Пятница, 07 Апрель 2017 04:15

Бүлдіршіндерге қамқорлық

Биыл 55 мың бүлдіршін мектепке дейінгі мекемелермен қамтылады. Білім саласындағы жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілі-сінде кеңінен талқыланды.

Жиында қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева ҚР «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. Белгілі болғандай, аталмыш бағдарламаның аясында арнайы іс-шаралар жоспары түзіліп, 41 нысаналы индикаторлар белгіленген. Ал 2016 жылдың қорытындысымен белгіленген нысаналы индикаторлық көрсеткіштер толығымен орындалған.

– Өткен жылы қала аумағындағы 386 мектепке дейінгі мекемеде 53 213 бала қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жастағы балаларды қамту деңгейі 82,8%, яғни 51 005 баланы құрады. 2017 жылға белгіленген меже 87,5%. Оған жету үшін қосымша 4 500 баланы қамту қажет, – деді Жанат Арысбекқызы.

Сондай-ақ, жиын барысында мектептердегі орынның жетіспеушілігі назарға алынып, үш ауысымда сабақ өткізіп келген мектептердің үлесін азайту жайы талқыланды. Оқушыларды сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылатын үйірме жұмыстарына қызығушылығын арттыру және білім беру мекемелерін оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері де жан-жақты сөз етілді.

Қала әкімдігі жуырда іске қосқан электронды журнал жүйесі оқушылар арасындағы қылмыстың азаяуына оң ықпалын тигізгені де атап көрсетілді. 

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Опубликовано в Әлеумет

Ата-анасынан ажырап қалған баланың бәрі қараусыз қалмайды. «Жетімін жылатпайтын» біздің елде мұндай жағдайға тап болған балалар мемлекет қамқорлығына алынып, балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Қасиетті Рамазан айы басталмас бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Ассамблея жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, Облыстық Жастар ресурстық орталығының психологтары, спортшылар, тағы бірқатар азаматтар Арыс қаласындағы балалар үйіне барып қайтты.

WP 20160604 092

Бұл күні «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Көңілді ән айтқан өнерлі жасөспірімдер мен би билеп көңіл көтерген қонақтар концерттік бағдарламадан кейін Арыс қаласындағы ОҚО Білім Басқармасына қарасты балалар үйінің бөлмелерін аралап шықты. Бөлмелер өте ыңғайлы орналасқан, іші жарық, балалардың ой-өрісін дамытуға мүмкіндік бар. Отбасы үлгісіндегі «балалар ауылында» 72 баланы 7 отбасыға бөліп тәрбиелейді екен. Осы орайда әр баланың қызығушылығын ескере білетін тәрбиеші, ұстаздардың еңбегі ерекше. Бейіміне қарай бірін ән айтуға, бірін көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетуге, бірін қолөнерге және көбін түрлі спорт бағыттары бойынша талабын шыңдауға сеп болған. Әр баламен жеке әңгіме-дүкен құру кезінде балалар үйінің ең үлкен қызы – 15 жасар Диана «бұл жердегі балалардың барлығы шахмат ойнауды біледі, ал 5 жасқа дейінгілер дойбы ойнайды» деген кезде, еріксіз «үйде жүрген балалар да айпадта ойын ойнамай шахмат пен дойбыны меңгерсе ғой» деп ойладық.

Балалық еркелікпен әлдеқашан қош айтысып, өмірдің қайнаған қазанына түсіп үлгерген балалардың арасында Мадиярқызы Нұрайымның моншақтан жасаған картинасы көздің жауын алады. Жанар Жанзаққызы жетекшілік жасайтын «Мерейдің» жанұясы 2015-2016 оқу жылында «Ең үлгілі жанұя» номинациясының жеңімпазы. 

 

«Алтын Адам» сауда белгісінің тігін фабрикасы Арыстағы балалар үйінің 72 баласына түгел аяқ киім сыйласа, Сайрам аудандық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Ф.Исламов жаздық киім-кешек алып берді. Бұдан бөлек, облыстық Ассамблея балаларды жазда лагерьдің, қыркүйек айында мектептің формасымен қамтамасыз етуге уәде берді.

Әрине, балалардың көңілін көтерген сыйлық емес, қарым-қатынас. Үйіне қонақ кіріп келсе мәз-мейрам болып, жадырап сала беретін қазақтың дархан көңілінің бір сынығы бұл балақайларда да бар. Үйдегі 18 жасар балаларымызды ҰБТ-ға ертіп барып, бірге жан күйдіріп, таусыла уайымдаған кездерде Арыстағы балалар есіңе түспей қоймайды. Олар – өте жігерлі, талапты! Болмашы уайыммен ешкімнің басын қатырмайды. Біреудің жұбатып немесе аяғанын қажетсінбейді де. Олар тек үйренгісі келеді және мүмкіндіктерін көрсеткісі келеді. Олар жеткен жетістігін бөліскісі келеді. «Жарайсың, балақай! Өсе бер!» деп арқасынан қағатын тілеулесті ғана іздейді...

Ақмарал ӘШІРОВА,
Шымкент – Арыс – Шымкент

Опубликовано в Әлеумет