САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР КҮШЕЙТІЛДІ Избранное

Среда, 19 Январь 2022 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 340 раз

«Шымкент қаласы бойынша «Аshyq» қосымшасына тіркелген 9021 нысанның 7061-і аутсайдерлер қатарында. Ал, 17 нысан талаптардың орындалуы жағынан көш бастап тұр». Бұл туралы брифинг барысында Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары С.Адамбекова мәлімдеді.

945

 

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде өткен брифинг барысында департамент басшысы Ә.Төлебаев, департамент басшысының орынбасары А.Ахметов және қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары С.Адамбекова өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды баяндап, жұмыс барысын баяндады.
— Қала бойынша жоспарланған тұрғындардың 99,6 пайызы екпенің 1-компонентін қабылдаса, 97,1 пайызы 2-компонентін алып үлгерген. Алайда, уақыт өте иммунитеттің әлсірейтінін ескере отырып, қала тұрғындарын 6 айдан кейін ревакцинациядан өтуге шақырамыз. 2022 жылдың 16 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, 50 021 адам ревакцинация жасатты. Ал, 2021 жылдың 16 қарашасынан 2022 жылдың 16 қаңтарына дейінгі аралықта 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жүкті, босанған әйелдер арасында Pfizer вакцинасын қабылдаған 22 229 адамның 10 181-і екі компонентті де толық қабылдады, - дейді қаланың бас санитары Ә.Төлебаев.
Мамандардың айтуынша, карантин режимін күшейту мақсатында Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына 2022 жылдың 14 қаңтарында бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Қаулыға сәйкес, жабық базарлар мен СПА-орталықтар сенбі, жексенбі күндері уақытша жұмысын тоқтатса, қоғамдық көліктерде бетперде кию мен әлеуметтік ара қашықтықты сақтау талаптары күшейтілмек. Сондай-ақ, діни нысандарда ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Қаулыға сәйкес, мектептер қашықтан білім беретін болады. Ал, ЖОО, колледждер аралас форматта оқытылмақ. Мемлекеттік органдар, кеңселер мен ұлттық компания ұжымдарының 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Мейрамхана, дәмханаларға да сыйымдылығына қарай талаптар қойылған. Келушілер саны 50 пайыздан аспауы қажет.
— «Аshyq» қосымшасы пандемия кезінде бизнес нысандарының жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік берді. Жоба бизнес нысандарға келушілер арасында коронавирустың таралуының алдын алу мен жұқтыру қауіпсіздігі сақтау мақсатында қолға алынған болатын. Алайда, қосымша қолжетімді болғанымен, талаптарды орындамай отырғандар бар. Шымкент қаласы бойынша 9021 нысанға «Аshyq» қосымшасының QR-коды берілген. Оның ішінде 17 нысан көш бастап тұрса, 7061 қатысушы аутсайдерлер қатарында. Бұл нысандардан 1 апта мерзімге «Аshyq» қосымшасы алынып, QR-кодтары өшірілді. Жағдай екінші рет қайталанса, 2 аптаға, одан әрі 1 айға алынады. Осыған сәйкес, нысанның жұмысына шектеулер қойылады, - дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары С.Адамбекова.
Мамандардың айтуынша, «Аshyq» жобасына қатысушылардың 90 пайыздан астамы келушілердің чекиндерін(check-in) жүргізбеген, яғни нысанға кірген кезде QR-кодтың тіркелуі бақыланбаған. Бүгінде осы және өзге де санитарлық талаптарды бұзған 27 кәсіпкерлік нысанның жұмысы тоқтатылған.