ТЖД деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда қала аумағында 2 балдан жоғары 14 рет жер сілкінісі болған. Бұл ретте зардап шеккен тұрғындар мен қираған ғимараттар тіркелмеген. Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесе өткен жылы білім беру мекемелерінде, ЖОО-да, колледж, аурухана, емханаларда тоқсан сайын сейсмикалық оқу-жаттығу өткізген.
– 2023 жылы Шымкент қаласында шамамен 4017 оқу-жаттығу жиыны өтсе, оның ішінде 1100-і сейсмикалық оқу-жаттығулар. Біз әрдайым жер сілкінісі кезіндегі тұрғындардың практикалық іс-әрекеттерін пысықтап, жетілдіріп отырамыз. Білім басқармасына қарасты мекемелерде 21 мыңнан астам оқушыны қамтитын 103 интерактивті сабақ өткізілді. Өткен жылы 5 жылға арналған кешенді жоспар түзілген болатын. Оған сәйкес, ендігі ретте қала аумағындағы шағынаудандар, тұрғын алаптарда, елді мекендерде тұрғындармен сейсмикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылады, – деді Нұржан Нұрханұлы.
Жер сілкінісінен кейін тұрғындар қандай әрекет жасау керек? ТЖД қызметкерлері азаматтарға мынадай әдіснамалық көмекті ұсынады:
Сіз бірінші және екінші қабатта болсаңыз, тыныштықты сақтай отырып, ғимараттан тез шығыңыз. Алдын-ала дайындалған құжаттарды, ақшаны және қажетті заттарды өзіңізбен бірге алыңыз. Бөлмеден шыққан кезде су мен газды жауып, үй-жайда электр қуатын сөндіріңіз.
Үшінші және одан жоғары қабаттарда болсаңыз қауіпсіз орындарда тұрыңыз. Үстелдің асты секілді қауіпсіз орынға жасырыныңыз – ол сізді құлап жатқан заттар мен сынған бөлшектерден қорғайды. Терезелер мен ауыр жиһаздардан аулақ болыңыз.