ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ КҮРДЕЛІ ЖАҒДАЙДА ЖҰМЫС ІСТЕДІ Избранное

Среда, 12 Январь 2022 03:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 275 раз

Қаңтардың 4-5 күндері орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде 120 азамат жарақат алып, жедел медициналық жәрдем қызметінің 7 көлігіне шабуыл жасалған. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

900

 

— Жаппай тәртіпсіздік кезінде Шымкент қаласында жедел медициналық жәрдем қызметінің 7 көлігіне шабуыл жасалды. Оның алтауы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясына тиесілі. Шақыртуға барған жедел жәрдем бригадасындағы екі фельдшер мен бір жүргізуші дене жарақатын алды. Абырой болғанда жүргізушінің иығына тиген тастан қатты зақым келген жоқ. Аурухананың есігін жұлқылап, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірмек болған топтар да болды. Алайда, оларға дер кезінде жұмыс барысы түсіндіріліп, күзет қызметін күшейтіп, жағдайдың алдын алдық. Ал сол күні ауруханаға түскен 120 азаматтың басым бөлігі пышақ, оқтан алған дене жарақаттарымен жеткізілген. Ұрып-соғу салдарынан зардап шеккендер де бар. 40 азамат стационарда, 5-еуі реанимацияда жатыр. Олардың басым бөлігі 25-30 жастағы азаматтар, – дейді Б.Позилов.

902


Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бас дәрігері Г.Құрманбекованың айтуынша, 4-5 қаңтар күндері станция қызметкерлері өте күрделі жағдайда жұмыс істеген. Қалада байланыс пен ғаламтордың шектелуіне орай жедел жәрдем қызметкерлері рация арқылы байланысып отырған.
— Жедел жәрдем бригадаларына шабуыл жасала бастаған соң, жүргізушілерге диспетчерлік орталық арқылы байланысқа шықтық. Оларға қай көшеде тәртіпсіздік болып жатқанын алдын ала хабарлап, жүру бағыттарын реттеп отырдық. Әсіресе, Нұрсәт шағынауданындағы, қаланың орталық бөлігіндегі шақыртуларға жету қиындық туғызды. Ал диспетчерлік орталықтағы қыздардың қауіпсіздігі үшін қызметкер азаматтарды шақырып алдық. Себебі, ол күндері біз басты міндетімізді орындауға, яғни науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, дәрігерлеріміздің қауіпсіздігін сақтауға тырыстық, – деді
Гүлнар Мамытқызы.

901


Дәрігерлердің айтуынша, лақтырылған тастардан жедел жәрдем көліктерінің терезелері сынып, сырты бүлінген. Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының дәрігері Мақсат
Мылтықбаев шабуыл жасалған көліктің бірінде болған.
— Қаладағы жағдай күрделенген кезде кабинаға тек жүргізуші, ал дәрігер мен фельдшерге көліктің ішіне отыру тапсырылды. Рация арқылы қай көшелерде қозғалыс қиындап жатқанын біліп отырған соң, жүргізушінің біліктілігінің көмегімен діттеген мекенжайға барынша уақтылы жетіп отырдық. Біз отырған көлікке тас тиіп, терезелері сынды. Бригада қызметкерлері аман, – дейді М.Мылтықбаев.
Ал жедел жәрдем қызметінде 10 жылдан бері еңбек етіп жүрген дәрігер
Рустам Ашуровтың айтуынша, Нұрсәт шағынауданына шақырту бойынша барған сәтте көлікке шабуыл жасалған.
— Жүргізуші барынша қауіпсіздікті сақтауға тырысты. Алайда, адамдар қоршап алды. Көлікті бұрмақ болған кезде шабуылдаушылар көлік салонының есігін ашып жіберді. Есікті жаппақ болған фельдшер қызды жұлқылап, сыртқа сүйреп әкеті. Қызметкерімізді әзер дегенде қорғап, көлікке мінгізіп алдық. Дене жарақатын алған бригада фельдшері қазір үйде ем алуда, – дейді ол.
— Бүлінген көліктерді екі күннің ішінде өз күшімізбен ретке келтіріп, қайта жүйеге қостық. Себебі, шамамен 1 апта бұрын тәулігіне 1500 шақырту түсетін болса, қазір қаладағы пандемиялық ахуалдың күрт күрделенуіне байланысты тәулігіне 2000-2500 шақырту түсуде. 2021 жылы КВИ шалдыққандардың 1265-і қайтыс болған. Дәл қазіргі уақытта короновирустық инфекция жұқтырған 137 науқас стационарда емделуде. Оның 65-і жүкті әйел. 10 науқасқа жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппараты қосылған. Өкініштісі, дертке шалдыққандар, әсіресе, жүкті әйелдер вакцина алмағандар. Балалар арасында да дертке шалдыққандар саны артып отыр. Сондықтан қала тұрғындарын оқушылардың қысқы демалысын тиімді пайдаланып, балалардың денсаулығы үшін вакцинация жасауға шақырамын, – дейді қаланың бас дәрігері Б.Позилов.
Шымкент қаласы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша қызыл аймаққа қайта енді. 10 қаңтар күнгі ресми деректерге сәйкес, 123 КВИ дерегі тіркелген.
— Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында омикрон штамы анықталды. Әзірге Шымкент қаласында тіркелген жоқ. Алайда, ықтималдық деңгейі жоғары. Талдама жасау орталықтары толық жұмысына кіріскен соң, жағдай нақтыланады, – дейді бас дәрігер.
Айта кетейік, интернеттің шектелуі аурухана емделушілеріне кедергі келтірмейді. Б.Позиловтың айтуынша, портал арқылы кезегі келген науқастардың құжаттары қолмен қағазға толтырылып, қабылдануда.