КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ Избранное

Среда, 02 Февраль 2022 03:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 876 раз

Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес 31 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысы — «жасыл», Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы «сары» аймаққа өтті. Ал, республиканың өзге өңірлері әлі де «қызыл» аймақта.

155

 

88 880 тұрғын қайта екпе алды

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 31 қаңтарда 26 адамнан КВИ анықталған. Оның 15-і симптомсыз түріне шалдыққан.
— Қаладағы эпидахуал біршама тұрақтады. Дей тұрғанмен, арқаны кеңге салып, еркінсуге болмайды. Шымкенттіктерді әрдайым эпидемиологиялық-санитариялық талаптарды сақтап, вирусқа қарсы антидене қалыптастыру үшін екпе алуға, ревакцинациядан өтуге шақырамын. Себебі, екпе алған науқастардың вируспен күресуі жеңіл, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов.
Ресми деректерге сүйенсек, инфекциялық стационарда 305 науқас ем қабылдап жатыр. Ал, дәрігерлер жансақтау бөліміндегі 55 науқастың өмірі үшін күресуде.
— Шымкентте коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға 883 орын жабдықталған. Бүгінде 34,5 пайызында науқастар ем алып жатыр, - дейді қаланың бас дәрігері.
Айта кетейік, Шымкентте 595 321 адам екпе алған. Оның 581 964-і вакцинаның екі компонентін де салдырған. Ал, «Pfizer/BioNtech - Сomirnaty» вакцинасының I компонентін 38 489 адам, II компонентін 15 034 адам қабылдады. Олардың қатарында мектеп оқушалары, жүкті және босанған әйелдер бар. Ревакцинациядан өткендер 88 880 адамға жетті.

Талаптар жеңілдетілді, бірақ...

Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мегаполистегі эпидахуалды ескере отырып, шектеу шаралары мен карантиндік режимге бірқатар өзгерістер енгізді. Енді Шымкенттегі кәсіпкерлік нысандар үшін карантиндік шектеулер біршама жеңілдетілді.
Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың мәлімдеуінше, «Ashyq» жобасына қатысушы кәсіпкерлік нысандар түнгі сағат 00:00-ге дейін, ал, «көшбасшы» мәртебесі бар нысандар түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істейтін еді. Жаңа қаулыға сәйкес, жұмыс уақытына қатысты шектеулер алынған.
— «Ashyq» жобасына қатысатын мейрамхана, дәмхана, қоғамдық тамақтану орындары, бильярд, боулинг, компьютер клубтары, театр, кинотеатр және концерт залдары «жасыл» мен «көк» мәртебесі бар келушілерге қызмет көрсетуге рұқсат беріліп отыр. Сондай-ақ, нысанның толымдылығын 60 пайыздан асырмай жұмыс істей алады. Ал, ұжымдық, құдайға құлшылық орындары, фитнес, йога, спорт кешендері, көрермендер қатысатын спорт жарыстары, сондай-ақ, салтанатты жиындар, той, ас, конференция, форум, семинар және көрме өткізілетін орындардың жұмыс уақытына шектеу жоқ. Алайда, бұл нысандарға қойылатын басты талап — қызметкерлер мен келушілерде толығымен «жасыл» мәртебе болуы тиіс, - дейді қаланың бас санитары Ә.Төлебаев.
Мамандар эпидахуалға байланысты карантиндік режим жеңілдетілгенімен, жағдайды тұрақтандыру үшін санитарлық талаптарды сақтау маңызды екенін ескертті.

Науқастар – бақылауда

Шымкент қалалық №6 емхана — тіркелген тұрғын саны жағынан ірі емдеу мекемесінің бірі. Емхана дәрігерлері бүгінде 64 240 шымкенттікке қызмет көрсетіп келеді.
— Дәрігерлер қаладағы эпидахуалды тұрақтандыру үшін барынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екпе алуға шақырып отыр. Коронавирус инфекциясы өзге де созылмалы ауруларды қоздырып, емделушінің денсаулығына едәуір залал келтіретінін ескере келе, арнайы тізімдегі науқастармен де тығыз байланыс орнатамыз. Әсіресе, жүкті, босанған әйелдер мен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің екпе қабылдау мәселесі өте өзекті. 31 қаңтардағы мәліметке сәйкес, жоспарлы 2377 жасөспірімнің 1598-і, емізулі 1414 ананың 256-сы, жүкті 697 әйелдің 245-і «Pfizer/BioNtech - Сomirnaty» вакцинасын қабылдады, - деді Шымкент қалалық №6 емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұ.Тілеубергенова.
Бүгінде Шымкент қалалық №6 емханада 12 мобильді бригада бар. Ұлбала Ерғалиқызының айтуынша, оның 9-ы КВИ анықталып, үй жағдайында емделіп жатқан науқастарды мекенжайы бойынша бақылап, ем-дом жүргізсе, қалған 3 бригада емханаға түскен қоңырауларға жауап беріп, талдамалармен жұмыс істейді.
— Екпе алуы тиіс 33 500 тұрғын толығымен вакцинаның алғашқы компонентін алды. Ал, ІІ компонент 33 120 кісіге салынды. Қазіргі уақытта ревакцинация жұмысына ерекше назар аударып отырмыз. Бүгінде 6115 тұрғын мерзімі толуына сәйкес ревакцинациядан өтті. Ал, 60 жастан асқан 37 қарияға «Pfizer/BioNtech - Сomirnaty» екпесімен ревакцинация жасалды. Сондай-ақ, екпенің бұл түрі ревакцинация кезегіндегі 107 жүкті, 18 босанған жас анаға салынды. Сондай-ақ, емхананың 475 медицина қызметкері де толығымен қайта екпе алды. Күнделікті науқастармен байланыста болатындықтан, медицина қызметкерлерінің ревакцинациядан өтуі де өзекті, - дейді Ұ.Тілеубергенова.

P.S.

Қаланың бас дәрігері мен бас санитары айтқандай, мегаполистегі эпидахуалды тұрақтандыру мен карантиндік шектеулерді жеңілдету үшін тұрғындардың жауапкершілік танытып, ревакцинациядан өтуі өзекті болып отыр. Тиімді ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде Шымкент бүгінде «сары» аймақта. Десек те, дәрігерлер тұрғындар қалыпты режимге өту үшін КВИ-мен күресті күшейте түспек.