Ел мәдениетінің еңсесін көтеретін шаһар бұл Избранное

Среда, 17 Октябрь 2018 04:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2649 раз

Шымкентте «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, жиында мәдениет саласының дамуы, өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыға түсті.

DSC 8295

– Елбасымыз Шымкентке келген іс-сапарында ауқымды іс-шаралар өткізуге тапсырма берді. 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отырмыз. Оған дайындық жұмыстары басталды. Ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Шымкент қаласы бүкіл еліміздің мәдениеті қандай екенін әлемге паш етпек. Осы мақсатта бірлесе жұмыс атқарайық, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай.
Қайрат Нұртайдың айтуынша, Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы атануына орай дайындық жұмыстары басталып кеткен.

file203

«Цифрлы Қазақстан: мәдениет саласын цифрландыру мәселелері және еліміздің театрларындағы репертуарлар» тақырыбында өткен мәжіліске «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы Бекболат Тілеухан, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, қалалық әкімдік пен «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының басшылығы, зиялы қауым өкілдері қатысып, ұсыныс-ойларын жеткізді.
Жалпы, Тәуелсіздік жылдары елімізде 19 жаңа театр ашылды. 6 театрға арнайы ғимарат салынған. Соның бірі – Шымкент қаласында. Деректер бойынша еліміздегі театрлар жыл бойына 12 мыңнан астам қойылым көрсетеді. Оның ішінде 300 жаңа қойылым сахналанады. Министрлік тарапынан енді жергілікті театрларға шетелге шығуға қолдау көрсетілмек. Басты мәселенің бірі – репертуарлық саясатты айқындау.
– Біз мәселелерді ашық білгіміз келеді. Қордаланған мәселелерді бірлесіп шешу – басты мақсат. Театр – мәдениет. Бізде отбасы институты әлсіреп барады. Мұны тоқтататын басты институт мәдениет болуы керек. Өнер, театр арқылы адамдардың санасын өзгертейік. Біздің кеңестің ұстанымы бойынша – мәдениет қоғамды тәрбиелеуі керек. Қоғамда болып жатқан мәселелерді мәдениет арқылы шешуді қарастырайық. Ғылыми-зерттеу жұмыстарды көбейтейік. Бізге нақты ұсыныстар керек, – деді республикалық кеңестің төрағасы Бекболат Қанайұлы.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер департаментінің директоры Әбіл Жоламановтың айтуынша, «Мәдени мұра» нысандарын цифрландырудың жобасы, «Қазақстанның ұлттық электрондық кітапхана» жол картасы әзірленген. Кітапханалардың кітап қорын сандық форматқа көшіру, кітапханаларды трансформациялау, тетарлардың жағдайына талдау жасалуда.
– Облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы сандық жүйеге көшірілген кітаптардың санына мониторинг жүргізілді. 13 қыркүйектегі жағдай бойынша сандық жүйеге көшірілген жалпы кітап саны – 36 348. Бұл мардымсыз көрсеткіш. Министрлік «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы бойынша кітапханаларды трансформациялауды бастап кетті. Жобаның басты мақсаты – үлгілі кітапханалардың санын арттыру, кітапханаларды мәдениет және демалыс орнына айналдыру, - деді министрлік өкілі.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл да санамыз жаңғырмай, рухани жағдайымыз түзелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде жұмыс істейтін 55 театрдың барлығы мемлекет қамқорлығында. Жылына 100-ден астам өнер маманы даярланады. Бірақ олардың әрі қарай жұмыс істеуге құлшынысы жоқ. Баспана мәселесі шешілмесе, жағдай қиындай бермек. Жастардың жыл өтпей жатып қаша бастайтыны осы себептен. Бұл – өзекті мәселе. Енді қаламызбен бірге санамыз да өсуі тиіс.
Келелі жиында, сондай-ақ, қаладағы театрларға жастарды көптеп тарту, қойылымдарды жаңалау сынды мәселелер көтерілді.
Айта кетейік, «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы Шымкентте алғаш рет өтіп отыр. Елбасы Жолдауы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айтылған ұсыныстар мен пікірлер бойынша хаттама түзіліп, ол атқарушы органдарға орындау үшін жолданады.
Жиыннан кейін кеңес мүшелері қаладағы әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығының, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының тыныс-тіршілігімен танысып, Тәуелсіздік саябағында ағаш көшетін екті. Сондай-ақ, «Ескі қалашық» аумағын абаттандыру және қайта қалпына келтіру жұмыстарын бағалады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.