Қамкөңiл балалар қуанған күн

Среда, 08 Июнь 2016 06:22 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5778 раз

Ата-анасынан ажырап қалған баланың бәрі қараусыз қалмайды. «Жетімін жылатпайтын» біздің елде мұндай жағдайға тап болған балалар мемлекет қамқорлығына алынып, балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Қасиетті Рамазан айы басталмас бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Ассамблея жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, Облыстық Жастар ресурстық орталығының психологтары, спортшылар, тағы бірқатар азаматтар Арыс қаласындағы балалар үйіне барып қайтты.

WP 20160604 092

Бұл күні «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Көңілді ән айтқан өнерлі жасөспірімдер мен би билеп көңіл көтерген қонақтар концерттік бағдарламадан кейін Арыс қаласындағы ОҚО Білім Басқармасына қарасты балалар үйінің бөлмелерін аралап шықты. Бөлмелер өте ыңғайлы орналасқан, іші жарық, балалардың ой-өрісін дамытуға мүмкіндік бар. Отбасы үлгісіндегі «балалар ауылында» 72 баланы 7 отбасыға бөліп тәрбиелейді екен. Осы орайда әр баланың қызығушылығын ескере білетін тәрбиеші, ұстаздардың еңбегі ерекше. Бейіміне қарай бірін ән айтуға, бірін көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетуге, бірін қолөнерге және көбін түрлі спорт бағыттары бойынша талабын шыңдауға сеп болған. Әр баламен жеке әңгіме-дүкен құру кезінде балалар үйінің ең үлкен қызы – 15 жасар Диана «бұл жердегі балалардың барлығы шахмат ойнауды біледі, ал 5 жасқа дейінгілер дойбы ойнайды» деген кезде, еріксіз «үйде жүрген балалар да айпадта ойын ойнамай шахмат пен дойбыны меңгерсе ғой» деп ойладық.

Балалық еркелікпен әлдеқашан қош айтысып, өмірдің қайнаған қазанына түсіп үлгерген балалардың арасында Мадиярқызы Нұрайымның моншақтан жасаған картинасы көздің жауын алады. Жанар Жанзаққызы жетекшілік жасайтын «Мерейдің» жанұясы 2015-2016 оқу жылында «Ең үлгілі жанұя» номинациясының жеңімпазы. 

 

«Алтын Адам» сауда белгісінің тігін фабрикасы Арыстағы балалар үйінің 72 баласына түгел аяқ киім сыйласа, Сайрам аудандық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Ф.Исламов жаздық киім-кешек алып берді. Бұдан бөлек, облыстық Ассамблея балаларды жазда лагерьдің, қыркүйек айында мектептің формасымен қамтамасыз етуге уәде берді.

Әрине, балалардың көңілін көтерген сыйлық емес, қарым-қатынас. Үйіне қонақ кіріп келсе мәз-мейрам болып, жадырап сала беретін қазақтың дархан көңілінің бір сынығы бұл балақайларда да бар. Үйдегі 18 жасар балаларымызды ҰБТ-ға ертіп барып, бірге жан күйдіріп, таусыла уайымдаған кездерде Арыстағы балалар есіңе түспей қоймайды. Олар – өте жігерлі, талапты! Болмашы уайыммен ешкімнің басын қатырмайды. Біреудің жұбатып немесе аяғанын қажетсінбейді де. Олар тек үйренгісі келеді және мүмкіндіктерін көрсеткісі келеді. Олар жеткен жетістігін бөліскісі келеді. «Жарайсың, балақай! Өсе бер!» деп арқасынан қағатын тілеулесті ғана іздейді...

Ақмарал ӘШІРОВА,
Шымкент – Арыс – Шымкент

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.