546 мекеме жұмыс ұсынды
Среда, 29 Июнь 2016 04:16Оқытушы-педогогтар мен техникалық мамандықтарға әлі де болса қажетті жұмыс қолы жетіспейді. Осы орайда, қаладағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда бар бос жұмыс орындары үшін «Орталық» саябақта мүмкіндігі шектеулі және жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкенің ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров қатысты.
– Бүгінгі жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан 546 кәсіпорын мен мекемелер қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынуда. Бұл қатарда, 1570 азамат пен 800-ге таяу мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам жас түлек «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында қызмет таба алады, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Велотуризмге бет бұрған қала
Пятница, 24 Июнь 2016 05:41Велотуризм шымкенттіктер үшін белсенді саяхат түріне айналмақ. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Күн тәртібіне сәйкес, қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов облыс орталығындағы велосипед туризмінің даму жағдайы туралы баяндама жасады.
Әкім орынбасарының баяндауынша, мұндай қадам «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Шымкент қаласының әкімдігі және Қазақстан велоспорт федерациясы арасындағы үш жақты меморандумға сәйкес жасалып отыр. Нәтижесінде, жобаның алғашқы кезеңі бойынша қаланың орталық 9 көшесі мен 2 алаңға арнайы веложолақтар салу үшін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілмек.
– Аталмыш жоба қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық ахуалды жақсарту, велоспортты, инфрақұрылымды, сондай-ақ, велотуризмді дамытуды көздейді. Алғашқы веложолақтар шымкенттіктер үшін Астана күні мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі, – деп атап өтті Б.Жанбосынов.
Жоба аясында қалада велосипедтерді жалға берудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылмақ. «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен алғашқы кезекте 200 велосипед сатып алынатын болады. Бұл үшін 40 станция қызметін үйлестіру көзделуде. Заманауи талапқа сай жабдықталған велосипедтер Франция елінен жеткізіледі. Арнайы тапсырыс негізінде оған GPS қондырғылары орнатылып, Шымкент қаласының жаңа туристік логотипі бейнеленеді.
Айта кетер жайт, жылдық абоненттік карталарын қала тұрғындары 6 мың теңгеге сатып ала алады. Сондай-ақ, әрбір велосипедті жалға алу құны сағатына 100 теңге мөлшерінде белгіленбек.
– Ел аумағында велосипедті жанына серік еткендер үшін Астана мен Алматы қаласында ғана лайықты жағдай жасалған. Елдегі үшінші мегаполис қала ретінде Шымкентте де велосипед инфрақұрылымын дамыту маңызды. Бұл үшін қаланың ауа райы мен климаты да оңтайлы мүмкіндіктер береді. Ең алдымен, бұл әрбір адамның өз денсаулығы үшін пайдалы, екіншіден, қаржылық үнемдеуге қол жеткізе алады, үшіншіден, қала көшелеріндегі көлік тығынын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі мол болмақ, – деді қала әкімі Ғ.Рахматоллаұлы.
Ғабидолла Әбдірахымов өз кезегінде, жауапты мамандарға әсіресе, сенбі-жексенбі күндері көлік жолының оң жақ өткелдерінде қозғалыс жылдамдығын сағатына 40 шақырымға дейін шектеуді ұсынды. Осыған орай толық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шешім әзірлеу үшін тиісті мамандарға 2 күн уақыт мерзімін белгіледі.
Алдын алу жұмыстары атқарылды
Среда, 22 Июнь 2016 09:46Биыл қала аумағындағы қаңғыбас жануарларды жою үшін қала бюджетінен 38 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде, 18 мыңға таяу ит-мысықтардың көзі жойылған.
Бұл жөнінде «Қаңғыбас жануарлар: проблемалық мәселелер мен оның шешу жолдарын іздеу» тақырыбында өткен конференцияда кеңінен сөз етілді. Жиынға қала әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов, қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің қызметкерлері, ветеринарлық қызмет көрсету саласының мамандары қатысты.
– Тек биылдың өзінде құтыру ауруын жұқтыруы мүмкін деген себеппен 2 мыңнан астам қала тұрғыны арнайы тексеруден өткен. Осы дерттің салдарынан 1 адам қаза тапты. Жалпы, биыл 4 иттен құттыру белгісі анықталды. 34 мыңға таяу ит-мысыққа аурудың алдын алу бағытында вакцина егілді, – деп атап өтті қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай.
Конференция барысында жарыссөзге шыққандар келеңсіз жайттардың алдын алу бағытында ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Шомылу орындары тұрақты бақыланады
Среда, 15 Июнь 2016 05:19Шымкенттіктер үшін шомылу маусымы басталды. Бүгінде Шымкент қаласының аумағында 11 жабық және ашық бассейн, 2 көл, 15 субұрқағы, 3 су қоймасы, 8 өзен мен канал, 1 карьер бар. Ондағы шомылу орындарын түгелдей дерлік құтқарушы мамандар тұрақты бақылауға алып келеді.
Кешегі жұмада, яғни маусым айының 10-жұлдызында Сайрам елді мекенінің 11 жасар тұрғыны жазатайым жағдайға душар болып, «тілсіз жаудың» құрбанына айналды. Қапылыста өзен құбырынан құлап түскен жасөспірімнің жансыз денесін елдімекен тұрғындары тек 500 метр қашықтықтан тауып алған. Осы тектес, жыл сайын өңірдегі су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан ондаған адам көз жұмады. Осыған орай, төтенше жағдайлар басқармасының мамандары қала тұрғындарынан суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрап отыр.
‒ Өкінішке қарай, орын алған жазатайым жағдайлардың қатары жыл өткен сайын ұлғая түскені байқалады. Суға түсу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан қала аумағында тиісінше, 2014 жылы 5 адам бақилық болса, өткен жылы 6 адам көз жұмған. Биыл, яғни күні бүгінге дейін-ақ, 3 адам суға кетіп қайтыс болды, – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ерік Сарыбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, аталған келеңсіз жағдайлардың басты себептері – ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, жүзу құралдарын пайдалануда қауіпсіздікті сақтамау, балық аулау ережелерін бұзу және алкогольді ішімдік ішіп суға түсу болып табылады. – Қаладағы Бадам өзені мен Сайрам су арнасының бірқатар орындары тіпті, аса тәжірибелі кәсіби мамандар үшін де аса қауіпті. Ағысы қатты су арнасы кім-кімге де бой бермеуі мүмкін. Оның үстіне, соқпағы көп су астында сәл шалыс басар болсаңыз, қатердің аяқасты туындауы бек мүмкін, – дейді басқарма мамандары.
Бұл ретте, мамандар тек, құтқару стансалары мен бекеттері жұмыс атқаратын орындарда ғана суға түсуге тәуекел етуге кеңес береді. Яғни, аймақта 9 судан құтқару стансасы жұмыс істеуде. Ал қалған шомылу орындары қорғаусыз аймаққа жатады.
Иә, жағажайға бару, суға шомылу – сұлулық пен денсаулықтың басты кепілі болып табылары сөзсіз. Көңіл қуантары, қазіргі таңда қала ішінде шомылуға арналған демалыс орындарының саны да, сапасы да артып келеді. Жалпы қаладағы мұндай орындарға кіру құны ересектер үшін 500 теңгеден басталса, басым көпшілігінде 5 жасқа дейінгі балалардан ақы алынбайды.
«Shymkent City» – жайлы өмiр сүрудің көрсеткiшi
Среда, 15 Июнь 2016 04:48Шымкент – «Ақылды қала» жобасы аясында таяу жылдары әлемдік өркениеттің алғышарты болып табылатын жаңа технологияларды тәжірибеге енгізген елдегі үлгілі қалалардың қатарынан аталатын болады. Бұл бағытта батыл да бастамашыл істерді жүзеге асырудың алғашқы баспалдағы «Shymkent City» қалашығы болмақ.
Яғни, Шымкент қаласындағы жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені осылай аталады. «Тұран» шағынауданында құрылысы жаңа басталған «Shymkent City» қалашығы қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің маңында орналасқан. Кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіпкерлік саласын жандандыруға қолайлы орта ретінде жоғары стандарттарға толық сәйкес келеді.
Құрылыс басына арнайы келген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала мамандарымен жиын ұйымдастырып, қалашықтың келешектегі бағыт-бағдары мен бүгінгі ахуалын талқылады. Өз кезегінде, Ғабидолла Рахматоллаұлы «қаланың жүрегіне» айналуы тиіс өзіндік мәні зор қалашықтың құрылысына мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Бүгінгі күн баршамыз үшін де болашақтың іргесін қалайтын тарихи сәт. Біз Орталық Азияның ең ірі шаһарларының біріне айналатын Шымкент қаласының дамуындағы жаңа кезеңді ашып отырмыз, – деп атап өтті қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жоба құрылысы бойынша өткен жиында.
Қала әкімінің айтуынша, «Shymkent City» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін барша жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қолайлылықтың жоғары үйлесімін тапқан айтулы кешен болмақ.
Заманауи үлгiде жабдықталады
«Ақылды қала» тұжырымдамасының шарттарына сәйкес, жаңа қалашықтың бой көтеруі – Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлеуетін толық танытатын ауқымды шара болмақ. Атап айтқанда, ең алдымен мұнда қаланы электр жүйесімен жабдықтау, экологиялық жағдайды жақсарту мен «жасыл» экономиканы дамыту мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Ондағы тұрғын үйлердің шатырына күн көзінен қуат алатын панельдер орнатылып, күнделікті тұрмыста электр жарығын үнемдеуші шамдар пайдаланылады.
Озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған қалашықтағы спорттық кешендер мен мешіт, театр, сауда орталығы, жалпы орта мектеп, балабақша, аурухана мен емхана кешендерінің құрылысы қаланың сәулеттік кескін-келбеті мен экологиялық ахуалына ерекше реңк беретін болады. Сондай-ақ, мұнда 25 қабатты бизнес орталығы мен көпқабатты тұрғын үй кешендері қала тұрғындары мен қонақтарын әсерлі күйге бөлейтін заманауи бағыттағы нысандарға айналмақ.
Бүгінгі таңда жол және басқа да коммуникациялық жүйелерді орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл қатарда көріктендіру саласына да мейлінше көңіл бөлінбек. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын құрылыс шеңберінде жасыл желекке бөленген әсем саябақтар мен гүлзарларды алғашқы ретте пайдалануға беру жоспарлануда.
Жоба толық жүзеге асқан сәтте, Шымкент – ел аумағындағы үшінші мегаполис қала ретінде жаңа белесте дамуға қадам басатын болады.
Өркениетке жасалған батыл бағдар
Кешен аумағында жаңа нысандардың құрылысы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге аспақ. Қазіргі таңда шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, аталмыш жобаға ең алдымен түрік инвесторлары үлкен қызығушылық танытуда. Жобаны жүзеге асыру барысында жұмысқа жергілікті азаматтар тартылады. Демек, бұл жоба тек кәсіпкерлік, туризм саласын дамытуға ғана емес, қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де өз септігін тигізбек.
Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Кенжеқұлов қалашықтың орны ретінде 407 га жер аумағы белгіленгенін атап өтті. Заманауи үлгіде бой көтеретін кешенде 70 мыңға таяу тұрғын жайлы ғұмыр кешетін болады. Сала маманы берген мәлімет бойынша, бұл үшін инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін қала қазынасынан 388 миллион теңге қарастырылыпты. Айта кетейік, жалпы инвестициялар көлемі 274,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде, жеке инвестиция мөлшері 172,3 миллиард теңгені құрайды.
Мал өнiмдерi бақылауда болады
Пятница, 10 Июнь 2016 05:06Саудаға шығарылған мал және мал өнімдері ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Бұл жөнінде қала әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Т. Баймұхановтың төр-ағалығымен ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің қалыптасқан ахуалы бойынша өткен жиында кеңінен талқыланды.
Жиында Т. Баймұханов тиісті сала мамандарына жәрмеңкеде сатылатын ет және ет өнімдері талапқа сай температуралық режимде сақталмайтын болса, сатылымға шығармау қажеттігін қатаң түрде ескертті. Бұл ретте, кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Х. Камалов өнімдерді талапқа сәйкес сақтау үшін сатушылардың әрбірінде витриналық тоңазытқыш болу қажеттігін, бұл үшін сыйымдылығы 5 тонналық тоңазытқыш рефрижератор көліктің қызметін пайдалану керектігін жеткізді.
Өз кезегінде, қала әкімінің орынбасары Т.Баймұханов ауыл шаруашылығы өнімдерінің зертханалық сараптаудан өтуі, тексеру таразысының орнатылуы, арнайы витриналық тоңазытқыштармен қамтамасыз ету жағдайын ұдайы бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Тұрғындар жайсыздықты сезiнбеуi тиiс
Пятница, 10 Июнь 2016 05:00
Б.Жанбосыновтың айтуынша, биыл Шымкент қаласының орталық көшелері мен алаңдарындағы санитарлық тазалық жұмыстарына барлығы 1 миллиард 792,4 миллион теңге бөлінген. Аталған мақсатты қаржы 5 бағыт бойынша, яғни, механикалық жолмен тазалау, қолмен тазалау жұмыстарына, өзен, каналдарды күтіп ұстауға, «Асар» шағынауданының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына және инертті материалдар қорын толықтыруға жұмсалуда.
– Ұзындығы 835 шақырымды құрайтын қаланың 156 көшесі санитарлық тазалаумен және 129 көше механикалық тазалау жұмыстарымен қамтылған. Яғни, қыс айларында қардан тазалау, тұз араласқан құм себу және жаз айларында көшені жуу, су себу жұмыстары атқарылып келеді. Бұл жұмыстарды 4 мекеме – «ЛТД Тұрмыс», «Югдорсервис», «СМД» және «Бәйтерек ЛБ» ЖШС-лері атқаруда, – деп атап өтті Б.Жанбосынов.
Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің директорының орынбасары Оразалы Шыршықбаев, «Жасыл қала» ЖШС-нің директоры Нұрхан Егізбаев жасыл желектерді отырғызу және күтіп ұстау бағытында қолға алынған жоспарлы жұмыстары мен өзекті мәселелерін де атап көрсетті.
Ғабидолла Әбдірахымов сала мамандарына қаланың демалыс орындарын – саябақтарды, гүлзарларды, аллеялар мен қала меншігіндегі аялдамаларды алдағы қысқа мерзімде ретке келтіруді тапсырды. Бұл бағытта кешенді жұмыс жоспарын әзірлеу үшін жауапты мамандарға 2 апта уақыт мерзімін белгіледі.
– Балалар және спорттық алаңшалардың қатарын молайту жұмыстарына серпін берген жөн. Сондай-ақ, қаладағы 1014 аула алдағы 2 жыл уақыт мерзімінде толығымен жарықтандырылуы тиіс, – деп атап өтті Ғ.Рахматоллаұлы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қала әкімі тиісті сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.
Жас жауынгердiң бейнесi жадымызда
Среда, 08 Июнь 2016 04:26Ақтөбеде маусым айының 5-жұлдызында орын алған лаңкестік шабуылдың салдарынан қайтыс болған оңтүстікқазақстандық жауынгердің денесі Шымкентке жеткізілді. Ақтөбе қаласындағы 66/55 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Шардара ауданының тұрғыны Сапар Досбол Еркінбекұлы антитеррорлық операция кезінде ерлік көрсетіп, қаза тапқан болатын. 19 жасар бозбаланың денесі кеше, сейсенбі күні жер қойнауына тапсырылды.
Еске сала кетсек, өткен жексенбіде Ақтөбедегі «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне лаңкестік шабуыл жасалып, бейбіт 2 тұрғын оқиға орнында қаза тапқан. Тек мұнымен шектелмеген содырлар қоғамдық жолаушылар автобусын басып алып, Ұлттық «Ұлан» гвардиясының 66/55 әскери бөліміне шабуылдаған.
Өткен жылдың 15 желтоқсанында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Ақтөбедегі Ұлттық «Ұлан» гвардиясының 66/55 әскери бөліміне оңтүстік өңірінен барлығы 60 бозбала аттанған болатын. Жарақаттанған жас сарбаздардың қатарында тағы бір оңтүстікқазақстандық Сырым Сүндетов те бар.
Қазіргі кезде 12 қылмыскердің көзі жойылып, 5-еуі ұсталған. Қалған қылмыскерлердің жеке басының мәліметтері анықталып, оларды ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде. Ал қапылыста қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына 500 айлық есептік көрсеткіш есебінде материалдық көмек көрсетілмек.