×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 23

Шымкентте жыл басынан бері жүргізушілердің қатысуымен 28 жол-көлік апаты тіркелді

DSC 0708Шымкентте қоғамдық көліктерге қатысты мәселе мен қала тұрғындары тарапынан айтылатын арыз-шағым азаймай тұр. Барар жерімізге жеткізетін қалада ең тиімді қозғалыс түрі – автобустар екені белгілі. Ал, ол көпшілік көңілінен шығатындай қызмет етуде ме? Кез келген жолаушыдан сұрай қалсаңыз, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетсіздігінен тазалыққа дейінгі базынасын айта жөнеледі. Бұлай тізе берсек, «тырнақ астынан кір іздегендей» болармыз. Алайда, «көрмейін десем, көзім бар»...

«Қоғамдық көліктер туралы неге жазғыштап кетті?» дерсіздер. Оған себеп көп. Жұмыла кірісіп, жарияға жар салсақ, тыңдар құлаққа жетсе, одан нәтиже шықса деген ой. Қалалықтар таңертең жақсы көңіл күймен жұмысына жетсе, қайтарда шаршап-шалдыққаны аздай, автобустарда адамның көптігінен бірін-бірі жұлқи шықпаса екен. Соңғы уақытта қалалық газетте қоғамдық көліктерге қатысты бірнеше мақалалар жарық көрді. Онда халықтың, биліктің және көлік компаниялары басшыларының пікірлері назарға алынған болатын.  

«Ұнамаса, таксимен жүр!»

Иә, шынында да Шымкенттегі қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Олардың қызметін пайдалану күннен күнге қауіпті болып барады... Әсіресе, айтылатын сын-ескертпе автобус жүргізушілері мен кондукторларына қатысты. Сонымен қатар, таңғы және кешкі уақытта жолаушылар қатары артатын кезде  қатынау мүлдем қиын. Тіпті кейбірі, кешкі сегізден соң жүруін тоқтатады. Қаланың шетінде орналасқан шағынаудандарға жету үшін қалалықтар бірнеше автобусқа мініп, үйлеріне әрең қайтады. Бүгінде шымкенттіктерге 33 көлік компаниясы 1200 бағытта қызмет көрсетеді. Осы ретте, автобус жүргізушілерінің атына түсетін арыз-шағымдар шаш етектен. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметкері Бейсенкүл Қалдыбекова қызметтік тексерулер жүргізіп, көптеген   кемшіліктердің анықталғанын алға тартты.
– Автобустарда билет таратылмайды, жүру кестесі бұзылады, арадағы интервал сақталмайды, таңғы және кешкі уақыттарда  уақтылы шықпайды. Жолаушылар оларды жарты сағаттап күтуге мәжбүр. Медициналық және техникалық тексерулер дұрыс жасалмайды. Автобус жүргізушілері жолда келе жатып, темекі шегеді, телефонмен сөйлеседі. Салонның іші лас, перделері кір. Ал, қысқы уақытта  автобус іші  суық. №52, 96, 121, 54, 125 бағыттағы көліктердің интервалы 30 минутқа дейін жетеді. Ал №4, 12, 17, 17В, 70, 76, 23, 9, 20, 8 бағыттағы автобустарда қызмет көрсету сапасы өте төмен, – дейді Б.Қалдыбекова.
Мәселен, «Өткір Нұр» қоғамдық бірлестігі жолаушылар тасымалына қатысты сауалнама жүргізген екен. Соның нәтижесінде, автобустардың 90 пайызы дер кезінде келмейтіні анықталған. Жолаушылар жарты сағаттап аялдамада күтуге мәжбүр. Қыс ауасында мұның қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Мына қым-қуыт заманда адамдар артық әрекетті көтере бермейтін халге жеткен. Әсіресе, қоғамдық көлік ішінде жүргізушілердің көлік тізгінін ұстап келе жатса да, ұялы телефонымен барынша айқайлай сөйлесуі, кондукторлардың әр аялдамада ащы дауыстарымен адам жинауы, автобуста өзін қожайын сезініп, жолаушылармен дөрекі сөйлесуі, жұрттың жүйкесін жұқартып бітті. Тиын табу мақсатымен адамгершілікті де ұмытып бара жатқандай ма? Мектептен шыққан оқушыларға тоқтамай немесе оларды жұлқылап, қас қарайған сәтте автобустан жылатып шығарып жіберу оқиғалары да кездеседі. Жолы болып, міне қалса, сөмкесі «көзге шыққан сүйелдей» көрінеді. Бір нәрсе деп уәж айтуға немесе сабырға шақыруға тырыссаң, «Ұнамаса таксимен жүр!» деп айқайлайтынын қайтерсіз? Көбінесе, мұндай ерсі әрекеттерге  көз жұма қараймыз.

Жол апатына себепші...

Жуырда ғана  қаламызда қоғамдық көліктердің қатысуымен жантүршігерлік оқиға орын алды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан №19 автобус жоғарғы «Отырар» аялдамасында тұрған екі бірдей автобусқа соқтығысып, соның салдарынан бір бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Ауыр жарақат алған тағы бір қыз жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жұлымына зақым келген. Осы оқиғаға кінәлі деп  табылған қоғамдық көлік жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлер қоғамдық көліктердің өзара жарыс ұйымдастыруының нәтижесінде жол-көлік апаты орын алатынын жоққа шығармайды. ОҚО ІІД анықтау басқармасының басшысы Дауыл Панзарбековтың айтуынша, Шымкентте жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен 24 көлік апаты тіркелген. Оның 19-ы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен  орын алған. Соның нәтижесінде, 4 адам қаза тауып, 45 адам жарақат алыпты. Діттеген жеріне өзгелерден ерте жету, аялдамаларда адамды көптеп жинау, жол ережесін өрескел бұзу секілді себептердің салдарынан адам өмірі мен оның қауіпсіздігі соңғы орынға ысырылып қала береді. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері көлік компанияларына 285 ескерту жасалыпты. Оның ішінде экологиялық талаптарға сай келмейтін қоғамдық көліктер бағытқа шығарылған, бекітілген киім үлгісі, тиісті құжаттары болмаған, қозғалыс жиілігін орындамаған және GPS қондырғысын орнатпаған. Қала әкімінің тапсырмасымен, келесі жылдың қаңтар айынан бастап, барлық қоғамдық көліктерде  GPS қондырғысы міндетті түрде болу керек. Оны әр компания өз есебінен қояды. Ережені бұзған көлік компанияларымен шарт бұзылады және ісі сотқа жолданады.Қалалық көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, бүгінде  992 көлікке автоматтандырылған жүйе қойылған.

Көлік қауымдастығы не дейді?

Әңгіме  қоғамдық көліктер қызметіне кеп тірелгенде, бұл ретте «Южавтотранс» көлік қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюповтың айтар уәжі көп. Талабы да жоқ емес. Оның  айтуынша, қоғамдық көліктердің шығыны көп. Жанар-жағар май бағасы қымбат және маман тапшы. Сонда қалай? Қала көлемі ұлғайып, бағыттар ұзарды. Бұрын қала сыртындағы елдімекендерге қызмет көрсететін компаниялар нарықтың сұранысын ескеріп, жолақыны 50 теңгегеге теңестірді... Ал  уақыт сайын салаға еніп жатқан осындай «өзгерістер» жүргізушілердің күнделікті қызметіне әсер етпей келеді. Қит етсе жүргізушілердің  «қорғаушысы» болып шыға келетін Дархан мырза қоғамдық көліктердің «мүшкіл» халіне айыптыны іздегенше, олардың келеңсіз әрекеттеріне неге «өзгеріс» енгізбейді? Құйынмен жарысқан автобустардың қала көшелерін автожарысқа айналдыратыны, құйғыта адам таситыны көпшілік үшін қалыпты көрініске айналды. Ал мұның соңы адам өліміне апарып соғатыны кеше ғана қала көшелерінде орын алған қайғылы жағдайларға апаратыны айтпаса да түсінікті шығар. Алайда шиеленіскен жағдайдың да шешімі болуы тиіс.
Осыдан бірер жыл бұрын көлік компаниялары жолақысы 35 теңгеден 40 теңгеге көтерілген кезде, енді шығындарын жабатынын, үстінен пайда көретінін айтқан еді. Алайда, көп ұзамай, 40 теңгеден 50 теңгеге көтерілді. Ол кезде де қоғамдық көліктерде тәртіп орнайтынын, барлық кемшіліктердің ретке келетінін айтып ақталған. Жатталып қалған әннің қайырмасы секілді, бүгінде олар мәселенің тағы бір шетін шығарып отыр. Ол қаржыға келіп тіреле береді. Айта кетерлігі, бұдан былай көлік компаниялары автобустарды жүйелі түрде жаңартып отырады. Сала мамандары осындай ұсыныстар айтуда. Өзара келісімге келген компаниялармен екіжақты шарт уақыты біршама ұзартылмақ. Ал, күткен межеден көріне алмаған көлік компаниялары қызметін тоқтатар болса, одан келер қиындық жоқ екен. Өйткені, бұл іске өзге де инвесторлар құлшына кірісуге даяр. Мәселен, метан газымен жүретін  жаңа 200 автобус бағытқа шығуға дайын.

«Қауіпсіз көлікке отырғым келеді!»

Айталық, Шымкент қаласы әкімінің www.shymkent.gov.kz ресми сайтына әсіресе жолаушы тасымалына қатысты арыз-шағымдар легі толастаған емес. Келіп түсетін сұрақтардың басым көпшілігі осы салаға қатысты. Ендеше оның бірнешеуіне тоқталайық.

Марина Долгушева:
– Бүгін №58 бағыттағы мемлкеттік нөмірі «346 CHA»автобусына отырдым. Алдыңғы есіктің жанында  үлкен  екі музыкалық колонкалар қойылған, (фотосы бар) автобуста музыка жаңғырып тұр. Дауысын төмендетуді сұрап едім, «ұнамаса отырма!» деп дөрекі жауап берді. Қала автобустарының осы сыйқына кім жауап береді? Неге жүргізуші мен контролер дөрекілік танытуы керек. Тіпті, олардың арнайы формалары да жоқ. Мен дискотекаға келген жоқпын, қоғамдық көлікке отырдым! Қоғамдық көліктерде қашан тәртіп орнатасыздар?

Татьяна, қала тұрғыны:
– Менің балам үйімізден алыста орналасқан мектепте оқиды. Күн суытқалы көліктер  кешкі сегізден кейін жүрмейді немесе балаларды орта жолда тастап кетеді. Мектептен үйге жету қиын. Былтыр да осы мәселеге қатысты өтініш білдіргенде, автобустар 21.00-ге дейін жүреді деген жауап алған едім. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.
Қоғамдық көліктерге қатысты өтініштер Гаухар Кукебаевадан, Сейфулла Қалымбетовтен, А. Оңласыннан, Е.Т улеповадан, Ғабит Бекболатовтан да келіп түскен.

logo ps

Сананы тұрмыс билеген заман. Алайда, көлік компаниялары қалтасын ойлаймын деп адам өмірін ойыншыққа айналдырған секілді. Бүгінде қай-қайсысымыз болсақ та, қоғамдық көлікке отырғанда «үйімізге аман-есен жетейікші» деп жанымызды шүберекке түйеміз.  Жолдың арғы-бергі бетіне өтсек те, қоғамдық көлік ішінде отырсақ та, қауіпсіздік жағын көп ойлайтын болдық. Автобустарды кез келген адам тізгіндеп кетті. Бұрынғыдай оларды қатаң түрде іріктеу жүргізілмейді. Бар мәселесін қаржыға тіреген көлік компаниялары бір сәт болса да өз кемшіліктеріне де зер сала қараса екен дейсің. Өзін «Шумахер» әрі автобус пен жолдың қожайыны сезінгендер сабасына келсе жөн болар. Егер көлік компания басшылары өзіне қарасты қызметкерлеріне адами әрекеттер жайында жиі айтып, мәдениеттілікті көбірек үгіттесе дейміз. Ал, ол үшін оған мемлекеттен қаржы сұраудың қажеті жоқ шығар...

 

DSC 8202Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтеді. Бұл жаңалық қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.  Әсіресе, «қазақта тарих болмаған» деп ділмәрсыған кейбіреулердің сөзіне Елбасының өзі мемлекеттік деңгейде тойланатын тарихи шараның бастау алуымен жауап берген сыңайлы. Иә, қазақтың шежірелі тарихы тым тереңде жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қаншама аласапыран заманды бастан кешірсе де, тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі жетістігі сол ата-бабалар арманының жарқын көрінісі. Қазақ халқының арғы-бергі тарихын зерделеу арқылы отаншыл жастарды тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының оқу ісі жөніндегі проректоры-1  проректор міндетін атқарушы, тарих ғылымының кандидаты, доцент Исабек Баршагүл Қашқынқызын осы тақырып төңірегінде  әңгімеге тартқан едік.

– Баршагүл Қашқынқызы, 2015 жылы Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғалы отыр. Шынында қазақ мемлекеттілігінің құрылуы, басталуы осы уақытты құрай ма? Бүгінге дейін тарихшыларымыздың қызу пікірталасына айналып келген мәселеге осымен нүкте қойылды деп ойлайсыз ба?
 –  Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтуі туралы көпшілік тарапынан қолдау тауып, дайындық бүгіннен басталып кетті. Дегенмен, ескеретін бір жәйт –  Қазақ хандығының құрылуын қазақтың халық ретінде қалыптасу кезеңімен шатастыруға болмайды. 15 ғасырда құрылған Қазақ хандығының негізінде қазақ халқы пайда болды деп ұғынбау керек. Елбасы Ұлытауда сөйлеген сөзінде «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген еді. Қазақтың ұлт, халық ретінде пайда болу тарихы екі мыңжылдықтан асады. Сақтар, ғұндар, үйсін, қаңлылар  - бұлар қазақтың арғы ата-бабалары.  Бұрын қазақ, өзбек деп бөлінген жоқ, жалпы түркілер деп аталды. Қазақ соның құрамындағы  бір тайпа ретінде қалыптасты. Мәселен, 15-16-ғасырда орыс мемлекеті Иван Грозныйдың кезінде ұлт ретінде қалыптасты ғой. Қазақ халқы да ұлы көштің өркениетінен қалып қойған жоқ. Қазақтың тарихы тым тереңде дейтініміз содан. Сондықтан Қазақ мемлекеттілігіне 550 жыл деген шешімге тоқталу орынды. Бұл бір күннің ішінде емес, қаншама жылдар бойы зерттелген, ғылыми тұжырымдамалар негізінде жасалынған қорытынды деп ұғыну керек.  
– Қазақтың алғашқы хандары – Керей мен Жәнібектің тарихтағы алар орны қандай? Хандардың өмірі мен тарихтағы билік құрған кезеңдері толыққанды зерттелді ме?
– Керей мен Жәнібек хандардың өмірі толыққанды зерттеліп бітті деуге әлі ерте. Өйткені, Тәуелсіздік алғанымызға енді 23 жыл болады. Қазақ хандарының өмірін енді ғана зерттеу қолға алынып жатыр. Жалпы, Керей мен Жәнібек хандар Қазақ мемлекетінің негізін салушы тұлғалар  болып есептеледі. Олар Әбілхайыр хандығынан бөлініп, 1465 жылы Жетісу жерінде хандықтың негізін қалады. Бұл 15 ғасырдың екінші жартысы. Жалпы қазақ хандығы тарихындағы әрбір ханның орны ерекше. Қазақтың  ұлт ретінде қалыптасуын, мемлекет құрудағы хандардың рөлін, хандық құрған кезеңін тереңірек зерттеу болашақтың еншісіндегі іс.
– Қазақ хандығы қайсы хандардың тұсында өркениет пен дамуға қол жеткізді?
– Қазақ хандығындағы әр ханның өз рөлі бар. Мәселен, Қасым ханның тұсында қазақтың саны 1 миллионға жетті. Қасым ханның тұсында заңдар жүйеленіп, Есім ханның тұсында толықтырылды. Тарихта бұл «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» делінеді. Осылайша бұл хандар дала заңдарын бір іздендіру арқылы билік жүргізді. Әз Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» өмірге келді. Бұл кезең 17-ғасырдың соңы 18-ғасырдың  басы болатын. Тәуке ханның заманында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болды делінеді. Яғни қазақтың жеріне көз тіккен сыртқы жаугершілік тоқтатылып, ел басына тыныштық орнады. Қазаққа қауіп төндірген батыстан – Ресей, шығыстан – Қытай, солтүстіктен – Еділ қалмақтары, оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұқар хандары болды. Тәуке 1718 жылы қайтыс болған соң, орнына Болат хан отырды. Алайда, осы ханның кезінде қазақ  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырады. Хан кім не айтса, соның ықпалында кетіп, билік жүргізуде әлсіздігін танытты. Хан әлсіз болған соң, кіші хандар – Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің басшылары бас көтеріп, күшейе бастады. Ел ішінде мемлекет үшін емес, билікке талас ұлғайып, алауыздық орын алды. Ал мұндай жағдайда бірліктен мән кетіп, мемлекет ыдырайды. «Бірлігі бар ел озар, бірлігі жоқ ел тозар» деген осыдан қалған болар.
Елбасымыз өзінің әрбір сөзінде елдің бірлігі туралы не үшін жиі айтады деп ойлайсыз?  «Қазақстан-2050» стратегиясында «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» деп нақтылап жеткізді. Осының мәнін тереңірек түсінуіміз керек. Мемлекеттің тұтастығы, елдің бірлігі ауадай қажет.
Тарихтағы ерекше орны бар хандардың бірі, қазақтың басын біріктіруде үлкен рөл атқарған – Абылай хан болды. Абылай хан 1771-1781 жылдары хандық билік жүргізді. Ол Аңырақай шайқасында көзге түсіп, тарих сахнасына шықты. Сол кездегі Әбілмәмбет ханның жанында жүріп кеңесші болып, ел билеуге ерте араласты.  Қазақ хандығының соңғы ханы  – Кенесары. Ол он жыл бойы Ресей билігіне қарсы соғысты. Ол ел бірлігі,  тәуелсіздік жолында күресті. Кенесары көтерілісінің басты ерекшілігі – құрамында түрлі ұлттар болды және бүкіл Қазақстанды қамтыды. Қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу үшін, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жан аяған жоқ.  Алайда, 1867-68 жылдары реформа жүргізілді де, қазақ даласын 3 генерал-губернаторлыққа бөліп тастады. Ресей империясы бұл кезде қазақ даласын билеген би-сұлтандардың арасындағы алауыздықты күшейту арқылы билігін жүргізіп отырды. Сөйтіп, бүкіл қазақ жері Ресейдің қол астына өтті. Оған дейін ел болып, қызғыштай қорғаған қазақтың жері Ресейдің мемлекеттік меншігі болып саналды. Ал бұл енді кімнің ашу-ызасын тудырмайды? Кезінде Ресейдің осындай саясатына қарсы шыққан Алаш зиялылары да қуғын-сүргіннің құрбаны болды. «Мың өліп мың тірілген» қазақ өзінің генінің мықтылығының арқасында аман-есен бүгінгі күнге жетті.
– Жалпы, қазақтың тарихын оқу орындарында міндетті пән ретінде ғана емес, тағылымды сабақ ретінде жастарға насихаттау қай деңгейде жүргізіледі?
– Әр адам өз ұлтының тарихын білуге міндетті. Мектепте, оқу орындарында міндетті пән ретінде оқып қана қоймай, өткен тарихтың маңыздылығын түйсіне білу керек. Біз үшін ол үлкен сабақ. Тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтап қалу бар. Ал оны сақтап қалу үшін бүгінгі ұрпақ саналы түрде оның мәнін түсіне білу керек. Қазіргі жастардың бойында патриоттық сананы қалыптасыруымыз керек. Әсіресе, ата-баба тарихын білуге, кез келген мемлекеттің арандатуына жол бермеуіне, діни мәселелерде сақ болуға, толеранттылыққа, яғни ұлтараздыққа жол бермеуге тәрбиелеуіміз қажет. Мұның бәрі не үшін қажет дейсіз бе? Қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу үшін қажет. Қазақстан жерінің аумағы 2 млн. 717 мың 330 шаршы метр, яғни әлемде 9-шы орында тұр. Ал халқының саны – 15 миллион. Бұл дегеніміз бір Мәскеудің немесе бір Стамбұлдың халқы деген сөз. Қазір түрлі мәселелерді алға тартып, араға жік салушылар көбейіп кетті. Украинаның өзі мысал бола алады. Мен студенттеріме лекция барысында да жиі айтатыным да – осы. Жеңіл-желпі сөзге еріп кетуге болмайды. Бізге тәуелсіздік қымбат. Соның құндылығын түсінуіміз керек. Сонау 90-шы жылдары қазақтың саны 40 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 65 пайызға жетті. Бәрі бірден қалпына келе салмайды. Елбасы барлық мәселеде халықты сабырға шақыра отырып, салихалы саясат жүргізіп отыр. Дамудың өзі эволюциялық және революциялық болып екіге бөлінеді. Революциямен, яғни төңкеріспен келген жеңіс көпке бармайды. Бұған көрші Қырғызстан мемлекеті дәлел бола алады. Бізге керегі эволюциялық жол. Сабырмен, ақылмен дамуға қол жеткізуіміз керек. Елбасының саясаты да – осы.
edfc6bad459dead0b06dce5b86f90c412 – Тарихымызды түгендеу қолға алынғаны белгілі. Өзіңіз де айтып өттіңіз,  «Халық тарих толқынында» деген ұранмен өзіміздегі, алыс-жақын шетелдегі тарихи құжаттардың мол дерегі жиналды. Бұл шара әлі жалғасын таба ма?  
– Шынын айту керек, бұл мәселе сол кездегі Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің басшылығында жақсы қолға алынды. Қазір тоқтап қалды. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы 2004-2006 жылдарға арналды да кейін 2008 дейін созылған болатын. Сондықтан «Халық тарих толқынында» сериясын тоқтатып қоюға болмайды. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қытайдан, Ираннан табылған деректер енді ғылыми айналымға енгізілуде. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде Жібек жолының тармақтары Ватиканнан табылғаны туралы мәлімет шықты. Қазір Алматы қаласында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты  араб, парсы, түркі тілдеріндегі тарихи жазбаларды аударуды қолға алып жатыр. Егер ол толығымен аударылып бітсе, қазақтың мемлекеттілігіне қатысты көп деректерді сол жерден кездестіруге болады. Сондықтан толыққанды зерттеу жұмыстары енді басталуда. Жиналған тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіріп, ұрпақ игілігіне жарату керек. Көршіміз Өзбекстан елінде де қазақ тарихына қатысты қаншама деректер жатыр. Қазір  Өзбекстан республикасы мұрағаттардағы құжаттарды пайдалануға рұқсат бермей қойды. Әйтпесе Ташкентте Төле би, Самарқан маңындағы Нұратада  Әйтеке би жерленген. Құнды деректер ол жерден шықпауы мүмкін емес. Мәселен, жуырда Қабанбай батыр бастаған қазақ елшілерінің  300 жылқыны Қытайға апарған сапары жайындағы сурет Парижден табылды. Осы сияқты деректер бір күні бір елден шығады. Қазір өлке тарихына көп көңіл бөлінбей жатыр. Осы бағытта ғылыми кітаптар шығарып, жастардың патриоттық сезімін күшейтуге болар еді. Облыс әкімі тарапынан тарихшы, археолог мамандарды дайындауға көңіл бөлініп, гранттар қарастырылса дейміз. Өйткені, Оңтүстік өлкесі тарихи мұраларға бай. Зерттеуді қажет ететін объектілер көп. Үздік оқитын балаларды мектеп жасынан ғылыми жобаға икемдеп, тарих мамандығын оқытуға бағыттап, мақсатты түрде дайындасақ, тарих ғылымын сәл де болса алға жылжытар едік. Елбасы өзінің «Жалпыға Ортақ еңбек қоғамына 20 қадам»  мақаласында өлке тарихына көп көңіл бөлу керектігін айтқан-ды. Алайда ол қолға алынбай жатыр. Шет елдерден әрине мол қор жиналды. Деректі жинау бар да, оны ғылыми айналымға түсіру бар. Ғылыми-зерттеу институттары осы мәселемен тікелей айналысады. Біз де қарап қалып жатқан жоқпыз, ғылыми мақалалар жазып, пікірлерімізді білдірудеміз.
– Тарихты мықты идеология құралына айналдыруға бола ма? Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығы арқылы қазақтың тарихын әлемге әйгілей аламыз ба?  
– Әрине, тарих дегеніміз тұнып тұрған идеология. Жас ұрпақтың бойында тарихи сананы қалыптастырып, рухы мықты азаматтарды тәрбиелеуге болады. «Торғайлардан төмен қойсақ сұңқарды, Отанды кім торғайлардан қорғайды» деген М. Шахановтың өлеңі еске түседі. Сұңқар деп отырғаны ел тарихын жетік білетін, дәстүрін, тілін сақтайтын, өзіндік пікірі бар, рухы мықты азаматтар. Әрбір адам өз ұлтының тарихын біліп қана қоймай, оны насихаттау керек. Осы мақсатта  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Археологиялық көрме орталығы ашылған.
Елдің ертеңі – ұрпақ қолында. Егемен еліміздің болашақта өркениетті мемлекеттер санына қосылып, тәуелсіздіктің көк байрағын биік ұстауы қазіргі мектеп партасында білім алып отырған жас ұрпақтың білімі мен ақыл-парасатына, іскерлігі мен жауапкершілігіне байланысты. 2050 жылдарға қарай Қазақстанды өзге мемлекеттерге үлгі болатын дәрежеге жеткізетін зерделі ұрпақ қазір мектепте отыр. Елбасының тапсырмасымен әрбір баланың алаңсыз оқуына, әлемдік деңгейде білім алуына  жағдай жасалуда. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді халық даналығы. Сондықтан, ұстаздар қауымына артылып отырған жүк пен міндетті әрқайсымыз сезіне білуіміз керек. Жас ұрпақты Отаншылдыққа тәрбиелеуде  педагогтардың орны ерекше. Олай болса 2050 жылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін мектепті күшейту керек. Ал мектептің жүрегі – мұғалім. Өйткені болашақ патриоттарды, келешекте билік басына келетін азаматтарды тәрбиелейтін үлкен күш солар. Сондықтан, мұғалімдерді дайындауға көңіл бөлу маңыздырақ. Ал мұның бәрі неден шығып отыр? Қазақ мемлекеттілігінің тарихынан. Біздің тағылымды тарихымыз барда өзімізді әлемге танытудан еш тайсақтамауымыз керек. Иә, бұған дейін де Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін шетелдер мойындайды. Ал 550 жылдық тарихи шарамыздан кейін қазақтың мемлекеттілігінің тарихын бүкіл әлемге танытуға үлкен мүмкіндік туып тұр.      
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Раушан МАХЫМОВА.

Страница 2 из 2