Версия для печати

Жаңартылған оқыту бағдарламасы: жан-жақты жаңалық Избранное

Пятница, 25 Ноябрь 2016 12:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5224 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Өзгерген не: «Әліппенің» аты ма, заты ма?!

Биыл білім саласында өзгеріс баршылық. Еліміз бойынша 7,5 мың мектепке жаңартылған оқыту бағдарламасы енгізілді. Бұған дейін 30 пилоттық мектеп Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бағдарламасымен оқытуға кірісіп кеткен еді. Биылғы бірінші сыныпқа барған 380 мыңнан астам бүлдіршін оқу жылын «Әліппемен» емес «Сауат ашу» кітабымен бастады. Оқу жылының басынан бері бәріміз ұлардай шулап, «Әліппені» жоқтап жатқанымыз жасырын емес. «Әліппе» бүткіл болмыс-бітімімен өзгеріп кетті ме, әлде  тек атауы ғана ма?» деген сұрақ әрбірімізді мазалап жүр. «Әліппе» неден жазықты болды?» деп депутат ағаларымыз Білім және ғылым министрлігіне сауал да жолдады. Білім және ғылым министрлігінің Білімнің мазмұны және әдістемесі басқармасының басшысы Талғат Жәкенов «Әліппенің» аты өзгерсе де, заты өзгермейді. «Әліппенің» атауы «Сауат ашу» болса да, ішінде бұрынғы – «Әліппе». Бала бүкіл әріптерді үйренеді. Сосын «Ана тіліне» ауысады. Сондықтан бұл жерде ешқандай қисындық жоқ», – деп жауап берді.
Министрлік өкілі тиісті жауап берсе де, көбіміздің ойымыз күмәнді болды. Расында, «Әліппе» атауына біздің қоғам құлақ еті үйреніп қалған. «Әліппе» атауының өзі әдемі. «Әліппемен қоштасу» кеші қандай әсерлі еді! Сонау балалық шақтың тәтті естелігі.

jana oku bagdar 94

Алғаш рет қолға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстаз бен «Әліппе» оқулығының парақтарын ешкім де ұмыта қоймас!
Жалпы, «Әліппе» сөзінің қайдан шыққанын көпшілік біле бермейді. Әу баста араб алфавитінің бірінші әрпі «алиб» пен содан кейінгі әрпі «би»-ден құралған. Екеуінің қосындысынан әліппе сөзі пайда болады. Бұл сөз тілімізге араб жазуы арқылы ертерек енді. Кейінірек 1929 жылы латын, ал 1940 жылдан баспа, кирилл алфавитіне көшті. Алғашқы «Әліппе» 1912 жылы Орынборда басылып шығады.
«Әліппеден» бөлек биылғы оқу жүйесіндегі министр бекіткен өзгерістердің өңірімізде қалай көрініс табатыны турасында қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева оқу жылы басталмастан бұрын біздің газетімізге берген сұхбатында тоқталған болатын. Атап айтар болсақ, олар мыналар: он екі жылдық білім жүйесіне көшу; бес күндік оқу аптасы, биылғы бірінші сыныптарға жаңартылған оқу бағдарламасы (Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасы); 1-ші сыныптан ағылшын және орыс тілі пәндерін жүргізу; 7-сыныптан бастап «Робототехника» пәнін енгізу; орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінің сағаттарын көбейту; жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде; дүниежүзі және қазақстан тарихы пәндері орыс тілінде, ал әдебиет пен қазақ тілі қазақ тілінде оқытылуы.
Жалпы, жаңартылған оқу бағдарламасы дегеніміз, ол – Назарбаев мектептерінің оқу бағдарламасы. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өзінің TENGRINEWS.KZ сайтына берген сұхбатында: «Біріншіден, бағдарлама жалпы мектептерге бейімделген. 30 пилоттық мектептің бәрі қарапайым қатардағы мектептер, оның ішінде ауылдық және шағын жинақты мектептер де бар. Нәтижелер қалған мектептерде де бұл бағдарламаны толығымен игеріп кете алатынын көрсетіп отыр. Жаңартылған мазмұн сынақтан өткізілген және Назарбаев зияткерлік мектептеріне, 30 пилоттық мектепке енгізілген. Бұған біраз жылдар кетті, ауқымды жұмыстар жасалды. Білім берудің жаңартылған мазмұнын сынақтан өткізуге мониторинг өткізілді. Ата-аналар да балалар да риза. Атап айтқанда дәл осы бағдарламалар 7,5 мың мектепке енгізілмек», - деген болатын. Мұның бәрі бостан-бос істелінбегеніне тоқталған министр 2019 жылға дейін барлық мектептер жаңа жүйеге сатылап қадам басып, толық дайын болатынын айтқан-ды.
Бір нәрсеге бой үйреткен біздің қоғамға бұл өзгерістердің барлығы алабөтен болып тұрғаны рас. «Әліппенің» аты өзгерсе де, затының өзгермегеніне, бірінші сыныптар үш тілді қалай меңгеріп жатқанына көз жеткізу үшін қаламыздағы бірнеше мектепті аралап көрдік. Оқу үдерісін бажайладық.
Мәселен, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2012 жылы жаңартылған оқу бағдарламасына көшкен. Үш тілде оқытатын білім ошағында 11 шетелдік маман шет тілдерінде дәріс береді. Балалардың қытай, неміс, француз сияқты екінші шет тілін меңгеруіне жағдай жасалған. «Робототехника» пәні 7-сыныптан бастап элективті курс ретінде жүргізіледі. 10-сынып оқушылары Бағдәулет Әлмахан мен Ердәулет Сейдижаппар «Футболшы роботтарын» құрастырған. Осы роботтарымен 1 ай бұрын Астанада өткен республикалық жарыста алғысхат алған. Таяуда Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетін Бүкіләлемдік робот жасау жарысына қатыспақ.


Балаларға еркіндік берілген

№7 Қ.Сыпатаев атындағы мектеп-лицейі – қаламыздың орталығында орын тепкен оқу ордасы. Бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Мамытова:
– Ағылшын тілі пәні осыған дейін бесінші сыныптан, орыс тілі үшінші сыныптан басталатын еді. Биылдан бастап бірінші сыныптар екі сағаттан ағылшын және орыс тілін қатар оқып жатыр. Иә, мұның бәрі балаға ауыр, жүктемесі көп дейтіндер жетіп артылады. Бірақ, оқушы-мұғалім-ата-ана үштағаны шын мәнісінде жақсы жұмыс істесе, оң нәтиже бермек.
Бұл бағдарламаның ерекшелігі балалар сабақ барысында топтық жұмыс істейді. Әр баланың деңгейі әр түрлі болады ғой. Мықты оқушы деңгейі нашар оқушыға көмектеседі. Бір-біріне қол ұшын созады. Мұғалімдер баланың сыртқы уәжі мен ішкі уәжін ұғына білуі тиіс. Мұғалім мен оқушы теңқұқылы болып, бала қыспақ көрмеуі тиіс. Бұрын оқушыны түртпектеп, кемшілігін ата-анасының бетіне басып айтса, енді ешбір мұғалім «балаңыз екі алды, деңгейі нашар» деп айта алмайды. Баланың ынтасын оятып, өз ойын еркін білдіруге талпындырады, - деді.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымен 1 «б» бастауыш сыныбының сабағына қатыстық. Сынып жетекшісі Айжан Доскулованың айтуынша, жаңартылған оқыту бағдарламасының тиімді тұстары көп.
– Бұрын «Әліппеде» бір күнде бір әріп оқытсақ, қазір «Сауат ашумен» бір әріпті екі-үш күнде үйретеміз. Баланың әр әріпті асықпай меңгеруіне мүмкіндік береміз. Әр баланың деңгейі әртүрлі. «Ең нашар» деңгейлі баланың өзі үш күнде бір әріпті үйренетіні сөзсіз. Сұрақ қойсақ, қанша уақыт ойланса да, асықтырмаймыз. Сабақ уақыты 35-ақ минут болса да, барлығын сыйдыруға тырысамыз. Ойлануына, сабақты сіңіруіне мүмкіндік мол. «Сауат ашуда» көбінесе ауызша сөйлеуге, баланың тіл байлығын арттыруға баса мән берген. Бізге әдеби тілдің қажеті жоқ, қарапайым тілмен түсіндіреміз,-дейді ол.
7-сыныптан бастап «Робототехника» пәні осы жылы барлық мектептерге бағдарламаға енгізіледі деген қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның мәлімдемесі бар. №7 Қ.Сыпатаев атындағы мектеп-лицейінде қызығушылық танытқан балаларға «Робототехника» пәнінен үйірме жұмыстары жүргізіледі. 9-сынып оқушысы Әлімжан Маратов жеке қызығушылығымен физика пәні мұғалімдерінің бағыт-бағдарымен бірнеше робот жасап шығарған. Ешқандай тапсырыссыз, қолда бар дүниелерден жасалған Әлімжанның роботтары НЗМ оқушылары құрастырған роботтардың қасында, әрине, тым қарапайым көрінері сөзсіз. Құлшыныс бар, қолдау жоқ.
Мектеп директоры Орынкүл Алшынбекова: «Біз қазір «бәрі керемет» деп ұрандатқанмен, уақыт өз дегенін істейді. Мысалы, осыдан үш жыл бұрын электронды күнделік пен журналға өтіп жатырмыз деп «дабыл қақтық». Алайда, оның үдеріске енуіне де біраз уақыт кетті. Сол сияқты кез келген реформаның енгізілуіне кемі 3 жыл уақыт кетеді», -деп ойын білдірді.

jana oku bagdar 94-1


«Топтық жұмыстың көмегі көп»

115 жылдық тарихы Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінде биыл 10 бірінші сынып білім алып жатыр. Мектептің лицей дәрежесін алғанына 22 жыл болған. Директордың міндетін атқарушы Гүлмира Тұрдалиева бізді
1 «ж» бастауыш сыныбына алып барды. Мұғалім сабақ барысында моноблокпен түсіндіріп жатты. Гүлмира Тұрарқызының айтуынша, интерактивті тақта бірнеше сыныпта ғана бар. Сондықтан, мұғалімдер моноблок, ноутбук, компьютер, үлкен экранды теледидар қолданады. «Сауат ашу» сабағын түрлі қимыл-қозғалыс жаттығуынан бастады. Оқушылар мұғалімнің сұрақтарына жарыса жауап беріп, топтық жұмысқа белсене қатысты. Бұл сыныпта әр оқушының жеке портфолиосы бар екен. Портфолиода баланың бүткіл жұмысы жинақталған. Ал 1 «Г» орыс бастауыш сыныбының оқушыларының қазақ тіліне деген ынтасы ерекше. Апайы:
– Балалар, «школа» сөзінің қазақшасы не? –десе,
– Мектеп, -деп топпен жауап берді.
– Картошка, -дейді мұғалім.
– Картоп.
– Помидор, -десе,
– Қызанақ, -деп жарыса айтып жатты бүлдіршіндер. Бұдан соң директор бізді 1 «А» сыныбының ағылшын тілі сабағына алып кірді. Алғашында бізден тосырқады ма, балалар пән мұғалімі Гүлзира Мырзақұлованың қойған сауалдарына жауап бермеді. Кейіннен қазақша сөздер мен тіркестерді ағылшынша сайрай жөнелді.
– Ағылшын тіліне бірінші сынып оқушылары белсенді қатысады. Бір-бірімен жарысып жауап береді. Аптасына 2 рет болғаны өте дұрыс болды. Бұрын аптасына бір-ақ рет болатын. Бір сағат балалар үшін аз. Өйткені, біздің қоршаған ортамызда ағылшындар жоқ. Ағылшын тілінен сағат неғұрлым көп берілсе, соғұрлым тілді тез меңгереді. Балалар үшін ағылшын оқулығы өте қызық. Көптеген қызықты жаттығулар бар. Суреттерін бояп, тез қабылдап алады. Суретке қызығады, бояғанды ұнатады. Алдағы уақытта бұдан да көп сағат бөлінсе екен дейміз.
Қазір ағылшын тілі, тіпті, балабақшада да оқытылуда. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, бала кішкентай кезінде мәліметті тез қабылдайды, есте сақтайды. Кейбір қиналатын ата-аналар болады. Себебі, өздері ағылшын тілін оқымаған ғой. Біздің сыныптарда балалар өте белсенді. Арасында балабақшаға барғандары кейбір сөздерді өздері-ақ тақылдап айтып береді. Ал бақшаға бармаған кейбір балалар сәл қиналады. Топпен сабақ өтудің бір ерекшелігі, балалар бір-біріне қарап отырып үйренеді, - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлзира Мырзақұлова.
Мектеп директоры Гүлмира Тұрдалиева жаңартылған оқыту бағдарламасын іске асыру барысында қиындықтардың кездесіп жатқанын жасырмады. «Биыл бірінші жыл болғандықтан, қиындықтар туындауда. Оған мойынсұнбай, тынымсыз еңбек етсек, оң нәтиже болады. Әр сенбі арнайы оқу-тәжірибеден өтіп келген тренерлер шеберлік сыныптарын өткізеді. Біздің мұғалімдер – ізденімпаз. Бір жыл қиналсақ, келесі жылы жүйеге түсетініне сенім мол. Оқушылардың қызығушылығы жақсы. Ағылшын тілі, орыс сыныптарындағы қазақ тілі сағаттары көбейіп жатыр. Балалар бірінші сыныптан ағылшын тілін меңгерсе, жоғарғы сыныпқа барғанда «мен» деген мұғалімнің өзіне ақыл-кеңес беріп отыратын болады. Топпен жұмыс істеудің балаға көмегі көп, - деді Гүлмира Тұрарқызы.
Бұл мектеп-лицейде «Робототехника» пәні әлі енгізілмепті. Информатика пәнінің мұғалімі жуырда ғана «робототехника» курсынан өтіп келген.


Тобықтай түйін

Кез келген қоғам ірі реформаны бір демнің арасында қабылдай салмайды. Еліміз көптеген жылдар бойы жаңа мазмұнды оқыту жүйесіне дайындалды. Оған арнайы эксперименттік мектептер таңдалып алынды. Мәселен, 1997 жылы мектеп табалдырығын аттаған буын алғаш рет «Атамұра» баспасының оқулықтарымен оқыды. Одан алдыңғы кезеңдегі «Рауан» баспасының оқулықтары білім көкжиегінен жоғалды. Сол бір кезеңде де халық жаппай «О, не?» десті. «Математикадан есептері қиын, ана тілінен оқуы көп» деп тыжырынды. «Атамұрамен» оқыған буын әлдеқаш мектепті де, жоғарғы оқу орнын да бітіріп қойды. Заман көшінен қалып қойған ешкім жоқ. Қайта кілең «Алтын белгілер» мен олимпиада жүлдегерлері мемлекеттік тегін грант иеленіп, ЖОО үздік бітіріп шықты. Қазіргі уақыт та сол бір өтпелі кезеңді еске түсіреді. «Әліппе» атауына әбден үйреніп қалыппыз. Шынтуайтында, «Әліппенің» аты өзгерсе де, заты өзгермеген. Балалар қызығып оқып жатыр. Қайта жаңа заманға лайықталып, топтық жұмыста баланың ой-өрісін дамытуға, оқушы мен мұғалімнің теңқұқылы болуына ықпал жасаған. Ағылшын, орыс тілінен де аса қиналып жатқан оқушыны көз шалмады. Министрліктегілер тек «Әліппе» атауын қайтарып берсе, халықтың көңілі дамылдар ма еді?! Қалғанын уақыт таразылайды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.