Елбасы разылығын алған Юлия Избранное

Среда, 06 Июнь 2018 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 334 раз

Шымкенттегі «Цеснабанк» АҚ қызметкері Юлия Дробязко қазақтану бойынша арнайы бағдарлама қабылдауды ұсынды. Қазақ келіні бұл ойын жуырда өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеяның ХХI сессиясында жеткізді.

Орыс қызы

- Мен - Юлия Дробязко, жүрегім кең-байтақ қазақ даласын Отаным деп білетін орыс қызымын. Бүгінде берекелі қазақ отбасының түтінін түтетіп отырған инабатты келінімін. 2005 жылы бүкіл ел алдында Елбасыға болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақтың санын көбейтуге уәде берген едім. Міне, бүгінде сол уәдемде тұрып, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым – қазақ. Балаларым қазақ. Өзім де қазақ боп кеткенмін. Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы 26-сессиясында Оңтүстік халқы атынан сөз сөйлеген Наталья Романова бірқатар мәселелерді айтып,
Елбасы алдында қазақтану мәселесін көтерген болатын. Мен өзім бұл ұсынысқа толыққанды келісемін және қолдаймын және қазақтану бойынша арнайы бағдарлама қабылданса деген ойым бар, - деді Юлия Дробязко.
Жастайынан белсенді студент атанған ол университет қабырғасында жүргенде-ақ кіші ассамблеяның төрайымы болып, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты дәріптейтін «Достық» клубының ашылуының басы-қасында жүрді. Елбасымызбен үш рет жүздескен шынашақтай орыс қызы қазақтың санын көбейтуге үлес қосамын деп Президенттің алдында тайсалмай уәде берді.
Иә, айпағымыз жүрегі де, жаны да қазақ болып кеткен Юлия Дробязко жайында.

Орыс қызы-2

Юлия уәдесінде тұрып қазақтың келіні атанды. Бүгінде Айару, Игілік атты сәбилердің анасы. Бір шаңырақтың ғана емес, қазақи салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Отырар ауданынына үлгілі келін. Юлиямен бір көрісіп-танысқаннан-ақ биязы, кішіпейіл, нағыз қазақ келініне тән көркем мінезді бойына жинаған жан екенін байқадық.
– Орыс мектебіне барғаныммен достарымның көбісі қазақтар болды. Көрші-қолаңдарымыздың барлығы қазақ ұлты. Отбасында ағам Евгений екеуміз қазақ тіліне жүйрік болдық, емін-еркін сөйлестік. Қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрып, ырым-тыйымдарын көріп-біліп өскендіктен маған оның ешбірі жат көрінген жоқ, - деп жалғады әңгімесін Юлия.
- Қазақтарды құрметтеу атамның берген тәлім-тәрбесінен бастау алған болса керек деп жалғастырды сөзін.
– Атам Дробязко Иван Филиппович Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін қорғаныс істері саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Тіпті, зейнетке шыққан соң да атамды жұмысында қалуға үгіттепті. Білесіздер бір жылдары орыстар Ресейге қоныс аударып жатқанда атамның «Мен Қазақстанда тудым, Қазақстанда өлемін. Қиын заманда кетпегенбіз. Енді тіпті кетпейміз» деген сөзі әлі есімде.
Юлия университетте оқығанда өте белсенді студенттердің қатарында болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Ал оның жар таңдауда өмірін өзгерткен
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуі екенін ол ерекше толқыныспен, жымия еске алды.
– Президент 2005 жылы шымкенттік жастармен кездесті. Сол жастардың арасында мен де мінберге көтеріліп, Елбасыға алғысымды жеткіздім. Бұдан кейін Астана қаласында бізге қайта жүздесу бұйырды. Сонда Н.Назарбаев қабылдаған он азаматтың тізіміне еніппін. Сол кездесуде
Елбасымен ашық-жарқын әңгіме жүргізіп, сөз кезегінде қазақ жігітіне шығып, қазақтың санын көбейтуге үлесімді қосамын деп уәде бердім. Себебі, бала кезімнен іште жатқан арман болғандықтан сеніммен айттым. Мұны естіген Елбасы ризашылығын білдіріп, бетімнен сүйді. «Егер қазақ жігітіне тұрмысқа шықсаң, тойға шақыруды ұмытпа» деген болатын.
Юлия отырарлық азамат Самат Баянбаевқа тұрмысқа шығады. Жігіт дәстүрімізге сай ат-анасының алдынан өтіп, қызға сырға салып, ұзатып әкетеді. Құдалық та өтеді. «Қоңыраттың ішінде Божбан руының келінімін. Ол кісінің шын аты Игілік болған екен. Баламызды сол бабамыздың есімімен атадық» деп жарының руын жіліктеп айтуы бізді де таңқалдырды.
Әңгіме барысында Юлия енесіне ризалығын да жеткізді. «Ұлттық салт-дәстүрді қаншалықты білем дегеніммен, енем оларды тереңінен үйретті, сондықтан болар жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім» дегенінің өзі көрегенділігі дер едік.
Қазіргі таңда бала күтімімен демалыста отырған Юлияның алға қойған мақсаты көп. Ең маңыздысы - «Қазақтану» жобасы жүзеге асса деген ойының орындалғанын қалайды.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.