×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 23

Қоғамдық көліктерге қатаң талап қажет Избранное

Пятница, 21 Ноябрь 2014 04:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4279 раз

Шымкентте жыл басынан бері жүргізушілердің қатысуымен 28 жол-көлік апаты тіркелді

DSC 0708Шымкентте қоғамдық көліктерге қатысты мәселе мен қала тұрғындары тарапынан айтылатын арыз-шағым азаймай тұр. Барар жерімізге жеткізетін қалада ең тиімді қозғалыс түрі – автобустар екені белгілі. Ал, ол көпшілік көңілінен шығатындай қызмет етуде ме? Кез келген жолаушыдан сұрай қалсаңыз, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетсіздігінен тазалыққа дейінгі базынасын айта жөнеледі. Бұлай тізе берсек, «тырнақ астынан кір іздегендей» болармыз. Алайда, «көрмейін десем, көзім бар»...

«Қоғамдық көліктер туралы неге жазғыштап кетті?» дерсіздер. Оған себеп көп. Жұмыла кірісіп, жарияға жар салсақ, тыңдар құлаққа жетсе, одан нәтиже шықса деген ой. Қалалықтар таңертең жақсы көңіл күймен жұмысына жетсе, қайтарда шаршап-шалдыққаны аздай, автобустарда адамның көптігінен бірін-бірі жұлқи шықпаса екен. Соңғы уақытта қалалық газетте қоғамдық көліктерге қатысты бірнеше мақалалар жарық көрді. Онда халықтың, биліктің және көлік компаниялары басшыларының пікірлері назарға алынған болатын.  

«Ұнамаса, таксимен жүр!»

Иә, шынында да Шымкенттегі қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Олардың қызметін пайдалану күннен күнге қауіпті болып барады... Әсіресе, айтылатын сын-ескертпе автобус жүргізушілері мен кондукторларына қатысты. Сонымен қатар, таңғы және кешкі уақытта жолаушылар қатары артатын кезде  қатынау мүлдем қиын. Тіпті кейбірі, кешкі сегізден соң жүруін тоқтатады. Қаланың шетінде орналасқан шағынаудандарға жету үшін қалалықтар бірнеше автобусқа мініп, үйлеріне әрең қайтады. Бүгінде шымкенттіктерге 33 көлік компаниясы 1200 бағытта қызмет көрсетеді. Осы ретте, автобус жүргізушілерінің атына түсетін арыз-шағымдар шаш етектен. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметкері Бейсенкүл Қалдыбекова қызметтік тексерулер жүргізіп, көптеген   кемшіліктердің анықталғанын алға тартты.
– Автобустарда билет таратылмайды, жүру кестесі бұзылады, арадағы интервал сақталмайды, таңғы және кешкі уақыттарда  уақтылы шықпайды. Жолаушылар оларды жарты сағаттап күтуге мәжбүр. Медициналық және техникалық тексерулер дұрыс жасалмайды. Автобус жүргізушілері жолда келе жатып, темекі шегеді, телефонмен сөйлеседі. Салонның іші лас, перделері кір. Ал, қысқы уақытта  автобус іші  суық. №52, 96, 121, 54, 125 бағыттағы көліктердің интервалы 30 минутқа дейін жетеді. Ал №4, 12, 17, 17В, 70, 76, 23, 9, 20, 8 бағыттағы автобустарда қызмет көрсету сапасы өте төмен, – дейді Б.Қалдыбекова.
Мәселен, «Өткір Нұр» қоғамдық бірлестігі жолаушылар тасымалына қатысты сауалнама жүргізген екен. Соның нәтижесінде, автобустардың 90 пайызы дер кезінде келмейтіні анықталған. Жолаушылар жарты сағаттап аялдамада күтуге мәжбүр. Қыс ауасында мұның қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Мына қым-қуыт заманда адамдар артық әрекетті көтере бермейтін халге жеткен. Әсіресе, қоғамдық көлік ішінде жүргізушілердің көлік тізгінін ұстап келе жатса да, ұялы телефонымен барынша айқайлай сөйлесуі, кондукторлардың әр аялдамада ащы дауыстарымен адам жинауы, автобуста өзін қожайын сезініп, жолаушылармен дөрекі сөйлесуі, жұрттың жүйкесін жұқартып бітті. Тиын табу мақсатымен адамгершілікті де ұмытып бара жатқандай ма? Мектептен шыққан оқушыларға тоқтамай немесе оларды жұлқылап, қас қарайған сәтте автобустан жылатып шығарып жіберу оқиғалары да кездеседі. Жолы болып, міне қалса, сөмкесі «көзге шыққан сүйелдей» көрінеді. Бір нәрсе деп уәж айтуға немесе сабырға шақыруға тырыссаң, «Ұнамаса таксимен жүр!» деп айқайлайтынын қайтерсіз? Көбінесе, мұндай ерсі әрекеттерге  көз жұма қараймыз.

Жол апатына себепші...

Жуырда ғана  қаламызда қоғамдық көліктердің қатысуымен жантүршігерлік оқиға орын алды. Қатты жылдамдықпен келе жатқан №19 автобус жоғарғы «Отырар» аялдамасында тұрған екі бірдей автобусқа соқтығысып, соның салдарынан бір бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Ауыр жарақат алған тағы бір қыз жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жұлымына зақым келген. Осы оқиғаға кінәлі деп  табылған қоғамдық көлік жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлер қоғамдық көліктердің өзара жарыс ұйымдастыруының нәтижесінде жол-көлік апаты орын алатынын жоққа шығармайды. ОҚО ІІД анықтау басқармасының басшысы Дауыл Панзарбековтың айтуынша, Шымкентте жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен 24 көлік апаты тіркелген. Оның 19-ы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен  орын алған. Соның нәтижесінде, 4 адам қаза тауып, 45 адам жарақат алыпты. Діттеген жеріне өзгелерден ерте жету, аялдамаларда адамды көптеп жинау, жол ережесін өрескел бұзу секілді себептердің салдарынан адам өмірі мен оның қауіпсіздігі соңғы орынға ысырылып қала береді. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері көлік компанияларына 285 ескерту жасалыпты. Оның ішінде экологиялық талаптарға сай келмейтін қоғамдық көліктер бағытқа шығарылған, бекітілген киім үлгісі, тиісті құжаттары болмаған, қозғалыс жиілігін орындамаған және GPS қондырғысын орнатпаған. Қала әкімінің тапсырмасымен, келесі жылдың қаңтар айынан бастап, барлық қоғамдық көліктерде  GPS қондырғысы міндетті түрде болу керек. Оны әр компания өз есебінен қояды. Ережені бұзған көлік компанияларымен шарт бұзылады және ісі сотқа жолданады.Қалалық көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, бүгінде  992 көлікке автоматтандырылған жүйе қойылған.

Көлік қауымдастығы не дейді?

Әңгіме  қоғамдық көліктер қызметіне кеп тірелгенде, бұл ретте «Южавтотранс» көлік қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюповтың айтар уәжі көп. Талабы да жоқ емес. Оның  айтуынша, қоғамдық көліктердің шығыны көп. Жанар-жағар май бағасы қымбат және маман тапшы. Сонда қалай? Қала көлемі ұлғайып, бағыттар ұзарды. Бұрын қала сыртындағы елдімекендерге қызмет көрсететін компаниялар нарықтың сұранысын ескеріп, жолақыны 50 теңгегеге теңестірді... Ал  уақыт сайын салаға еніп жатқан осындай «өзгерістер» жүргізушілердің күнделікті қызметіне әсер етпей келеді. Қит етсе жүргізушілердің  «қорғаушысы» болып шыға келетін Дархан мырза қоғамдық көліктердің «мүшкіл» халіне айыптыны іздегенше, олардың келеңсіз әрекеттеріне неге «өзгеріс» енгізбейді? Құйынмен жарысқан автобустардың қала көшелерін автожарысқа айналдыратыны, құйғыта адам таситыны көпшілік үшін қалыпты көрініске айналды. Ал мұның соңы адам өліміне апарып соғатыны кеше ғана қала көшелерінде орын алған қайғылы жағдайларға апаратыны айтпаса да түсінікті шығар. Алайда шиеленіскен жағдайдың да шешімі болуы тиіс.
Осыдан бірер жыл бұрын көлік компаниялары жолақысы 35 теңгеден 40 теңгеге көтерілген кезде, енді шығындарын жабатынын, үстінен пайда көретінін айтқан еді. Алайда, көп ұзамай, 40 теңгеден 50 теңгеге көтерілді. Ол кезде де қоғамдық көліктерде тәртіп орнайтынын, барлық кемшіліктердің ретке келетінін айтып ақталған. Жатталып қалған әннің қайырмасы секілді, бүгінде олар мәселенің тағы бір шетін шығарып отыр. Ол қаржыға келіп тіреле береді. Айта кетерлігі, бұдан былай көлік компаниялары автобустарды жүйелі түрде жаңартып отырады. Сала мамандары осындай ұсыныстар айтуда. Өзара келісімге келген компаниялармен екіжақты шарт уақыты біршама ұзартылмақ. Ал, күткен межеден көріне алмаған көлік компаниялары қызметін тоқтатар болса, одан келер қиындық жоқ екен. Өйткені, бұл іске өзге де инвесторлар құлшына кірісуге даяр. Мәселен, метан газымен жүретін  жаңа 200 автобус бағытқа шығуға дайын.

«Қауіпсіз көлікке отырғым келеді!»

Айталық, Шымкент қаласы әкімінің www.shymkent.gov.kz ресми сайтына әсіресе жолаушы тасымалына қатысты арыз-шағымдар легі толастаған емес. Келіп түсетін сұрақтардың басым көпшілігі осы салаға қатысты. Ендеше оның бірнешеуіне тоқталайық.

Марина Долгушева:
– Бүгін №58 бағыттағы мемлкеттік нөмірі «346 CHA»автобусына отырдым. Алдыңғы есіктің жанында  үлкен  екі музыкалық колонкалар қойылған, (фотосы бар) автобуста музыка жаңғырып тұр. Дауысын төмендетуді сұрап едім, «ұнамаса отырма!» деп дөрекі жауап берді. Қала автобустарының осы сыйқына кім жауап береді? Неге жүргізуші мен контролер дөрекілік танытуы керек. Тіпті, олардың арнайы формалары да жоқ. Мен дискотекаға келген жоқпын, қоғамдық көлікке отырдым! Қоғамдық көліктерде қашан тәртіп орнатасыздар?

Татьяна, қала тұрғыны:
– Менің балам үйімізден алыста орналасқан мектепте оқиды. Күн суытқалы көліктер  кешкі сегізден кейін жүрмейді немесе балаларды орта жолда тастап кетеді. Мектептен үйге жету қиын. Былтыр да осы мәселеге қатысты өтініш білдіргенде, автобустар 21.00-ге дейін жүреді деген жауап алған едім. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.
Қоғамдық көліктерге қатысты өтініштер Гаухар Кукебаевадан, Сейфулла Қалымбетовтен, А. Оңласыннан, Е.Т улеповадан, Ғабит Бекболатовтан да келіп түскен.

logo ps

Сананы тұрмыс билеген заман. Алайда, көлік компаниялары қалтасын ойлаймын деп адам өмірін ойыншыққа айналдырған секілді. Бүгінде қай-қайсысымыз болсақ та, қоғамдық көлікке отырғанда «үйімізге аман-есен жетейікші» деп жанымызды шүберекке түйеміз.  Жолдың арғы-бергі бетіне өтсек те, қоғамдық көлік ішінде отырсақ та, қауіпсіздік жағын көп ойлайтын болдық. Автобустарды кез келген адам тізгіндеп кетті. Бұрынғыдай оларды қатаң түрде іріктеу жүргізілмейді. Бар мәселесін қаржыға тіреген көлік компаниялары бір сәт болса да өз кемшіліктеріне де зер сала қараса екен дейсің. Өзін «Шумахер» әрі автобус пен жолдың қожайыны сезінгендер сабасына келсе жөн болар. Егер көлік компания басшылары өзіне қарасты қызметкерлеріне адами әрекеттер жайында жиі айтып, мәдениеттілікті көбірек үгіттесе дейміз. Ал, ол үшін оған мемлекеттен қаржы сұраудың қажеті жоқ шығар...

 

Последнее изменение Пятница, 21 Ноябрь 2014 12:14