Коронавирус пандемиясы медициналық мекемелердің жұмыс ырғағына елеулі өзгеріс әкелді. Қауіпті індетпен күресуге денсаулық сақтау саласының барлық мекемелері жұмыла атсалысты.
Осы орайда қалалық диагностикалық орталық Covid-19 эпидемиясына қарсы басым бағытта медициналық қызмет көрсетті. Мамандар науқастардың өкпе қуысының рентген және компьютерлік томография зерттеулерін жүргізуде. Ал, ПТР зертханасы жоғары сапалы зерттеу нәтижелерін қамтамасыз етеді. Мұнда Сovid-19 вирусын анықтау үшін 9350 азаматтан сынама алынған.
Орталық жұмысымен арнайы танысқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов медицина қызметкерлеріне пандемия кезінде атқарған ерен ебектері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар орталықтандырылған медициналық зертхананың жұмысын жоғары бағалады.
Сонымен қатар, қала басшысы орталықтың электронды қызметтерімен танысып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
1990 жылы ашылған диагностика мекемесі заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл орталық диагностика және емдеудің жаңа, тиімді, инновациялық әдістерін қолдана отырып, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. 2019 жылы медициналық мекеме ҚР денсаулық сақтаудағы ұлттық сапа стандарттарына медициналық қызметтердің сәйкестігіне өңірдегі медициналық ұйымдардың ішінде бірінші болып жоғарғы санатпен аккредиттелген. Орталықта 38 медициналық мамандық бойынша, жоғары білікті дәрігерлер кеңес беріп, 800-ге жуық диагностикалық, 6000-ға жуық зертханалық қызметтер көрсетіп келеді.