақтана алатын халықпыз. Президентіміз үшін мақтанғанымыз, — елдігіміз үшін мақтанғанымыз. Ол Алланың қазаққа берген сыйы. Н.Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам. Елбасының осыншама жасап жатқан жасампаз еңбегі баянды болсын.
Есейген еліміз, еңселі еріміз аман болсын.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
ғалым, филология ғылымының
докторы, профессор