«Экспо–2017» халықаралық көрмесінің басталуына 22 күн қалды. Әлем елдері көрмеге ұсынар жобаларын пысықтап жатыр. Сәуір айының соңында павильондарды тапсыру аяқталғаны мәлім. Кей елдердің қандай жобаларға басымдық беретінін де жаздық. Қазақ елінің павильонында қандай жобалар бар? Экспоның басты нысаны не? Бұл – көпшілікті қызықтырып отырған жағдай.
Экспоның басты нысаны
Таяуда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев National Geographic телеарнасына берген сұхбатында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізудің өзектілігі, сондай-ақ көрме жұмысы аяқталған соң оның нысандарын Елорда инфрақұрылымына пайдалануға қатысты сауалдарға жауап берген еді. Оған қоса, Елбасы «ЭКСПО»-ның басты нысаны туралы айтып өткен.
– Біз шын мәнінде Елордамыздың жаңа ауданын салдық. Біз әу бастан «ЭКСПО»-дан кейін жұмсалған қаржы мен салынған нысанды қалай пайдаланатынымызды ойладық. Сондықтан «ЭКСПО»-дан кейін ең басты нысанда – біз мұнда халықаралық қаржы орталығы болады деп шештік. Онда жаңа технологиялық саябақ болады. Ондағы Шарды көрген боларсыздар, бұл диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метрлік әлемдегі ең үлкен шары бар ғимарат болады. Шар сегіз қабатты. Әр қабат баламалы энергияның бір түрін көрсетеді. Мәселен, бірінші қабат – гидроэнергетика, екінші қабат – күн қуаты, үшінші қабат – жел қуаты, төртінші қабат – биоэнергетика, химиялық энергетика, – деп атап өтті ҚР Президенті.
Дүниежүзілік көрме – еліміздің энергетикалық қуаттылығын, баламалы қуат көздерін кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік. Басталуына 3 аптаға жуық уақыт қалған көрмеде Қазақ елінің павильонында қандай жобалар таныстырылмақ? Осы орайда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өтті. ҚР Энергетика министрлігі Жаңармалы энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова көрмеге қойылатын жобалардан хабардар еткен.
Бұл бағытта тұжырымдама әзірлеп, ғылыми-техникалық кеңес құрылған. Кеңес құрамына Қазақстанның жетекші ғалымдары кірді. Сондай-ақ, энергетика саласындағы үздік ғылыми-зерттеу жобалары іріктелген.
– Қазіргі таңда ғалымдардың 28 жобасы бойынша 28 медиаконтент пен 11 макет дайындалып жатыр. Макеттер интерактивті, сондықтан көрмеге келгендер үшін қызықты болады деген үміттеміз. Сондай-ақ ғалымдардың ғылыми-техникалық экспозицияларынан бөлек, ең ірі жоба бойынша жеке экспозиция дайындап жатқан жайымыз бар. Бұл – «Тоқамақ» жобасы. Қазір ол Курчатов қаласында әзірленіп жатыр, – деді департамент директоры БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сонымен қоса, Қазақстанның интерактивті картасы да дайындалып жатыр. Онда еліміздің өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және инновациялық жобалар орналастырылады. Техникалық шешім жағынан картаның өзі интерактивті әрі қызықты болады. Көрмеге келгендер өз өңірінде жасыл экономика, энергетика, тұрақты даму бағытында жүзеге асырылып жатқан жобаларды тамашалай алады. Мемлекеттік саясат, Мемлекет басшысының бастамалары да қазақстандық павильонда таныстырылады.
«ЭКСПО»-ның алғашқы күндері қандай шарамен басталатынын айта кетсек. Яғни, маусымның 11 мен 14 аралығында VIII халықаралық форум мен министрлер конференциясы өтеді. Оны KAZENERGY қауымдастығы ҚР Үкіметінің бастамасымен және БҰҰ 5 аймақтық комиссиясымен бірлесіп өткізеді. Министрлер конференциясына 50-ден аса мемлекеттің ресми өкілдері қатысады деп жоспарланған. Оның ішінде 20-ға жуық энергетика министрлері мен вице-министрлер, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың 10 басшысы бар. Министрлер конференциясын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ашып бермек.
Оңтүстіктен 150 мың адам барады
Жалпы, ОҚО-дан «ЭКСПО»-ға 150 мың адам барады. Олардың 4 мыңға жуығы − мектеп оқушылары. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі және зейнеткерлік жасындағы азаматтарды апару жоспарланып отыр. Өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан және білімі мен өнегелі тәрбиесі үшін оқушыларға мемлекет пен демеушілер есебінен жолдама беріледі. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі «Оқушылар сарайында» халықаралық көрмеге баратын оқушылармен арнайы кездесіп, олардың дайындаған көрмесі мен концерттік бағдарламасын тамашалады.
Тағы бір елеулі оқиға – «ЭКСПО – 2017» мотокеруені Оңтүстіктен бастау алады. Таяуда ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО – 2017» мотокеруенін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. «ОҚО мотоциклшілер федерациясының» президенті Рүстем Базарбеков өз бастамалары туралы баяндады.
29 мамырда облыс басшылығынан еліміздің көк байрағын салтанатты түрде алып, 10 мотоциклші жолға шығады. Мотошеру Түркістан шаһары арқылы Қызылорда облысына жетіп, республиканың 10 облысын – ОҚО, СҚО, БҚО, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Астана қалаларын аралайды.
Бұған дейін Шымкент көшелерінде байкерлердің өнерін тамашалаған едік. Автошабандоздар кезекті маусымның ашылуын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнады. Қала көшелерін аралап, сондай-ақ №3 жетім балалар үйіне барып, қайырымдылық шарасына қатысқаны мәлім. Мінекей, Оңтүстіктің байкершілері тағы бір тың бастаманы қолға алып отыр.