Театр жаршылары Избранное

Пятница, 22 Октябрь 2021 04:05 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 923 раз

Театр ұжымдарында сіз бен бізге беймәлім жұмыс күші жетерлік. Біз бүгін театрсүйер қауымды ақпараттандырып, оларды әр қойылымға үлкен дайындықпен шақырып жүрген Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының Ақпарат және жарнама бөлімінің жұмысымен таныстырмақпыз.

120

 

Театрдың ақпарат және жарнама бөлімі 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Алтынай Әлиеваның жетекшілігімен Ермек
Байбақ, Амангелді Әбілдаев, Әсет Әбдіхалық есімді азаматтар театрдың жарнамасын жарқыратып, қойылымға көрермен тартуда аянбай еңбек етуде.
— Біздің бөлімнің жұмысы өте ауқымды. Бұқаралық ақпарат құралдарына, ресми мекемелерге театр ақпаратын бөлісуден бөлек, театрдың shanin-teatr.kz ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларын жүргізіп отырамыз. Ермек пен Әсет — фото, видео түсіруге машықтанған мамандар. Ал, Амангелді – жарнама менеджері, - дейді бөлім жетекшісі
А.Әлиева.
Өнер ұжымының ресми сайты 2018 жылы қайта жаңартылған. Бөлімнің бағдарламашысы Әсет Әбдіхалық сайтты жасақтап, қайта құрастырып шығыпты. Бүгінде мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар, театр қоржынындағы репертуармен танысқыңыз келсе, іздегеніңізді сайттан таба аласыз.
Ал, әлеуметтік желілермен жұмыстың ауаны мүлде бөлек. Ол жайында Алтынай Әлиева баяндап берді.

121

— Біз әр айдың басында директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Тимур Ахметовпен бөлімнің жұмыс жоспарын бекітіп аламыз. Ол – ең алғаш осы бөлімнің негізін қалаған азамат. Жұмыс жоспары театр репертуарына тікелей байланысты. Бүгінде балабақшадағы баладан еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Сондықтан репертуар жарнамасын жасап, афиша ілетін кезде аға буын, орта буын өкілдеріне және жастарға лайықтап бір қойылым үшін 3 бейнеролик әзірленеді. Онда спектакльдің әр буынды қызықтыратын тұсынан үзінді беріп, соған лайықты әуенмен әрлеп отырамыз. Сонымен қатар, әлеуметтік желі оқырмандарын қызықтырып, театрдың қыр-сырымен таныстыру мақсатында түрлі айдарлар ашып, сол арқылы ақпараттандырып отыру жолға қойылған, - дейді ол.
Бүгінде театрдың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында «Өткендер ізі өшпейді» айдарымен сахнада сара жолы қалған өнер саңлақтарының еңбек жолы баяндалса, «Ұлы мәртебелі актер», «Ардақты абыз әртістер», «Театр жастары» жобалары арқылы өнер ордасының бүгінгі құрамы, қойылымдардағы рөлі таныстырылып отырады. Сондай-ақ, қалың бұқараның көзайымына айналған «Театрда тоғысқан тағдырлар» айдарының өз оқырмандары бар. Мұнда ерлі-зайыпты әртістер Р.Нұрман мен Ж.Сарыпбекова, С.Құттыбаев пен М.Зияева, О.Мұсабеков пен Ж.Досқараева, Б.Әбдухалықов пен
А.Әділбекованың өнер мен отбасын ұштастырған өмір жолы жазылса, «Сахна сыртында» бағытымен қойылымға дайындық кезіндегі фото-видео кадрлдарды ұсынып келеді.
Бөлім жетекшісі Алтынай Әлиева — сегіз қырлы, бір сырлы маман. Әріптестері өмірі өнермен етене жақын бөлім жетекшісінің кез келген істі дөңгелетіп әкететін елгезектігіне тәнті. Алтынай театрға кездейсоқ келген жан емес. Ол еңбек жолын «Шымкент шоу» жастар театрында әнші-актриса болып бастаған. Өмірдің өрнекті сәттерін қалт жібермейтін өнегелі өлеңдері бір кітапқа сұранып тұрса, С.Мәуленовтың «Жусан» өлеңіне жазған әуені, «Ақ орамал», «Сандуғашым» әндері өз тыңдармандарын тапқан.

122


— Өнерім — өмірім. Өмірлік серігімді де «Шымкент шоу» театрында жүргенде кездестірдім. Отбасы, бала тәрбиесі деп жүріп, біршама уақыт алыстап кеткеніммен, сахнаны қатты сағынып жүрмін. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек апайымыз «Неге шығармашылығыңды қолға алмайсың?» деп қамшылап, қанаттандырып отырады. Жыл басында Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап кітапханасының директоры Шәрбану Дінәсілова апай ұсыныс жасап, алғаш рет шығармашылық кеш өткіздім. Жинақтап қарасам, қолымда жүзден аса өлеңім ғана бар екен. Қаншасы сақталмай қалған?! Күнделікті жұмыспен шығармашылықтан шеттеп бара жатқанымды сонда байқадым. Дегенмен, бүгінде өңірдегі мәдениет қарашаңырағының қазанында қайнап, театр көрермендерінің қатарын көбейтуге еңбектеніп жүргенімді мақтан тұтамын, - дейді А.Әлиева.
Театр мамандары бүгінде қойылымнан алдын ала хабардар болып келетін, тіптен белгілі бір спектакльді күтіп жүретін тұрақты көрермендердің көбейгенін айтады. Бұл тұста да бөлімнің еңбегін атап өткен жөн. Театр көрермендерімен байланысты нығайту үшін әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда байқау ұйымдастырылып отырады екен. Бұған дейін қойылым жарнамасына ерекше пікір қалдырғандар үшін «Сахна сыртындағы ғажайып әлем» байқауы ұйымдастырылған. Көзіқарақты көрермендер арасынан «Мұқағали» монодрамасына қалдырған пікірі үшін қала тұрғыны
Г.Мұратханқызы үздік деп танылыпты. Ал, «Наурыз – көне Шымқалада» қойылымына орай жасөспірімдер арасында бата сайысы өткізілген. Бұл байқаудың жеңімпазы Іңкәр
Жұмағали отбасымен театр қонағы болып, актерлермен жүздесіпті. Ал, дәл қазір «Тұрақты көрермен» акциясы өтуде. Театрдың кез келген 5 қойылымын тамашалаған көрермен сол билеттерді әкеліп көрсетсе, тағы бір қойылымға қонақ ретінде шақырылады. Байқау жыл соңына дейін жалғасын таппақ.
Ақпарат және жарнама бөлімінің жұмысы бүгінде республика мамандарының назарына іліккен. Пандемия кезінде көптеген өнер ұжымдары қашықтан жұмыс істеді. «Қазақстан театрлары – 2020» республикалық сарапшылар мониторингіне сәйкес, онлайн форматтағы белсенді театрлардың ондығына ілініп, үшінші орыннан көрінген.
Қазіргі таңда заманмен қатар күн санап дамып отырған бұқараны бұрынғыдай қабырға афишасымен қызықтыру әсте мүмкін емес. Көрермендерді театрға қызықтыру, оны театрға ғашық етудің өзі – өнер. Бұл — жетістік сіз бен бізге беймәлім сахна сыртындағы «сарбаздардың» еңбегі.