РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА ДЕПО АШЫЛДЫ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 05:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 98 раз

Шымкент қаласында Республика күні мерекесі қарсаңында жағымды жаңалықтар мен сүйінші хабарлар көбейе бастады. Жаңа нысандар халықтың игілігіне беріліп, көпшіліктің көңіл-күйінің көтерілуіне сеп болуда. Мәселен, таяуда Сайрам тұрғын алабында №6 өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты ашылды. Жаңа өрт сөндіру депосының ашылу рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов, қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

pojar

 

Жаңа нысан мемлекет тарапынан, қала әкімдігінің қолдауымен іске асырылды. Ерлан Садкенұлы көпшілікті құтқарушылар күнімен құттықтап, өрт сөндіру депосы халыққа қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.
– Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін ең басты міндет – құтқару, көмектесу, қорғау, яғни өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Соңғы жылдары Төтенше жағдайлар министрлігі өзінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше назар аударып отыр. Оған, міне, бүгін куә болып отырмыз. Жаңа өрт сөндіру депосы оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бізге қолдау көрсеткен қала әкімдігіне алғыс айтамын, – деді вице-министр.
Айдын Мейрамбекұлы қала әкімдігі тарапынан азаматтық қорғау саласына жеткілікті қолдау көрсетіліп жатқанын, бұл жұмыстар одан әрі жалғасатынын атап өтті.
Іс-шара барысында құрметті қонақтар №6 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен кездесу өткізіп, жаңа ғимаратпен танысты. Ғимаратта барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, диспетчерлік қызмет, демалыс, жатын, ас бөлмелері, спорт және мәжіліс залы, сондай-ақ, жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы орналасқан. Нысан барлық санитарлық талаптарға сай келеді. Жалпы 50 адам қызмет етеді.

pojar-1


Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлының айтуынша, жаңа нысан азаматтық қорғау саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес іске асырылды. Жалпы, 60 мыңға жуық халық тұратын 5 елді мекенді өртке қарсы қорғау үшін құрылды. Аталған аумақта ірі өндірістік және әлеуметтік нысандар бар.
Бүгінде қалада 10 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда қосымша 10 жаңа өрт сөндіру депосын салу жоспарда тұр. Аталған жобалар іске асқан жағдайда қаланың өртке қарсы қорғалуы 100 пайыз қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, биыл Тұран шағынауданында өрт сөндіру депосының құрылысы басталды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.