Руфина Искакова – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ! Избранное

Среда, 12 Июль 2023 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 655 раз

Италияның Ауронцо қаласында өткен жастар арасында байдарка мен каноэде есуден әлем чемпионатының жеңімпазы Руфина Искакова туған жерге оралды. Шымкент әуежайынан жеңімпаз спортшыны ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлері зор қошеметпен күтіп алды.

569

 

Іс-шарада қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов әлем чемпионын құттықтап, сайыстың маңызын атап өтті.
– Шымкент қаласы спортында тағы бір үлкен жетістік. Руфина бүкіл әлемге Қазақ елін, одан қала берді Шымкенттің атын әйгіледі. Спорт – қазіргі таңда маңызды салалардың бірі. Спорттық жетістіктер елдің әлеуетін паш етеді. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасына, бапкерлеріне алғыс айтамыз. Алда әлем чемпионаты, Азия ойындары келе жатыр. Басты мақсат – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сол бәсекелерде сәттілік тілейміз, – деді Б.Нарымбетов.
Шымкент қаласының спортшысы Р.Искакова 23 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 5000 метрлік сайыста 30:18.59 секунд көрсеткішпен үздік атанды. Сонымен қатар, 1000 метрлік сайыста күміс жүлде жеңіп алды. Әлемнің үздіктері жиналған додаға 65 елден 938 спортшы қатысты. Осы сында еліміздің спортшылары жалпы 5 медальға ие болды.
Іс-шарада жастар арасында әлем чемпионы қолдау көрсеткен баршаға рақметін айтып, келесі лицензиялық жарыстарға, әлем чемпионатына дайындыққа кірісетінін жеткізді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.