Қазақты ежелден мәмілегер халық деп айтамыз. Кез келген мәселені келісіммен шеше білгендігін тарихтан білеміз. Қара қылды қақ жарған әділ бидің бір ауыз кесімді сөзіне бағынып, бітімге келетін ата-бабамыздың бітімгершілік жолын бүгінгі қоғамда жалғастыру мүмкін бе? Осы орайда, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясы мен ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп «Медиация – бітімгершілік бастауы» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Жиынға өңірдегі «Қоғамдық келісім» КММ-нің сарапшысы, облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Бациев, ОҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Серікбай Төлепбергенов, облыстық Ассамблея хатшылығының бас инспекторы Бақытжан Полатов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ секторының бас маманы Айгүл Әбдікәрімова, «Медиация және құқық орталығы» мекемесінің басшысы, кәсіби медиатор, заңгер Эльмира Есімбетова, кәсіби медиатор Анар Өтебаева, Жаңабазар ауыл округінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Жаңабазар» қымызханасының биі Тәңірберген Құралбаев, Жылбұлақ елдімекенінің биі Мүтәлі Жақыпбеков қатысты. «Дөңгелек үстел» жиынын «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-нің директор – бас редакторы Айгүл Қапбарова жүргізіп отырды.

DSC 3773

Ш.К.: – ҚР Президенті Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодтың қажет екендігін айтқан болатын. 

Қазақ сөзге тоқтаған халық. Елді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыруда арнайы Дала парламенті жұмыс істеді. Онда ақсақалдардың байламына тоқтап, дауласқан тараптар мәмілеге келіп отырды. Елбасының «өзіміздің ұлттық кодымызға оралуымыз керек» – дегендегі айтар негізгі ой осы – медиация. 

Қазіргі таңда бұл миссия Қазақстан халқы Ассамблеясының құзырына берілген. Әлемдегі ешбір елде аналогы жоқ тұтас құрылым ретінде жасақталған Ассамблеяға сенім білдіріліп, үлкен міндеттер жүктеліп отыр.

Хасан БАЦИЕВ: – Ия, шындығында, 1995 жылы елдегі жағдай қандай еді? Егемендік алғанымызға бар болғаны 4 жыл ғана уақыт өткен болатын. Айналадағы елдермен байланыс үзілген, жұмыссыздық жайлаған қоғамда жаңа форматқа көшу өте қиын мезгіл еді. Осындай қысылтаяң сәтте Елбасы көрегендік танытып, көпұлтты елдің этносаралық келісімін сақтау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды ұсынды. Сол уақытта мен де Ассамблеяның І-сессиясына қатысқан болатынмын. Міне, сол этносаралық келісім мен тұрақтылықтың нәтижесінде, біздер бүгінгідей әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуға қол жеткіздік. Елбасы елдегі тұрақтылықты сақтауда қандай да бір даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешуді осы ұйымға жүктеді.
Елбасының өзі айтып отырады, «Қазақстан халқы Ассамблеясының 17 миллион мүшесі бар», – деп. Қоғамдағы өзара келісім мен тұрақтылықты жақтайтын ел азаматтарының аталмыш ұйымның мүддесі үшін ортақ байламға тоқтауы – жұмысымыздың нақты нәтижесін көрсетеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі құрылған. Мекемеде Медиация кабинеті жұмыс істейді. Даулы мәселелердің алдын алу, болдырмау мақсатында әр ауданда жауапты мамандар бекітіліп, өткен жылы 8 семинар өткізілді. Жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, Медиацияның берер тиімділігі насихатталды. Бұған дейін білесіздер, қандай да бір даулы мәселелер сотқа жолданып келген еді. Ірілі-ұсақты істерді қоса алғанда, өңірде жыл сайын 100 мыңнан астам іс қаралатын.
Ал қазір Сот жанынан өзара іс-қимыл Кеңестері құрылуда. Статистикаға сүйенсек, сотқа жолданған істердің 20 пайызы ғана мемлекет мүддесіне байланысты екен. Өзгесін жеке тұрғындар арасындағы даулар құрайды. Бір сәттік ашуға ерік беріп, сотқа жүгінген тараптар қаншама қаржысын жұмсап, денсаулықтарына нұқсан келтіріп, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат еткен еліміз үшін бұл жараспайтын салт. Дамығын елдерде, мәселен, АҚШ-та 95 пайыз, Ұлыбританияда 85 пайыз азаматтық және қылмыстық мәселелер медиаторлардың көмегімен шешімін тауып жатады екен. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш тиісінше, 70 пайыздан жоғары. Ал бізде әлі де болса 4-5 пайыздан аспай тұр.
Елбасы ұсынған медиация тәртібі қазақ үшін бұрыннан келе жатқан ғұрып. Өзара бітімгершіліктің заманауи жаңғырған түрі. Медиация талаптары дауласқан тараптар үшін өте қолайлы. Мұнда қос тарап ортақ мәмілеге келіп, істі өз арасында шешеді. Бұл іске кәсіби медиаторлар да белгіленген. Сонымен бірге, кәсіби емес медиаторлар даулы мәселелерді болдырмауға, оның алдын алу бағытында жұмыс істеп келеді. Өңірде қазіргі таңда 48 кәсіби, 512 кәсіби емес медиатор тіркелген.

aqparat-28Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ: – Медиация туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енген болатын. Медиация алдымен, даулардың шиеленісуін төмендетуге, дауға қатысушылардың үнемділігін, шығынның барынша төмен болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге келу жолдарын іздестіре отырып, екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқаға қол жеткізу болып отыр. Сондай-ақ, тараптардың тең құқылығы, құпиялылық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы медиацияның өзіндік артықшылығы болып табылады.Сондықтан да, қазіргі кезде халықтың арасында медиацияға деген көзқарас жақсара бастады. Осының аясында бүгінде Жоғарғы сотта арнайы пилоттық жоба жүзеге асуда. Яғни, сотқа жолданған істердің бірнеше санаттары бойынша арыз иелеріне арнайы жолдама ұсынылады. Медиация орталығына жіберіледі. Не болмаса, тараптар судья медиатор, адвокат медиатор қызметтеріне жүгіне алады.

ШК: – Шағымданушылар медиация орталығына көбіне қандай даулармен келеді?

Анар ӨТЕБАЕВА: – Медиаторлар қызметіне көбіне неке бұзу туралы, алиментті өндіріп алу, баланың тұрақты мекенжайын анықтау, жер дауы, қарызын өндіріп алу мақсатында арыз берген азаматтар жүгінеді.

Эльмира ЕСІМБЕТОВА: – Ағымдағы жылдың өзінде біздің орталыққа алиментті өндіріп алу мәселесі бойынша 8 азаматша келіп арызданды. Қазіргі кезде, ара, балта, күрек ұрлаған азаматтардың ұсақ ісі де қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Сайрам ауданындағы бір кәсіпорын басшылығы 21 жастағы қызметшісінің үстінен шағым түсірді. Сондағысы, қызмет орнынан бойжеткен қыз үйіне сабын алып кетпек болған екен. Ол сабынның нарықтағы бағасы 34 теңге тұрады. Мен кәсіпорын заңгеріне айттым: «Осы 34 теңгелік сабын үшін қанша қаржы шығындалдыңыз? Сотқа жүгіну үшін қанша жол жүрдіңіздер, қаншама қағаз жұмсалды...», – деп. Ол қыз өзі әкесінен айырылған, жартылай жетім отбасынан. Шешесі сал ауруына шалдыққан, еңбекке жарамсыз. Ендеше, отбасындағы 5 баланың үлкені әрі жалғыз асыраушысы да осы қыз. Жас қыздың болашағына балта шауып, сабын үшін «істі болған» деген айдар тағу, әрине, бүгінгі қоғамға жараспас еді. Осы тектес қаншама ұсақ істер өзара бітімгерлік жағдайында, медиация талаптарымен шешіліп жатса, сот ісінің жұмысы да айтарлықтай жеңілдеген болар еді.

Ш.К.: Оңтүстік өлкесін ел аумағындағы ұлттық дәстүрге берік, қазақы қалпын сақтаған орта ретінде мақтанышпен айтып жатамыз. Солай бола тұра, ажырасу дерегі неге өте көп?

Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ: – Статистиканы қарайтын болсақ, қаралған істердің 50-60 пайызы ажырасу дерегіне қатысты. Бәлкім, мұнда жастар арасындағы отбасы құндылығын дәріптеу, кешегі ұлттық мұрамызды насихаттау жетіспейтін болар. Кешегі қазақ қоғамында отбасылық дау туындаған жағдайда жүгініп баратын би ағасы болған. Төрелігін айтқан шақта, би ағасы екі жақтың уәжін тыңдап, айыптының кінәсін мойындатып, татуластырып отырыпты. Бұл бірінші кезекте қазақтың сөзге тоқтап, ақылды адамның айтқанын тыңдағандығын көрсетеді және істеген ісін мойындап, кешірім сұрай білуді жақсы түсінген. Осылайша көптеген мәселелер мәмілегерлік жолмен шешіліп, ел іші де тыныш болған деседі. Бүгінгі тек жазылған заңға ғана сүйенетін заманда екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, арнайы заң да қабылданды.
Менің қызметім көбіне кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қылмыстық ісіне байланысты. Баламен сөйлесіп, оған жағдайды түсіндірсе, жәбірленуші кешірім беріп, татуласса, меніңше осының өзі «кінәлі» балаға тәрбие болады.

Мүтәлі ЖАҚЫПБЕКОВ: – Ұзақ жылдардан бері қалыптасқан дәстүрге сай, біздегі ауылдық округте дауласқан тараптар ауыл биіне жүгінеді. Ал ауыл биі істі ақсақалдар кеңесіне салады. Осындай бітімгершіліктің нәтижесінде болар, бізде ажырасу дерегі айтарлықтай төмен. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Медиация қазақ халқы үшін жат дүние емес. Ол салтымызда бар билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал. Осы орайда медиаторға жүктелетін міндет өте ауыр десе де болады. Медиатор шын мәнінде адамдармен тіл табыса алатын психолог, сабырлы және біліміне ақылы мен білгені сай байыпты жан болуы тиіс.

Тәңірберген ҚҰРАЛБАЕВ: – «Жаңабазар» ауыл округінде 1951 жылдан бері ақсақалдар алқасы нәтижелі қызмет атқарып келеді. Онда ауыл қариялары жиналып, тұрақты кеңес өткізіп отырушы еді. Облыс әкімдігі 2014 жылы 22 миллион теңге қаржы бөліп, «Ардагерлер үйі» ретінде жаңа ғимарат салып берді. Қазір мұнда 41 адам мүше ретінде тіркеліп, осында бас қосып тұрамыз.
Медиация қызметінің орнын бұрын ақсақалдар кеңесі, билер институты атқарып келген. Яғни, біздің төл танымымызда оның тарихи негіздері бар. Бүгінгі тәжірибеде де ақсақалдар кеңестері дау-дамай тараптарын бір мәмілеге келтіре алатын әлеуетке ие. Мұндай медиация бүгінде сот процесінде болып жатқан көптеген мәселелердің оңтайлы шешімін табуына, сот жүйесіндегі істердің қысқаруына, шығындардың азаюына септігін тигізеді. Дәстүрлі ел билеу жүйесінде ақсақалдар институтының рухани рөлі ерекше. Ал осы би, шешендер даулы мәселені екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеп отырған.

Бақытжан ПОЛАТОВ: – Жалпы, шетелдердегі сот саласында бұл тәжірибе бұрыннан қолданылып келеді. Көптеген даулы істер сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіледі.
Қай заманда да қазақ сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің сөзін аяқасты етпей ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған елміз. Байырғы игі дәстүр бүгінгі күні заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа функционалды бағыттар, атап айтқанда: қайырымдылықты үйлестіру, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметін жүргізу, медиация желісін дамыту міндеттері жүктеліп отыр.
Жаңа бағыттар аясында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Жергілікті тұрғындар үшін «Қоғамдық келісім» мекемесінде сенім телефоны орнатылды. 39-23-30 телефон нөміріне бүгінге дейін 321 азамат хабарласты. Оларға медиация кабинетінің атқаратын міндеті түсіндіріліп, қойған сұрақтары негізінде кеңес берілді.

Айгүл ӘБДІКӘРІМОВА: – Биыл Шымкент қаласы бойынша некеге тұрған 780 адам мемлекеттік тіркеуге алынды. Өкінішке қарай, 45 жұп ажырасу үшін арызданған.
Ажырасуға бекінген отбасылар көбіне баланы бөлісе алмай жатады. Заң бойынша, мұндай жағдайда бала анасына тиесілі болуы тиіс. Ортадағы баласының тағдырына жаны ауырған кейбір жұптар қайта қосылып жатады. Кейде, ажырасуға арызданып келген жастарға ақыл-кеңесімізді айтып, әлі де болса ойлануға мүмкіндіктің де, уақыттың да барын айтамыз. Қазір бәрі арыз жазумен бітті деген ұғым жоқ. Арыз иелеріне тіпті барлық құжатын өткізіп, тиісті қаржысын төлеп қойған жағдайда да, біраз уақыт ойлануға, отбасыға қайта оралуға мүмкіндік беріледі.

Эльмира ЕСІМБЕТОВА: – Осы жерде айта кетерім, өткен жылы өңірдегі медиация орталықтарында отбасы дауына байланысты 3800 іс тіркелген. Соның ішінде 778 іс соттан тыс бітімгершілікпен шешілді. 120 іс бойынша сот шешімімен қос тарап өзара ортақ мәмілеге келді. Яғни, 898 іс медиация тәртібімен оң шешімін тапты.

 

Жазып алған
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Опубликовано в Қоғам

Елбасы биылғы Жолдауында «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасына баса мән беріп өтті. Негізі бұл бағдарлама 2015 жылғы Жолдауда да қамтылып кеткен еді. Мемлекет тегін кәсіп үйреніп, ісін ұқсататындарға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Бұл жобаға ынта танытқандар тегін оқиды, қосымша шәкіртақы алады, жайлы жатақханасы тағы бар. Ең тиімді тұсы, оқуын аяқтаған соң жұмыс іздеп әуре болмайды. Өйткені, кәсіптік білімге баулитын оқу орындары өнеркәсіп ошақтарымен ұдайы тығыз байланыста.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша биылғы оқу жылында 9105 шәкірт кәсіптік білім алуда. Жалпы, өңірде 43 – мемлекеттік, 45 – жекеменшік кәсіптік колледж бар. Бұл оқу ордалары аспаз, даяшы, қызметші, құрылысшылардың тұтас буынын тәрбиелеуде. Біз колледж басшылары мен әдіскерлерін, салаға жауапты мамандарды дөңгелек үстел басына шақырдық. Кәсіби оқытудың жаңа заманға бейімделуде қандай мәселелері бар? Аталған колледждердің материалдық-техникалық базасы қандай? Кәсіби оқыту бағдарламасының оқу процесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізуге әлеуеті жете ме? Міне, осы сауалдарға көп болып жауап іздедік.
Дөңгелек үстелге ОҚО Білім басқармасының КжТБ бөлімінің басшысы Нұрсұлу ҚАЛИЕВА, №3 колледж директоры Тлек ИСАХМЕТОВ, №6 колледждің бөлім меңгерушісі Әлия ЖАМАЛБЕКОВА, №5 колледж директорының орынбасары Ақжүніс Ермекбаева, №2 колледж әдіскері Раушан НҰРМЕТОВА, Шымкент қалалық әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Ержан СЕРІКБАЕВ, «Электроаппарат зауыты» ЖШС-нің директор орынбасары Сергей СУВОРОВТАР қатысты. Жиынды «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл ҚАПБАРОВА жүргізді.

dongelek

А. ҚАПБАРОВА: Биылғы Жолдауда Елбасы «Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы, – деп атап көрсетті. Яғни бүгінде, кәсіби сананы арттырып, жаңа формация мамандарын тәрбиелейтын уакыт жетті. Мамандық таңдауда еңбек нарығындағы ахуалға назар аударып, романтик емес, прагматик болуды есепке алатын кез келді. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы әлеуметтік жаңғыртудың, тұтынушылық қоғам қалыптастырудың жаңа моделі. Бұл қалай жүзеге асады?! Қарапайым еңбек адамын культ деңгейіне қалай жеткізуге болады? Бүгінгі «дөңгелек үстел» басындағы мәжілісте осы мәселелер төңірегінде ой өрбітсек дейміз. 

Т.ИСАХМЕТОВ: Екінің бірі кәсіпкер бола алмайды. Кәсіпкер мен кәсіпкерге жалданып жұмыс істейтін жұмысшылар болады. Осы орайда Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуға баса мән беріп отыр. Президенттің бастамасымен тегін кәсіптік-техникалық білім алатындардың алғашқы легінің 3 айлық курстары 1-сәуірден басталады. Бұл курстарға 20 мен 45 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген, білім алмаған азаматтар қатыса алады. Тегін оқумен қатар біз оларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз. 

DSC 8894

Мектептерге кәсіби бағдар жүргізгенде міндетті түрде осы мәселенің барлығын қамтимыз. Мемлекет тарапынан шәкіртақы алатынын, тамақпен қамтылатынын, жолақысы төленетінін, жұмыспен қамтамасыз етілетінін түсіндіріп айтамыз. Мәселен, №3 колледжде жылына 300-350 оқушыға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Алайда, құжат тапсыратындар саны 500-ден асып кетеді. Яғни, сұраныс бар. Бірақ, оның бәрін тегін оқыта алмаймыз, кейбірі ақылы түріне тапсырады. Келген адамның бетін қақпаймыз. Ақылы оқу аса қымбат емес, айына 7 мың теңгеден төлеп оқиды. 

Н.ҚАЛИЕВА: 2016-2017 оқу жылында облыс бойынша 9105 бала кәсіптік білім алуда. Келесі оқу жылында бұл көрсеткіш 12 000-ға жетеді деп күтілуде. Колледждердің 43-і – мемлекеттік, 45-і – жеке меншік колледждер. Қазақстанға бір жоба бекітілсе, біздің өңірімізге бірден 3 жоба түсті. Біріншісі – 1-6 ай аралығындағы қысқа мерзімдік курстар. Бірақ, «Жұмыспен қамту орталығымен» ақылдаса келе, тек педагогикалық мамандықтарды қайта даярлау курстарын ғана 6 айға созып, қалғанын 3 айлық курстарға сыйғызбақпыз. Екіншісі – «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы. Тегін кәсіптік-техникалық білім беруге арналған қысқамерзімдік (1 жыл 10 ай), яғни, материалдық-техникалық базаны нығайтатын курстар. Бұл екеуі де – пилоттық жоба. Үшіншісі – «Жастар корпусын дамыту», кәсіби стандарттар даярлау. 9-11 сыныпты бітіріп, аттестат ала алмай, жұмыссыз жүрген 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған. Бұл жобаларға еліміздің бірнеше өңірлері таңдалынып алынған. Соның ішінде ОҚО-ны үш жобаға да қатыстырған. Оның себебі, Оңтүстік Қазақстан облысының халқы көп. 

DSC 8898

А.ЖАМАЛБЕКОВА: Жыл сайын бізге 200-250 балаға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Жұмысшы мамандықтары дегенде аспазшы, кондитер, даяшы, ресторатор, қызметшіні айтып отырмын. ОҚО-да туризм саласы жақсы қарқын алып, жаңадан көптеген қонақүйлер салынуда. Қонақүйлерге қызметшілерді оқытудамыз. Алайда, «қызметші мамандығы – ең төмен сатыдағы оқу» деген қасаң пікір қалыптасып қалған және оның насихаты аз. Осы орайда қонақүй ұйымдастырушыларына «өздеріне қажетті мамандарға бос орындарды жариялап отырса» деген бір ұсынысым бар. Оңтүстік Қазақстанға келуші туристер жыл санап көбейіп келеді. Сол үшін қызмет көрсету сапасын, оған даярланған арнайы кәсіби мамандар санын арттыруымыз қажет. Мемлекеттік тапсырыс көлемінен артық бала қабылдай алмаймыз, себебі, ғимарат тарлық етеді. Ғимарат мәселесін шешіп берсе болғаны. 

А.ЕРМЕКБАЕВА: №5 колледжде тігін және тоқыма өндірісіне мамандар даярланады. Бізде де сұраныс жоғары, 350 адамнан кем алмаймыз. Инклюзивті топтарымыз да бар. Шымкент қаласындағы мүгедек балаларға арналған мектептерден жыл сайын 25 балаға сұраныс келеді. «Гауһар», «АЛАТЕХ», «СОВТЕХ», «ТОМИРИС», «БалТЕКСТИЛЬ», «НазарТЕКСТИЛЬ» және т.б. үлкен мекемелер жыл сайын 150 балаға сұраныс білдіреді. Тіпті, нашар оқитын балаларды да жұмыстың жеңіл түріне алып кетеді. Біз өндіріс орындарымен төртжақты келісімшартқа тұрамыз. «Дуальды оқыту» бағдарламасы бойынша баланың еңбекақысы төленсін делінген. «Азала текстиль» кәсіпорнында 18-ден асқан студенттеріміз 45 мың теңге, ал 18-ге толмағандары 25 мың теңгеден жалақы алады. «СОВТЕХ» те тура солай төлейді. 

DSC 8898

А.ҚАПБАРОВА: Колледждердің бір артықшылығы бар, олар жұмысқа орналастыра алады. Сергей, сіздердің мекемеге келген студенттер өз саласындағы жұмысын игеріп кете ала ма?

С.СУВОРОВ: Біз, әсіресе, №3 колледжбен тығыз жұмыс істейміз. Олар бізге келгенде 60 пайыз – практикаға, 40 пайыз – теорияға көңіл бөледі. Студенттер бізге келгенде ешнәрседен қорықпайды. Өйткені, оқу орнында өндіріс әліппесін толық оқып, үйренген. Біз мақта өңдейміз. 

Р.НҰРМЕТОВА: Біз көбінде дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, сылақшы, краншы, құрылысшы мамандарын дайындаймыз. Бала 9-сыныптан кейін белгілі бір мамандық алғысы келіп, колледжге құжат тапсырды делік. Алайда, байқаудан құлап қалғандарының ақылы оқуға қалтасы көтермей, мектепке кері қайтуына тура келеді. Ал мектепке қайта барғысы келмейді, себебі, онда оған қызықсыз. Өйткені, 11-сынып бағдарламасы – жоғарғы математика, ЖОО-на дайындық. Осы тұста жасөспірімдер арасындағы психологиялық проблемалар, суицид мәселесі алға шығады. Бала өмірінде алғаш рет қоғамнан шеттетіледі. Жоғарыда аталған бағдарламалардан кейін ынта білдірген барлық балаларды қабылдап, кері қайтармайтын шығармыз деген үміттемін. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасы – колледждерге үлкен жолдама. Бізге әртүрлі балалар келеді. Шындығына келсек, мектепте орын қалмаған «қиын балалар», толық емес отбасының балалары, әртүрлі этнос өкілдері келеді. Бір қызығы, сол балалар 3-курсты бітіргеннен кейін өте тәртіпті, еңбексүйгіш болып шығады. Олар қатты өзгереді. Ортасы оларды тәрбиелейді. 

DSC 9020

А.ЖАМАЛБЕКОВА: Мектепте орта және нашар деңгейлі балалар көбіне назарсыз қалып жатады. Ал біздің колледжге келгендерінің бәрі жаппай жұмысқа араласады. Содан кейін жан-жақты ашылады. Бітірген кезде өзін-өзі бағалауы бір саты жоғары болады. 

Е.СЕРІКБАЕВ: Дәл қазіргі кезеңде орта арнаулы оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Үшінші бағыт «Әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасы» бағдарламасы бойынша орналасқандардың жалақысы да 56 мыңға көбейді. 22 400 теңгесін мемлекет, қалған 32 мың теңгесін жұмыс беруші төлейді де, ары қарай тұрақты жұмысқа алып қалады. Бұл – мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік дер едім. 

А.ҚАПБАРОВА: Колледждерге аз қамтылған, толық емес отбасының балалары, «қиын балалар» барады, «щарага» деген стереотип бар. Сол стереотип бұзылды ма?

Н.ҚАЛИЕВА: Қазір істі болып, шартты түрде сотталған балалардың өздері де колледждерде білім алуда. 

А.ЕРМЕКБАЕВА: Мен өзімнің 30 жылдық еңбек өтілімнен алған тәжірибем бойынша айтар болсам, қазір қоғамдық көзқарас, сана өзгерді. Бұрын талапкер жинау үшін үй-үйді аралайтынбыз. Есігін ашпай қоятындар да кездесті. «Сен менің баламды кім деп тұрсың? Ол ЖОО-да оқиды» деп дүрсе қоятындары да кездескен. 

Н.ҚАЛИЕВА: Қазір ЖОО бітіріп келгендердің өзі аспазға, электрикке, т.б. қайта даярлау курстарынан өтіп жатыр. 

А.ҚАПБАРОВА: Біз кәсіптік-техникалық білімсіз экономикамыз дамымайтынын, әлеуметтік мәртебе беру керектігін енді түсіндік. Шынында, қарапайым даяшы немесе қызметші болу үшін оның кәсіби білімі болуы керек. Қазір әлемде 4 мыңға жуық мамандық бар болса, біз соның 1000-ға жуығын ғана біледі екенбіз. Заман ағымына қарай мамандықтар да жаңарып отыр. Мәселен, бір танысым медициналық орталығына қымбат құрылғы сатып алыпты. Соны қосып беретін маман таппай отыр. Яғни, техниканың тілін білген қор болмайды. 

А.ЖАМАЛБЕКОВА: Біз дайындап шығарған мамандардың өзі екі-үш жылдан кейін қайта біліктілігін арттыруы керек болады. Кеңес кезінде кәсіптік-техникалық училищелерге кәсіпорындар тарапынан керемет қолдау көрсетілетін.

Т.ИСАХМЕТОВ: Барлық колледждердің әлеуметтік серіктестері бар. Мемлекет тарапынан сол кәсіпорындарға да қолдау көрсетілсе, құрылғы немесе аспаптарды арзан бағаға сатып алып берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені жазып алған
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Опубликовано в Әлеумет

«Балаңызды мына ойыннан сақтандырыңыз» деген ескертулер әлеуметтік желі қолданушыларын бір дүрліктіріп өтті. Тіпті қоғамдық маңызы бар мәселеге айналды. Сонау Ресейде бастау алған «көк кит» деген ойын әлеуметтік желі қолданатын ресейлік жасөспірімдерді өзіне қол жұмсайтын күйге жеткізген. Бұл жайсыздықтың салқыны біздің елге де соқты. Аталған мәселе ата-аналар мен білім саласын ғана емес, прокуратура, жастар саясаты мамандарын және психологтарды да алаңдатып отырғаны рас. Бүгінгі жастар неге өзіне қол жұмсауға бейім? Мұндай күйге жеткізетін ғаламтордың күші ме? Жасөспірімдерге мектеп қабырғасында смартфон ұстауға тыйым салу қажет пе? Біздің елде әлеуметтік желідегі ойындар бала өміріне қаншалықты қауіпті?
Қоғамда туындаған осы тектес сансыз сауалдың жауабын іздеу үшін «Шымкент келбеті» газетінің редакциясы «Дөңгелек үстел» басында әңгіме ұйымдастырды. «Ғаламтор арбауы және суицид» тақырыбындағы бұл басқосуға Әл-Фараби аудандық прокуратурасының прокуроры – Закир ЮСУПОВ, №1 мектептің психологы – Наталья ПОЛОНЕЦ, ата-ана – Әйгерім Жұмағалиева, суицидолог, педиатр-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты – Сәдібек ПАЗЫЛБЕКОВ, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары – Майя АЛИБЖАНОВА мен осы мекеменің психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу бөлімінің басшысы, психолог – Гүлжазира ПЕРНЕБАЙ, ОҚМФА-ның IT-маманы – Берікбол Жарылқасын, Шымкент көпсалалы колледжінің студенттері және №15 мектептің 7 сынып оқушысы Әлтайыр НАРБЕКОВ қатысып, ойларын ортаға салды. Жиынды «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбарова жүргізді.

DSC 6577

«ШК-ПШ»: – Әңгімемізді әлеуметтік желідегі ойындардан бастайықшы. Жасөспірімдерді суицид жасауға итермелейтін ойынның ошағы көрші Ресейде пайда болған екен. Біздегі жағдайға сонау алыстағы елдің қаншалықты қатысы бар?

З. ЮСУПОВ: – Иә, жұртшылықты дүрліктірген ойын көрші елден бастау алған. Бірақ, бізде әлеуметтік желідегі ойынның құрбаны болғандар тіркелген жоқ.

«ШК-ПШ»: – Қалалық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың бір ғана қаңтар айында кәмелет жасына толмаған үш оқушы өзіне қол жұмсаған. Суицидтің орын алуына әлеуметтік желідегі ойын әсер етті ме? Олар мекенжайды смартфон арқылы анықтай алады ма?

Б. ЖАРЫЛҚАСЫН: – IP адрес арқылы мекенжайын анықтау мүмкіндігі бар. Бірақ, барлығын емес.

З. ЮСУПОВ: – Жалпы суицидтің себебін тек осы ойыннан іздеу дұрыс емес. Нақты мәліметтерге сүйенсек, облыс көлемінде елді дүрліктірген «көк кит» ойынына қатысты 9 арыз тіркелді. Оның 2-уі Абай, 2-уі Қаратау, 1-і Әл-Фараби ауданы бойынша қала тұрғындарынан түскен. Ата-аналардың айтуынша, түнгі уақытта балаларына белгісіз нөмірден қоңырау шалып, ойынға қатысуын және тапсырмаларды орындауын талап еткен. Аталмыш 9 дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 3-тармағымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті тұлғалардың кінәлары дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Мұндай әрекеттерге жол бергендер қатаң жазаланады. Кейбір жасөспірімдерді қорқыту үшін өзінің таныстары, туыстары түн ортасынан ауғанда мазалап, қорқытуға тырысқан. Арыз тіркелгеннен кейін ол міндетті түрде қаралады. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, қызық қуып жүргендерге «ойыннан от шығып» жауапқа тартылып жүрмесін деп ескерту жасағым келеді.

DSC 6349

«ШК-ПШ»: – Демек, ойынның құрбандары жоқ. Әйтсе де, қазіргі таңда өз-өзіне қол жұмсамақ болған балаларға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-інің психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу бөлімінің психолог мамандары көмектесіп жүр. Олар кімдер? Психологиялық көмекке мұқтаж болған жасөспірімдерді не мазалайды?

Г. ПЕРНЕБАЙ: – Балаларға көбірек көңіл бөлінуі керек. 11-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге бағыт-бағдар қажет. Бұл жаста олардың бойында үлкен өмірге деген сарқылмайтын күш-жігер пайда болады. Сондай кезде дұрыс жол сілтеушісі болмаса, бала өз бетінше ізденіс жасайды. Әрине, қазір кеңесшінің орнын ғаламтор иемденіп бара жатыр. Соның салдарынан кей ата-ана мен баланың арасындағы байланыста үлкен алшақтық пайда болып, олардың жандүниесі бір-бірінен алыстап кеткен. Нәтижесінде бақылаусыз қалған бала ғаламтордың шырмауына оралып, жаман әдеттерге әуестеніп, ал қыз балалар сезімге ерік беріп, түрлі қателіктерге бой алдырады. Тіпті кейбір оқшауланған балалар өзін қоғамда орны жоқтай сезініп, өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтып алады. Бар мәселе – көңілде. Ата-ананың өзіне деген қызығушылығын, қорғауын, қамқорлығын сезіне алмай, жақындарынан бір ауыз жылы сөзді зарыға күткен жасөспірім «мен ешкімге керек емеспін» деген ой түйеді. Қиындықтардан құтылудың жолы – суицид жасау деп, айналасындағылардың бәрін жек көріп, агрессиялық мінез танытады. Олардың біразы жұбанышты осы «көк киттен» іздеп жатқаны да жасырын емес.

«ШК-ПШ»: – Қазір көптеген ата-ана балаларының өміріне алаңдап отырғаны рас. «Әлеуметтік желілерді жауып, балаларға зиянды сайттарға түбегейлі шектеу қойылуы керек» деп есептейді. Шынында да әлеуметтік желілерді жабу қажет пе? Жалпы, пайдасыз сайттарды жауып тастап бұл мәселеден құтыла аламыз ба?

Б. ЖАРЫЛҚАСЫН: – Ғаламтордағы ойындарды бұғаттау мүмкін болғанымен, оған шектеу қою мүмкін емес. Себебі, бүгін бір ойын бұғатталса, осы жүйе арқылы қаражат тауып отырғандар тонын теріс айналдырып, дәл сол ойынды басқа атаумен қайта алып шығады. Бұл орайда ғаламторға шүйліккенше, әр ата-ана өз баласының тәрбиесіне көңіл бөлуі қажет. Ал ата-ананың тәрбие туралы тәжірибесін арттыруға мемлекет мүдделі болуы тиіс. Сіз қай сайтты ашпаңыз, жанында жылт етпе жарнамалар назарға түспей қоймайды. Ол біреудің қаражат көзі. Сіз бен біз оны пайдасыз екенін ұққанымызбен жас балаларда қызығушылық басым. Сілтемені басып, тереңіне тартып кете береді. Содан түрлі қарауға болмайтын пайдасыз ақпаратты көреді. Санасы уланады. Уақытын жоғалтады. Ата-анасы «балам не көріп отыр» деп қадағаламаса, балаға содан жақсы нәрсе жоқ. Есесіне, тып-тыныш жүрген бала бір күні бірдеңеге ұрынады. Ал сол жылтылдаған жарнаманың орнын мәнді-мағыналы бейнероликтер алмастырса, бәрі басқаша болар еді.

DSC 6353

«ШК-ПШ»: – Балалар ойын ойнауды табыс көзіне айналдырып жүр екен? Бұл туралы не дейсіздер?

Г. ПЕРНЕБАЙ: – Қазіргі таңда әр баланың бойындағы көшбасшылыққа деген ұмтылыс смартфон бағдарламаларын игеріп, ғаламторды пайдаланумен де өлшенеді. Содан олар өзара мықты екенін әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы, интернеттегі ойындардан бір-бірін жеңу, жоғары ұпайға қол жеткізу арқылы дәлелдейді. Достарының қызығушылығы артқан сайын ол өз ортасындағы мықтының біріне айналып шыға келеді. Ұпай жинауды үйретеді. Содан достары оның әлеуметтік желідегі парақшасына жазылады. Көбірек «ұнайды» белгісін басу бүгінгі балалардың өз ортасындағы көрсеткішін арттыруда. Жастар тұрмақ, мұндай «жетістікке» ересектердің өзі тәуелді болатыны жасырын емес.

«ШК-ПШ»: – Сонда бұл көшбасшылыққа ұмтылу ма?

Ә. ЖҰМАҒАЛИЕВА: – Көшбасшылық емес, бұл жәй ғана қолы бостық. Ал телефондағы ойын – ермек. Күнде сол ойыннан бас алмаса, смартфонға тәуелді болмағанда қайтеді? Уақыт өте келе әлеуметтік желіге тіркеледі. Көк китті де ойнайды...

З. ЮСУПОВ: – «Көк кит», «мен ойындамын» деп аталатындардың барлығы жәй ғана аңдатпа. Біздің елде тыйым салынғаны да бар. Оны сот немесе прокурор жабуға міндетті емес, кез келген бастамамен тоқтау салуға болады. Бірақ, біреуіне тыйым салсаң, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай тағы бірнешеуі пайда болады. Ресейде де жағдай осындай, құзіретті мекемелер тыйым салып үлгермей жатыр. Өйткені, өз оқырманын көбейтуге тырысқан жастар тынымсыз жарнамалауда.

DSC 6377

«ШК-ПШ»: – Сілтемені жарнамалау туралы ұсынысты кім жасайды? Жарнама агенттіктері ме?

Б. ЖАРЫЛҚАСЫН: – Жоқ. Кез келген топтың әкімгері «мына сілтемені таратып жіберші, мен саған ақысын төлеймін» десе, кейде оның не сілтеме екенін қарап жатпай-ақ бөлісуі мүмкін. Репост арқылы, яғни аккаунт иесі бөліскен сілтеме арқылы әлгіндей ойындар таралады. Жасөспірім оның ақ-қарасын ажырата алмайды.

«ШК-ПШ»: – Жасөспірімдер, жастарымыз неге мұндай күйге түсіп жатыр? Бұл психологиялық ауытқу ма? Әлде басқа да себептері бар ма?

Ә. ЖҰМАҒАЛИВА: – Баланы бірнәрсе жетіспегендіктен осы әрекетке барады деп ойлау дұрыс емес. Өйткені, әлеуметтік желідегі белсенділік, танымалдылық жастарды ғана емес, ересектерді де еліктіріп отырғаны жасырын емес. Ал балалардың ойы басқа жақта. Алдында үлкен мақсаттары бар. Қызығушылықтары да басқа.

Г. ПЕРНЕБАЙ: – Ересек адам мен баланы салыстырудың қажеті жоқ. Біреумен жарысу, көшбасшылыққа ұмтылудың дәні әу бастағы ата-ананың өз баласын «жұрттың баласының» жетістіктерімен салыстыру тәрбиесінен басталады. «Жұрттың баласынан» озу санасына әбден сіңген адам өмірде біреумен жарысып өтуге бейім. Әрине, бұл жақсы әдіс емес. Ол бақталастыққа бастайды, өзін-өзі бағаламауға, тіпті, соңы жігерсіздік, жасқаншақтыққа да алып баруы әбден мүмкін.

«ШК-ПШ»: – Әйтсе де, осы біреумен жарысу ақпараттық кеңістікпен бірге келген жоқ па? Бұрын мұндай өзін-өзі таныту, айналаға өзін көрсету әдеті байқалмайтын еді ғой?

З. ЮСУПОВ: – Мұның бәрі ғаламтордағы танымал ойындарды ойнаудан басталған жарыс. Ойды, бойды сергіту мақсатында аракідік ойнауға болатын шығар. Бірақ, соңы тәуелділік пен сол ойындардан алатын ақшаға құнығуға алып барады.

Ә. ЖҰМАҒАЛИЕВА: – Расында да жасы 30-дан асқан таныстарым бар. «10 мың долларды ұтып аламын» деп кәдімгі танкі ойнап отырады.

Б. ЖАРЫЛҚАСЫН: – Ойыннан ақша ұту – табыс табудың көзі емес. «Ақша ұтып ал» деген жарнама ойынға тарту, тәуелді етудің тәсілі. Арасында белсенді ойыншының ғаламтордағы есепшотына аз-маз қаражат аударылады. Бірақ, ол қаражат қайда жұмсалады? Тағы да сол ойынға! Көбірек табыс табу үшін... Бірақ, одан көп табыс табатын алтын уақытын жоғалтқанын ойыншы сезінбейді.

DSC 6622

«ШК-ПШ»: – Біздің ортамызда әлеуметтік желіні қолданатын жастар және 7 сынып оқушысы да отыр. Әлтайыр, сенің пікіріңді тыңдап көрейікші.

Ә. НАРБЕКОВ: – Сіздер айтып отырған тақырып маған да, менің сыныптастарыма да таныс. Мектепте оқушы балалар бір-бірімен «сен ойынның нешінші кезеңіндесің?», «менің ұпайым тағы да көбейді» деп ғаламтордағы жетістіктері туралы әңгімелеседі. Тіпті, интернет желісінде ойын ойнаудан алдына жан салмайтын балалар өзінің көп ұпаймен белгілі болған аккаунтын достарына сатып, пайда табады. Менде де смартфон бар, бірақ ойынға тәуелділігім жоқ. Whatsapp-ты қолданамын. Ол маған анама «сабақтан шықтым» деп, қайда не істеп жүргенімді хабарлап отыру үшін қажет. Ал сабақ кезінде өшіріп қоямын. Сабақтан кейін ата-анамның жанында жүргенде бос уақытымды басқа пайдалы нәрселерге жұмсаймын. Спортпен шұғылданамын. Жалығуға немесе оқшауланып смартфонға, ғаламторға тәуелді болып кетуге уақытым да жоқ. Біздің отбасымызда смартфон тек байланыс құралы. Бізде одан да қызықты нәрселер көп. Мысалы, мен демалыс күндері әкеммен бірге аңға шығамын. Мұндай демалыстарды ата-анам жиі ұйымдастырып тұрады.

Ж. ТАСБОЛАТ (Шымкент көпсалалы колледжінің 3-курс студенті): – «Вконтакте» әлеуметтік желісінде «көк кит» ойыны жастарды елең еткізбей қоймайды. Сондықтан өзгелердің назарын аударып, оқырман тарту үшін қолымызға киттің суретін салып, «мен ойындамын» деп жазба қалдыру жастар арасында сәнге айналды. Біз де солай жасап көрдік. Себебі, даулы тақырып қызу талқыға түседі. Содан аккаунтың белсенділігі мен танымалдығы артады. Шындығына келгенде жастардың көбі қызық қуып отыр. Ал түн жарымында біреу қоңырау шалып, мазамызды алып, қорқытқан жағдай болған жоқ.

DSC 6720

«ШК-ПШ»: – Ойын жайлы түсінікті. Ал суицид жағдайы қалай болып тұр?

З. ЮСУПОВ: – Өткен жылы Әл-Фараби ауданында суицид жасамақ болған екі жағдай тіркелді. Бірақ, жастар аман қалды.

Г. ПЕРНЕБАЙ: – Бұл тіркелгені ғана. Ал бізге суицид жасауға әрекет жасамақ ойы болған және өзіне қол жұмсап үлгерген жастар келеді.

З. ЮСУПОВ: – Сіз айтып отырған жағдайды «суицид жасауға әрекет жасады» деп тіркеуге болмайды. Өйткені, олар тәнін жәй ғана жаралап, айналасындағылардың назарын өзіне аударуға тырысқандар. Ал шын мәнінде өзіне қол жұмсағандар «Жедел жәрдемнің» көмегімен құтқарылады. Заңды түрде қаралады. Соңғы шешім оқиғаның немен аяқталғаны «адам қайтыс болды» немесе «суицид» деп көрсетіледі.

С. ПАЗЫЛБЕКОВ: – Суицид мәселесіне 1994-95 жылдан бері зерттеу жүргізіп келемін. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы он жылда халық қатты қиналды. Жұмыссыздық белең алып, көбі саудаға шығып кетті. Жаман нәрсенің бәрі көбейді, тіпті аурушаңдық үш есеге артты. Сол қиын кезеңдерде біз күнде бір қылмыстық оқиғамен бетпе-бет келіп жүрдік. Сонда бір ғана Кентау қаласында үш жылдың ішінде 61 адам суицид жасап қайтыс болды. Суицидтің екі түрі қарастырылады. Соның «аяталған» түрі, яғни өзіне қол жұмсаған адамның қайтыс болуы және «аяқталмаған» түрі – аман қалуы. Осы «аяқталған» түрі қайтыс болған 61-дің бәрі ер адам болған. Себебі, ер адамдардың көбі асылып қалған. Ал «аяқталмаған» суицид әйелдер арасында орын алған. Өте көп мөлшердегі дәрі қабылдау, улану арқылы өзіне қол жұмсаған олар медицинаның көмегімен аман қалған.

DSC 6640

«ШК-ПШ»: – Жастар неге өзіне қол жұмсайды?

С. ПАЗЫЛБЕКОВ: – Жастар ата-анасының немесе сүйгенінің, әріптестерінің, жалпы айналасындағылардың назарын өзіне аударып, айтқанын істету үшін осындай әрекетке барып жатады. Өзі аз ғана халықпыз, бірақ, жастардың суицид жасауынан әлемде төртінші орында тұрмыз. Бұл – дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері.

«ШК-ПШ»: – Қазақта «бала – қорыған жерге өш» деген сөз бар. Байқасаңыздар, не нәрсеге тыйым салынса сол жағдай өршелене түседі. Мысалы, «балаларға смартфон бермеңдер» деген сайын оқушының бәрі смартфонмен жүретін болды. Оларды ғаламтордан, түрлі ойындардан, суицидтен тыйған сайын қоғамда осы оқиғалардың орын алуы жиілеп барады. Тыйым салу арқылы біз керісінше, қызығушылықты оятып отырған жоқпыз ба? Мұны қалай тоқтатамыз? Бұл мүмкін бе?

З. ЮСУПОВ: – 2016 жылдың шілде айында қала әкімінің қатысуымен мектеп тәртібіне ереже енгізілген. Онда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында ғаламтор, әлеуметтік желілерді және басқа да негативті дүниелерді пайдалануға тыйым салу мақсаты көзделді. Ата-аналар комитетінің рұқсатымен ереже бойынша оқушылардың сабақ кезінде смартфонды пайдаланбау тәртібі А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында оң нәтижесін берді.

«ШК-ПШ»: – Сабақта жүргенде ғана ғой?

З. ЮСУПОВ: – Иә. Сабақтан тыс уақытта мектептің әкімшілігі балалардың құқығын шектей алмайды. Дегенмен, қаламыздағы мектептердің барлығы бірдей смартфоннан бас тартқан жоқ. Тіпті, кейбір мұғалімдердің өзі ата-аналармен Whatsapp-та топ ашып, сабақ үстінде қолданып жататын жайттар кездескен. Талап орындалуы үшін ең алдымен ата-аналар мүдделі болуы тиіс.

Ә. ЖҰМАҒАЛИЕВА: – Пікіріңізбен толықтай келісемін. Ойын туралы тақырыпты қаншалықты қазбаласақ, соншалықты жарнамалап отырмыз. Қазір мектептерден «балаңыз мына ойынды ойнамасын» деген ескерту қағазын оқушы балаларға беріп жіберуде. Ол хабарламамен ата-анасы танысып, «баламды бақылаймын» деп қол қойып беруі тиіс. Бірақ, сол хабарлама арқылы біз ойынды білмейтін балаларға да таныстырып отырмыз. Соны ұмытпау қажет. Менің ойымша, зардабы бар ойындарды шектеумен мамандар жұмыс істеуі тиіс. Ал ата-ана өз баласының тәрбиесімен айналысуы керек.

DSC 6506

«ШК-ПШ»: – Жаңа Закир Юсупов А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында оқушылардың сабақ үстінде смартфон қолданбайтынын айтты. Қазіргі, сананы ғаламтор билеген таңда балаларды немен қызықтыра алдыңыздар? Дәріс беру, сабақ үйрету барысында қандай әдіс-тәсіл қолданасыздар?

Н. ПОЛОНЕЦ: – Біз осыдан екі жыл бұрын ата-аналармен жұмыс жасадық. Оларға смартфонды пайдаланудың балаға қаншалықты зиян екенін түрлі зерттеулерге сүйене отырып, барынша түсіндіріп бақтық. Бейнебаяндар көрсеттік. Нәтижесінде ата-аналар өзі балаларының сабақ үстінде телефон пайдаланбауына қолдау танытты. Қазір мектепте сейф орнаттық. Сабақ басталмас бұрын оқушылар телефондарын арнайы жәшіктерде қалдырады. Мектептің ғаламтор жүйесінде пайдасыз сайттардың барлығына шектеу қойылды. Есесіне, телефон жоғалту ісі азайды. Меніңше, №65 орта мектепте де бұл тәртіп жүйеге қойылған. Ал балалармен жұмыс жасауға келсек, өмірдің құндылығы туралы психологиялық сағаттар өткіземіз. Өмірде нені бағалау қажеттігін түсіндіреміз. Оқушылар тек өзінің ғана емес, сыныптастарының, достарының, тіпті, бөтен адамдардың да өміріне құрметпен қарауды ұғынып өседі. Сондай-ақ, психологиялық сағаттарда мінез-құлықты дұрыс қалыптастыру, қарым-қатынасты жақсарту, отбасы мүшелеріне, ата-анасына деген махаббатын ояту жайы да сөз болады. Кейде қыз балалар ата-анасының жұмыстан босамайтынын айтып, сырын ақтарады. Ондайда отбасындағы жылы қарым-қатынасты жалғастыру оқушы қыздың да қолынан келетінін айтып, ата-анасына қамқор, қолқанат болуға кеңес береміз. Біз мектеп оқушыларын тілеулестікке, жақсы ниеттілікке тәрбиелей алдық деп есептеймін. Олар телефонды сабақтың соңында алып кетуге дағдыланған.

«ШК-ПШ»: – Жастардың, жасөспірімдердің өз уақытын тиімді пайдалануына қандай жағдай жасауға болады? Олардың үйдегі тәртібіне қалай көңіл бөлесіздер? Сабақтан тыс уақыттарын қалай өткізгені дұрыс?

М. АЛИБЖАНОВА: – Ағамның 13-14 жастағы балалары бар. Шынында да олардың осы жаста мінез-құлқының өзгеруі байқалады екен. Ата-анасының сөзін көтере алмай ашуланып тұрып кету, есікті қатты жабу сияқты оғаш қылық көрсетсе, ағам ұлымен оңаша бөлмеге кіріп сөйлеседі. Не болғанын сұрайды. Мектептегі жағдайымен танысады. Отбасындағы адамдардың бала өміріндегі орны туралы әңгіме-дүкен құрып өзара тіл табысады. Ал смартфонды балалар күнде кешкі сағат 20:00-де ата-анасына тапсыруға әдеттенген. Баланы кішкентайынан уақытты текке өткізбеуге үйрету қажет. Түрлі үйірмелерге барып өскен баланың санасында жамандық атаулыға орын болмайды.

 

«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені жазып алған
Ақмарал Молдиярқызы

Опубликовано в Әлеумет

Жыл басталғаннан уақытша тіркеуге тұру жайы елді «толғандырған тақырыптың» біріне айналды. Осыған орай «Шымкент келбеті» газеті редакциясы ұйымдастырған дәстүрлі «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы – Жеңіс ИСАҰЛЫ, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалы – ОҚО бойынша ХҚКО департаменті директорының орынбасары – Еркебұлан АСАНБАЙҰЛЫ және теолог Ұлықбек АЛИАКБАРҰЛЫ қатысты. Халықтың жолдаған сұрақтарына байланысты ақпарат алмасып, тіркеу жұмыстарының барысы жайлы ой-пікір бөліскен басқосуды «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы – Айгүл ҚАПБАРОВА жүргізіп отырды.

111

ШК: – Кез келген заң адамның қолайлы өмір сүруі үшін дүниеге келеді. Сіздер қалай ойлайсыздар, заңнамалық актілердегі «уақытша тіркеуге» қатысты өзгерістер қоғамда неге қызу пікірталас туғызды? Бұл өзгерістер Көші-қон қызметін қаншалықты жеңілдетті және халықтың күнделікті тұрмыстық өміріне тиімділігі бар ма?

Е.АСАНБАЙҰЛЫ: – Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бұл өзгерістерді қолдаймын. Өйткені, өңірге келіп-кетіп жатқан адамдардың санында шек жоқ. Ата-анасынан алыстап, ауыл-ауданнан жастар келеді. Оң-солын танып үлгермеген олардың түрлі жағымсыз жағдайларға ұрынып жататыны жиі кездеседі. Шынын айтқанда сол келіп-кетіп жатқандардың есебі болмайтын. Ал қазіргі таңда мекенжайы белгілі болғандықтан кім де болса жауапкершілікті сезінеді. «Уақытша тіркеу» – мемлекеттің әр азаматты қамқорлыққа алуы деп қабылдаймын.

Ж.ИСАҰЛЫ: – «Уақытша тіркеу» бүгін ойлап табылған жаңалық емес, 1993 жылдан бері заңда қаралған тәртіп. Тек бұған дейін үш айға рұқсат етілгендіктен азаматтар уақытша тіркеуге тұруды созбалаңға салып алғаны бар. Сондықтан талап қазір бір айлық мерзімге қысқартылып, айыппұл мөлшері бұрынғы 5 АЕК көлемінен бүгінде 7 АЕК-ке ұлғайды. Халықты елең еткізгені де сол шығар. Ал елге берер пайдасына келсек, бұл әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бұрын «уақытша тіркеуге» тұру үшін тек көшіп-қонатын азамат бас қатыратын. Пәтерін жалға берушілер үйіне тіркеуге тұрғызса, меншігін заңсыз иеленіп кете ме деп қауіптенетін. Жеке мүлкіне пәтер жалдаушының мүдделі болуын ешкім қаламайды. Соның салдарынан қаламызда тіркеусіз жүрген халық саны күннен күнге арта берді. Бұл жағдай Ішкі істер қызметіндегі түрлі арыз-шағымдарды қарап, іс жүргізуге кесірін тигізбей қоймады. Іздеген адамды мекенжай бойынша табу қиынға соғатын. Қазір азаматтарды есепке алуда ҚР Заңының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 493 бабы 5 тармағына толықтыру енгізілді. Осы заңға сәйкес, меншік иесіне де жауапкершілік жүктелді. Уақытша тіркеуде тұрған азаматтар мүлікке ортақтаса алмайды. Пәтер иесі үйін сату үшін олардың келісімін алуға міндетті емес. Үй немесе мекеме (жатақхана) иелеріне қойылған заңды талаптар «уақытша тіркеу» жұмыстарын едәуір жеңілдетіп отыр. Қазір ХҚКО-на келіп уақытша тіркеліп жатқандардың басым бөлігі сол пәтер берушілердің еркімен жүзеге асырылуда. Өйткені, олар үйіндегі тұрғындарды есепке тұрғызбаған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

10 күннің ішінде облыс бойынша 22 636 адам тіркеуге тұрған. Оның 17 431 тұрақты, 5 205-і уақытша тіркеуге алынды.

DSC 3859

Ұ. АЛИАКБАРҰЛЫ: – Меніңше, тіркеу тәртібі діни қақтығыстар мен террористік әрекеттерге тосқауыл қоя алады деу жаңсақтық сияқты. Осы саладағы 18 жылдық тәжірибеме сүйенетін болсам, бұзақылық әрекетке баратын адамға міндетті түрде сол жерде тұрудың қажеті жоқ. Тіпті тұрақтың да қажеті жоқ. Дегенмен, экстремистік көзқарас қалыптастырып, отбасынан алшақтап кеткен балаларды табуға көмегі зор. Бір жолы діни ағымның жетегіне еріп кеткен жігітті іздеп, туған шаңырағына бардық. Анасы ұлын мақтап, оның «жақсы» екеніне бізді сендіргісі келді. Бірақ, көзімізбен көрген жағдай ол жігіттің үйінен хабарсыз кеткеніне көп болғанын түсіндірді. Әкесі арбаға таңылған. Үйдің жағдайын жасайтын, сүйеу болатын ер адамға қарап тұрған шаруа толып жатыр. Тағы бір жігітті іздеп мекенжайын анықтадық. Хат жазсақ, оның сол ауылдан кеткеніне бірнеше жыл өткені туралы ресми мәлімет келді. Мұндай жағдайлар өте көп.

ШК: – Әңгіменің бір шеті әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі. Тіркелу мен уақытша тіркеудің аражігін ажыратып бересіздер ме? Осы жерде түсінбеушілік туындап жатқан сияқты.

Ж. ИСАҰЛЫ: – Азаматтар тұрақты мекенжайға тіркелген жағдайда мерзім көрсетілмейді. Ал «уақытша тіркеуде» азаматтар емделуге, оқуға немесе жұмыс істеуге келген болса, мекенжайы бойынша қажеттілігіне қарай уақыт белгілейді. Ол – 1 айдан астам мерзімнен 1 жылға дейін болуы мүмкін. Уақытша тіркеуге келген азаматты ішкі істер органдары бұрынғы тіркелген жерінен шығармай, көрсеткен уақытына сай екінші мекенжай бойынша есепке алады. Бұл басқа қаладан көшіп келгенде ғана емес, бір елдімекеннен екінші елдімекенге көшкен уақытта да жүргізіледі. Яғни, уақытша тіркелген адамның екі тіркеуі болады. Оның бірі – өзінің тұрақты үйі болса, екіншісі – мақсатты түрде келген тұрағы. Ескеретін бір жайт: көрсетілген мерзім аяқталғанда азамат базадан автоматты түрде уақытша тіркеуден шығады. Егер сол жерде тағы біраз жұмысын жалғастыратын болса, уақытша тіркеу мерзімін ХҚКО орталығына барып қайта ұзартуы тиіс. Заң тек әр адамның тіркелуіне бағытталған және бұл қызметтің ақысы қымбат емес, бар болғаны – 227 теңге. Демек, әлеуметтік төлемдер мен салықты, пәтерақысын осыған байланысты қымбаттатуға негіз жоқ.

Ұ.АЛИАКБАРҰЛЫ: – Әлеуметтік жағдайды алға тартып, заңдағы өзгерістерге шошына қараудың реті жоқ. Бұл тәртіптің бізге керек жақтары көп. Әсіресе, ата-ана өз баласының тәрбиесін бақылауда ұстауына тиімді. Экстремистік әрекеттердің алдын алу осы тұста басталады. Теріс діни ағым өкілдерінің көздегені де сол, қиналып жүрген адамға бауырмалдық таныту. Сол арқылы адамның жандүниесіне кіріп, санасын улайды. Рухани әлсіз адам оған сеніп, соңынан еріп, ол не десе де дұрыс көреді. Соңында өз ата-анасынан бас тартуы да әбден мүмкін. Ұл-қызынан хабар ала алмай етегі жасқа толып отырған отбасылар аз емес.

DSC 3938

ШК: – Шымкент – үлкен қалаға айналды. Мегаполис болғандықтан ауыл-аудан халқы ағылатын орталыққа түрлі мақсатта келушілер де көп. Басқа қалалардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркеуге тұру кезінде орын алған жайсыздықтардан бүкіл ел хабардар болып отыр. Бұл орайда Шымкент қаласындағы ХҚКО-да жағдай қандай?

Е. ӘЛСЕЙІТОВ: – Облыс бойынша ХҚКО-ның 30 бөлімі жұмыс істеуде, оның 8-і Шымкент қаласында орналасқан. Оның 1-і тек автокөлікке қатысты мамандандырылған. Жаңадан ашылған үш бөлім көші-қон қызметіне дайын емес. Заңға өзгеріс енгізілуіне байланысты тіркеуге тұруға келген тұрғындар саны күрт артты. Оған әр жылдың басында зейнетақы, жәрдемақы және басқа да түрлі әлеуметтік төлемдерге құжат тапсыратындарды қосыңыз. Сондай-ақ, ХҚКО-ға жүздеген қызмет түрін пайдалану үшін жүгінетіндер де бар. Жұмыс көлемі көбейген соң Көші-қон полициясы басқармасымен бірлесе отырып, қызметкерлердің санын арттырдық. Жұмыс кестесі өзгерді. Бұрын құжаттарды тіркеу, қабылдау 18:00-де тоқтатылып, база жабылатын. Қазір таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істеудеміз. Құжаттарды қабылдаумен Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері айналысады. Ал қайбылдауға дейінгі құжат дайындау, кеңес беру жұмыстарын ХҚКО мамандары атқаруда. Алматыда орын алған оқыс оқиғаға байланысты біздің орталықтарда таңғы сағат 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін медицина саласының мамандары отыр.

ШК: – Бұрын қоғамда аса мән берілмеген уақытша тіркеуге алу жұмыстарына жаңа өзгерістер әсер етті ме? Бұған дейін тіркеусіз жүргендерді анықтау үшін рейд өткізіп, айыппұл салған деректер бар ма? Қазір уақытша тіркеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Қай мерзімге дейін тіркеліп бітуі тиіс?

Ж. ИСАҰЛЫ: 2016 жылғы деректерді келтірейін, өткен жылы 166 194 адамды тіркеуден өткіздік. Оның 147 874-і тұрақты, 18 320-сы уақытша тіркелді. Тіркеу ережесін бұзғаны үшін шамамен 3 236 адамға айыппұл салынды. Қынжылтатыны сол, бұлардың барлығы өз еліміздің азаматтары еді.
Заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер 7 қаңтардан бастап күшіне енді. Қонақта, іссапарда жүрген, саяхаттап, шипажай не басқа да демалыс орындарына келген азаматтардан 30 күнге дейін уақытша тіркеуге тұру талап етілмейді. Ал 30 күннен артық уақыт тұрақтаса, тіпті, қонақ болса да міндетті түрде оның мекенжайы туралы мәлімет ішкі істер қызметінің базасына түсуі керек. Әйтсе де, 10 күннің ішінде облыс бойынша 22 636 адам тіркеуге тұрған. Оның 17 431 тұрақты, 5 205-і уақытша тіркеуге алынды. Демек, халық жауапкершілікті сезінді, бей-жай қалмады.

DSC 3831

Қазіргі таңда Көші-қон полициясы қызметкерлері мен учаскелік полицейлер толығымен осы бағытқа жұмылдырылды. Заңды дұрыс түсіндіру үшін мекеме басшыларымен байланысқа шығып, жиналыстар ұйымдастырып, сондай-ақ БАҚ қызметі арқылы түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Әзірге рейд өткізу жоспарда жоқ. Ақпан айына дейін тек түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Келесі айда тексеруді бастаймыз. Тіркеуде жоқ азаматтарға бірден айыппұл салмай, алдымен ескерту беретін боламыз.

ШК: – Халықты «Толғандырған тақырып» заңдағы жаңа өзгерістерге байланысты болғандықтан редакциямызға жолдаған оқырман сұрақтарының басым бөлігі Көші-қон полициясына бағытталып отыр. Тексеру жұмыстары қалай жүреді? Мәселен, үй әркімнің жеке меншігі. Олар баспанасына бөтен адамды кіргізбеуге құқылы. Сондай жағдайда үйде қанша адам барын, қаншасы бөтен екенін қалай анықтайсыздар?

Ж.ИСАҰЛЫ:– Бұл мәселеде бізге жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция бөлімдерінің полицейлері көмектесетін болады. Оларда әр отбасы туралы мәліметтер жазылған дәптері болуы тиіс. Сондай-ақ, учаскелік бөлімше қызметкері күмән туғызатын адамды кезіктірсе, тұлғаны анықтау жұмыстарын жүргізе алады. Сондай-ақ, қала тұрғындарынан, күмәнді адамдар туралы ақпараттар мен шағымдар олардың көршілерінен де келіп түсіп жатады. Сол арыз-шағымдардың негізінде тексеру жүргізіледі.

Тіркеуде жоқ азаматтарға бірден айыппұл салмай, алдымен ескерту беретін боламыз.

ШК: – Редакцияның хат қоржынына «мен қай жақта тіркелуім керек?» деген сұрақтар вахталық жұмыста жүргендерден, құрылысшылардан, пәтер жалдап тұрушы мен үй кезегінде тұрғандардан келіп түсіпті. ҚИК арқылы пәтер алғандардың бірі 5 жылдан соң ғана үй меншік иесінің атына аударылатынын хабарлап, бұл уақытта тіркеуге қатысты мәселені қалай шешуді сұрапты.

Ж. ИСАҰЛЫ: – Түрлі салада еңбек ететін азаматтар жоғарыда айтып өткеніміздей тұрғылықты мекенжайынан тіркеуден шықпай-ақ екінші мекенде уақытша тіркеуден өте алады. Мысалы, 15 күн вахтада қызмет етіп, 15 күн үйіне қайтатындар жұмыс орнындағы мекенжайда уақытша тіркеледі. Құрылысшылар мен дихандарды тапсырыс беруші өз үйіне немесе жұмыс алаңына (ғимарат, ферма, кеңсе, т.б.) уақытша тіркеуге тұрғызуға жауапты. Әлеуметтік және тұрғын үй кезегінде тұрғандар әу баста тіркелген мекенжайын ауыстырмай-ақ, жалға алған пәтерінің мекенжайына уақытша тіркеуден өтуіне болады. Сөз басында айтқанымыздай, заң адам өмірін жеңілдету үшін қабылданады. Уақытша тіркеу – азаматтарды тиісті жәрдемақылар мен мүмкіндіктерден қағылмай-ақ ішкі істер органына мәлім мекенжайларда тұрақтауы үшін жасалған жағдай.
Ал мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үйге қол жеткізген азаматтарға келісімшарт берілген. Онда пәтерді жалға алушы мен оның отбасы мүшелері тіркеуге тұруға болатыны жайлы тармақ бар. Яғни, баспана меншік иесінің атына өтпесе де ол үйдің мекенжайына тіркелуге болады.

ШК: – Редакциямызға хабарласқандардың бірі ХҚКО-ғы халықтың ұзын сонар кезекте тұрғанын алға тартып, жұмысын қалдырып шыға алмайтынын айтыпты. Оларға не дейсіздер? Жалпы, ХҚКО-да адамдардың денсаулығына зиян келіп, шаршататындай аура жоқ па?

Е. АСАНБАЙҰЛЫ: – Қазіргі уақытта әр орталықта бір-бір «Жедел жәрдем» тобы отырады. Бірер күн бұрын егде жастағы бір ғана азаматқа көмек керек болды. Аздап өзін нашар сезінген кісіге дер кезінде көмек көрсетілді. Әйтсе де, оның денсаулығында басқа да кінәраты жоқтығына көз жеткізу үшін «Жедел жәрдемнің» көмегімен тексеруге жібердік. Ал кезекке келетін болсақ, басқа қызметке келгендер мен құжаты толық емес немесе үй иесі яки тіркеуге тұратындардың бір-бірін күтіп 2-3 сағат сол жерде жүргендері бар. Бірақ, тіркеуге, уақытша тіркеуге тұруға келгендерге қызмет көрсету уақыты 10-20 минуттан аспайды. Ал жұмыстан шыға алмайтындар үшін қарбалас басылғанша сенбі күні де сағат таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ХҚКО жұмыс істейтінін ескерткім келеді.

DSC 3821

ШК: – Шымкент қаласының аумағына 2014 жылы аудандардан 40-тан астам ауыл енген болатын. ХҚКО-ның мамандарына ол тұрғын алаптардың жағдайы белгілі болар? Облыс қарамағындағы ауылдар мен көшелерді қала аумағына тапсыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мекенжайлары нақтыланбағаны бір мәселе болса, мұнда бұдан өзге де жағдайлар көп. Мысалы, өмірден өткен жақынының атындағы үйді өз атына аудармаған мұрагерлер бар. Олар алдымен мұрағат бөліміне баруы қажет. Ал құжаттары өз атында болғанымен, мекенжайы нақтыланбағандар жылжымайтын мүлкін қайта заңдастырып, рәсімдеп үлгермейтінін айтады. Шешілмеген мәселесі көп тұрғын алаптардың халқы «Мынадай жағдайда тіркеу жұмыстарын қалай жүзеге асырамыз? Жүзеге асыра алмасақ, айыппұл төлейтіндей кінәлі де емеспіз ғой. Үлгере алмағанымыз үшін айыппұл төлейміз бе?» деп сұрапты. Шынында да айыппұл аз қаражат емес. Бұл жағдайда қалаға енген ауыл тұрғындарының тағдыры не болмақ?

Е.АСАНБАЙҰЛЫ: – Иә, бұл жағдайлардың барлығы бізге таныс. 100 үйдің 10-ы ғана құжаттарын қайта рәсімдеген. Қалған 90-ы арқаны кеңге салып, құжаттарға әу бастан салғырт қараған. Олардың арасында тіркелу тұрмақ, бүгінге дейін мекенжай туралы анықтама ала алмай жүргендер де бар. Тіпті, мұрағаттарды ақтарып, аудан мен облыс арасында сабылып жүргендер де жеткілікті. Оған бүгінгі облыс аумағынан қалаға енгізу жұмыстары қосылды. Қазір бұл тұрғын алаптарда қайта құру және жылжымайтын мүлікті жаңа бекітілген мекенжайға заңдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Сол жұмыстар аяқталмайынша тіркеуге де тұра алмайды. Соның салдарынан өздеріне қажетті жеңілдіктерді де пайдалана алмай жүргені рас. Біз жақында Көші-қон қызметкерлерімен бірге «Ақжар» тұрғын алабына барып, жағдаймен танысып, әрі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қайттық.

Ж. ИСАҰЛЫ: – Облыс пен қала аумағында жоспармен атқарылып жатқан жұмыстар негізінде орын алған мұндай себептер ескерілді. Қалаға енген ауылдың тұрғындарымен учаскелік полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Олар рейдтік іс-шаралар өткенде жұмыс дәптеріне әр үйдің мәліметтерін жазып алады. Оған бұрынғы «үй кітабында» тіркелген азаматтарға қоса жаңадан қосылған отбасы мүшелері де тіркеледі. Сол тізімдегі азаматтарға ауыл, көше мәселелері оң шешімін тауып, мекенжайы нақтыланып, жылжымайтын мүлкін қайта заңдастырғанға дейін айыппұл салынбайды.


Түйін сөз:

Е.АСАНҰЛЫ: – Уақытша тіркеудің пайдасы – әр азаматтың қауіпсіздігі үшін маңызды. Әйтсе де, ескертетін бір жайт бар, уақытша тіркеу арқылы әлеуметтік төлемдер жүргізілмейді. Зейнетке шығу, жәрдемақы және басқа да қызметтер үшін құжаттарды негізгі тіркелген мекенжайы бойынша тапсырады. Ал кез келген қызметтің ең оңай жолы – электронды цифрлы қолтаңбаны пайдалана білу.

Ж. ИСАҰЛЫ: – Біздің мақсатымыз – айыппұл салу емес, халықты тұрғылықты мекенжайы бойынша жүйеге келтіру. Заң – ішкі көші-қон қызметін ретке келтіру үшін жұмыс істейді.

Ұ.АЛИАКБАРҰЛЫ: – Халықтың қауіпсіздігін ойлау дұрыс. Дегенмен, заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға бағытталғанын ұмытпау қажет. Діни көзқарасы өзгеріп, экстремистік бағытқа бет бұрып бара жатқандардың тізімі біздерге, теологтарға келіп жатады. Бірақ, оларды райынан қайтару үшін кездесіп сөйлесу қиын. Басты мәселе – мекенжайы нақты емес. Сондықтан, көші-қон қызметі біздерге осы бағытта көмектесіп, ең әуелі күмәнді деген азаматтардың мекенжайын тексеруден бастаса деген ұсынысым бар.

Опубликовано в Әлеумет

Газетіміздің жаңа жылдағы жаңа жобаларының бірі – «Толғандырған тақырып» айдары. Форматы – дөңгелек үстел формасында өтетін «Толғандырған тақырыпта» көкейкесті сұрақтар ортаға салынып, күн тәртібіндегі түйінді мәселелер талқыға түседі. Сала мамандары журналистердің қойған сауалына жауап береді. Проблеманың түйіні тарқатылады.
Бүгінгі толғандырған тақырып – «Газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?». Жуырда ғана Шымкент қаласындағы Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты жеке тұрғын үйде апатты жағдай орын алды. Дүйім жұртты дүрліктіргені баршамызға аян. Осындай оқыс жағдайлардың алдын алып, елді сақтандыру үшін бұл тақырыпта әңгіме өрбітуді жөн санадық.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы (ары қарай – ТЖД) басшысының міндетін атқарушы Рауан ӨСЕРБАЕВ, ОҚО Төтенше жағдай департаменті «Жедел құтқару жасағы» МКМ-сі басшысының орынбасары Ғалымжан ДҮЙСЕНБАЕВ, ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан БЕКЕМБАЕВ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның ОҚ Өндірістік филиалының бас инженері Сәкен ИСМАЙЛОВ, Шымкент қалалық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Ғалымжан МҰРАТОВ қатысты.
«Толғандырған тақырып» басқосуын «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Асхан Майлыбаева жүргізіп отырды.

dongelek ustel

Техникалық қауіпсіздікті бақылайтын құрылым керек

«ШК»: – Өткен жылы Шымкент қаласында жылыту маусымында газдан зардап шегудің 20 дерегі тіркелген болса, оның 19-ында көмірқышқыл газынан улану жағдайы орын алды. Салдарынан 29 адам зардап шегіп, оның 18-і қайтыс болды. Өкінішке қарай, өмірден өткен жандардың бесеуі – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Бұл көрсеткіштердің алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір өсіп отырғаны алаңдатады. Ал мұның себебі неде?

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Иә, өкінішке қарай көрсеткіш жыл санап өсуде. Бұған қарап жұмыс әлсіреп кетті деуге болмайды.Төтенше жағдайдың алдын алу үшін кеңінен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үгіт-насихаттық көрнекіліктер облыс, қала бойынша үлкен экрандарда, білім ошақтарында, қоғамдық орындарда, тіпті ұшақтардың ішіндегі жарнама бұрыштарында да көрсетіліп, ілінген. Бұл шаралар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өңірлік филиалының қызметкерлерімен бірлесіп те жүргізілуде. Дегенмен сақтық шаралары туралы жарнамалық, көрнекілік материалдарға көпшіліктің көңіл бере бермейтіні бізді қынжылтады. Бұлай дейтін себебім, төтенше жағдайдың жиілеп кетуіне көбіне-көп тұрғындардың өзі себепкер болуда. Қарапайым газ тетігін дұрыс қосуды білмейді. Ал біз жоғарыда айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы апаттың алдын алу шараларын үздіксіз көрсетіп келеміз. Әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, әлеуметтік бейнероликтерді жиі-жиі беріп жатырмыз. Қазір адамдар көп нәрсеге немкетті қарайды. Соның салдарынан осындай қайғылы апаттар орын алуда. Рас, әркім өз тіршілігінің қожайыны. Сондықтан әрбір үйдің ішкі тұрмыстық жағдайына, оның жеке мүлкіне араласуға біздің хақымыз жоқ. 

DSC 0499

С.ИСМАЙЛОВ: – Апатты оқиғалардың көбейіп отырғанының тағы бір себебі – тұтынушылар санының жылдан жылға арта түсуінен де деуге болады. Мәселен бір қазандықты бірнеше пәтер пайдаланатын жағдайлар бар. Мұндайда техникалық ережені бұзу фактілері салдарынан апатты жағдайлар орын алатыны жасырын емес. Осы бағытта жергілікті атқарушы билік, ҚазТрансГазАймақ, ТЖД бірлесіп, келісім бойынша мамандарды бөліп, демалыс күндері де тұрғындармен жұмыс істеп келеміз. Одан бөлек, коммуналды қызмет ақысын жинаған кезде есеп қағазын таратамыз. Есеп қағазының артында газ қолдану ережесі мен ескертулер жазылады. Бірақ көпшілігінің соған мән беріп қарамайтынын немен түсіндіруге болады?

«ШК»: – Қазір үйлерін Қытайдан, Ираннан әкелінген тасты пештермен жылытатын тұрғындар да аз емес. Ал осындай пештерді пайдалануға рұқсат берілген бе? Жалпы, оны орнатуға бақылау жасап, қадағалайтын мекеме бар ма? 

С.ИСМАЙЛОВ:– ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңына сәйкес ішкі газ қондырғылары заман ағымына қарай еркін нарыққа өтіп кеткен. Тұрғындар иран, қытай пештерін қолданса, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Ол тұтынушының өз еркіндегі шаруа. Оған Заң шеңберінде тыйым салынбаған. Тыйым салатын мекеме де жоқ. Бірақ, ирандық пештердің құрылымында мұржа қарастырылмаған. Ал «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай тұрғын үйде мұржа болмаса, онда ол үйдің газ жүйесін өшіруге біздің толық құқымыз бар. Тұтынушы кез келген газ қондырғысын бөлмеге орнатып, қасына желдеткіш қойып, мұржаны тексеріп отыруы керек. Жанған газ қалдықтары мұржа арқылы далаға шығып кетеді. Мұны көп тұтынушылар ескере бермейді. Газ қондырғысын біздің мекеменің рұқсатынсыз қояды. 

DSC 0524

«Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай біз де жеке секторларға рұқсатсыз кіре алмаймыз. Газ орнату жүйесіне қосылып жатқан жаңа абоненттерге келісімшарт береміз. Сол шарттың негізінде біздің мамандар барып, көріп, қабылдап алғаннан кейін ғана газ қосылады. Өкінішке қарай, көп ретте жағдай керісінше орын алады. Тұрғындар мұндай мәселеде жеке кәсіпкерлердің қызметін пайдаланады да, техникалық ақаулар анықталған кезде барып бізге хабарласады. Мұндай жағдайда біздің мекемемен келісімшарты болмаса да, газды өшіріп тастауға құқымыз бар. Ал негізінен ақауды қайта жөндету үшін тұтынушы өзі келісімшартқа отырған жеке кәсіпкерге жүгінуі тиіс.

«ШК»: – Қазір қаладағы тұрғын үйлердің көпшілігі жылу орталықтарының қызметін пайдаланудан гөрі дербес қазандық орнатып алуды құп көретін болды. Оларға автономды қазандық жүйесін орнатуға заңдық негізде рұқсат бар ма? 

С.ИСМАЙЛОВ: – Дербес жылыту жүйесін қосып алған тұрғындар мұны ешкімнің рұқсатынсыз, өз бетінше орнатып алғандығын айтуға тиіспіз. Рас, егер үйдің құрылысында мұржа қарастырылып, газ колонкасы орнатылған болса, дербес қазандықты тек су жылыту үшін пайдалануға рұқсат беріледі. 

DSC 0543

Негізінде көпқабатты үйлерге дербес қазандық қоюға болмайды. Кейбіреулер оны асүйге, жуынатын бөлмеге, балконға орнатады. Бұл – ережені өрескел бұзғандық. Бүгіндері жаңадан салынып жатқан үйлердің жобасында дербес (автономды) жылыту жүйесі қарастырылуда. Ал бұрынғы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін үйлерге автономды жүйе жарамайды. Бізге: «Орталық жылу жүйесін қолдансақ та, үйімізден газдың иісі шығып тұрады», – деп хабарласатындар бар. Ол иіс қайдан шығып жатыр? Демек ол пәтердің жоғары немесе төменгі қабатындағы көршісі автономды жүйені қолданатын болып шығады. Мұның дұрыс емес екендігін тұрғындарға түсіндіріп келеміз. Бірақ, заңдық тұрғыда бұл мәселені қадағалап, тиісті шара көретін арнайы мекеме жоқ. Кезінде техникалық қауіпсіздікке жауап беретін арнайы инспекция болатын. 2000-шы жылдарға дейін мұндай инспекция біздің мекемеге қарайтын еді. Ол мекеменің инженерлері мен әскери-инженерлік қызметкерлері (сапер) улану жағдайы орын алса, газды өшіретін. Барлық жұмыс қадағаланып отыратын. Инспекторлар ереже бұзушылық анықталған жағдайда абонентке әкімшілік айыппұл салатын. Алдағы уақытта «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай осы секілді инспекция құрылғалы жатыр. Ал бүгінгі жағдайда дербес қазандық қызметін бақылап, Заң негізінде талап ету біздің құзырымызға кірмейді. 

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Иә, бұрын газ-техникалық инспекция жұмыс істейтін. ТЖД-ның бұрынғы басшысы У.Ережеповтің кезінде де осы қызметті қайтадан енгізу мәселесі бірнеше рет көтерілген еді. Бірақ, ол мәселе әзірге шешімін таба қойған жоқ. Біздің тарапымыздан бұған байлынысты ұсыныс әлдеқашан берілген. Яғни, бұл проблема бүгін ғана көтеріліп отыр деуге болмайды.

Қымбат құрылғыны қалта көтермейді

«ШК»: – Апатты жағдайлар көпқабатты тұрғын үйде жиі орын ала ма, әлде жеке секторда ма? 

С. ИСМАЙЛОВ: – Оны бөле- жара айту қиын. Екеуінде де бірдей десек болады. Қазір облыс бойынша 307 мың абонент газ тұтынатын болса, газдандырылған көпқабатты үйлердің саны 78 мың. Негізінде апаттың бірден бір себебі – газ қондырғыларын тиісті мекеменің рұқсатынсыз, талапқа сай емес жағдайда, өз беттерінше орнатудан шығады. Мәселен, Халықтар достығы көшесінде таяуда болған апатты оқиғада анықталғандай, газ қондырғысын орнатуға біздің мекемеден рұқсат алмаған, есептеуіш құралдары сыртта тұр. Бір қазандықпен бірнеше пәтер жылытылған. Қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. 

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Қазір заман талабына сай техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа, тиімді құрылғылар шығарылып жатыр. Газ қондырғысы тұрған бөлмеде метан немесе иісті газ пайда болса, дабыл қағатын арнайы аспап бар. «Осындай аспапты қойыңыздар, бұл – өз қауіпсіздігіңіз үшін қажет», – деп тұрғындарға түсіндіріп, айтып-ақ жатамыз. Әйткенмен алатын жауабымыз біреу-ақ: «Оған мүмкіндігіміз жоқ. Өз қауіпсіздігімізге өзіміз жауаптымыз. Қазір өзімізге қолжетімдісін ала тұрсақ, алдағы уақытта көре жатармыз», -дейді тұрғындар. Оларға пәлендей талап қойып, мәжбүрлей алмайсың. Себебі, екінің бірінің қымбат қондырғы немес газ жабдығын қоюға қаржылық жағдайы көтере бермейтіні түсінікті.. 

«ШК»: – Сонда тұтынушылардың газды пайдаланудағы қауіпсіздігін қадағалау ешкімнің құзырына кірмейтін болғаны ма? Әркім өз қауіпсіздігіме өзім жауаптымын деп отыра берсе, мәселенің заңдық негізін қайдан іздейміз?

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Әрине, кез-келген мәселенің заңды шешімі болуы тиіс. Бұл тұрғыда оған жауап беретін Заң жоқ дей алмаймыз. Алайда, ол заң біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етуде. Бұл салада жоғарыда айтқан газ-техникалық инспекция қызметі жетіспей жатыр. 

 

С.ИСМАЙЛОВ: – Қазір осы заңның әлжуаздығын пайдаланған алаяқтар көбейді. Жеке компаниялардың газ қондырушы мамандары көп ретте алаяқтықпен ақша табады. Ақшаны алғанмен, мұржасын тексермейді, жылыту қондырғысын бақыламайды. Сол үшін тұрғындар ондай жеке кәсіпкерлермен заңды келісімшарт түзіп, соған сай алдымен тиісті қызметін алып, содан соң ғана төлем жасап, төлемқағазын талап етсе, алаяқтың арбауына түспейді. «Сіздерге осындай қызмет көрсететін боламыз» деп алдымен ақшасын төлетіп алып, соңынан таптырмай немесе танымай кететін «компаниялар» да кездеседі.
Егер газ пайдалануға қатысты мәселелер туындаса, біздегі сенім телефоны (104) мен 92-11-77 нөміріндегі саll-орталыққа хабарласқан жөн. Сондай-ақ, түбіртек бойынша сауалдарға байланысты WhatsApp желісінде
(8-777-727-77-21) «Омега-ХХІ» тобына жазуларыңызға болады.

Бесіктегі сәбиді жасақтың жігіттері алып шыққан

«ШК»: – 8-қаңтарда Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты жеке тұрғын үйдегі газ-ауа қосындысы салдарынан болған жарылыс кезінде оқиға орнына ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» МКМ-сінің қызметкерлері де жедел жеткен болатын. Алайда, «Жедел жәрдем стансасының» 13-бригада қызметкерлері бірінші келіп, бесіктегі сәбиді үйінді астынан аршып алғандай болып көрсетілген бейне түсірілім әлеуметтік желі арқылы елге тарап кетті. Соны көріп, «Жедел құтқару жасағының» жігіттері сол кезде қайда жүрді?» деген заңды сауал туындаған-ды.

DSC 0499

Ғ.ДҮЙСЕНБАЕВ: – Түнгі сағат 3:56-да диспетчерлік қызметке 112-ден хабарлама түскен. Бізде кезекші диспетчер хабарламаның қашан, қайдан келгені туралы хронология жасап отырады. Оқиға орнында екі құтқару бөлімшесі, біздің бөлімнен 44 құтқарушы болды. Жігіттер 18 минутта 3 адамды үйінді астынан шығарған. Негізінде құтқару бөлімшесінің бастығы Рахымжан Бекенбаев бастан-аяқ апат орнында болды. Жедел жәрдем қызметі жақын маңда жүргендіктен, бізден сәл ертерек барған. Алайда, бес адамның бесеуін де шығарған біздің жігіттер. Үйінді астында қалған бесіктегі сәбиді алып шығып, «Жедел жәрдем» қызметкерінің қолына берген. Міне дәл осы тұстан, яғни сәбидің «жедел жәрдемшілердің» қолына тиген тұсынан бастап көрсетілген бейнежазбадан «Жедел жәрдем» қызметкерлері «батыр» болып шыға келді. Бұл арада біздің олармен таласқымыз да, қызметімізді бұлдағымыз да келмейді. Төтенше жағдай орын алғанда жедел де жанкештілікпен көмек көрсету – біздің міндетіміз. Соған сай өз міндетімізді толық орындағанымызды жақсы білеміз. Біздің негізгі жұмысымыз оқиғаны бастан – аяқ видиожазбаға түсіріп алу емес. Мұндай аласапыран кезде барлық күш ең бірінші адамның өмірін құтқаруға жұмылдырылады. Қосымша құтқару жасақтарын шақыруға 1 сағат уақыт беріледі. Олар келемін дегенше, сол жердегі құтқарушылар шұғыл іске кірісіп, біреуі үйінді астынан сәбиді шығарып жатса, енді бірі әйелді аршып алып жатқан. Жарылыс орнынан 5 адамды алып шыққан қызметкерлеріміздің өз міндетіне адалдығы мен жауапкершілігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Бесіктің тартпасын шешіп, нәрестені алып шыққан біздің жасақтағы Руслан Әлиев деген жігіт. Ал жұртқа әлеуметтік желі арқылы таратылған бейнежазба қызметке адалдықты көрсетуден гөрі жалған жарнаманы мақсат еткені бізді қатты қынжылтты. Видеоны тиісті мақсатқа сай кесіп-кесіп жалғағаны да айқын болды. 

Жергілікті кейбір БАҚ-дың мәселенің байыбына бармай біржақты ақпарат беріп жібергеніне қарнымыз ашады. Сол ақпарат лезде республикаға тарап кетті.

Ерлікті қолдан жасауға болмайды. Ол – намыстың, адалдықтың, азаматтықтың, жауапкершіліктің үлгісі. 

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Бұл жерде айта кететін тағы бір нәрсе – адамдардың селқостығы, немкеттілігі, иманының төмендеп кеткендігі дер едім. Оқиға барысында үй иесінен, қасындағы көршілерінен: «Мына үйде қанша адам тұрды? Қандай адамдар бар еді?» деп сұрасақ, ешкім жұмған аузын ашпады. Екіқабатты үй опырылып, адамдар үйінді астында қалды. Ол жерде темір де, топырақ пен тас та, есік-терезе, басқа заттар да араласып, миы шығып жатыр. Оның астында қанша адам қалғанын, ол үйде кімдер тұрғанын айтып, құтқару жұмысына дерек берудің орнына үйін жалға берген азамат: «Мен ештеңе білмеймін» деп басын алып қашып, безектейді. Жауапкершіліктен жалтару, «бар пәле өзімнен аулақ болса болды» деген жаныашымастық, салғырттық – кез келген жағдайда қауіпті қасиет. Келеңсіз, кесірлі жағдайлар кейде осындай немкеттіліктен туындап жатады.

DSC 0499

Жарылыс –жауапсыздық салдары

«ШК»: – Төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты қандай шаралар жүргізілуде?

Ғ. МҰРАТОВ: – Өткен мерзімдермен салыстырғанда тұрғындар арасында түсіндіру-насихаттау шараларын анағұрлым жоғары деңгейде ұйымдастырудамыз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ арқылы 141 мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мектеп ғимараттарында оқушылардың түсінік-танымын кеңейтетін ойын, байқаулар өткізуді қолға алдық. Бейнероликтер дайындалып, экскурсиялар, көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Әр жұма сайын қала мешіттерінде имамдардың рұқсатымен, намаз алдында жамағатқа түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«ШК»: – Көмекші иттердің қызметі сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты жәрдемін тигізуде?

 

Ғ. ДҮЙСЕНБАЕВ: – Жалпы, үлкен ауқымды қамтыған апаттар орын алған сәтте кинолог мамандардың жәрдемі аса қажет-ақ. Ал, кешегі газ жарылысының салдарынан қирандыға айналған үйдің жалпы аумағы 8,4 шаршы метрді құрайды. Онда алдымен біздер құтқарушы мамандарымыздың біліктілігіне сенім артып, құтқару шарасын өз күшімізбен атқардық. Шынында, бұл сәтте қирандының астында қалған адамдардың дыбысын не болмаса қозғалысын жедел әрі сергектікпен анықтау қажет еді. Мұндай жағдайда бізге анықтама беріп, жұмысымызды бағыттауға жәрдемін тигізуге тиіс үй иелері үйінді астында қанша адамның қалғанын айтқысы келмеді. Сондықтан үйінді астынан ең соңынан 16 жасар бойжеткенді аршып алғаннан кейін де, жұмыстарымызды ары қарай жалғастыруымызға тура келді. Себебі, біздің қолымызда нақты қанша адамның зардап шеккені туралы нақты мәлімет жоқ еді. Жігіттеріміз қирандыны түгел төңкеріп тастағанша тыным таппады.

«ШК»: – Құтқарушы қызметі – қауіпті мамандықтың бірі. Құтқару операциялары кезінде өз қызметкерлеріңіздің зардап шеккен жағдайлары болды ма?

Ғ. ДҮЙСЕНБАЕВ: – Өткен жылдың мамыр айында таулы аймақта бір жігітті құтқарып алған қызметкеріміз, өкінішке қарай, оқиға орнында өзі опат болды. Құтқарушының өмірі қиылған бұл оқиға соңғы 20 жылда орын алған бірден-бір қайғылы жағдай еді. 

«ШК»: – Жалпы, құтқарушы мамандығы қайда даярланады? Оларды арнайы жаттықтырып немесе үйрететін орын бар ма?

 

Р.БЕКЕМБАЕВ: – Құтқару қызметіне тек кәсіби білімі бар азаматтар ғана қабылданады десек, дұрыс айтпағандық болар. Себебі осы салаға ықылас-ынтасы бар әр азамат құтқарушы қызметіне келе алады. Бұл үшін соған қызығушылық танытқан азаматтар қатаң тексерулерден, дайындықтардан өтеді. Арнайы құрылған комиссия оның денсаулығы мен қабілетін толық зерделей отырып, сертификат береді.

Оңтүстік өңірі бойынша мамандар даярлауда М. Әуезов атындағы ОҚМУ және мамандандырылған колледжінде арнайы факультет бар. Ал негізгі мамандар Көкшетау қаласындағы арнайы училищеде оқытылады. 

«ШК»: – Кеңес Одағы кезінде газбен қамту, техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бақылау жұмыстары орталықтандырылған жүйеде бір ғана мекеменің құзырында болатын. Қазір бұл салада қызметін ұсынатын жеке кәсіпкерлік мекемелер көбейді. Ал оның өзіндік тиімділігі бар ма?

С. ИСМАЙЛОВ: – Бүгінде халыққа қызмет көрсететін коммуналдық құрылымдардың барлығы да «еркін нарық» жағдайында жұмыс істеуде. Мәселен, өз тарапымыздан айтар болсақ, келісімшарт негізінде қызметкерлерімізге 8 сағаттық жұмыс күніне есептелген жалақы төленеді. Еңбек туралы заңға сай жұмысшыларға одан артық уақытқа қосымша міндеттемелер жүктей алмаймыз. Яғни, өңірдегі 308 мың абонент үшін бар болғаны 150 қызметкеріміз есепті уақыт ішінде міндетін атқарып шығуға тырысады. Түбіртек таратады, есептеуіш көрсеткіштерін жазып алады. Одан арғы әрбір үйдің техникалық қауіпсіздік жағдайын саралауға олардың мүмкіншілігі жоқ. Бұл ретте, әр абонент ақылы түрде арнайы келісімшарт негізінде жеке коммерциялық құрылымдардың қызметін пайдалана алады.

 

Р. ӨСЕРБАЕВ: – Жалпы кез-келген жұмыста, қайсыбір мәселеде болмасын ең зиянды, ең кесірлі жағдай адамдардың салғырттығынан туындайтынын бүгінгі әңгімеміздің негізгі түйіні ретінде баса айтқым келеді. Тұрмыс –тіршілігіміздегі, қоғамдық өміріміздегі барлық саланың қызметі адамдардың игілігі үшін жасалады. Газ да, су да, жылу да, электр қуаты да халықтың коммуналдық тұрмысына қолайлылық, жайлылық, жеңілдік туғызу мақсатында пайдаланылады. Ал олардан қауіпті жағдай туғызу адамдардың өзіне, яғни жауапсыздығына, салақтығына байланысты орын алып жатады. Мәселен, қарапайым ғана пеш мұржасын уақытылы тазалап тұрмаудың салдарынан, күл мен қаққа толған құбыр жарылыс беруі әбден мүмкін. Көп адамдар немқұрайдылығымен көмірмен жағып келген пешіне газ құрылғысына жалғап алады. Су жылытқыш құрылғысын бірнеше жерден жалғап, үйді жылытуға пайдалану арқылы өз өміріне үлкен қатер тудырады. Осының салдарынан, улы газдың ауаға тарау дерегі жиі кездеседі. Айта кететін жәйт, ауаға 5 пайызға дейінгі мөлшерде газ араласар болса, ол бірден жарылыс береді. Газ мөлшері одан асып кетер болса, өрт лаулайды. Адамдардың салғырттығы дегеннен шығады, күні кеше орын алған келеңсіз жәйтті тағы бір саралап өтер болсақ, үйінді арасынан иранның тасты пешінің қалдықтары анықталды. Қазіргі таңда, жарылыстың басты себебі ретінде, пештің дұрыс жағдайда орналастырылмағаны болжануда. Яғни «газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?» деген сауалдың жауабын осындай төтенше жағдайлардың мысалынан-ақ табуға болады.

«ШК»: – Ия, біздің бүгінгі басқосудағы әңгімеміздің негізгі мақсаты да осы еді. Төтенше, қауіпті жағдайлардың алдын алу, сақтық шараларын ескеру әркімнің өмірінің кепілі екенін түсіндіру. Бұл тұрғыдағы мәселені біршама саралаған сияқтымыз. Одан ой түйіп, сана сарабына салуды әрине, әрбір тұрғынның түйсік-түсінігіне қалдырайық. Ал сіздерге маңызды, мазмұнды әңгімелеріңіз үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені жазып алған:
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Жеңісбек КОЛХОЗОВ

Опубликовано в Әлеумет