Шымкенттің қақ ортасындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, жұрт демалатын жайлы орынғалы айналғалы аз болған жоқ. Бастысы мұнда Ұлы Отан соғысы тарихынан сыр шертетін Ерлік мұражайы бар. 2012 жылы ашылған мұражайда бүгінде 2170 құнды жәдігер сақтаулы. Жеңіс саябағына кіре берісте Кеңес Одағының батыры, Қазақтан шыққан тұңғыш әскери генерал, Үш бірдей дивизияны басқарған қолбасшы Сабыр Рахымовтың еңселі ескерткіші менмұндалайды. Мыстан соғылған мүсінде батыр қолындағы дүрбісімен шайқастың барысын қадағалап тұрған сәті бейнеленген. Ескерткіштің биіктігі 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қосқанда 7 метрден асады. Жанында тарихқа толы өмірін ұрпақ есінде мәңгі сақтау мақсатында өшпес ерліктері тақтайшаға қашап жазылған.