Отанды қорғау – перзенттік парыз Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2023 03:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 330 раз

ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери бөлімдеріне жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу іс-шарасы өтті. Шымкентте осы күзде 900-ден астам азамат әскери қызметке шақырылады. Бұған дейін ҰҚК Шекара қызметі бөліміне әскерге шақырылушылардың бірінші командасы жіберілген-тін.

284

 

Қалалық шақыру пунктінің саптық алаңында ҚР Қарулы Күштері қатарына команданы салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, әскери саланың ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, бауырлары қатысты.
Қала әкімінің бірінші орынбасары әскерге бару әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

282


– Сапқа тұрып, сарбаз атану, қолға қару алып, әскери борышын өтеу – әрбір ер азамат үшін зор абырой. Себебі, біздің батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осынау кең байтақ даламызды қорғап, бүгінгі ұрпаққа, бізге аманат етіп қалдырған. Бабалар аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Жылдан жылға Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты артып, әскери дайындық деңгейі жоғарылап келеді. Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Біз Сіздердің еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет ететін ержүрек жауынгер болатындарыңызға сенеміз. Олай болса, Сіздерге Ақ жол тілейміз! Әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып, аман-есен оралыңыздар!, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Сондай-ақ, Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екенін атап өтті.
Сонымен, күзгі шақыру бойынша Шымкент қаласынан ҚР Қорғаныс Министрлігінің Әскери бөлімдеріне 30 сарбаз аттанды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.