Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген қала. Бүгінде қала көшелерінің бойына орнатылған «Shymkent bike» веложобасына қызығушылық артпаса, кеміген жоқ. Күн жылынысымен велосипед ершігіне отыру қайта жанданды. Қазір қалада жаңа игілікті пайдаланушылардың қатары 700-ден асқан. Алда олардың санын арттыру шаралары жүргізіле бермек.

Бірегей жоба өткен жылы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен жүзеге асқан болатын. Жүйенің алғашқы қолданушысы да шаһар басшысы болды. 

Бүгінде қала көшелерінің бойына орнатылған 40 велостанцияның бәрі де жұмыс істеп тұр. «Shymkent bike» компаниясының директоры Серік Жұмановтың айтуынша, қысқы маусымда да велосипедті жалға беру үзілген жоқ. 

– Велосипедтің суыққа да төзімді екенін сынақтан өткіздік. Ешқандай бүліну деректері тіркелген жоқ. Біз күнделікті жағдайды бақылап отырамыз. Қазір пайдаланушылар саны 700-ге жетті. Ал велокартаның құны биыл да сол өзгеріссіз қалады. Яғни, жылына 10 мың теңге төлеп, пайдалана беруге мүмкіндік бар, – дейді компания жетекшісі. 

Шымқалада велосипедпен жүруге барлық мүмкіндік бар: аяқжолдар салынды, веложолақтар сызылды. Тек ниет керек. Әзірге, пандустар да ретке келтіріліп жатыр. Бәрі де уақытымен шешілер мәселе. Келешекте велосипедті тізгіндейтіндердің саны бұдан да көбейетініне үлкен сенім бар. 

Компания басшылары да алда велостанциялардың санын арттыра беруді жоспарлап отыр.

Опубликовано в Қала
Среда, 19 Октябрь 2016 07:00

Жаңа велостанциялар саны артты

Қалада "Shymkentbike" компаниясы велостанцияларының саны 39-ға жетті. Жаңа жобаға деген қызығушылық артып келеді. Компанияның директоры Серік Жұмановтың айтуынша, келесі жылы велостанциялардың қатарын тағы да көбейту жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін 40 станцияның бәрі іске қосылатыны бұған дейін де айтылған еді. Бұл меже кезең-кезеңімен іске асып, бүгінде станциялардың бәрі іске қосылды. Қонаев, Рысқұлов даңғылы бойына, «Нұрсәт» шағынауданы мен жаңа әкімшілік-іскерлік орталық аумағында да орнату жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, қала тұрғындарының қысқы маусымда да велосипед тебуіне мүмкіндігі бар.
– Қазір 39 велостанция жұмыс істеп тұр. Оңтүстікте қысқы маусымда да күн жылы болатыны мәлім. Қар да тез еріп кетеді. Сол себептен, біз велостанцияның жұмысын тоқтатпаймыз. Тұрғындарға осыны айтқым келеді. Одан кейін, 200 велосипед қолданыста екенін де айта кетейін, – дейді ол.
«Shymkentbike» компаниясының велосипедтері сапасымен ерекше: суыққа төзімді, тот баспайды. Велостанциялар қысқы маусымда да осы күйі ашық аспан астында тұра береді. Велосипедтің қосалқы бөлшектері авиа өндірісінде қолданылатын хромдалған болаттан жасалған. Сол себепті, компания өкілдері Франциядан әкелінген велосипедтер қандай суық болса да төтеп беретініне сеніп отыр.
С. Жұмановтың айтуынша, әзірге «ЦУМ» аялдамасы маңындағы станция ғана орнатылған жоқ. Өйткені, ол маңда көшені қайта құру, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, жыл соңына дейін бұл маңда да жаңа велостанция іске қосылады.

Опубликовано в Қала

adminБелгілі тележурналист, қоғам белсендісі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Қанат Әуесбай Шымкенттегі сапары кезінде қаланы велосипедпен аралап, өз әсерімен бөлісті.

– Бұл жолғы Шымкентке сапарымда «Astana Bike» картасын осында тіркету арқылы шуақты қала көшелерін «Shymkent Bike» велосипедімен аралап шықтым. Велосеруен кезінде үшінші мегаполистің күн өткен сайын гүлденіп, құлпырып келе жатқандығына куә болдым, – дейді астаналық мейман.

Сондай-ақ, блогер Астанада автокөліктен бас тартып, қазіргі таңда «Astana Bike» велосипедімен тұрақты түрде жүретінін, Шымкентте де веломәдениеттің қарқынды дамып келе жатқанын айтады.

– Шымкентте бір жақсысы, велосипедті жыл бойына тебуге болады. Денсаулыққа пайдалы, экологиялық зиянсыз көлікпен Шымқаланы шаршағанша шарладық. Байқауымша, қалада қазір велосипед тек серуендеу, сергу құралы ғана емес, үй мен жұмыс арасындағы қатынау құралына да айналып келеді. Сол қуантады, – деп жазба қалдырыпты блогер Facebook-тегі жеке парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, «Shymkent Bike» автоматтандырылған стансалар жүйесі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен Астана қаласынан кейін екінші болып Шымшаһарда жүзеге асырылған болатын. Қала тұрғындарына сапалы қызмет етіп жатқан велостансалардың саны бүгінде 32-ге жетті. Жылдың соңына дейін 40 станса толық орнатылатын болады. Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы веложолдар салынуда.

Опубликовано в Әлеумет

Жақсы істі насихаттап жүргендерге қалайша риза болмайсыз!? Қоғамдағы оң өзгерістерге сергек қарайтындардың әрекеті сүйсінтпей қоймайды. Сондай жанның бірін жақыннан білеміз.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 2 курс студенті Мереке Сабанбай он жылдан бері салауатты өмір салтын насихаттап жүр. Велосипед сенімді серігіне айналған. Шымкенттің Орталық көшелері мен саябақтарында зырылдап жүргені. Өзі ғана емес жанында 3 жастан асқан ұлын да ертеді.

20160922 163542

Мереке – ағылшын және қытай тілінің маманы. Автобустан велосипедке ауысқан ниетіне риза болдық. Әсіресе, студентке қолайлы көлік екенін ерте ұғынған. Бүгінде бізде де велосипедпен жүруге барлық мүмкіндік бар: аяқжолдар салынды, веложолақтар сызылды, «Shymkentbike» «велостансалар жүйесі де іске қосылды. Тек ниет керек. Әзірге, пандустар да ретке келтіріліп жатыр. Бәрі де уақытымен шешілер мәселе. Келешекте халық көбейетініне сенеді. Веломәдениетті қалыптастыру да өзі секілді жастардың қолында екенін айтады.

Ол бүгінде оқу орнына осы көлікпен қатынап жүр. «Абай» саябағы маңынан Желтоқсан және Қонаев даңғылы арқылы оқу орынына лезде жете қояды. Одан қалса, кешкісін қала ішінде серуендейді. Велосипедімен. Жалпы, 10 жылдан бері осы көлік түріне әуес.

– «Shymkentbike» компаниясы осындай керемет сый ұсынып отырғанда мүмкіндікті пайдаланайық. Бұл ең әуелі денсаулықтың мығым болуы үшін керек. Қолдап жатқан әкімдікке рақмет айтамын. Веломәдениет уақыт сәтімен қалыптасады. Тек келешектен үмітімізді үзбейік – дейді көпшілікке үндеп.

20160922 164408

Рас, әлі де болса шетелден үйренеріміз көп. Онда студенттердің негізгі көлігі осы – велосипед. Олардың велосипедке көшулерінің бір себебі – автокөлік салығы қымбат. Екіншіден, денсаулықтың нағыз кенін екенін білгенінде. Сол себептен Еуропа тұрғындарының өмір жасы əлдеқайда ұзағырақ. Өзге халықтарға қарағанда.
Орайы келгенде айта кетсек. Мәселен, Еуропаның велосипеді ең көп Данияның бір тұрғыны жыл сайын орта есеппен 893 шақырым жол жүреді. Нидерланды да велосипедке арналған 15000 шақырым жол бар. Ұлыбритания, Германияда да осы жағдай. Жалпы, әлемде миллиардтан астам велосипед бар екен. Олардың негізгі қолданылатын мақсаты мынадай: 70 %-ы қозғалыс құралы қызметін атқарса, 29 %-ы демалыс үшін, 1 %-ы ғана спорттық жарыстарға пайдаланылады.
Қытайда оқып келген бір әріптесіміз бірде мынадай пікір айтты: «Қытайлар екі дөңгелекті көлікпен жүруді әдетке айналдырған. Онда әр велосипедші арнайы нөмір алып, техникалық тексерістен өтіп, жыл сайын салық төлейді де».

Велосипед айдау өзіміз үшін керек. Қалай десек те, олардың санын көбейткеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Үшінші мегаполисте бүгінге дейін велостансалардың саны 32-ге жетті. Жылдың соңына дейін 40-ы да толық орналастырылып бітпек.

Бұрын мүмкіндік жоқ деп қынжылатынбыз. Бүгінде тұрғындар үшін барлық жағдай бар. Енді бізге велосипед тебуге не кедергі? Ештеңеден именбей, жақсы істің жаршысы болып жүрген студенттен үлгі алсақ қане!?

Опубликовано в Әлеумет

Жақсы бастамаға әрдайым көпшілік тілекші. Әрбіріміз де өмірімізге еніп жатқан түрлі жаңа технология игіліктерін пайдалануға асығатынымыз рас. «Жақсыны көрмекке» деген ғой. Осы күні қала тұрғындары «Shymkentbike» компаниясының велосипедіне отыра бастапты. Қызығушылық басым. Күн сайын 100-ден аса тұрғын салауаттылықты насихаттап жүргеніне куә болдық. Қалада веломәдениетті қалыптастырудағы шаралар жалғасын тауып жатыр. Қазірдің өзінде орталық көшелерге 18 велостанса орнатылды.

ЖАҢА ВЕЛОЖОЛДАР САЛЫНАДЫ

10

Бірегей жобаға қала әкімдігі зор қолдау көрсетті. Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандары арнайы веложолдар салу жұмыстарын атқарды. Аталған бөлім маманы Бауыржан Шырынбаевтың айтуынша, бұл мақсаттағы алғашқы кезең аяқталған. Енді қыркүйек айында құрылыс жұмыстары тағы жалғаспақ. Оған қазынадан 193 миллион теңге бөлініпті. Бюджет қаржысына жаяу жүргіншілер жолы әрі веложолдар салынады.
Мүмкіндік бар. Қолдау да арта түскен. «Shymkentbike» компаниясының директоры Серік Жұманов жақын күндері тағы 4-5 станса іске қосылатынын айтады.
– Франциядан қосалқы бөлшектерге тапсырыс бердік. Бір жарым айдың ішінде 40 стансаның бәрін іске қосамыз. Алдағы күндері «Нұрсәт» шағынауданы, Әкімшілік іскерлік орталығы аумағына да станса қойылады. Қазір қалада 160 адам біздің картамызды сатып алды. Яғни, орташа есеппен күніне 100-ге жуық адам велосипед ершігіне отырады деген сөз. Қыркүйекке қарай олардың саны көбеюі тиіс. Өйткені, студенттер келеді, – дейді ол.
Талдау жұмыстары көрсеткендей, қала тұрғындары жаңа заманауи велосипедке негізінен таңертең және кешкі мезгілде отырады. Шілденің ыстығы сәл қолайсыздық тудырып тұр. Оның үстіне стансалар әлі толық орнатылып біткен жоқ.
Жаңа жобаға бастапқыда таңырқай қарайтынымыз заңдылық. Бой үйреткенше, өзіміз қолданып көрмегенше түрлі пікірлердің туатыны да рас. Осы орайда көпшілік түсінбей жүрген жағдайды айта кетсек. Негізінен, велосипедті алғаш пайдаланушылар бір айға карта аштырады. Ол үшін айына 2500 теңге төлейсіз. Бастапқы жарна ретінде картаға мың теңге алынады. 1000 теңге – абоненттік төлем. Картада 500 теңге болу міндет. Егер картаны еш зақымдамай, өткізетін болсаңыз, 1000 теңгеңізді қайтарып береді. Бастапқы жарты сағат тегін. 31 минуттан бастап сағатына 100 теңгеден есептелінеді. Егер бір стансадан келесі стансаға он-он бес минутта баратын болсаңыз, жарты сағатқа дейін абоненттік төлем алынбайды.

ЖҰМЫСҚА ВЕЛОСИПЕДПЕН БАРМАҚ

13775504 1631615890470827 6540918105270704311 nВелосипед тебу – денсаулықтың кені екенін көпшілік ұғына бастағаны қуантып отыр. Жаңа жобаның артықшылығы көп: автобус күтіп отырмайсың, ереже бұздың деп қалтаны қағатын ешкім жоқ, ең бастысы қаражат үнемделеді. Жақын аралыққа зыр етіп баруға зор мүмкіндік.
Осы күні Әл-Фараби алаңы мен Абай саябағында жаңа жобаның игілігін пайдаланушы бірқатар қала тұрғынын кезіктірдік. Велосипедтің қызығын көріп жүргендердің бірі – Жанат Қалметова. «Оңтүстік-цирк» мекемесінде аң үйретуші болып жұмыс істейтін ол осыны қолға алған азаматтарға алғысын айтып, мүмкіндікті пайдалануға шақырады.
– Басты мақсатым – салауатты өмір салтын ұстану. «Shymkentbike» компаниясы осындай керемет сый ұсынып отырғанда оны неге пайдаланбасқа?! Өзім осы саябақ маңында тұрамын. Күнде кешкісін бір жарым сағат айдап, бой сергітеміз. Бағасы тиімді. Екінші ай пайдаланып жатырмыз. Шілде айында да картаны аштырып едім. Тамыз айына оны тағы ұзарттық. Велосипедтің дизайны да тартымды. Техникалық мүмкіндіктері көңілден шығады. Айына 2500 теңге деген – аса қымбат емес. Қазір барлық елде салауатты өмір салтына назар аударылып жатыр. Сол себепті, велоспортқа ойысатын кез жетті. Көпшілікті осыған шақырамын, – дейді қасына ұлын ертіп шыққан қала тұрғыны.
Оның отбасымен салауатты өмір салтын ұстанып жүргені қуантады. Қалада тегін жүре беруге болатынын бағамдаған ол алда жұмысқа осы көлікпен бармақ.
Жеке кәсіпкер Мақсат Рысқұлбековтің де талабы қуантарлық. Ол да осы маңда екі аптадан бері салауаттылықты насихаттап жүр. Бір айға карта алыпты. Досы екеуі үш сағат кезектесіп тебеді. Жұмыстан қолы босағанда осында аяңдайды. Олардың да пікіріне құлақ түрдік. Кәсіпкер жігіт мұндай велосипедті осыдан екі жыл бұрын Францияға барғанда көріпті. Өзі көліктердің қосалқы бөлшектерін сатумен, тасымалдаумен айналысады.
Бізде жолдар әлі толық дайын болмай тұр. Ақырындап бұл мәселе де шешіледі. Шетелде велосипед, мотоцикл айдаушыларға құрмет жоғары. Мәдениет қалыптасқан. Бізде жастар енді біле бастаған. Қалай десек те, велосипедтердің санын көбейте беру керек. Велосипед айдау өзіміз үшін керек. Кәсіпкер жігіт осындай ой қосты.
Саябақты бір сағат бақылап жүріп, келушілердің жартысы велосипед теуіп жүргенін байқадық. Әлі де болса көпшілік сағатына 500 теңгеге жалға беретіндерге үйір. Жастар жағынан сұрау салып көрдік. Кейбірі саябаққа ара-тұра келгендіктен осы дұрыс екенін айтса, енді бірі жаңа жобаны қалай қолдануды білмейміз деген пікірде.
Әсіресе, студенттерге тиімді екенін айттық. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 2 курс студенті Мереке Сабанбай велостанса ашылғалы осында жүр. Ұлымен бірге күнде келеді. Ол да болашақта автобустың орнына велосипедті ауыстырмақ. Пандустар барлық жерде орналастырылмауы аздап қиындық тудырып тұр. Жалпы, ниет болса велосипедті пайдалана беруге болады дейді.

ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДIЛIК ТАНЫТСА...

 

DSC01965   DSC01949

 

Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе іске асырған жобаның өміршең боларына сенім зор. Шымкент Елордадан кейінгі мұндай велосипед жүйесін орнатқан елдегі екінші қала атанды. Ең бірінші болып, қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының өзі велосипедті пайдалану үшін арнайы карта сатып алғаны мәлім. Оны қолдай кеткендер де көп.
Шымкентте бүгінде велосипедті жанына серік еткен жандардың қатары 9 мыңнан асады. Қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарта отырып, бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін қоғам болып қолдау қажет екенін ұғынасыз. Қаланың велоспорт және веложол инфрақұрылымын дамыту – басты назарда тұр.
– Бізге көзқарасты өзгерту керек. БАҚ арқылы насихаттап, халыққа жеткізсеңіздер. Денсаулыққа пайдалы екенін, әрі қаржы үнемделетіні жайында ақпарат беру қажет. Әкім қолдап отыр. Енді қала тұрғындары да белсенділік танытуы тиіс, – дейді Серік Қалиұлы жобаны бірлесе дамытуға үндеп.

ЕЛДIҢ ӘЛЕУЕТI САЛАУАТТЫЛЫҒЫМЕН ӨЛШЕНЕДI

Расында, қоғам болып, жаппай қолжетімді көлік түріне отырамыз десек, әуелі көзқарасты өзгерткен жөн. Қала тұрғындарының көбінде велосипед бар. Бірақ оны тек ауласында, саябақта ғана серуендеуге пайдаланатыны тағы айқын. 

Бізде әлі де жарнамалау жағы кемшін. Шетелде веломәдениет бұрыннан қалыптасқан. Елдің әлеуеті салауаттылығымен өлшенетін кезге келдік. Велосипед теуіп те еліңді әлемге танытуға болады. Бәрі де ниетке байланысты ғой. Мәселен, Александр Винокуров қырыққа таяғанда Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Жастарды көптеп осы спорт түріне баулысақ, тұрғындарды жаппай осы өнерге тартсақ, келешекте чемпиондардың шықпауы мүмкін емес. Ол үшін бойымыздағы селқостықты сілкіп тастап, салауатты өмірді кеңінен насихаттай білсек.

Опубликовано в Қала

Шымкентте ертең алғашқы велостанса пайдалануға берiледi

Мамандар бүгінде Шымкент қаласының экологиялық ахуалы сын көтере бермейтінін айтып, дабыл қағуда. Мегаполис қаланың басты экологиялық мәселесінің бірі – көлік санының тым көптігінен болып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 545 мыңнан астам көлік бар. Ондағы көліктердің отыз пайызы Шымкент қаласында тіркелген.

Велосипедпен жүрудiң пайдасын бiлсек

Қаланың орталық көшелерінде жиі орын алатын көлік кептелісін реттеп, экологиялық ахуалын жақсартудың бірден-бір мүмкіндігі – велосипед стансаларын көптеп пайдалануға беру болмақ. Бұл бағытта қала әкімдігі шілде айының соңына дейін 40 велостансаның қызметін іске қосуға мүдделілік танытуда. Бұл үшін қажетті құрал-жабдықтар мен велосипедтер Франция елінен жеткізілуде. Велосипедті жалға берілетін «Shymkent Bike» автоматтандырылған стансалар жобасының алғашқы сатысында 200 велосипедті сатып алу көзделген. 

2016-07-06-15-45-10-143

«Shymkent bike» жобасы аясындағы алғашқы велосипед стансасы сенбі күні, яғни, 9 шілдеде Әл-Фараби алаңында ресми түрде ашылмақ. Үлкен өзгерістер қарсаңында, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов қала көшелерінде веложол жүйесін енгізу жұмыстарын тексеріп, келешектегі мүмкіндіктерін бағамдады.
– Ендігі жерде қала тұрғындары велосипед пайдалану үшін арнайы карта сатып алу мүмкіндігіне ие. Олардың бір жылдық төлемақысы 11 500 теңге болып бекітілді. Ондағы 10 000 теңге жол жүру құнына, 1000 теңге картаның өзіне берілсе, ал 500 теңге пайдаланушы балансы болып есептеледі, – дейді сала мамандары.
Төлем картасын сатып алған жағдайда азаматтарға арнайы PIN-код беріледі. Бұл жоба елімізде тек Астана қаласында қолданыста болып келген еді. Астаналық тұрғындар картаны маусымына 6 айға қолдана алса, шымкенттіктер 1 жыл бойына пайдалану мүмкіндігіне ие. Сондықтан да бағасында сәл айырмашылық бар.
Станса қызметін пайдалану үшін азаматтарға ескерте кететін жайт, велосипедте анықтама қызметі жапсырылған. Әуелі картаны бекітіп, кодын енгізсеңіз, велосипед автоматты түрде қозғалысқа дайын болады. Іске қосылғаннан соң коммуналдық велосипед жарты сағат тегін қызмет көрсетеді. Әрбір велосипедке борттық компьютер, себет сөмкелер мен заттар орнатылған.

Әлемге әйгiлi, жанға жайлы...

Велосипед тебу – адамның аяқ бұлшық еттерін нығайтып, ағзаның қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қан айналымының дұрыс жүруіне оң әсерін тигізеді. Бастысы, бойдағы энергия мен таза ауаны, денсаулық пен көтеріңкі көңіл күйді сақтауға өз үлесін қосары сөзсіз.

IMG-20160706-WA0030  FB IMG 1467804457859 converted 

 

Қалалық велоқауымдастық директорының міндетін атқарушы Евгений Малаховтың айтуынша, Шымкентте бүгінгі таңда велосипедті жанына серік еткен жандардың қатары 9 мыңнан асып жығылады. Дегенмен, қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарта отырып, бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыру мүмкіндігі бар. Қызмет орнына аталмыш көлік түрімен қатынайтын қала әкімінің әрекеті кім-кімге де үлгі болардай.
Жоба жетекшілерінің берген мәліметі бойынша, бүгінде Астана қаласы велосипедпен жүрудің орташа көрсеткіші бойынша Мәскеу, Париж және Сан-Францискодан озық тұр. Яғни, әрбір мың адамға шаққандағы көрсеткіш деңгейі Астанада – 5,9, Мәскеуде – 5,7, Парижде – 3,2, ал Сан-Францискода – 3 адамнан келеді. Жобаның өзіндік тиімділігі сол, Астанада велосипедті пайдаланушылар орташа алғанда күніне 6 шақырымдай жол жүруде. Ендігі жерде аталмыш жоба Шымкент және Алматы қалаларында да жүзеге аспақ. Қазіргі таңда бұл қалаларда велосипед қозғалысына оңтайландырылған арнайы жолақтар салынуда. Бұл жоба қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, велотуризмді қалыптастыруға оң ықпалын тигізбек.
Жалпы, Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінде қала аумағында велосипедпен қатынауға ерекше көңіл бөлінеді. Әлемде шайтанарбаны шыр көбелек айналдырып жүрген елдердің қатарында Финляндия көш тізгінін қолға алып тұр. Бұл елдің жазы қысқа, қысы ұзақ. Осыған қарамастан, аталмыш мемлекет велосипедтің санын арттырып келеді. Оның жолын салу үшін де қазынадан қомақты қаржы бөлінеді. Қысқасы, оны фин халқы ұлттық жоба деп санайды. Сондай-ақ, олар елге келген жиһанкездерге велосипед қызметін де ұсынады. Олармен көршілес Норвегия елі де сол саясатты ұстанады. Одан кейінгі орынды Чехия, Дания, Германия, Бельгия секілді елдер иеленеді. Мәселен, Данияда бір адам жылына велосипедпен 853 шақырым жолды артқа тастайды екен. Веложолдары 400 шақырымға жуықтаған Копенгаген нақ бүгінгі таңда «Еуропаның велосипед астанасы» атануға ниетті. Сонымен қатар Азияның Үндістан, Малайзия, Қытай секілді мемлекеттерінде де велосипед мініп жүрген жандардың қатары қалыңдаған. Мәселен, жапондықтардың 15 пайызынан астамы жұмысқа велосипедпен барады.
Мамандардың айтуынша, велосипедте күніне 6 шақырым жол жүру инфаркт миокардын 50 пайызға азайтады. Сондай-ақ, велосипедшілер жылына 900 миллион литр бензинді үнемдейді екен.

Опубликовано в Қала