Ұлы Жеңіс оңай келген жоқ
Ұлы жеңіске – 73 жыл! Қазақстанда мереке жетерлік. Бірақ, сол мереке-мейрамдардың ішіндегі адам баласының жүрегіне ең қымбаттысы, ең қастерлісі Жеңіс мейрамы болса керек. Себебі, 1418 күнге созылған екінші дүниежүзілік соғыс әлем тарихындағы ең сұрапыл, ең ауыр, ең қасіретті соғыс болды.
Бұл соғыс 20 миллиондай адамның өмірін қиды. Статистикаға жүгінсек, елімізден майданға 1 млн 400 мыңға жуық адам аттанған. Сұм соғыста 600 мыңға жуық отандасымыз опат болды.
Бірі әкесін, бірі атасын, бірі жарын, бірі ұлын осы сұрапыл соғыста жоғалтты. Ал көзі тірі ардагерлер замандастарын, қаруластарын еске алады. Солардың бірі – Еңбекші аудандық ардагерлер кеңісінің төрағасы Жұпарбай Асылов. Немересін жетектеген тыл ардагері жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, ерен ерліктеріне тағзым білдіру мақсатында Даңқ мемориалына келеді. Әр келген сайын көңілі босап, жаны толқиды.
Әрине өткен күн тарих болып қалары анық. Бірақ соғыс зардабы ешқашан ұмытылмайды, оның жаңғырығы өшпейді. Батыр жауынгерлердің ерлігі ел есінде қала бермек. Ардагерін құрметтеген ұрпақтың ендігі тілегі – аспанымыз ашық болып, төрткүл дүние кеңістігінде соғыссыз әлем орнасын. Адамзат енді соғыс көрмесін!
Киелі қара шаңыраққа – 100 жыл
Шырайлы шаһардың төрінде орналасқан Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейі кезінде өңіріміздегі қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп болған. Биыл осы киелі қара шаңырақта қос қуаныш қатар келіп отыр. 1918 жылы құрылған білім ордасы мен Қарсыбай Спатаевтың туғанына 100 жыл толады. Ғасырлық тарихы бар мектеп мерейлі мерекені ерекше атап өтудің қамына кіріскен...
Сырдария губерниясына мәшһүр мектеп
Бұл мектеп 1918 жылы ашылғанда жалғыз ұстаз болды. Ол кезде мектепте небәрі 22 оқушы дәріс оқитын. Тарих-шежіренің мәліметтеріне үңілсек, сол кездері Сырдария губерниясындағы бірден-бір, аты атырапқа тараған мәшһүр мектеп болған. Ал Сырдария губерниясы үлкен аумақты алып жатты. Оңтүстік Қазақстан облысымен қатар қазіргі Қызылорда, Жамбыл облыстарына тиесілі жерлер осы губернияға қараған. Қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектепке бүкіл Оңтүстік өңірінің түпкір-түпкірінен ат сабылтып шәкірттер білім алу жолына түсіп жатты.
Коммунадан – Спатаевқа дейін
Білім ұясына 1921 жылдан бастап №1 Коммуна мектебі деген ат беріледі. Бұл кездері бастауыш мектепте 89 оқушыға 3 ұстаз дәріс берді. Ал 1925 жылы Түркістан өлкесінде Кеңес үкіметін белсенді ұйымдастырушылардың бірі Сұлтанбек Қожановтың есімі берілді. Бұл жолы шәкірттердің саны 104-ке жеткен еді. Олардың ішінде білімге бетбұрыс жасаған 3 қыз болатын. 1926 жылдан бастап мектепті Тәңірберген Отарбаев басқарды. Осы тұста мектепте есімдері күллі Қазақ еліне тараған, Кеңес Одағының батыры атағын алған қайсар ер, қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлы мен қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, халқының біртуар азаматы Әбілда Тәжібаев сынды шәкірттер оқыған. Батыр Бауыржан Момышұлы өзінің шығармалары мен естеліктерінде Тәңірберген Отарбаевты тебірене еске алған. Мәдени революция жылдары мектепке Мұсай Әйкенов басшылық жасады. Мектеп ұжымының дамуы мен басқарудың іскерлігі нәтижесінде 1936 жылы 17 адамнан құралған үрмелі аспаптар оркестрі еліміздің сол жылдардағы астанасы Алматы қаласында өнер көрсетіп, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1 хатшысы Мирзоянның қолынан арнайы сыйлық алады. Бұл мектептің елелулі оқиғаларының бірі еді...
...Одан кейін Ұлы Отан соғысы басталады. Қан майданда ерлік көрсеткендердің арасында Шаян елдімекенінің тумасы Қарсыбай Спатаев та бар еді. Жауынгер 1942 жылы соғыста қаза тауып, 1943 жылы Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Осы тұста мектеп ұжымдары Үкіметке өтініш жасап, білім ошағына Қ.Спатаевтың атын беруді сұрайды.
1943 жылы 17 сәуірде мектепке батыр есімі беріліп, майдангердің ерлігін паш ететін мұражай ашылады. Ал 1982 жылы мектептегі ер балалар хоры батыр ерлігін көрсеткен өлкеге барып, батырдың қабіріне туған елдің топырағын салып келді. Кейін Қарсыбай Спатаевқа арнап, көркем фильм де шығарылды.
1963 жылы мектеп қазіргі Республика даңғылы бойындағы 4 қабатты ғимаратқа көшірілді.
Үлгілі ұстаз бен өнегелі шәкірттер мекені
Мектеп тарихында есімдері мәңгі ұмытылмайтын ұстаздар қауымы бар. Атап айтар болсақ, бұл күндері марқұм болған Мәкен Хамитова, Садық Сарбасов, Қатира Тұрғанбаева, Казақ КСР-на еңбегі сіңген ұстаз Т. Қуанышова.
1970-80 жылдары мектеп кабинеттік жүйеге көшірілді. Бұл кезеңде шәкірттерінен күш-жігерін аямаған ұстаздар қатарынан орыс тілі пәнінен Клара Абдуллаевна, есеп-қисапқа баулыған математика пәнінен Мария Қожагельдиева, Ұлбосын Темирова, Ұлмекен Серханова, тарих-география пәнінен Камила Пірімбетова, Жамила Құрмашеваларды ерекше атауға болады.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, осы жылдарда мектеп бітірген шәкірттер ғылым көкжиегінен көрініп, ерен еңбек жеңімпаздары бола білді. Математика ғылымының докторы, академик Өмірбек Жолдасбеков, медицина ғылымының докторы Иманәлі Байдәулетов, Социалистік еңбек ері, ұшқыш Асылбек Жасымбеков, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артист Ақсақал Қалмырзаев, ауыл шаруашылығы министрінің қызметін атқарған Асылжан Мамытбеков сынды түлектер мектеп мақтанышына айналған. Қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Ақжол Мейірбеков, Бауыржан Исаев және енді танылып жүрген дарынды бұлбұл дауысы бар Мөлдір Бақытжанқызы да мектептен шыққан талантты шәкірттер қатарынан көрінді.
43 жыл мектеппен бірге
Қазір мектепті «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Білікті басшы», «Ұлағатты ұстаз» төсбелгілерінің игері Орынкүл Алшынбекова 2006 жылдың қараша айынан бастап басқарып келеді.
– Алғашқыда ұстаздар аз еді. Мектеп ұжымы педагогикалық институтпен тығыз қарым-қатынаста болған. Ондағы студенттер мен мектептегі шәкірттердің аз болуынан бір мұғалім екі жақта сабақ беретін. Біздің өңірдегі ең алғашқы оқу-ағарту саласындағы кісілердің біразы бізде дәріс оқыды. Ал өзіме келсем, 1975 жылы институтқа оқуға қабылдандым. Сол жылдан бастап осы мектеппен біргемін. 16 жыл оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істедім. 12 жылдан астам уақыттан бері мектеп директорымын, – дейді ұлағатты ұстаз.
Орынкүл Жұмабайқызынан мектептегі ерекше есте қалған оқиғаны баяндап беруін сұрадық:
– 1978 жылы біз IV курста оқып жүргенде ең бір елеулі оқиға – мектептің 60 жылдық мерейтойы өтті. Сол кезде мектеп шәкірттері Бауыржан Момышұлы мен Әбілда Тәжібаев ағаларымыз келді. Бәрі қонақ келді деп мәре-сәре болып жатты. Сонда менің есімде сақталғаны – мектептің табалдырығын аттаған Бауыржан ағамыз табалдырықта тұрып, иіліп сәлем берді. «Бұл мектептің үлкені де, кішісі де менің ұстаздарым, себебі, мен осында білім алдым» деп батыр аталарымыз ризашылығын білдірген болатын. Сондай тұлғалардың көзін көру мен үшін үлкен мәртебе еді. Сол кісілердің өмір жолынан өзімізге өнеге ала бастадық, – деп өткенді еске алып, мамандық таңдауда адаспағанын ұқтырғандай болды.
Айта кетейік, тарихы тереңде, шәкірттері күллі Қазақ даласына әйгілі білім мекенінде бүгінде 2400-дей оқушыға 200-ге жуық мұғалім білім нәрін себеді. Мектеп Шымкенттегі үздік ондықтың қатарында. Елбасының биылғы Жолдауында орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталғаны айтылған. Біздің мектеп те сол жаңалыққа ілесіп, білім көкжиегіне ұмтылуда.
Өтебаев өнегесі – колледж мәртебесі
Колледжге ұлағатты ұстаз Манап Өтебаевтың есімі берілді.
Өңірімізде ұрпақ тәрбиесі, білім беру және спорт саласының дамуына елеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаның туған күні қарсаңында оқу ордасының алдынан ескерткіші ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында болмысы ерек азаматтың ұлт болашағы үшін жасаған еңбектерін замандастары сағынышпен жеткізді. Ұстазбен қызметтес болған жандар аптал азаматтың, әсіресе, нарықтық экономика жылдары сұранысқа сай мамандар даярлаудағы табанды тірліктерін еске алды. Елі үшін туған асыл ердің игі істері жайында айтылған жылы лебіздер легі бұл күн аз болмады.
– Тәуелсіздік алған жылдыры елімізде барлық сала дағдарысты бастан кешті. Сол секілді кәсіптік білім беру саласында оқу орындарын ыңғайластыру жұмыстары жүрді. Осы жылдарда республикада 1445 мектеп, 56 училище, 30 техникум жабылды. Сонда Қазақстандағы 300-ге жуық техникум арасынан бас көтеріп, мұндай саясатқа қарсы тұрған бірден-бір азамат – Манап Өтебаев болды. Бұл кісінің осындай ерлігінің нәтижесінде техникумдарды жаппай жабу, біріктіру үрдісі тоқтады, – деді ҚР білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Қадырбек Бөрібеков.
Мерейтой барысында «Манап Өтебаев 80 жыл» тарихи-танымдық халықаралық конференциясы ұйымдастырылып, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен және ТМД елдерінен ғалымдар қатысты.
Ерлікке – тағзым
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай Шекарашылар алеясында «Ерлікке тағзым» атты митинг болып өтті.
Шымкент қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға қатысқан ауған соғысы ардагерлері, қорғаныс істері, ішкі істері саласы қызметкерлері, студенттер мен оқушылар алеяға гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысында шейт болған боздақтардың рухына Құран оқылды.
Жиында сөз алған Ауған соғысының ардагері М. Сейдулла соғыста қаза тапқан қарулас достарын еске алып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік етті.
– Соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Соғыстың аты – соғыс! Алдағы уақытта біздің ұрпақтарымыз сұм соғыстың не екенін көрмесін деп тілеймін, – деді ардагер
Айта кетейік, 1979 жылы басталған соғыс 10 жылға созылып, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауған жерінен шығарылды.
Құрмет көрсетті
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Омаров Ұлы Отан соғысының ардагері, 91 жастағы Төрегелді Зорбанов ақсақалдың үйіне барып, жаңа жылдық мерекемен құттықтады.
Қалада 106 соғыс ардагері бар. Бүгінде көпқабатты үйде тұратын ардагерлерге жылу тегін беріледі. Қала әкімдігі мен «Қуатжылуорталық-3» МКК арасында осындай келісім-шарт түзілген.
И. Рысбай мен М. Омаров қадірлі қарияға жылу тарату мекемесінің жасаған сый-сыяпатын да табыс етті.
Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ: «Тіл тазалығын сақтау – елдігімізге сын»
Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы
және С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың иегері
– Дүрәлі аға, көпшілік сізді спорт журналисі, мәдениет қайраткері ретінде таниды. Бірақ жеке өміріңіз жайлы біле бермейді. Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ...
– «Оңтүстіктің Швейцариясы» деп аталатын Түлкібас өңірінің азаматымын. Шақпақбаба дейтін ауыл бар. Бұрынғы Высокое селосы. Тараз бен Шымкент, Жуалы (Жамбыл облысы) мен Түлкібас (ОҚО) аудандарының орталықтары – Бауыржан Момышұлы мен Тұрар Рысқұловтың қақ ортасындамыз. Бізден шығысқа қарай Жамбыл облысы. Әдемі жерде тұр. Бірақ жақын елдімекеннен егіннің, жеміс-жидектің пісуі тура бір аптаға кем. Қысы қатал, жазы қоңыржай. Жазда – жел, қыста – боран. Біреулерге жайсыз шығар, жел болмаса «ауа жетпей» «тұншығып» қаламыз. Мінезіміз де облыстағы өзге өңірлерге қарағанда қатаңдау, тіктеу.
Спорты дамыған С.Бреусов атындағы мектепті 1971 жылы тәмамдап, ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. 1981 жылы оны бітіре салып, атақты «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналастым. Онда он алты жыл табан аудармай жұмыс істеп, 1996 жылы ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің жаңадан ашылған «Қылмыс пен жаза» – «Преступление и наказание» атты газетіне бас редактор болып бардым. Кейіннен әскери қызметте болып, зейнетке шыққан соң «Халық сөзі», «Sport» – «Спорт» газеттерінде қызмет еттім. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушымын.
– Биыл пайғамбар жасына толдыңыз. Өмірден не түйдіңіз? Қазіргі таңда бата сұрасаң, тост айтатын қариялар бар. Алдыңғы буын мен кейінгі буын өкілдері арасындағы сабақтастық қандай? Көңіліңіз тола ма?
– Өмір болған соң адамның қартаюы заңды. Біз де жас болғанбыз. Бірақ біздің жастық шақ басқаша өтті. Қазіргі жастар бақытты. Ақпараттар ағыны ашық заманда өмір сүреді. Көп біледі. Алайда тәрбиеміз бөлек. Құймақұлақ, ата-әженің әңгімесін тыңдап өскен ұрпақпыз. Кітапқұмар ұрпақпыз. Бірақ біз естіген әңгімелер мен оқыған кітаптар бүгінгі күнге сай ма? Қазіргі жастар біз секілді құлдық психологиясы басым емес, азат ойлы азаматтар. Бірақ неге ұлттық құндылықтан алшақ жастар көп? Неге ақшаға қатты құнығып, барымызды баса-көктеп жаншып барамыз? Ойланатын нәрсе жетеді.
Жетпіске жақындап қалған өзін әлі де жастар қатарында санайтын бір азамат көшедегі бір жөнсіздікті байқап қалып: «Апыр-ау, мынаусы несі, осыларға ақыл айтатын бір қария жоқ па?» десе керек ашуланып, сонда қасында еріп келе жатқан бір інісі: «Көке-ау, сол қарттың бірі сіз емессіз бе?» деген екен. Сонда әлгі кісі: «Әй, біз де шал болып қалыппыз-ау» деп басын қасыпты дейді. Сол айтқандай, нағыз қариялар бұрынғылар ғой. Олар айтатын, өздері үлгі болатын. Сөзі бөлек, тірлігі басқа шалдар көп қазір. Көрген-білгеніңді айтайын десең кейбір «ақылды «қарттар» «жаманатты болып қайтесің» дейді. Өздері жеккөрінішті болғысы келмейді. Сонда кім айтады? Білгеніңді айту ақылгөйшілік пе?
Алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасы алшақтап бара жатқандай. Қазіргі жастарға ақыл айтсаң ұнамайсың, сын айтсаң – жаусың. Бәрі бірдей емес шығар, әрине. Алдыңғы буынның өзіне үлгі болатын жастар да бар.
– Сіздің тіл тазалығы туралы пікірлеріңізді ашық айтып та, жазып та жүргеніңізді білеміз. Бүгінгі баспасөз беттеріндегі тіл тазалығы туралы не айтасыз?
– Тіл білімінің алыбы Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» деген сөзі бар. Баспасөзде арасы былғанған сөздер жиі байқала қоймайды. Біздің тілдік ережемізге жат сөздер көп қолданылмайды. Әрине, кейде «бізде былай айтылады» деген сыңайда жергілікті сөздерді қолданып жатамыз. Жат елдік сөздерден гөрі осы өз арамыздағы жергілікті сөздерді қолдану басымдау. Басқасын айтпай-ақ қояйық, қазір «жұмыс істеу» деудің орнына «жұмыс жасау» деген тіркес қолданыла бастады. Кейбір газеттерде бас тақырыпқа шығып кетіп жүр. Бұл дұрыс емес. «Жұмыс істеу» процесс, ал «жұмыс жасау» акті. Екеуінің мағынасы екі түрлі.
Орысшадан тікелей аударылған калька сөздер де кездесіп қалып жатады. «Болып табылады», «орын алды», «есептеледі» деген секілді.
– Телеарналар мен радиода ше?
– Мұнда мәселе басқаша. Жазып алынатын хабарларды тексеруден өткізіп, монтаждап жіберуге болар. Бірақ тікелей эфир деген бар. Кім қалай сөйлейді, солай кетеді. Қай қонақтың аузына қақпақ боласың. Бағдарлама авторының өз ісін жақсы біліп қана қоймай, дұрыс сөйлей алатын адам іздейтіні сондықтан.
– Сөз зергері Ғ.Мүсірепов «Ысылмаған ауыздан кедір-бұдыр сөз шығады» дейді. Комментаторлардың сауаттылығы жөнінде не дейсіз?
– Ғабең өте дұрыс айтқан. Мына Ресей теле-радио мекемелерінде үш буын қатар жұмыс істейді. Аға буын, орта буын және жас буын. Сексеннің арғы-бергі жағындағы Познерлер әлі жүр. Мұндай жүйеде дәстүр жалғастығы бар. Тіл тазалығы сақталады. Кіші буын орта буыннан, орта буын аға буыннан үздіксіз үйреніп отырады. Мектеп қалыптасқан. Бізде ше? «Жастарды тартайық» дедік те үлкен буынды ысырып шығардық. «Жас келсе – іске!» дейді қазақ. Бұл, негізінен, дұрыс үрдіс. Жастарды жұмысқа көптеп тартуды айтамын. «Ақыл – жастан...» деп бекер айтпайды ғой. Бірақ дәстүр жалғастығын үзіп алдық. Телевидение мен радиода мықты журналистер жұмыс істеді. Қазақтың ауыз әдебиетінен қанып ішкен, ата-әже ертегісін, ана әлдиін өз тілінде естіп, құлағына сіңдіріп өскен, аузынан сөзі құйылып тұрған талай ағаларымыз бен әпкелерімізді білуші едік. Солар қайда қазір? Салалық теле-радио мекемелерін білмеймін, орталықтарда олардың бірі де жоқ. Дәстүр жалғастығы бұзылған. Жастар тіл білмейді деп үзілді-кесілді айтуға болмас, бірақ бұзып айтады. Қазір көрермендер мен тыңдармандар айтып жүргендей, «ң» әрпіне тілі келмейтін тележүргізушілер көбейіп кетті. Орысша ойлап, қазақша акцентпен сөйлейтіндер пайда болды. Кезінде құжатта кеткен қателіктерге байланысты орыс ыңғайында бұзылып жазылып кеткен аты-жөндерді дәл солай айтатындар бар. Мысалы, «Балапан» арнасында «Адина мен Мадина» (ұмытпасам, осылай) деген бағдарлама шықты. «Әдина мен Мәдина деп неге қазақша айтпайсыңдар?!» дегенге бас редактор «Азан шақырып қойған атын біз қалай өзгертеміз?» деп жауап берді. Әке-шешесінің сауатсыздығынан құжат осылай толтырылған шығар. Бірақ қазақ бағдарламасында қазақша айту керек қой. Қысқасы, құжат дұрыс толтырылмай, «қате қазақтар» мен қате сөйлеу көбейе бермек.
– Комментаторлардың сауаттылығы көңіліңізден шыға ма? Қандай комментаторды ерекше атап өтер едіңіз?
– «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бұл әңгіме алысқа кететін сияқты. Қазақстанда кәсіби комментатор жоқтың қасы. Кәсіби спорт комментаторы деген кім? Ол – өзі жүргізетін спорт түрін өзгелерден әлдеқайда жақсы білетін маман. Ресейде әр комментатор өзі жақсы білетін спорт түрінен ғана репортаж жүргізеді. Соның өзінде сынға ілігіп жатады. Ал бізде бір комментатор бірнеше спорт түрін жүргізе береді. Өйткені маман аз. Сәл ертеректе белгілі спорт комментаторы Асхат Сағынаев «бойшаң бойлы» деген тіркесті жиі қолданатын. Бұл екеуі синоним сөздер ғой. «Бойшаң» деген «бойлы, бойы ұзын» дегенді білдіреді. Біз де ескерттік, басқалар да айтып жүрді. Қазір бұл тіркес Асхаттың сөз қолданысында жоқ.
Белгілі журналист Сәкен Сыбанбай сөз еткендей, «ойын тәртібін бұзу орын алды», «алжирліктер допты жоғалтып алды», «енді келесі ойынды жіберетін болды» және т.б. калька тіркестердің өріп жүретіні несі? «Ойын тәртібі бұзылды», «доптан айырылып қалды», «келесі ойынға қатыса алмайды» десе де болады ғой. Бокста «алдыңғы қол», «артқы қол» деген тіркестер қолданылып жүр. Алға созып жүретін қол – алдыңғы, негізгі соққы жасайтын, сәл артқа тартылған қол артқы қол. Осылай деп айтқанға ептеп құлақ үйренді. Қазақша дұрыс болмаса да. Енді «алдыңғы аяқ», «артқы аяқ» деген шықты. Спортшыны төрт аяқты жануарға теңемей-ақ, бұған да келісер едік, бірақ мұнда екі аяқ жұдырықтасу үстінде бірде алға, бірде артқа кетіп, орын ауыстырып тұрады. Сондықтан «алдыңғы аяқ», «артқы аяқ» деген келе бермейді. «Гол соқты» дейміз. «Гол салды» дегенді сирек айтатын болдық. Негізі допты баспен соғуға болады. Бокста қолмен соғады. Футболда аяқпен тебеді.
Әркімнің сөзі де, өзі де өз орнында болуы керек. «Комментатор болдың ба, жұмысыңды адал атқар. Сені миллиондаған адам тыңдап отыр. Үлкендер сөзді біледі, ал жастар мен жасөспірімдер сенен үлгі алады, тілді бұзба» дегің келеді. Олай десең, біреуге жау, бітіспес дұшпан көрінесің. Қазір сөзді түсінетін кейбір бауырларыма болмаса, ескерту жасамайтын болдым. Амангелді Сейітхан сақа комментатор ғой. Орта буынның басында тұрған Есей Жеңісұлы, Ғалым
Сүлеймен, Шалқар Естен, Жандос Айтпайұлы секілді жігіттер кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерге қарамай, елді мойындатып үлгерді. Есей – ақын, комментаторға қажетті суырыпсалмалық онда бар. Сөзі өтімді. Кейде асығыстау, жылдам сөйлеуге бейім. Бәлкім, Есейдің мықтылығы сонда шығар. Ғалымның сөздік қорында баламалар көп. Спортты да жақсы біледі, бірақ білетіндерін бір сәтте айтып тастауға бейім. Шалқардың даусы біртоға, тартымды. Жандос талдауға жиі барады. Тек эмоциясын дұрыстау керек. Жас та болса Ермұхамед Мәуленнің білімділігі, кейбір спорт түрін іштей білетіндігі қуантады. Сурыпсалмалығы да бар. Жандос Байділда, Айбек Қабылша және жас та болса өзінен көп үміт күттіретін Уәлихан Қосанбай деген жігіт бар. Жандос төселіп қалды. Айбек сын мен мақтауды бірдей естіп жүрген азамат. Сынды жақсы қабылдайтын жігіттің бірі осы. Тез өсіп келеді. Ал Уәлихан көрінбей кетті...
Жалпы жұрт алдында жиі болатындықтан оларға сын айтатындар көп. Біліп те, білмей де айтуы мүмкін. Бірақ «сен не білесің?» деуге болмайды, экранның ар жағында спортты олардан әлдеқайда жақсы білетін, сөз қадірін жақсы түсінетін азаматтар аз емес. Олардың арасында академиктер мен спортшылар да отыр. Сондықтан, Абай айтқандай, керегін ал.
– Әлеуметтік желілердегі тіл тазалығы қандай деңгейде?
– Бұл, енді, ең қиын мәселе. Тілдің былық-шылығы басым жер осы. Өйткені мұнда елеп-екшейтін ешкім жоқ. Кімнің сауаты қалай, солай жазады. Ақпаратты жылдам тарату үшін тез жазып, желіге тез салғысы келетін болуы керек, сірә. Сондықтан әлеуметтік желімен жұмыс істейтін журналист немесе блогердің қазақ тілінің ережесін, стильдік ерекшеліктерін жақсы меңгерген, сауатты жан болғаны абзал.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ
Тәуелсіз елдің тарихи белесі
Тілдерді оқыту орталығына – 20 жыл
«Тіл. Тәуелсіздік. Тағылым». Осындай тақырыпта Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жылдық мерейтойына орай ғылыми-практикалық конференция өтті.
Оған облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы және зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырлары қатысты.
Конференцияны Ұ. Сәдібекоа ашып, аймақ басшысы Ж. Түймебаевтың арнайы құттықтауын оқып берді. Іс-шара барысында орталықтың 20 жылдығына арналған бейнефильм көрсетіліп, арнайы көрме қойылды. Сонымен қатар, сала мамандары латын қарпіне көшу жайында баяндамалар оқыды.
– Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы ашылғалы бері 20 мыңнан аса тұрғын тілдерді оқып үйренген. Оның 82%-дан астамы мемлекеттік тілді, 10%-ы ағылшын тілін үйренген.
Білім алушылардың сапалық құрамы бойынша 30% мемлекеттік қызметшілер болса, 52% бюджеттік сала мамандары. Ал жыл басынан бері орталықта 1 546 азамат тілдерді дамыту курсын аяқтаған, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.
Сонымен қатар, орталықта тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін, оқу процесін іске асыратын 14 оқытушы, 1 әдіскер еңбек етеді.
– Біз кирилицада қалатын болсақ, орыс әліпбиінің филиалы секілді болып қаламыз. Қазақ тілі – бай тіл. Сондықтан, өзіміздің жеке әліпбиіміз болуы керек. Тәуелсіз ел ұлттық рәміздерін, тұңғыш астанасын бекітетіні секілді, өзінің әліпбиін де бекітеді. Жаңа қаріпке көшу арқылы ел ішіндегі және өзге мемлекеттерде жүрген қандастарымыздың арасындағы ақпараттық қарым қатынас артады, – деді Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов.
Шара соңы пікір алмасуға ұласып, тіл жанашырларына алғыс хаттар табысталды.
Ерсұлтан Әмірбек: «ТОЙ арсыздықты емес, АТА САЛТТЫ АРДАҚТАЙТЫН АЛАҢ»
Пейілі кең, көңілі шалқар қазақ халқыныңтойсыз күні жоқ. Сондықтан болар, тойды қазына санаймыз. Қазақ шаңырағында нәресте өмірге келген күннен ұлан-асыр той басталады. Сосын бесік той, сүндет той, үйлену, қызұзату, алтын, гауһар той... Иә, қазақты тойдан айырмасын дейміз. Тек соңғы уақытта алтын қазынамыздың қадірі қашты, өз болмысынан ажырап, құндылығы төмендеп барады. Бұл қазақ рухына, мәдениетіне, өнеріне жаны ашыған азаматтарды ойландырмай қалмауы тиіс жағдай-тын. Қазір әлеуметтік желіде нақ осы той тақырыбында Оңтүстікте «ONtoi жұлдыздары» атты байқау басталып кетті. «NAR-TV» телеарнасының директоры Ерсұлтан Әмірбектің ұйымдастыруымен қолға алынған байқау жайында біраз жайтқа қанық болдық.
– Ерсұлтан аға, идеяның авторы кім? Байқауды ұйымдастыруға не түрткі болды?
– Қазақтың біте қайнасыпжатқан жері – той. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, өмірін көрсетін де осы – той. Біле білсек той – қазақтың ең үлкен сахнасы. Соңғы уақытта қазақтың сахнасында бейәдеп әрекеттер мен әндер, билер, ұятсыз ойындар көрінісі жиі орын алуда. Тойдың төңірегінде жүргендер, асабалар бүгінде ақша табуды ғана мақсат тұтады. Күлдіремін деп бүлдіреді. Келін мен қайынатасын билетеді, той қонақтарының әдепсіз қылықтарынан жүзімізді алып қашатын болдық. Тойдағы осы жағдайлар көптен бері мазалап жүрген-ді. Әлеуметтік желі арқылы қоғамға ой салу мақсатында «ONtoi жұлдыздары» атты байқау ұйымдастыруды жөн санадым. «ON» біздің оңтүстіктің бренді, «toi» ол белгілі дүние. Той мәдениетін қалыптастыруға арналған әлеуметтік желі қолданушылар арасындағы үздік жазбалар бойынша жарияланған байқауға облыстық «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Журналистер одағы ОҚО филиалы, облыстық Мәдениет және Ішкі саясат басқармасы, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалары, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы қолдау білдіріп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл мәселелер байқауда ғана емес, «NAR-TV» телеарнасында ашылған «ONtoi жұлдыздары» атты бағдарламада көтеріледі.
– Той мәдениетін қалыптастыру мақсатында дедіңіз, сонда қатысушылар тек тойлардағы кемшіліктерді көрсету қажет пе?
– Ата салтымызға жат бейәдеп қылық көрсетушілерді сын тезіне салу, кейбір тойдағы кезігетін дарақылықтар мен ысырапшылдықты жою секілді мәселелер міндетті түрде қозғалады. Дегенмен, байқаудың мақсаты кемшіліктерді айтып, сынап-мінеу емес. Мұндағы тағы бір мақсат– тасада қалып жатқан таланттарды жарыққа шығару. Ауыл-аймақтарда шын таланттар көп. Өнер иелерін дәріптеп, ерекше дарындылығын жария етуге болады. Ауылдың тойында жанды дауыспен ән шырқаған әншіні, не болмаса жас бала жарқ етіп шығып өлең айтып, елдің ықыласына бөленгенін видео арқылы жеткізсін. Жас өнерпаздың «ONtoi жұлдыздары» арқылы елге танылып, бағы жанып кетуі де ғажап емес. Сол себепті, байқауға қатысушылар осы жағына басымдылық берсе дұрыс болар еді.
Қазір қариялардың өзі тойда дұрыс бата бере алмай соңында «сол үшін» деп айтып қалып жатады. Егер тойда ақсақалдар керемет бата берсе, өсиет айтса, жариялауға мүмкіндігі бар. Құдалық, той жасап жатқан үлгілі отбасының ерекше қасиеттерін паш етсе, тіптен жақсы. Яғни, ауқымы кең байқау.
– Жеңімпаздарды қандай жүлде күтіп тұр?
– Байқаудың жалпы жүлде қоры – 500 000 теңге. Байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге ынталандыру сыйақысы тағайындалады. Фейзбуктегі ашылған топтағы жазбаларға жақсы пікір қалдырып, белсенді атсалысқан жандардың өзі сыйлықсыз қалмайды.
– Қатысушылардың белсенділігі қалай?
– Той мәдениетін көтеруге атсалысып, пікір білдіріп жатқандар саны күннен күнге артуда. Қазақ руханиятына жаны ашитын адамдардың бұл мәселеге келгенде бейжай қалмайтындығы қуантады. Оларға алғысымды білдіргім келеді. Байқау желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қорытындыланады. Әлі де болса әлеуметтік желі қолданушыларын белсендірек болуға шақырамын. Байқауға тек журналистер мен блогерлер ғана емес, той төңірегінде жүрген асабалар, өнер адамдары қатыса алады.
– Қазір тойдың науқаны қызып тұр. Жаңа бастамаңыздан қандай нәтиже шығып жатқандығын байқадыңыз ба?
– Адамдар видеожазба арқылы келеңсіз жағдайларды көрсе, оғаш екендігін түсінеді. Қоғамның талқысына түсіп қалмаймыз ба деп аңдап басып, аяқ тартатынына сенімдімін. Бірден «революция» жасай алмайтынымыз белгілі.
– Ттойдың түрі көп. Күн сайын тойланатын той-домалақтардан қазынамыз қасиетін жоғалтып алды деп ойламайсыз ба?
– Қазір тойды ысырап деп санайтындар бар. Дастарханға аста-төк тамақ қояды дейді. Дастарханымыз ысырап болып, қоқысқа кетіп жатқан жоқ. Мейлінше қонақтың ырысымен кетіп жатады. Тек бізде тойдың дәрежесіне қарай ықшамдап, ортасына қарай лайықты етіп жасау қажет. Қазыналы жиынға ниеттес, араласымы бар ағайын-туысты, дос-жарандар төңірегіндегілерді топтастыру керек. «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, «құтты болсын» деп айтқанның бәрін шақыру – дарақылық.
– Әмірбектер әулетінде тойды өткізудің ерекшелігі бар шығар...
– Той алдында алдымен үлкендер мәслихатта ақылдасады. Жаттанды асабаны шақырмаймыз. Жартылай жалаңаш ән айтатын «қуыршақ» әншілер емес, дәстүрлі ән айтып, тойды «жандыратын» әншілеріміз қонағымыз. Тойдың жақсы өтуі – шаңырақ иесіне байланысты. Мәнді, сәні өтсін десе тойдың сценарийін өзі жасауы қажет.
– Байқаудың басталғанына біршама уақыт болды. Үлесін қосам деушілерге кеш емес пе?
– Жоқ, желтоқсанға дейін уақыт бар. Фейсбук әлеуметтік желісінде «ONtoi жұлдыздары» тобына тіркеліп, #ontoi хештегімен, байқау атауын, логотипін қолданады. Сосын ой-пікірін, жазбасын, видеосын қалдырады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Дәуір дастангері – 90 жаста
Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов биыл 90 жасқа толды.
Осыған орай Шымкенттегі «Түркістан сарайында» мерекелік кездесу кеші өтті. Салтанатты шараға ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Торқалы 90 жасқа келіп, кемелденген азаматтың 600-ге жуық тарихи, көркем публицистикалық шығармалары оқырманның көңілінен шыққан. Қаламгер жазған «Келіншектау», «Ақбақай», «Замана перзенттері», «Мәңгілік сарын» атты дүниелер – ұлттық әдебиетіміздің ұлағатты туындылары саналады. Еркінбек Тұрысовтың шығармашылығына Заманымыздың заңғар жазушылары Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы және Қасым Қайсенов сынды тұлғалар жоғары баға беріп, пікір білдірген. Есімі елге танылған азамат саналы ғұмырында өңірдегі қарашаңырақ “Оңтүстік Қазақстан” газетінде абыроймен еңбек еткен. Айта кетерлігі, биыл қыркүйек айында автордың екі томдық шығармалар жинағы «Қазығұрт» баспасынан жарыққа шықты.
Мерекелік кешке жиналған әдебиетсүйер қауымның қарасы қалың болды. Тоқсанның төріне шыққан жазушыға, оқырмандары мен қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар ақжарма тілектерін жолдап, құрмет көрсетті.
«Еркіндігім – елдігім»
Сыршыл да нәзік лирик ақын Исраил Сапарбайдың 75 жылдық мерейтойы туған өлкесінде тойланды.
Ақынның шығармашылық кештері бірі екіншісіне ұқсамайтындығымен дара десек, әр кеші – оқырманға рух беріп, шабыттандырып, қанаттандырады. Бұл жолғы кештің әсері тым бөлек. Ақынның туған күнінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас әншілер ақынның ән-жырын жанды дауыста айтып, сайысқа түсті.
Шымкентте сазгердің шығармашылығына арналған тұңғыш рет «Еркіндігім – елдігім» атты республикалық ән байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттап, дәріптеп қана қою емес, оның әндері арқылы елдің рухын көтеру болды. Сондай-ақ қазақ эстрадасының дарын иелерін анықтап, шеберліктерін шыңдап, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал етуді назарға алған.
160-тан аса ән, 150-ге тарта ән мәтінін жазған сазгерді байқау алдында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдады. Кездесуде әкім ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбайды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің рухани байлығын арттырудағы еңбегіне алғыс білдірді. Өзінің дара жолы бар ел азаматы ретінде мақтан тұтатындығын да атап өтіп, ән байқауының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Екі кезеңнен тұрған байқауға 18-35 жас аралығындағы Алматы, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген 45 үміткер қатысты. Кеште сазгердің патриоттық, балалар әндері, махаббат лирикасын жас әншілер фольклорлық, эстрадалық бағытта табиғи дауыста орындап шықты.
Республиканың барлық аймағынан жиналған үміткерлердің бәрі де дарынды, сазгердің әндерін шеберлікпен орындап, көрермендерді тәнті етті. Қазылар алқасы додада талантымен көзге түскен атыраулық Асхат Әмірғалиевті жүлделі бірінші орынға лайықты деп танып, жеңімпаз 300 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орын мен 200 мың теңгені Семей қаласының күміс көмей əншісі Әлия Аукенова жəне шымкенттік «Сарын» тобына берілді. Жүлделі үшінші орын мен 150 мың теңге Қызылорда облысының əншісі Арайлым Мұхамеджанова мен оңтүстіктің атынан қатысқан Жеңіс Бертаев және Айгерім Тәжіге бұйырды.
Байқауда арнайы жүлделер тағайындалған болатын. «Ғажайып танго» арнайы жүлдесімен Атырау облысынан келген «Тұран» триосы, «Айналдым» арнайы жүлдесімен оңтүстікқазақстандық Ержан Темірбаев және «Сағыныш сазы» арнайы жүлдесімен Алматы облысының өкілі Бердібай Қайыржан марапатталды. «Ананы аңсау» арнайы жүлдесімен оңтүстікқазақстандық Мархабат Бейсенова марапатталып, оларға 75 000 теңгеден ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Байқау соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласып, қала тұрғындары ҚР еңбек сіңірген әртісі Сембек Жұмағалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тіналиев, Шахизада Байпатшанова, қазақ эстрадасының әншісі Таңат Мамырханның өнерін тамашалады.