Азаматтарға жер телiмi заң аясында берiледi

Пятница, 10 Июнь 2016 04:51 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3561 раз

Осы аптада Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде Шымкент қаласы аумағындағы жерлерді мақсатты пайдалану, жер мәселелері сөз болды. Жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары және кеңес мүшелері қатысты.

DSC 3370

Кеңесте негізінен ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару және жер кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі талқыға түсті. Алдымен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов қалаға жаңадан
қосылған ауылшаруашылығы жерлеріне түгендеу жұмыстары барысын баяндады. Оның айтуынша, 2014 жылы ауылшаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты қалаға қосылған ауылшаруашылығы жерлеріне түгендеу жұмыстарын жүргізген. Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарынан қосылған жер учаскелеріне жүргізілген түгендеу нәтижесінде заңсыз ұсақ-түйекке бөлініп кеткен 1652 га ауылшаруашылық жері анықталып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы прокуртаурасы және әкімдікпен бірге жүргізілген түгендеу жұмыстары барысында Шымкент қаласы аумағында өз бетінше иемденіп, заңсыз құрылыс жүргізілген 467 жер учаскесі бары да мәлім болған.
Қасымбек Пернебекұлы мәлімдегендей, заң талаптарына сай емес және пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша да жұмыстар күшейе түскен. Әкімдік тарапынан заңсыз иемденген жер учаскелерін анықтау, заңсыздықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында әр аудан көлемінде мобильді топтар құрылды.

– Бөлім мамандары заң талаптарын бұзып, жерді заңсыз пайдалану бойынша 636 фактіні анықтады. Бұл заңсыздықтарды жою бойынша 2016 жылы тиісті мекемелерге жалпы 83 хат жолданды. Оның ішінде: Оңтүстік Қазақстан облысының жер инспекциясы басқармасына – 79 хат, Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына – 3, ОҚО прокуратурасына – 1 хат жолданды. Осы жұмыстарды жүргізу нәтижесінде «Қасірет» мемориалы жаңындағы 80 соттық, Арғынбеков көшесі бойындағы 5,1 га жер учаскесі мемлекет иелігіне қайтарылды, – деді Қ. Сайлауов.

Бүгінде қала тұрғындарына баспана салуға жер беру мәселесі өзекті болып тұр. Қалада 85 мыңдай адам жер кезегінде тұрса, соңғы екі аптада 22 мың адам өтініш жазған. Бұл мәселені қалай шешу керек? 1600 гектарға жуық бос жатқан жерді алдымен мемлекет меншігіне алу керек. Ол жерлерді кезекте тұрған азаматтарға беру үшін Жер кодексіне бірқатар түзетулер енгізу қажет.

Қасымбек Сайлауов осы мәселені шешуде хат дайындалғанын, таяу уақытта Ұлттық экономика министрлігіне жолданатынын айтты.

Жиын барысында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов бұл мәселені заң аясында шешу қажеттігіне тоқталды.

– Қалада жер телімін алуға тіркелген, тіркелуге ниетті адам көп. Ал оларға бөліп беретін жер жоқ. Иелері бар, бірақ пайдаланылмай, бос жатқан ауылшаруашылығы жерлер бар. Әкімдік тарапынан мемлекет мұқтажы үшін алатын болсақ, заң аясында ол жерлерге баспана соғуға құқығымыз жоқ. Яғни мемлекет мұқтажы үшін алған соң, тек мемлекеттік нысан соғылуы қажет. Сондықтан, біз ұлттық экономика министрлігіне, жер реформасы жөніндегі комиссияға ұсыныс жіберуіміз керек. Ұсынысымыз оң шешімін тапса, заң аясында келешекте қаладағы 65 мың гектар жердің біразын, қалаға жақын жерлерді бөліп беруге мүмкіндігіміз болар еді. Бұл мәселені шешуге қоғамдық кеңестің әрбір мүшесін үн қатуға, бірге атсалысуға шақырамын, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.