×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Shymkent City» – жайлы өмiр сүрудің көрсеткiшi Избранное

Среда, 15 Июнь 2016 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6067 раз

Шымкентте жаңа қалашықтың алғашқы iргетасы қалануда

Шымкент – «Ақылды қала» жобасы аясында таяу жылдары әлемдік өркениеттің алғышарты болып табылатын жаңа технологияларды тәжірибеге енгізген елдегі үлгілі қалалардың қатарынан аталатын болады. Бұл бағытта батыл да бастамашыл істерді жүзеге асырудың алғашқы баспалдағы «Shymkent City» қалашығы болмақ.

Яғни, Шымкент қаласындағы жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені осылай аталады. «Тұран» шағынауданында құрылысы жаңа басталған «Shymkent City» қалашығы қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің маңында орналасқан. Кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіпкерлік саласын жандандыруға қолайлы орта ретінде жоғары стандарттарға толық сәйкес келеді.

Құрылыс басына арнайы келген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала мамандарымен жиын ұйымдастырып, қалашықтың келешектегі бағыт-бағдары мен бүгінгі ахуалын талқылады. Өз кезегінде, Ғабидолла Рахматоллаұлы «қаланың жүрегіне» айналуы тиіс өзіндік мәні зор қалашықтың құрылысына мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Бүгінгі күн баршамыз үшін де болашақтың іргесін қалайтын тарихи сәт. Біз Орталық Азияның ең ірі шаһарларының біріне айналатын Шымкент қаласының дамуындағы жаңа кезеңді ашып отырмыз, – деп атап өтті қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жоба құрылысы бойынша өткен жиында.

shymcity-1

Қала әкімінің айтуынша, «Shymkent City» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін барша жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қолайлылықтың жоғары үйлесімін тапқан айтулы кешен болмақ.

Заманауи үлгiде жабдықталады

«Ақылды қала» тұжырымдамасының шарттарына сәйкес, жаңа қалашықтың бой көтеруі – Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлеуетін толық танытатын ауқымды шара болмақ. Атап айтқанда, ең алдымен мұнда қаланы электр жүйесімен жабдықтау, экологиялық жағдайды жақсарту мен «жасыл» экономиканы дамыту мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Ондағы тұрғын үйлердің шатырына күн көзінен қуат алатын панельдер орнатылып, күнделікті тұрмыста электр жарығын үнемдеуші шамдар пайдаланылады.
Озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған қалашықтағы спорттық кешендер мен мешіт, театр, сауда орталығы, жалпы орта мектеп, балабақша, аурухана мен емхана кешендерінің құрылысы қаланың сәулеттік кескін-келбеті мен экологиялық ахуалына ерекше реңк беретін болады. Сондай-ақ, мұнда 25 қабатты бизнес орталығы мен көпқабатты тұрғын үй кешендері қала тұрғындары мен қонақтарын әсерлі күйге бөлейтін заманауи бағыттағы нысандарға айналмақ.

shymcity

Бүгінгі таңда жол және басқа да коммуникациялық жүйелерді орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл қатарда көріктендіру саласына да мейлінше көңіл бөлінбек. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын құрылыс шеңберінде жасыл желекке бөленген әсем саябақтар мен гүлзарларды алғашқы ретте пайдалануға беру жоспарлануда. 

Жоба толық жүзеге асқан сәтте, Шымкент – ел аумағындағы үшінші мегаполис қала ретінде жаңа белесте дамуға қадам басатын болады.

Өркениетке жасалған батыл бағдар

Кешен аумағында жаңа нысандардың құрылысы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге аспақ. Қазіргі таңда шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, аталмыш жобаға ең алдымен түрік инвесторлары үлкен қызығушылық танытуда. Жобаны жүзеге асыру барысында жұмысқа жергілікті азаматтар тартылады. Демек, бұл жоба тек кәсіпкерлік, туризм саласын дамытуға ғана емес, қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де өз септігін тигізбек.

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Кенжеқұлов қалашықтың орны ретінде 407 га жер аумағы белгіленгенін атап өтті. Заманауи үлгіде бой көтеретін кешенде 70 мыңға таяу тұрғын жайлы ғұмыр кешетін болады. Сала маманы берген мәлімет бойынша, бұл үшін инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін қала қазынасынан 388 миллион теңге қарастырылыпты. Айта кетейік, жалпы инвестициялар көлемі 274,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде, жеке инвестиция мөлшері 172,3 миллиард теңгені құрайды.