COVID-19: дайындық қандай?

Пятница, 08 Июль 2022 05:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 880 раз

image1170x530cropped

Еліміздің өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Алматы қаласы 4 шілдеден бастап «сары» аймаққа өтті. Өңірде КВИ жұқтыру дерегінің күрт өсуіне байланысты Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы арнайы қаулы шығарып, жабық нысандарда бетперделік режим енгізді. Себебі, 4 шілде күні республика бойынша тіркелген 159 науқастың 88-і алматылық екені анықталған. Яғни, алматылықтар ойын-сауық орталықтарына, сауда үйіне, жабық базарлар мен банктерге, кинотеатр, театр, циркке, концерт залдары мен спорттық іс-шараларға медициналық бетперде киіп баруы тиіс. Ал, 6 айдан бері «жасыл» аймақта отырған Шымкенттегі ахуал қалай? Тақырыпты тарқатар болсақ.

Екпе ерікті түрде және тегін жүргізіледі

tolebaev— Ақпан айынан бастап Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақталған болатын. Алайда, 6 шілдеде COVID-19 инфекциясымен 28 жағдай тіркелді. Балалар арасында 4 жағдай анықталған. Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі – ересектер. Науқастар профилактикалық тексеру кезінде және өз бетімен медициналық көмекке жүгінгенде анықталған, - дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас маманы Ұлжан Әлібаева.

Сала мамандарының айтуынша, коронавирустың симптомды түрімен ауырғандар емдеу хаттамасына сәйкес ем алса, симптомсыз түрімен ауырғандар 10 күн медициналық бақылауда болады.

— Індетті алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екендін атап өту керек. Дер кезінде алынған вакцина – дерттің таралып кетпеуіне бірден-бір себеп. Алайда, белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші әлсірей бастайды, сондықтан уақтылы ревакцинациядан өту маңызды. Шымкент қаласында вакцинациялау, ревакцинациялау және қайта ревакцинациялау Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген «QazVac», «Vero Cell», «Комирнати» (Phizer, АҚШ) вакциналарымен жүргізіліп жатыр. Вакциналар алғашқы медициналық көмек көрсету мекемелерінде жеткілікті. Вакцинациялау алдын ала ақпараттандырылған жазбаша келісіммен, ерікті түрде және тегін жүргізіледі, - дейді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев.

 

10 853 азамат 4 мәрте екпе алды

— Он күннен бері коронавирус инфекциясы қайта тарап жатыр. Әр аймақтағы ахуал әртүрлі. Алайда, вирус кеңінен тарап кетпеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, екпе алу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Бүгінде вакцинация жұмысының 4 кезеңі басталды. Алғашқы екі кезең 100 пайызға орындалып, екпе алуы тиіс тұрғындар толығымен қамтылған болатын. 5 шілдеге дейін ревакцинацияның үшінші кезеңінен 347 728 адам өтіп, 65 пайызға орындалса, 10 853 азамат 4 мәрте екпе алып үлгерді. Ревакцинация үшін екпе қоры жеткілікті. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша емханалардағы 45 бекетте екпе салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, кез келген екпенің сақтау мерзімі шектеулі. Сондықтан «Комирнати» (Phizer, АҚШ) екпесі бұған дейін 60 жастан жоғары егде кісілерге, жүкті және емізулі әйелдерге салынса, бүгінде оның ауқымын кеңейтіп, медицина қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлерге ревакцинация үшін қолданылып отыр, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінде Шымкентте 60-70 пайызға жуық ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Алайда, оны белгілі межеде сақтап тұру үшін ревакцинациядан өту маңызды.

asylbekov

— Науқастар әзірге соңғы хаттама негізінде ем алып жатыр. Жеңіл, симптомсыз түріне шалдыққандар амбулаторлық негізде бақылауда болып, 10-14 күннен кейінгі сараптама қорытындысына қарай оқшаулау кезеңінен шығады. Ал, вирустың орташа және күрделі түрін жұқтырған науқастар стационарлық режимде емделіп жатыр. Дегенмен, қала тұрғындары екпені 6 ай сайын салдыру керектігін естен шығармаса дейміз. Себебі, 6 айдан асқан соң, екпенің вирусқа қарсы күші, тиімділігі азаяды, - дейді қаланың бас дәрігері.

Бүгінде коронавирустың алдын алу мақсатында Шымкентте тиісті сала мамандарының қатысуымен арнайы іс-шара жоспары бекітілген.

— Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы жағдайдың алдын алу және жұмысты тиімді ұйымдастыру мақсатында тиісті сала мамандарының қатысуымен іс-шара жоспарын бекітті. Ол жерде тек емдеу мекемелерінде төсек-орындар ұйымдастыру ғана емес, дәрі-дәрмек қорын жасақтау, алдын алу сынды өзекті мәселелер қамтылған. Мәселен, емханалардағы төсек-орын саны санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға қарай өзгеріп отырады. Қазіргі уақытта оптимистік сценарий негізінде емханалардан 733 орын дайындалған. Оның 4 шілдеге дейін 18 пайызына науқастар қабылданды. Ал, дәрі-дәрмек қоры 2 айға жетеді, - дейді Нұрлыбек Абибуллаұлы.

Пандемияның өткен толқындарында Шымкентте 3 мыңнан аса орын жасақталған. Алайда, мамандар ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына орай, ондай қауіптің жоқ екеніне сендірді.

— Вирустың таралуын шектеу, ең алдымен, тұрғындарға тікелей байланысты. Қоғамдық орындарда ара қашықтық сақтау, жабық мекемелерде бетперде тағып, антисептик қолдану сынды санитарлық талаптарды сақтау өте маңызды, - дейді Н.Асылбеков.

 

P.S. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, пандемия басталғалы елімізде 1 млн 308 207 тұрғын коронавируспен ауырған. Ал, 6 шілдеде республикада 330 адам тіркеліпті. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында - 36, Алматы қаласында - 191, Шымкент қаласында – 28, Ақмола облысында – 11, Алматы облысында - 10, Атырау облысында - 9, Шығыс Қазақстан облысында - 4, Жамбыл облысында - 12, Батыс Қазақстан облысында - 1, Қарағанды облысында - 12, Қостанай облысында - 4, Қызылорда облысында - 3, Павлодар облысында - 4, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Түркістан облысында 4 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Мамандар елдегі эпидахуалды тұрақтандыру үшін тұрғындарды екпе алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға шақырып отыр.