Аниматор-мультипликаторлар Избранное

Пятница, 16 Март 2018 03:59 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 563 раз

«Қастеевтің» қабырғасынан шығады

shmkala-21-2

Мемлекет басшысы өнер адамдарымен кездесуде «Қазақстандықтардың жас буынын адамгершілік рухта тәрбиелеуге бағытталған анимациялық фильмдер жасау маңызды» – деген болатын. Осыған орай соңғы жылдары Шымкентте балалар фильмдері мен мультфильмдер көбірек түсіріліп, сапасы да жақсарып келеді.

Осы орайда өңірімізде өнер мен білімді үйлестіре білген Ә. Қастеев атындағы ОҚО өнер және дизайн колледжінің анимация саласында орны бөлек. Бұл оқу орнының жастары аниматор мамандығын терең меңгеруде. Солардың бірі Дариға Еркінбек – колледждің «Анимация графика» мамандығының 4 курс студенті.

Дариға бала күнінен бейнелеу өнеріне қызыққанын айтады. Бертін келе Кентау қаласындағы мектепте көркем сурет үйірмесіне қатысып жүргенде анимация саласына әуестігі оянады. Оның бұл қызығушылығы Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне жетелейді. Колледжде білікті ұстаздарынан анимацияның қыр-сырын игеріп, қазақы кейіпкерлер мен тәрбиелік мәні зор мультфильмдер жасауды мақсат етеді. Тынбай еңбектенудің нәтижесінде 2016 жылы Дариға «Алтын сақа» кинофестиваліне қатысып, ұстазы Рауан Мейірбековтің жетекшілігімен жасаған «Түлкі мен қырғауыл» мултфильмі І орынды иеленеді. 

shmkala-21-3

2017 жылы Түркі елдерінің астанасы Түркістан қаласында да «Алтын сақа» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып, Д. Еркінбек ұстазы Р. Мейірбековпен бірге «Арыстан мен тышқан» мультфильмімен қатысады.

Өнерлі қыз қазақ анимациясынан «Сақ» киностудиясынан шыққан «Қошқар мен теке» мультфильмін ұнататынын айтады және мұндай мультфильмдерді жасау асқан төзімділікті қажет ететінінен хабардар.

–«Қошқар мен теке» мультфильміндегі қошқардың момындығынан өмірдегі адамдардың сабырлы, байсалды мінезі айқындалып тұрады. Ал ешкіде шыдамсыз адамның болмысы бейнеленген. Жалпы мультфильм шығару сабырлылықты талап етеді. Мәселен, 1 секундтық көрініс үшін 24 сурет салу қажет. 10 минуттық мультфильмді жарыққа шығару үшін қанша сурет салу керек екенін ойлап көріңіз, – дейді кейіпкеріміз.

Ә.Қастеев колледжінде «Анимациялық графика» пәнінен сабақ беретін Рауан Мейірбеков бұл салаға тәлім-тәрбиелік, патриоттық және ұлттық тұрғыдан қарау керектігін айтып өтті.

shmkala-21-4

– Анимация – бүгінгі таңда өте қажет өнер саласы. Бірінші кезекте өсіп келе жатқан жас ұрпақтың дүниетанымына, тәлім-тәрбиесіне, ұлттық сана-сезіміне тікелей қатысы бар. Осындай ерекшеліктерін ескере отырып, Ә.Қастаев атындағы ОҚО өнер және дизайн колледжі 2011 жылы алғаш рет анимация-мультипликатор мамандарын даярлауды қолға алды. Осы уақытқа дейін 19 маман колледж қабырғасынан білім алып шықты. Бүгінде колледжде тағы 10 оқушы анимация кәсібін игеруде. Түлектеріміз негізінен осы саладағы «Сақ» киностудиясында еңбек етсе, кейбір оқушыларымыз білімін жетілдіру үшін шет елдерде оқуын жалғастырып жатыр, – дейді ұстаз.

Өңірімізде көркем өнер және дизайн саласында білікті мамандарды тәрбиелеп отырған колледжде бүгінде дизайн, сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіп, мүсіндеу және графика, театр декорациясы мамандықтары бойынша 539 оқушы білімін жетілдіруде.

Колледж директоры Дидар Айдарбековтың айтуынша, сабақтың басым бөлігі өнерден тұратындықтан, бір орында тоқтап қалмау аса маңызды.

– Өнерді дамытып отырса ғана биікке өрлейді. Сондықтан да колледжімізде бейнелеу өнерінің біліктілігін дамыту үшін жаңа мамандықтар ашып жатырмыз. Атап айтатын болсақ, анимациялық графика, мүсін және 2017-2018 оқу жылына «Суретші-безендіруші» мамандығы қосылды. Бұл мамандықты оқыту 2000 жылы тоқтап қалған еді. Бүгінде 18 оқушы осы салада өз білімін жетілдіруде. Алдағы уақытта архитектура мамандығын қосып оқытуды жоспарлап отырмыз, – дейді колледж директоры.

Осылайша бұл колледж өнер және дизайнның орта буын мамандарын дайындауға өз үлесін қосып келеді. Колледж оқытушылары мен студенттері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінде өтетін әртүрлі деңгейдегі фестиваль, көрме, симпозиумдарға қатысып тұрады.

Последнее изменение Пятница, 16 Март 2018 10:32