Бүгінгі таңда Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үй аулалары толықтай жарықтандырылған. Бұл туралы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Шайхислам Кемелхан айтты.


– 2013-15 жылдар аралығында 334, 2016 жылы 686 аула жарықтандырылды. Қалаға жаңадан қосылған бірқатар елдімекендердегі екіқабатты үйлердің аулалары ғана қалды. Биыл сметалық құжаттарын әзірлеп, келесі жылы жарықтандыру жоспарда тұр, – дейді бас маман. 

Ал көшелерге келсек, осы күнге дейін 139 көше жарықтандырылыпты. 

– Биыл 23 көшені қосымша жарықтандырып жатырмыз. Қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Төрт көшенің жарықтандыру жүйесін қайта жөндеуден өткізудеміз. Тағы да қосымша 43 көшенің жарықтандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үстіндеміз. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстарына келесі жылы қаржы бөлу жөнінде ұсыныс хат жолдаймыз, – дейді Шайхислам Кемелхан.

Осы орайда қаладағы орталық маңызға ие, жолаушылар ағыны көп көшелерді жарықтандыру жоспарланғанын да айта кету керек.

Опубликовано в Қала
Пятница, 19 Май 2017 03:52

23 көшеге жарық беріледі

osveshenie

Биыл Шымкентте 4 көшедегі жарық желісі қайта қалпына келтіріліп, қажет жерінде бағаналар мен желілер ауыстырылмақ. Жалпы ағымдағы жылы қалада 23 көше жарықпен қамтылады.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта қала бойынша жаңа 1713 шам мен 250 торшер орнатылады. 

Сонымен қатар, темір және темір-бетон бағандардың орнына жеңіл, тот баспайтын тіреулер орнату жоспарлануда. Олар қала көркін аша түседі, әрі ұзақ мерзімге жарамды. Мамандар әр бағана мықтап бекітіліп, қатты дауыл мен жер сілкінісіне шыдас беретінін айтады.

Опубликовано в Қала

Елімізде электр энергиясын өндіру көлемі артып келеді. Мәселен, 2016 жылы сағатына 94,1 млрд кВт электр энергиясы өндірілсе, оның ішінде 1,9 млрд кВт энергия Ресейге экспортқа шығарылған. Ендігі басты міндет – өндіріске жаңа технологиялар ендіру, энергия өндіру көлемін арттыру. Ол үшін мамандар үнемі ізденіс пен білім-біліктілігін жетілдіріп отыру қажет.

DSC 7640

ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қаладағы «3 –Энергоорталық» АҚ қызметкерлерімен кездесуде осылай деді. Жиында Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда атқарылар шаруалардың жоспары баяндалды. Биылғы Жолдауда жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру керектігі айтылған. Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр. 

Жиында осы тақырып төңірегінде мәселелер талқыға түсті. Вице-министр келешекте энергияны үнемдеу және «Жасыл экономикаға» көшу мемлекеттік саясатын жүзеге асыру, даму жоспарлары жөнінде әңгімеледі. 

DSC 7642

– Жолдауда айтылғандай, ендігі кезекте инновациялық бағытқа бет бұруымыз керек. Еліміздің энергетикалық әлеуеті жоғары. Жылу жүйелерін қайта жаңғыртуда инвестициялық жобалар көптеп тартылу қажет, – деді ол. 

Вице-министр мәлімдегендей, биыл сағатына 94, 2 млрд кВт энергия өндіру жоспарланып отыр. Былтыр республика бойынша 92,3 млрд кВт энергия тұтынылыпты. 

DSC 7671

Бүгінде Қазақстанның оңтүстік аймағын электр қуатымен жабдықтауға басымдық беріліп отыр. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қуаттылығы 500 кВт-тан жоғары «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» вольттік желісінің өңіраралық құрылысы жүріп жатыр. 2016 жылы жоба құрылысының 1 кезеңі аяқталды.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 22 Июль 2016 04:55

231 аула жарықтандырылады

Шымкентте аулаларды жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, тамыз айының соңына дейін 231 аулаға бағаналар тұрғызылып, жарық берілмек. Бұл мақсатта қалалық бюджеттен 153 миллион 929 мың теңге бөлінген. Жарықтандырумен айналысатын қос мердігер компания бір жұма бұрын қызу жұмысқа кіріскен.

auklaАулаларды жарықтандыру шымкенттіктер үшін қашаннан өзекті еді. Қай деңгейдегі әкім есеп бермесін, тұрғындардың басым бөлігі аулаларды жарықтандыруға қатысты талап-тілектерін жиі айтатын. Осыған орай, 2013 жылдан бастап әкімдік тарапынан осы мәселеге жіті назар аударылып, аулалар жарықпен қамтамасыз етіле бастады. Қалада 1014 аула бар болса, соның 328-і бүгінгі таңда жарықтандырылды. Солардың ішінде ең алдымен криминогендік жағдайлары назарға алынды. Ал биылдың өзінде 231 аулада шамдар жарқырай түспек. Мемлекеттік сатып алуда жеңімпаз атанған қос мердігер компания, атап айтқанда «АқсемсерСтройервис» және «Астанаэлектромонтаж» ЖШС-і қазіргі кезде электр бағаналарын орнатумен айналысып жатыр. Мәселен, «Ақсемсерстройсервис» компаниясы Еңбекші және Әл-Фараби аудандарына қызмет көрсетуде. Жалпы отыздан астам адам жұмыспен қамтылған. Олар тамыз айының соңына дейін өздеріне тапсырылған 180 ауланы жарықтандыруға дайындап үлгеруі тиіс. Мердігер компания бағана орнату жұмыстарын «Шығыс» шағынауданындағы №90 үйдің ауласынан бастады. Онда алдын ала қазылып, бетондалған орындарға жалпы ұзындығы 9,5 метрді құрайтын биік бағаналар орнатылды. «Ақсемсерстройсервис» ЖШС директорының орынбасары Нұрбол Дауылбаевтың айтуынша, бағаналар қойылып болған соң, электр жарығын тарту және шам қою жұмыстары басталады. Жұмыс барысында қолданылатын материалдардың барлығы дерлік отандық өнім.

– Біз №90 үйдің ауласына екі бағана орнаттық. Ал үлкен аулаларға 7, тіпті 9 бағанадан қойылады. Бағаналар Қарағанды қаласында шығарылған. Олардың сапасы жоғары. Сырты мырышпен қапталғандықтан, 25 жылға дейін тот баспайды. Бір аптадан соң бағаналарға сым тартылып, шамдар қойылады. Ол шамдар электр энергиясын үнемдейді және жан-жағына жарықты көп береді. Ескі бағаналарда шамдардың қуаты – 250 Ватт болса, қазіргілер 100-120, – дейді Н.Дауылбаев.

Аулаларына жарық берілетініне жергілікті тұрғындар қуанып отыр. Солардың бірі – Сағындық Босмойынов. Түнгі уақытта аула қараңғы болғандықтан, балаларын сыртқа шығаруға қорқады. Сондықтан, тұрғындар бір бағананы өз қалталарынан ақша шығарып орнатқан екен. Бірақ оның мардымсыз жарығы мәселені шешпеген. Төрт баланың әкесі кеш қарайған сәтте балаларды сыртқа шығару қауіпті екенін айтты. Ал Олеся Добросоцкая «қараңғы аулалар ұры-қарылар үшін таптырмас мүмкіндік» дейді. Жуырда ғана оның қол сөмкесін әлдебіреулер өз үйінің ауласында ұрлап кетіпті. Сондықтан, тұрғындар қол шамын ұстап жүруді әдетке айналдырған екен. Тұрғындар көп ұзамай өз аулаларында «емін-еркін жүріп, қауіп-қатерді ұмытамыз» деп отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 75 аула жарықтандырылған. Ал 2014 жылы – 163, 2013 жылы – 96 аулаға жарық берілген. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркеповтің айтуынша, бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады.

Опубликовано в Қала
Пятница, 08 Апрель 2016 04:24

Жарық қала – қауіпсіз қала

Биыл Шымкентте 231 көпқабатты үй ауласы жарықтандырылады

Қала түнгі келбетімен көрікті. Орталық көшелерде, демалыс орындарының шамдары жарқырап тұрса, қандай! Бүгінде Шымкент қаласының түнгі шырайын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Биыл қаланың 231 ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.


IMG 5007

Мәселелер кезең-кезеңімен шешіле бермек. Кешкі серуенге шыға қалсаңыз Орталық көшелердің, саябақтардың сүттей жарқырап тұрғанын көресіз. 2018 жылға дейін Шымкенттегі барлық көпқабатты үйлердің аулалары толықтай жарықтандырылуы керек. Тиісті сала мамандары осылай дейді. 

Қалада барлығы 1000-нан аса көпқабатты тұрғын үй ауласы болса, бүгінде оның 334-і көріктендірілген. Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаев жалпы жарықтандыру жұмыстары екі бағытта жүретінін айтады.

– Негізінен, орталық көшелер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларын ретке келтіру басты назарда. Бүгінге дейін 138 көшенің шамын жағу жұмыстары аяқталды. 2016 жылға жобалық-сметалық құжаттарымыз дайын. Биыл 28 көшені жарықтандыру, қосымша 3 көшені қайта құру көзделіп отыр. Бағдарламаға сәйкес, бәрі де соңғы үлгідегі бағаналарға ауыстырылады. Ш. Уәлиханов, Елшібек батыр, Сайрам және Т. Рысқұлов көшесін, Жібек жолы көшесін А. Байтұрсынов көшесіне дейін түнгі шамдарын реттеу жұмыстары қолға алынады. Көшелер мен 231 ауланы жарықтандыру жұмыстары біздің тарапымыздан және төрт аудан әкімінің келісімімен іске асады, – дейді бас маман.

Қалаға жаңадан қосылған елдімекендерді, сондай-ақ, Жұлдыз, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабының орталық көшелерін абаттандыру жоспарланып отыр. Жалпы, 40 көшенің тізімі белгіленіпті. Бұл келешекте іске асатын шаруа.

Бүгінде қаладағы 5 саябақ пен 30 гүлзардың жарығы қосылса, оларды күтіп ұстау да назарда.
Байқасаңыз, қазіргі уақытта Д. Қонаев, Бәйдібек би даңғылының бойы түнде шуақ шашып тұр. Үшінші мегаполистің түнгі келбеті осындай болуы керек емес пе?! Бұл жарқыраған диодты шамдар. Мұндай энергияны аз қажет ететін, бірақ жарық беру әлеуеті үлкен диодты шамдар кең қолданысқа ие. Яғни, қаладағы ескі жарық көздерімен салыстырғанда 5 есе жарық көп береді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келешекте Орталық көшелердің жарық көздерін осындай шамға ауыстырылуы тиіс.
Мұның бәрі де қаланың шырайын арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін. Әйткенмен, кейбіреулер мемлекет мүлкін бүлдіріп, шығын келтіріп отырғанын да айтпасқа болмай тұр.

Былтыр Бадам өзені жағалауындағы 1000-нан аса шамдардың бірқатары бүлінген оқиғалар талай рет айтылып, жазылды. «Ұры алыстан келмейді» десек, мұның бәрін де жасайтын сол жергілікті тұрғындар.

Бұл жағдайларды ішкі істер органдары біраз ретке келтірген. Дегенмен, әлі де болса бүлінген жағдайлар бар екен. Бүгінде 21 шағынаудандағы Қошқар ата өзені бойының реңі кіріп, көрікті орынға айналған. Орындықтары ауыстырылып, қоқыс жәшіктері қойылған. Былтыр жарық шамдары орнатылғалы бұл маңда тұрғындар жиі серуендейтін болған. Жиі жағалайтын да жастар. Жанында өзен суы арқырап ағып жатса, түнгі самалдың лебі есіп тұрған жерде кім қыдырғанды хош көрмейді дейсіз?!

20 жылдан бері осы ауданда тұратын Ержан Төлебаев тек бір жағдайға қынжылады. «Өзім де серуендеуге келіп тұрамын. Жарық қойғалы адам көп өтетін болды. Қараңғыдан қорқады ғой көбісі. Жастардың келетіні құптарлық, бірақ кейбірінің пісте шағып, ластап кететініні ұят жағдай», – дейді шағынаудан тұрғыны.

Шырайлы қала көшелерінің шамдары жарқырап тұр. Алда көркіне көрік қосып, абаттана түсетінініне сенім мол.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2018 жылға дейін бүкіл қаладағы көпқабатты үй аулаларын толықтай жарықтандырудың жоспары бекітіліп, қаржыландыруға ұсынылып отыр.

Мұндайда қала тұрғындарының ұқыптылыққа деген мәдениеті өзгеріп, қаламызға құрметпен қарау ғана қалмақ.

Опубликовано в Қала