ҚазАқпарат хабарлағанындай Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде түсті металл орамаларын шығаратын және электр қозғалтқыштар жөндейтін «КазЭлМаш» ЖШС-нің салтанатты ашылуы өтті.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан жобаның құны 75 миллион теңгені құрайды. Отыз адам жұмыспен қамтылған өндіріс орнының жобалық қуаттылығы жылына 12 тонна.
Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне облыстың кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқарма басшысының орынбасары Ілияс Оспанов, «Оңтүстік» индустриалды аймағының бас директоры Мұхтар Тұрабеков қатысып, жаңа зауыт жұмысшыларына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының индустриалды аймақтарында 168 жоба іске асыру көзделіп жатса, соның бүгінде жалпы құны 35,3 миллиард теңгені құрайтын 54 жобасы нақты іске асқан. Бұл өз кезегінде 3 705 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
«КазЭлМаш» ЖШС-і электр машиналарына сервистік қызмет көрсетіп, күрделі жөндеуден (тұрақты тоқ электр қозғалтқыштары: асинхронды, синхронды, жоғары кернеулі, жарылыстан қорғалған электр қозғалтқыштарды, трансформаторларды, генераторларды) өткізуге қызмет етпек. Сонымен бірге, негізгі қызмет түрі ретінде жоғары вольтті және төмен вольтті электр машиналарының статор және арматура орамаларын өндіріп, тікбұрышты сымдар, дөңгелек қималы мыс және алюминий жасаумен айналысады. Әзірге, Оңтүстік Казақстанда теңдесі жоқ мұндай кәсіпорын Қызылорда және Жамбыл облыстарында электр вагондарын жөндеу бойынша жетекші өндіріс орны болмақ. Кәсіпорынға тапсырыс берушілер қатарында ірі кен өңдеу саласы, цемент және мақта өңдеу зауыттары, ұн тарту комбинаттары бар.