ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕГЕ ЛАЙЫҚТЫ ТАРТУ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 06:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 91 раз

немесе Шымкентте Республика күні қарсаңында бірқатар мәдениет үйлері ашылды

Республика күні – еліміздің Тәуелсіздігінің бастауында тұрған ұлық та мерейлі мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жаңғырып, ұлттық мәртебеге ие болған мерекені халқымыз ерекше ынта-ықласпен қарсы алып, көтеріңкі көңіл-күй және асқақ рухпен тойлайтыны белгілі. Осы орайда Шымкент қаласында Республика күніне орай көптеген мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ел мен жерге адал қызмет еткен азаматтар марапатталып, жаңа нысандар халықтың игілігіне пайдалануға беріліп жатыр.

Mereke

 

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады» деген болатын. Осы орайда, Президент тапсырмасы аясында қалада мәдениет пен өнерге серпін беру мақсатында жаңа мәдениет үйлері ашылды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Республика күніне орай пайдалануға берілген жаңа нысандарда болып, тұрғындармен кездесті. Қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі жаңа мәдениет нысандарында тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған.

madeni

Шалғайдағы Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, Өтеміс тұрғын алаптарында енді жаңа мәдениет үйі бар. Республика күніне орайластырылған жаңа нысандардың ашылу рәсіміне қала әкімі, басқарма басшылары, елдімекен тұрғындары қатысты.
Ғимараттардың құрылысы мемлекеттік бағдарлама аясында 2023 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, нысандар ел игілігіне берілді. Қала әкімі алдымен Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жаңа мәдениет үйіне барып, көпшілікті заман талабына сай бой көтерген мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады. Шаһар басшысы көптен күткен рухани орыннан болашақта әлемге танымал өнерпаздар шыға берсін деген тілегін айтты. Одан әрі жаңа ғимаратты аралап көріп, оның жоспарлы жұмысымен танысты.
Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімінде тұрғын алаптың қариялары қала әкіміне батасын берді. Олар қала басшылығына алғыстарын айтып, мерекелік күндерді атап өтетін, ән тыңдап жан сергітер шаңырақтың ашылғанына бек қуанышты екендерін жеткізді.
– Жаңа нысандарды Республика күніне орай тапсырып отырмыз. Келесі жылы спорт нысандары, тағы да басқа әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізіледі. Бәрі де кезең-кезеңімен іске асады. Мәдениет үйін игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Енді мұнда жастарға үйірмелер ашуға болады. Сонымен қатар, шағын кітапхананың жұмысын жандандырып, жастарды кітап оқуға үйретейік, – деді Ғ.Сыздықбеков.
Сондай-ақ, қала әкімі Көкбұлақ, Базарқақпа, Өтеміс мәдениет үйлерінің де ашылу рәсіміне қатысты. Жобаға сәйкес, нысандар 2 қабаттан тұрады. Аудандары 3192 және 3859,2 шаршы метрді құрайды. Әрқайсысында 100 орындық акт залы қарастырылған.
Заманауи нысанда гардероб, инструмент, грим жасау бөлмесі және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлмелерден бөлек, жұмыс кабинеттері, кітапхана, оқу залы және жаттығу залы қарастырылған. Жылу, су жүйесі орталықтандырылған. Көрермен залы, хореография бөлімі, түрлі үйірме кластары мен қызметкерлер кабинеттері бар. Ал екінші қабатында кітапхана орналасқан. Онда оқу залы, компьютерлік бөлме, демалыс залдары мен қызметкерлер кабинеттері барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Шымкент қаласының шалғай елді мекендерінде ашылып отырған Мәдениет үйлерін ұлттық мерекеміз – Республика күніне лайықты тарту деп айта аламыз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.