Версия для печати

Түнгi Шымкент тамашалары...

Пятница, 29 Апрель 2016 08:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 8232 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымқаланың түнгі шырайы артып, қауіпсіз қалаға айнала түскенін газетіміздің өткен нөмірлерінде жазған едік. Қаланың түнгі келбетін көріктендіру, жарықтандыру ісі одан әрі жүзеге аса бермек. Бүгінгі қаланың түнгі келбеті қандай? Тұрғындар қайда серуендейді? Біз де кешкі қалаға көз салып, сейіл құрып қайтқан едік.

Қала көрiктене түсуде

DSC 1094

Қаланың қай орталық көшесі болсын, жарқыраған шамдар шуақ шашып тұр. Көше бойларындағы ою-өрнектер еріксіз назар аудартады: ұлттық нақыштармен безендірілген өрнектерге, көше бойындағы атрибуттарға көзіңіз түседі. Мәселен, Тәуке хан даңғылы, Б.Момышұлы көшесі бойында, «Колос» аялдамасы маңында да түрлі нақышта безендірілген өрнектер ілінген.
Д. Қонаев, Бәйдібек би даңғылы бойымен жүргендердің бірден жарық шамдарына көзі түсер. Бұл – диодты шамдар. Энергия көзін аз қажет етеді әрі жарықты молырақ түсіреді.
Жастардың негізінен барар жері – демалыс орындары. Барлық саяжайлар мен аллеяларда бозбала мен бойжеткендердің шүйіркелесіп, салауаттылықты насихаттап жүргенін көресіз.
Алғашқы бағытымыз – «Тәуелсіздік саябағы». Желбіреген көк Ту алыстан көрінеді. Жарық шамдары сәулесін төгіп тұр. Бұл орынды демалыс орнына айналдырған бір топ жастардың бас қосу сәтіне кезіктік. Гитараны нақышына келтіре тартып, жастарды ұйытып отырған белсенді жас – Әли Мұстафа. М. Әуезов
атындағы ОҚМУ-дің филология факультетінің 1 курс студенті. Жанында қошеметтеп отырғандар – Жаңа технологиялар және «Авиценна» колледжінің шәкірттері екен. Осында келіп жүргендеріне екі жылға жуықтаған. Кешкі сағат тоғыздан түнгі 00.00-ге дейін осында сейіл құрады. «Сағыныш сазы» әнін әуелетіп еді, бәрі қосыла шырқап кетті. Патриоттық әндерді де орындап, бойда намыс, жүректе жалын лаулағанын да байқатты.
Демалыс орындарындағы жаттығу алаңын тұрғындар мен қонақтардың жиі жағалайтыны бұған дейін де айтылып, жазылды-ақ. Бастысы, тегін әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Айлы түннің саясында жаттығатын жастарды көріп қуандық біз. Жаттығу алаңшасында дене әлеуеттерін шынықтырып жүрген жастарды да әңгімеге тарттық. Бәрі де фармацевтика академиясының колледжінде оқитын шәкірттер екен. Оразхан Әбу мен Ерлан Нахановтың күнделікті жүздесетін орны осы жер.
– Күнде кемінде екі сағат уақытымыз осында өтеді. Ара-тұра айналып жүгіреміз де. Үшке дейін қыдырсақ та, уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай қаламыз. Осында келіп жүргенімізге үш жыл болыпты. Түнгі қала әдемі. Әсіресе Туды осы жерге қойғаны дұрыс идея. Замандастарым мұндай мекенді қадір тұтулары керек, – дейді олар. Айтар уәждері де бар екен. 50 метр биіктіктегі қасиетті туды қараңғылық көлегейлеп тұрғандай. Астындағы жарық түсіретін фонардың қуатын арттыру керек дейді олар. Желбіреген рәміз айшықтана түсіп, тұрғындардың көзайымына айналар еді сол кезде.

Саябақты шыр айналып жүр

IMG 9654

Түнгі серуен қызықтарының бірі – велосипед ершігіне отыру. Жаз шықты дегенше, кеш батысымен саябақтарда велосипед жалға берушілер де көбейе түседі. Мұндай іспен шұғылданып жүргендерді «Тәуелсіздік» және «Абай» саябағында кездестірдік.
«Ордабасы» алаңындағы жігіттер бұл ісін жастарды спортпен шұғылдануға, салауаттылықты насихаттау екенін айтады. Үш-төрт жылдан бері сергектік пен салауаттылыққа үндеп жүр.
Темірхан Сыбанбаевтың айтуынша, велосипедті жалға алатындар негізінен жастар. Бір сағат серуендегеніңіздің құны – 500 теңге. Екі сағаты – 800 теңге. Жалпы, велосипедті күніне 30-ға жуық адам жалға алады. Өздерінің тұрақты тұтынушылары да бар. Болашақта кәсібін заңды етпек. Сағат 11-ден асқанда жастардың қарасы көбейе бастағанын аңғардық.
Күнделікті осы көрініс: «Тәуелсіздік» саябағында шыр айналып жүрген қыз-жігіттер шаршамайды да, шалдықпайды. Салауаттылықты насихаттап жүргеніне тәнті боласыз.

Скейтборд алаңшасы болса...

Әрі қарай «Жастар» аллеясына бағыт бұрғанымызда бір топ жастардың скейтборд теуіп жүргенін байқадық. Олар аптасына үш күн осы «Қызғалдақ» субұрқағы алдына жиналады. Күндіз аптап ыстық. Түнгі самалдың лебінен қуат алған олар сағат онға дейін шұғылданады. Әр демалыс сайын «Орталық саябақта», «Абай» саябағында жүргені. Бүгін ауа райы қолайлы. Скейтбордшылардың көңіл күйі жақсы. Өйткені, демалыстың қызықты өтуі ауа райына байланысты.
– Бізде скейтпарк жоқ. Ол әзірге Алматыда ғана бар. Бізде жоқ болғандықтан осы жерде амалдап жүрміз. Шымкенттің түнгі келбеті көріктене түскен. Бәрі жақсы. Тек осы мәселені шешіп берсе екен, – дейді жиырма жасар бозбала Темірлан Атауов.

«Шымкентте өмiр сүрiп жатқаныма шүкiр деймiн»

Жарық қала – қауіпсіз қала екені белгілі жайт. Қаланың ең биік нүктесі саналатын Бәйдібек баба ескерткіші де тұрғындар көп жиналатын орын. Бергі жағында «Наурыз» алаңы, этносаябақтың шырайы артқан. Зәулім ескерткішке апарар Бәйдібек би даңғылы бойы да сүттей жарқырап тұр.
Әйгілі орынға түнде де қызықтап келушілер аз емес. Қараңғы түсе бастағаннан жастар көңіл көтеруге сол жаққа ағылады. Сейілбақта сейіл құрушылары бар, сөз байласып жүргендері бар дегендей. Бірі суретке түсіп мәз-мейрам. Бірі қауқылдасып, қаланы жоғарыдан қарағандарына қуанышты.
Сағат тілі он екіге таяғанда тойдан шыққан біршоғыр жас бет алды. Серуендеп жүр. Қаланы жоғарыдан тамашаламақ.
– Мұнда бірінші рет келіп тұрмыз. Қаланың сәулеті артып келеді. «Жеңіс» саябағына, Дендросаябаққа аптасына бір рет барамыз. Қаламыз көркейе берсін. Шымкентте өмір сүріп жатқаныма шүкір деймін. Осының қадірін білсек, – деп жас отау иелері Абзал Мінтаев пен Динара Әбенова ағынан жарылды. Келешекте алтыбақан қойылса деген ұсынысын да айтты.

Такси құны – 350 теңге

Түнгі мезгілде кәсібін қыздыратын таксистер қауымының да жұмысымен таныстық. «Экотакси» компаниясының өкілі Иманбек Сыздықов сегіз айдан бері тек түнде жұмысқа шығып жүр. Қаладағы ең арзан таксиіңіз осы. Өзінің айтуынша, дүйсенбі күні адам аз болады. Жұма, сенбі күндері жұмыс қыза түседі екен.
Басты көшелердің бәріне жарық қойылуы олардың да жұмысын жеңілдеткен. Бәйдібек баба ескерткішінен «Теріскей» шағынауданына дейін жеткізіп салған ол 350 теңге сұрады. Сөйтсек, тарифке ілініппіз. Олардың жеңілдіктері бойынша «Нұрсәттен» шеткері шағынаудандарға қарай мінсеңіз 400 теңге төлейсіз. Ал орталықтың ішінде әлгіндей баға.

Тәртiп сақшылары бақылап тұр

«Теріскей» шағынауданына келсек, мұнда Лаваш орталығының жұмысы қайнап жатыр екен. Олар түні бойы жұмыс істейді. Әсіресе, жастар көп келеді. Тағамдары арзан әрі сапалы. Көпшіліктің қалтасы көтеретіндей жағдай жасалған. Бес жылдан бері күндіз-түні тұрғындарға өз өнімдерін ұсынып келеді.
Мадина Абдукаримованың айтуынша, түнде әсіресе шаурма жақсы өтеді. Сағат он екіден кейін жастардың қарасы қалыңдай түседі. Түн мезетінде тамақ іздеп сабылғандарға жағдай жасап отырған олардың бұл талабын құптарсыз.
Біз куә болған түнгі қаланың келбеті осындай. Инспекторлар қала тыныштығын бақылап тұр. «Нұрсәт» аллеясындағы жергілікті полиция қызметі стационарлық бекеттің старшинасы Әділ Исабаев жастар тәртібі түзеле түскенін айтады.
– Күні-түні қала қауіпсіздігі басты назарда. Көпшілік жерлерде құқық бұзушылық болып тұрады. Әсіресе, тойдан шыққандар ішкен шөлмектерін лақтырып кетеді. Бүгін көріп тұрғаныңыздай, біздің аумақ тыныш. Құрал-жабдықтардың бәрі жеткілікті, – дейді тәртіп сақшысы.
Иә, жастық шақ – елең-алаң кезең. Қоғамның белсенділер қауымына жалындаған жарасады. Олардың бос уақытын тиімді өткізу – өзекті мәселенің бірегейі. Әсіресе, түнгі уақытта дұрыс тәрбиеге бастайтын іс-шаралар көбейсе құба-құп. Түнгі бақылауда осындай жағдайлар ұшырасты.

Последнее изменение Пятница, 29 Апрель 2016 12:38
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.