ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ДОМБЫРАСЫН КӘСІБІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН Избранное

Понедельник, 04 Июль 2022 04:46 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1533 раз

Елімізде ұлттық домбыра күні биыл бесінші рет тойланбақ. ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев Шымкентке сапарында кейінгі жылдары республикада домбыра үйреніп жүргендер саны артқанын, 100 мың баланың ресми тіркелгенін тілге тиек еткен-ді. Әсте, қай кезде де күйші-жыршылар туралы қанша жазылып жүрсе де, домбыра шеберлерінің насихаты кемшін екенін мойындау керек.

130

 

«Қазақ пен домбыра – егіз ұғым» дейді шымкенттік шебер Дастан Шаметов. Бала күнінен ағаш шеберханасында жұмыс істеуді армандаған Д.Шаметов 1994 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мектепті бітірген соң, ауылдағы әуесқой ұста Молдабек Сәдібековке көмекші болыпты.
— Ең алғаш Кеңес кезінде цехтан шыққан домбыраның жарығын жамап, жөндеуден бастадым. Ол кездері ағаштың түрін де ажырата білмеймін. Тіптен, ауылдарда қауақ деп аталып кеткен ыдыс болушы еді ғой. Соны домбыраның шанағына пайдаланып, бетіне фанер жабыстырып, тапқан ағашымызды арамен, балтамен бөліп, жоқтан бар жасайтынбыз. Екі жылдай Молдабек ағайға көмекші болып, 1996 жылы отбасымызбен Шымкентке көшіп келдік. Тіршіліктің күйбеңімен бірер жылдай кәсібімнен қол үзіп қалдым. 1999 жылдан бастап қайта қолға алдым. Сөйтіп, алғашқы ұстазыммен 2004 жылға дейін бірге домбыра жасадық. Қалаға келіп, ізденіп, домбыра жасаудың қыр-сырын меңгердік, – дейді Дастан Дәуменұлы.
Кейіпкеріміз алғашқыда қолда бар шикізаттан аспап құрастырудың қыр-сырын меңгеріп, шеберлігін шыңдағанымен, домбыраның бар құдіреті үнінде екенін ескеріп, арнайы маманнан сабақ алыпты.
— Уақыт өте әр домбыраны жасаған сайын кемшілігімізді түзеп, оның құдіреті үнінде болған соң, дыбысына, ыңғайлылығына мән бере бастадық. Қазақстанға белгілі ұста, әлемге әйгілі музыканттарға прима қобыз, скрипка аспаптарын жасап жүрген Алексей Николаевич Непряхин оншақты жыл Шымкентте тұрды. Сол кезде ол кісіден сабақ алып, дыбыс тазалығын сақтау, материал таңдаудың әдістерін үйрендік, – дейді шебер.
Шебер өзі жасаған бұйымның базар сөрелеріндегі арзанқол өнімнен артықшылығы оның ағашының дұрыс таңдалуында екенін, нәтижесінде қоңыр үнді, сапалы домбыраға тапсырыс беретіндердің қарасы күн санап артып жатқанын тілге тиек етті.
— «Домбыраның мықтысы – ағашынан» демекші, домбыраның шанағы қатты ағаштан жасалса, бетіне, керісінше, жұмсақ, таза ағаш керек. Бізде көбіне сұранысқа қарай шанаққа жаңғақ ағашы, ал бетіне шырша мен қарағай қолданамыз. Тек Шымкентте емес, республика көлемінде жаңғақтан жасалатын домбыра жиі қолданылады. Ал концерттік, яғни, ерекше тапсырыспен жасалатын домбыраларға арнайы шетелден шикізат алдырамыз. Олардың арасында Африка эвені, Австралия зебраносы, Карель қайыңы сынды қатты ағаштар бар. Бұлар материалына қарай қымбатырақ тұрады. Домбыраның мойнының өзіне 4 түрлі ағаш қолданылады. Оның өзінің әрқайсысының қолданылу әдісі бар. Шанақпен ортаға қойылатын қатты ағаш дұрыс бекітілсе, беті де, мойны да сапалы шығады, – дейді
Дастан Дәуменұлы.
Бүгінде Дастан ағаның қолынан шыққан өнімдерді Шымкенттегі саз мектептері, жекеменшік өнер студияларының оқушылары қолдануда. Тіптен, шымкенттіктер қонақкәде ретінде шетелге де алып кетіп жататын көрінеді.
— Жуырда бір британдық азамат келді. Қазір жұмыс бабымен Шымкентте жүр екен. Домбыра үйреніп жүргенін айтып, сапалы аспапқа тапсырыс берді. Атырауда бір фирманы басқарып отырған неміс азаматының келіншегі домбыра алуға келіпті. Қызығы сол, қазақтың домбырасына, оның жан тебірентер үніне қызығып, 35-40 күй үйреніп алыпты. Оның қазақтың күйін нақышына келтіре тартқанын көріп, ішіміз жылып қалды. Сондай-ақ, әнші
Рамазан Стамғазиев ағамыз, ақын
Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Нұрлан Есенқұлов сынды көптеген танымал азаматтарымыз да бізден домбыра алып жүр. Олардың сеніміне ие болуымыздың өзі біздің жұмыстың, шығарған өнімнің сапалы екенін көрсетсе керек, – дейді шебер.
Бала күнгі арманын бүгінде отбасылық кәсіпке айналдырған Дастан ағаның тұңғышы Ерман биыл саз мектебін бітіріпті. Ары қарай өнер жолын қуып, білімін жетілдірмек. Бүгіннің өзінде домбыраның құлағында ойнайды. Ал екінші ұлы
Рамазан әке жолын жалғап, домбыра шебері болуды армандайды.
Уақытын күн ұзаққа әкесінің шеберханасында өткізетін ол Дастан ағайдың кәсіби көмекшісі екен.
— Домбыра жасау – жиһаз жасап, темірден түйін түйгендей емес, өте майда шаруа. Оған ұқыптылық, төзімділік керек.
«Нағыз қазақ — қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра.
Қос ішектің бірін тарт та,
Бірін сәл-сәл кем бұра», – демекші, тапсырыс беруші домбыраның үнін тыңдап, сапасына көңілі толмайынша жаның жай таппайды, – дейді Д.Шаметов.
Жиырма бес жылдан астам уақыт түрлі қиындықтарға мойымай, керісінше, өзін өзі дамыту арқылы әуесқой ісін кәсібіне айналдырған
Дастан Дәуменұлының ыждаһаттылығы, қазақ руханиятына, ата кәсіпке деген адалдығы таңғалдырды. Ал соңынан ерген ұрпағының ата жолын жалғаймын деген ниеті ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа жеткізетін буынның қалыптасып жатқанын көрсетіп, көңілге сенім ұялатты.