Make up – өнер ме, кәсіп пе?

Понедельник, 12 Март 2018 05:05 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 415 раз

Сұлулық индустриясындағы «мейкап» ұғымы барша қыз-келіншектерге таныс. Себебі, қазір арулар мерекелік, салтанатты кешке не той-томалаққа мейкапсыз бармайды десек те болады. Ал мейкап жасаудың шебері – визажистер дәл қазіргі уақытта қоғамда сұранысқа ие әрі қалтасы қалың мамандықтар қатарында. Жастығына қарамай кәсіби шеберлігімен дараланатын «MAKE UP LAURA» студиясының визажисті Айгүл Маратқызымен әңгімеміз де осы кәсіптің төңірегінде өрбіді.

DSC 5703

Визажистің өз қолтаңбасы болады

Айгүл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің дизайнер мамандығын үздік дипломмен тәмамдаған. Суретшілік өнері болған соң визажист мамандығына қызығушылығы оянып, осы салада өзін сынап көрмек болады. Қазақстанға танымал визажист Санди Бексырғадан сабақ алып, шебердің Астана қаласындағы студиясында бір жылдай жұмыс істейді. Одан кейін кәсіби маманнан үйренген білімін пайдаға жарату үшін туған қаласына келеді.

– Заманның талабы дейміз бе, әлде сұлулыққа құштар жандардың аудиториясының кеңейгені ме, бұл сала көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Бір шеберден сабақ алып қою жеткіліксіз, өзіңді күн сайын жетілдіріп отырмасаң, клиентіңді жоғалтасың және бәсекелестер де қарап отырмайды, – дейді кейіпкер. – Сондықтан халықаралық деңгейде «MAKE UP STUDIO» сертификатын алдым, Шымкентте іскер маман Лаура Нұрланқызының сұлулық студиясында біліктілігімді шыңдадым. Қазір осы кәсіби маманмен бірлесе жұмыс істеп жатырмын.

Расында визажист мамандығын кәсіп көзіне айналдырып, пайда тапқысы келетіндер көп. «Бірақ адамды бояндырудың қыр-сырын меңгергенімен, бәсекелестер арасында қолтаңбаң, ерекшелігің және кәсібилігіңмен өз орныңды табу оңай емес», – дейді маман. Ол үшін ізденіс, талпыныс, шыдамдылық, бояндырудың техникасын шебер меңгеруі қажет екені айтпаса да белгілі.

DSC 5710

Суретшілік өнер қажет

– Біздің жұмысымыз бұл қылқалам мен бояу арқылы суретке жан бітіретін суретшінің жұмысымен бірдей дегенім дұрыс шығар. Сызуға, сурет салуға бейімділігім мамандығымды жылдам игеріп кетуіме көмектесті, – деп жалғады сөзін Айгүл. – Ал жұмыстың күрделілігі бір адамға жасаған макияжды екіншісіне қайталай алмайтындығыңда. Әр жанның бет-бейнесі әртүрлі болғандықтан, аз уақыттың ішінде қандай образ жасау қажеттігін саралап үлгеруің қажет. Өйткені, алдын ала клиенттер макияжға жазылып қоятындықтан, әр минут қымбат. Макияж олардың көңілінен шығу үшін шеберлік, бояндыру техникасы, ең бастысы, пайдаланатын косметикалар сапалы болуы керек. Әйтпесе, еңбегіңнің еш кеткені. Арзан косметикамен қанша әрлеп-сәндегеніңмен, клиенттің қалағанындай шынайы образ шықпайды, керісінше сұлулықты өз табиғатынан алыстатып аласың. Мұны алдыңа келген клиенттің өзі де сезеді. Сол себепті, бірінші кезекте Голландия, АҚШ, Кореяның танымал компанияларының сапалы косметикаларын пайдаланамыз.

 

Табиғи макияждар

Қыз-келіншектердің барлығы әдемі болып жүргенді қалайды. Кез келген мерекелік шарада, тіпті, күнделікті көрікті болып жүргісі келетін әйелдер көп. Күн сайын боянып-сыланбаса да, шашын сәндеп, әсем киініп, тартымды болып жүреді. Бұл уақыттың талабындай болып кеткен. 

– Қазіргі клиенттердің талғамы да өскен. Оларды бояндырғанда нәзік, табиғи түрінен алшақтатпауды сұрайды. Бұрынғыдай қап-қара қас, қанық түсті көз бояулар мен «оттай көрінетін» далап жағу сәннен қалды, дейді визажист. – Қалыңдық, тойға, салтанатты кештерге баратын жандарға көп бояуды қажет етпейтін макияждың голливудтық және нюд түрін қолданамыз. Бұл жұмыстарымыз нәтижесін берді десек, артық емес. Келушілердің басым бөлігі ризашылықтарын білдіріп, тұрақты клиентімізге айналуда. 

Жалпы, адам терісіне кері әсер ететін факторлар баршылық. Солардың бірі – экологияның нашарлығы, дұрыс тамақтанбаудан, ішкі аурулардан бет терісінің күтімі нашарлайтын әйелдер кездесіп тұрады. 

Айгүлдің бұл өзекті мәселемен күн сайын бетпе-бет келетіндіктен айтар өз ойы бар. «Клиенттің бет-пішіміндегі кейбір кемшіліктерін бояу астында жасырып, сұлулығын өз болмысынан алыстатпай, жаңа образда көрсетуге күш саламыз. Бұған заманауи косметикалардың құдіреті жетеді», – дейді.

 

Үздіксіз білім – табыс көзі

Бүгінде визажист мамандығы көп қаражат табатын кәсіптің қатарына қосылғаны жасырын емес. Осыған қарап қыздар арасында «Бояндыруды үйреніп, көп қаражат табамын» дейтіндердің қарасы көп. Дегенмен кейіпкеріміз визажист мамандығын бірден табыс табудың көзіне айналдырамын деушілердің аяқ алысы ұзаққа бармайтынын айтады. – Бұл – сапаға жұмыс істей отырып, үздіксіз білім жетілдіруді қажет ететін сала. Мәселен, Қазақстанда кәсіби мамандардан шеберлік курсынан өтудің ең төменгі құны – 100 мың теңге, косметикаға жұмсалатын қаржы 200-300 мың теңгеден басталады. Қарапайым ғана, көз бояуға арналған бір қылқаламның ең арзаны 15-20 мың теңге тұрады. Сол себепті, бұл салада тапқан табыстың бір бөлігін білімді жетілдіруге жұмсасаң ғана табысқа жетесің. Ендігі алға қойған мақсатым – танымал Гоар Аветисиян, Вадим Андрев секілді визажистердің шеберлік сабағына қатысып, өз кәсібімнің деңгейін көтеру, білім аясын кеңейту. 

Кәсіби визажист Айгүл күн сайын аруларды әрлеп, бояудың құдіретімен ғажайып жасайтын маман. Әрбір жұмысынан ләззат алады, сұлулық шығармашылығына шабыт пен күш береді. – Бояу қыздарды сұлу етіп, қана қоймайды, сенімділік сыйлайды. Ең бастысы, оны шебер қолданатын маманды дұрыс таңдай білсеңіз болғаны. Ал біз әрдайым қыздарымыздың көрікті болып жүру үшін көмегімізді аямаймыз, – деген ізгі тілегін білдірді Айгүл Маратқызы.

 


Психологиялық тест

  • Қандай макияжды ұнатасыз?
  • Арулардың бет-әлпетіндегі бояудың түсі, қанықтығы, опа-далапты қолдану шеберлігінің өзі қыздардың жан-дүниесі, өмірге деген көзқарасының деңгейін айғақтайды. Төмендегі психологиялық тест арқылы өзіңізді сынап көріңіз.
  • Қарапайым макияж. Кірпікке арналған тушь пен ерінге жылтыр далапты жағуды ұнататындар – көбіне өзіне сенімді адамдар. Олар сыртқы сымбаттылыққа емес, адамның ішкі әлеміне мән береді. Күрделі деген мәселелерді оңай шешіп, кез келген жанмен оңай тіл табысады.
  • Көзін бояуға мән беретіндер. Бұлар – әр дүниенің астарына терең үңіліп, өмірге жеңіл-желпі қарауды ұнатпайтын қыз-келіншектер. Биік мақсаттарға жету жолында күресуден қорықпайды. Жеңілістерді өзін сыртқа білдірмейді, сөзден іске бейім болғандықтан, уәдеге берік адамдарды бағалайды.
  • Ерін бояуды ұнататындар. Қызыл, ал қызыл түсті далаптарды сезімтал, көпшіл, өзгелердің назарында болғанды ұнататындар пайдаланады.
  • Қатты боянуға бейім жандар. Өзіне сенімсіз, қоғамдағы орны жоқ арулар кемшілігін, қорқынышын бояудың астында жасыруға тырысады.

 

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.