×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жарық қала – қауіпсіз қала Избранное

Пятница, 08 Апрель 2016 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5786 раз

Биыл Шымкентте 231 көпқабатты үй ауласы жарықтандырылады

Қала түнгі келбетімен көрікті. Орталық көшелерде, демалыс орындарының шамдары жарқырап тұрса, қандай! Бүгінде Шымкент қаласының түнгі шырайын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Биыл қаланың 231 ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.


IMG 5007

Мәселелер кезең-кезеңімен шешіле бермек. Кешкі серуенге шыға қалсаңыз Орталық көшелердің, саябақтардың сүттей жарқырап тұрғанын көресіз. 2018 жылға дейін Шымкенттегі барлық көпқабатты үйлердің аулалары толықтай жарықтандырылуы керек. Тиісті сала мамандары осылай дейді. 

Қалада барлығы 1000-нан аса көпқабатты тұрғын үй ауласы болса, бүгінде оның 334-і көріктендірілген. Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаев жалпы жарықтандыру жұмыстары екі бағытта жүретінін айтады.

– Негізінен, орталық көшелер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларын ретке келтіру басты назарда. Бүгінге дейін 138 көшенің шамын жағу жұмыстары аяқталды. 2016 жылға жобалық-сметалық құжаттарымыз дайын. Биыл 28 көшені жарықтандыру, қосымша 3 көшені қайта құру көзделіп отыр. Бағдарламаға сәйкес, бәрі де соңғы үлгідегі бағаналарға ауыстырылады. Ш. Уәлиханов, Елшібек батыр, Сайрам және Т. Рысқұлов көшесін, Жібек жолы көшесін А. Байтұрсынов көшесіне дейін түнгі шамдарын реттеу жұмыстары қолға алынады. Көшелер мен 231 ауланы жарықтандыру жұмыстары біздің тарапымыздан және төрт аудан әкімінің келісімімен іске асады, – дейді бас маман.

Қалаға жаңадан қосылған елдімекендерді, сондай-ақ, Жұлдыз, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабының орталық көшелерін абаттандыру жоспарланып отыр. Жалпы, 40 көшенің тізімі белгіленіпті. Бұл келешекте іске асатын шаруа.

Бүгінде қаладағы 5 саябақ пен 30 гүлзардың жарығы қосылса, оларды күтіп ұстау да назарда.
Байқасаңыз, қазіргі уақытта Д. Қонаев, Бәйдібек би даңғылының бойы түнде шуақ шашып тұр. Үшінші мегаполистің түнгі келбеті осындай болуы керек емес пе?! Бұл жарқыраған диодты шамдар. Мұндай энергияны аз қажет ететін, бірақ жарық беру әлеуеті үлкен диодты шамдар кең қолданысқа ие. Яғни, қаладағы ескі жарық көздерімен салыстырғанда 5 есе жарық көп береді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келешекте Орталық көшелердің жарық көздерін осындай шамға ауыстырылуы тиіс.
Мұның бәрі де қаланың шырайын арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін. Әйткенмен, кейбіреулер мемлекет мүлкін бүлдіріп, шығын келтіріп отырғанын да айтпасқа болмай тұр.

Былтыр Бадам өзені жағалауындағы 1000-нан аса шамдардың бірқатары бүлінген оқиғалар талай рет айтылып, жазылды. «Ұры алыстан келмейді» десек, мұның бәрін де жасайтын сол жергілікті тұрғындар.

Бұл жағдайларды ішкі істер органдары біраз ретке келтірген. Дегенмен, әлі де болса бүлінген жағдайлар бар екен. Бүгінде 21 шағынаудандағы Қошқар ата өзені бойының реңі кіріп, көрікті орынға айналған. Орындықтары ауыстырылып, қоқыс жәшіктері қойылған. Былтыр жарық шамдары орнатылғалы бұл маңда тұрғындар жиі серуендейтін болған. Жиі жағалайтын да жастар. Жанында өзен суы арқырап ағып жатса, түнгі самалдың лебі есіп тұрған жерде кім қыдырғанды хош көрмейді дейсіз?!

20 жылдан бері осы ауданда тұратын Ержан Төлебаев тек бір жағдайға қынжылады. «Өзім де серуендеуге келіп тұрамын. Жарық қойғалы адам көп өтетін болды. Қараңғыдан қорқады ғой көбісі. Жастардың келетіні құптарлық, бірақ кейбірінің пісте шағып, ластап кететініні ұят жағдай», – дейді шағынаудан тұрғыны.

Шырайлы қала көшелерінің шамдары жарқырап тұр. Алда көркіне көрік қосып, абаттана түсетінініне сенім мол.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2018 жылға дейін бүкіл қаладағы көпқабатты үй аулаларын толықтай жарықтандырудың жоспары бекітіліп, қаржыландыруға ұсынылып отыр.

Мұндайда қала тұрғындарының ұқыптылыққа деген мәдениеті өзгеріп, қаламызға құрметпен қарау ғана қалмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.