Пятница, 22 Июль 2016 05:51

Лаңкестiкпен қалай күресемiз?

ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ӘРБIРIМIЗДIҢ МIНДЕТIМIЗ

Жұрт қазір «терроризм» деген сөзді естісе, үрейленіп, тіксініп қалатын болды. Оған себеп те жоқ емес. Қандықол терроршылардың әрекетінен әлемде қаншама жазықсыз жандар жапа шегіп жатыр десеңші! Ақтөбеде, күні кеше Алматыда болған терактілер жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Статистикаға сенсек, соңғы 3 жылда әлем бойынша, қауіпті шабуылдардан көз жұмғандар саны 80 пайызға өсіпті. Оның ішінде 51 пайызы лаңкестік әрекеттерден қаза болған. Мұндай статистиканы халықаралық экономика және әлем институты жариялап отыр. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, осы уақыт аралығында жаһан елдері экстремистік іс-әрекеттер кесірінен 52,9 млрд долларға жуық залал шегіпті. Еріксіз жағаңызды ұстайсыз...

ЕЛIМIЗДЕ ТЕРРОРЛЫҚ ӘРЕКЕТКЕ ЖАЗА КҮШЕЙТIЛЕДI

8e8507d773f527e74afb231343fbf2ac-ogАлты адамды ажал құштырған Алматыдағы террорлық әрекеттің себебі мен салдары бүгінгі таңда жан-жақты анықталып, тергелу үстінде. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев террорлық әрекетке қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл жиынын өткізіп, сақтық шараларын күшейтуді тапсырған болатын.
Осы аптада Астанада Министрлер кабинетінің кезекті жиыны да Алматыдағы оқиғаларға байланысты бір минут үнсіздікпен басталды. Қанды оқиғаға қатысты соңғы мәліметтермен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов құлағдар етті. Жиында белгілі болғандай, елімізде бұдан былай террорлық әрекет жасағаны үшін бас бостандығынан айыру мерзімі ұзартылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир
Жұмақанов хабарлады. Оның айтуынша, қазір тиісті заң жобасы түзіліп, жан-жақты сараптамадан өткен. Айта кетерлігі, оны арнайы құрылған жұмыс тобы жасап шыққан. Яғни экстремизм және терроризммен күрес мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы 6 Кодекс пен бірқатар бағыттағы 18 заңға түзету енгізуді көздеді.
– Құжатта мемлекеттік нысандар мен қару-жарақ сақталатын мекемелер қауіпсіздігін күшейту қарастырылған. Сондай-ақ лаңкестік әрекет жасаған тұлғалардың мал-мүлкін тәркілеу көзделіп отыр. Бейбіт тұрғындарға қауіп төндіргендерге жаза еселенетін болады. Заң жобасы күшіне енуге дайын, – деді ҚР ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов.
Жиын соңында Премьер-министр К. Мәсімов жағдайды қатаң бақылауға алып, ел тыныштығын сақтау бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

ОЙРАН САЛҒАН ЛАҢКЕС КIМ?

Алматыдағы терактіні жасаған кім? Оны қылмысқа не итермеледі? Мақсаты не?
Рас, терроризмнің діні, ұлты болмайды. Лаң салған 27 жастағы Руслан Күлекбаев – Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының тумасы екен. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, полиция қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған қылмыскердің мақсаты олардан кек алу болған. Күлекбаевтың бұған дейін бірнеше рет сотты болғаны анықталды. Соңғы рет атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін темір торға жабылған.
Алматы облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің дерегінше ол өткен жылы, яғни 2015 жылы жазасын өтеп шыққан. Ол қазіргі таңда, яғни осы уақытқа дейін Алматы облысында тұрған. Ал жанұясы, 2 баласы және әйелі Байқоңыр қаласында тұрып келген.
– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, Руслан Күлекбаев соңғы кезде Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұрған. Ұялы телефон сатумен айналысқан. 2010 жылы 27 тамызда Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотымен Қылмыстық Кодекстің 178-бабы 2-бөлігі бойынша сотталған. 2012 жылы 8 мамырда Қызылорда облыстық сотымен ҚК-нің 251-бабы бойынша 2 жылға және 11 айға бас бостандығынан айырылған. Қазір істі ҰҚК өз бақылауына алды. Ал Ішкі істер министрлігі мәліметінше, оған қатысты Қылмыстық Кодексінің 8-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – дейді облыстық Алматы ІІД өкілдері.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Естеріңізде сала кетелік, Елбасы Н. Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Алматыда лаңкестікке қатысты жұртшылықты арандатушылықпен айналысқандарды қатаң жазалау керектігін айтқан болатын. Бұл ретте Президент еліміздің Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақытылы және толық ақпарат беріп отыру қажеттігін тапсырған-ды.
Осы орайда қазіргі уақытта Алматыда лаңкестік әрекетке қатысты әлеуметтік желілерге шыққан барлық аудио және бейнежазбаларға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.
– Әлеуметтік желілер бойынша бөлек тексеру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл өз алдына бөлек жеке, сотқа дейінгі тергеу шарасына жатады. Қазір әлеуметтік желілерде пайда болған барлық аудио және бейнежазбалар бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр, – деді С. Әзірбек.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілер арқылы қасақана жалған ақпарат тарату бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Яғни, қасақана жалған ақпарат таратқандар 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады.

амангелдАмангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Ол тек құқық қорғау органдарының мәселесі емес. Мен өзім бір нәрседен қорқамын. Лаңкестік оқиға қайталана беретін мемлекеттерде мұндай жайтқа халықтың еті өліп кетеді. Сөйтіп, лаңкестіктің алдын алуға ешкім ұмтылмайды. Бұл бола беретін қалыпты жағдай секілді көрінеді. Міне, біз де осындай қауіпті бір шекке келіп тұрмыз. Терең ойланып, тиімді тактикалық, стратегиялық шаралар қолданбасақ, біз үлкен бір қиындыққа ұшырауымыз мүмкін. Ол үшін, біріншіден, құқық қорғау органдарының штатын көбейтіп, солардың жұмысына басымдық береміз бе, әлде жұмыссыз жүрген, әсіресе, ауыл жастарын оқуға тартып, министрлік тарапынан, облыстық әкімшілік тарапынан көптеп грант бөлеміз бе? Осыны ойлап, шешуіміз керек. Екіншіден, құқыққорғау органдарын техникамен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге ақша бөлеміз бе, әлде парасатқа негізделген, атыс-шабысы жоқ, ұлттық мәдениетімізге байланысты жақсы кинолар шығарамыз ба, драматургияға мән береміз бе, театрлардың тәрбиелік жұмысын көтереміз бе? Қай жолды таңдаймыз? Бұл – бір күнде шешілмейтін страгетиялық мәселе. Бұл менің жеке ойым емес, көптеген елдің тәжірибесі. Ол кейін бірте-бірте өз жемісін береді.


сергейСергей ГРОМОВ, 
ҚР Сенат депутаты:

– Террористер жеке түрмеде, өзге қылмыскерлерден бөлек ұсталуы қажет.
Мұндай адамдардың басқа жазасын өтеушілермен бірге болуы қауіпті. Себебі олар өз ұстанымын абақтыдағы өзгелерге насихаттауы мүмкін. Терроризммен күресті әлі де қатаңдату керек. Осыған дейін бұл мәселеге жеңіл-жепі қарап келген сияқтымыз. Өзге елдер, көрші Өзбекстанды алайық, олар қатаң шараларға барды. Қазір онда теріс діни ағымда жүргендер былай тұрсын оның атауы да айтылмайтын болды. Біз де нақты әрекеттерге баруымыз қажет.


Айдос Сарым   Айдос САРЫМ,
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, саясаткер:

– Соңғы кездері елімізде өкінішке қарай, осындай қайғылы оқиғалар көбейіп кетті. Сондықтан, мұндай лаңкестік әрекеттер қайталанбас үшін, мықтап ойланатын, үлкен де кешенді шаралар қабылдайтын кез жетті. Ұзақ жылдар елімізде, дәстүрлі емес діндер, радикалды ағымдар тамырын жайып үлгерді. Бүгін соның нәтижесін көріп отырғандаймыз. Енді, болашақта лаңкестік әрекеттерге жол бермес үшін ел болып, қоғам болып ұйысуымыз қажет. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ел намысын, мемлекеттің мүддесін, ертеңіне алаңдамай қорғауын қамтамасыз ететіндей еңбек жасауымыз қажет.

 

Опубликовано в Қоғам

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда болған оқиғаларды террорлық әрекет деп атады. Бұл туралы Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында мәлім етті, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Алматыда, өкінішке қарай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық әрекет болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі ықтимал арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырды. 

– Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қаскүнемдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қорғап, жараланғандарға медициналық көмек көрсету жөнінде жедел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ Алматы тұрғындарына тұрақты түрде мәлімет беріп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек. Қауесет таратушылардың аяусыз түрде жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Алматыдағы террорлық әрекетке қатысты арандатушылар қатаң жазаланатынын ескертті. 

– Халықты тұрақты түрде ақпараттандырып отыру керек. Себебі, қазір алып-қашпа әңгіме тарап кетеді. Сондықтан, арандатушыларды, жалған, арандатуға бастайтын өсек-аяң тарату фактілерінің алдын алу керек. Мен мәлім етемін, осындай қиын кезде интернет арқылы, желі арқылы арандатуға бастаған, өтірік ақпарат таратқандарды қатаң жазалаймыз», – деді Н.Назарбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министріне оқиға орнына баруды және Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қаладағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақытылы және толық ақпарат беріп отыру қажеттігін жеткізді.

Опубликовано в Саясат
Среда, 20 Июль 2016 05:56

Үрей мен үмiт

Әлемдік қауiп-қатерлер бiрлесе күш-жiгер жұмсауды қажет етедi

Қорқыныш, үрей, есеңгiреу, дүрлiгу... Өткен аптада әлемде орын алған жантүршігерлік бірнеше оқиға бәрімізді осы сезiмдердiң құшағына ендірді. Үрей емей не дерсіз, 14 шілде күні Францияның Ницца қаласында ұлттық мерекеге арналған отшашудан кейін теракт болып, 84 адам мерт болды. Оның ізін ала, 15 шілденің түнінде Түркияда әскери төңкеріс жасау әрекеті орын алып, 300-ге жуық адамның қаза тапқандығы туралы хабарланды. Ол аз болғандай, азаттығымыздың айғағы болған әсем Алматыда лаңкестердің қолынан бес тәртіп сақшысы мен бір бейбіт тұрғын оққа ұшты. Иә, бұл хабарды естіп, аза бойың қаза болады, жаның түршігеді, көкейде қаншама сауал тізбектеледі. Жазықсыз жандарға қарсы адамдар неге қару кезенеді? Террорлық әрекеттердің сыры неде? Олар неге қатыгездікке барады?

НИЦЦАДАҒЫ ҚАРАЛЫ КҮН
НЕМЕСЕ ҚАУIП ҚАЙДАН ДЕМЕҢIЗ...

Франция десе, көз алдымызға Париж, Эйфель мұнарасы еске түседі. Үшжолақты елді сұлулық символы, романтика мен махаббат мекеніне балайтындар да әлемде аз емес. Осынау көркі көз тартар керемет елде жаға ұстатарлық теракт тіркелді. Оқиға Францияның оңтүстік-шығысындағы теңіз жағасында орналасқан курортты қала Ницца қаласында осы елдің ұлттық мерекесі, яғни, Бастилияны алу күнінде болды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 22.30-да үлкен жүк көлігі Ницца қаласындағы «Променад дез Англэ» жағажайында отшашуды тамашалаған қалың халықты басып, жаншып өте шығады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, халық алдымен жүк көлігі өзінен өзі жүріп кетті немесе оның жүргізушісі есінен танды деп ойлаған. Алайда, барынша көп адамды басып өлтіру үшін жүргізуші халық көп тұрған жерді басып, жылдамдықты арттырғанын білгенде, жапатармағай қаша жөнелген. Кейін анықталғанындай, террорист жүк көлігімен 2 шақырымға жуық жер жүріп, қаншама адамды басып кеткен соң, қарудан оқ жаудыра бастаған. Жүк көлігінің жүргізушісін полиция сол мезетте атып өлтірген. Оның аты-жөні – Мұхаммед Лахуайедж Бухлель, 31 жастағы Ницца тұрғыны, Францияның да, Тунистің де азаматтығы бар болған. Өкініштісі сол, терактіде 84 адам қайтыс болды, тағы екі жүзге тарта адам ауруханаға түсті. Қаза тапқандардың арасында балалар көп. Сондай-ақ, кемінде 54 бала жараланған және терактіде шетел азаматтары, яғни, туристер қаза тапқан. Франция билігі террорлық шабуылдан соң 16-18 шілде күндері жалпыұлттық аза тұтуды жариялады.

terror-4

Ажал құшқандардың арасында Қазақстанның да азаматтары бар болып шықты. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, терактіде 4 қазақстандық көз жұмған, атап айтсақ, Панченко Любовь (1956), Панченко Марина (1983), Панченко Сильвия (2013) мен Отто Наталья (1959) лаңкестіктің құрбандары болды. Олар туристік мақсатта келген екен.
Қазіргі таңда әлемдік саясаттанушылар мен БАҚ өкілдері терактінің себебін, оған кінәлілерді анықтап, жіті зерттеу жүргізіп жатыр. Франциядағы жергілікті баспасөз дерегіне жүгінсек, терактіні ДАИШ өз мойнына алған. Бұл мәліметті DailyMail басылымы да Франциядағы өз дерекөзіне сілтеме жасап хабарлап отыр. Қалай десек те, Ниццадағы теракт адамзат баласына орны толмас өкініш әкелді. Әлемнің көптеген елдері Франция тұрғындарының қайғысына ортақтасып, содырлардың мұндай әрекетін айыптайтынын ашық мәлімдеуде.

ТҮРКИЯДАҒЫ «ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРIС»

Күллі Франция аза тұтып жатқанда, бауырлас Түркия еліндегі сұмдық оқиғаның дерегі жер-дүниені шарлап кетті. 15 шілде күні сағат 22.00-00.00 аралығында Анкара мен Ыстамбұл қалаларында хаос орнап, халық әуеде әскери ұшақ, көшеде танктерді көре бастаған. 16 шілде күні шамамен түнгі сағат 02.00 кезінде Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым елде әскери төңкеріс жасауға әрекет жасалғандығы жөнінде мәлім етті.

Жергілікті БАҚ-тың мәлімдеуінше, алдымен әскерилер Түркия спутникті тележелісі мен Doğan Media Group холдингі ғимараттарын басып алған. Оларда CNN Türk телеарналары мен Hürriyet газетінің редакциялары орналасқан. Ресми дерекке сүйенсек, прокуратура Анкарадағы әскери төңкеріс жасау әрекетінің барысында 42 адамның қаза тапқанын айтып отыр. Олардың ішінде жергілікті тұрғындар мен әскерилер бар. Жалпы бүлік салдарынан 300-ге жуық адам қайтыс болып, 1154 адам жарақаттанған. AFP хабарлағандай, Түркия президентінің Анкарадағы сарайына бомба тасталған. Ал Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған бұл кезде Ыстанбұлда демалыста болған көрінеді.
Осыдан соң Түркия Президенті Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайында баспасөз мәслихатын өткізді. Ел Президенті халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырып, бұл төңкерісті ұйымдастырмақ болған топтар заңның қатаң талаптары бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Айта кету керек, қазіргі таңда бұл іске қатысы бар 6000-нан астам адам қолға түскен.
Түркиядағы оқыс оқиға қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмағаны анық. Себебі, онда елімізден аттанған 2500-ге жуық турист демалып жүрген. Түркиядағы ҚР Елшілігінің мәліметінше, курортты қалалардағы жағдай тұрақты, әйтсе де демалушы қазақстандықтарға қонақүйлерден шықпауға кеңес берілген.
– Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігімен, Түркияның әуе тасымал саласындағы билігімен байланыс жасаудамыз. Түркияда жүрген отандастарымызға қатысты айтар болсам, біздің консулдықтар тиісті жұмыс атқарып жатыр, шұғыл хабарласу желісі іске қосылған. Егер әуежайлардың жұмысы қалпына келсе, ол жақтағы азаматтар өздерінің рейстерімен аман-есен елге оралады деп сенемін. Қазір шамамен 2500 адам сол жақта, олар бүгін-ертең елге ұшып келуі керек, – деп мәлімдеді осы мәселеге қатысты журналистерге шұғыл брифинг өткізген ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Б.Қамалиев.

АЛМАТЫДАҒЫ АТЫС: ЛАҢКЕСТЕР ҚОЛҒА ТҮСТI

Бiрiнен кейiн бiрi болған әлемдегі жантүршігерлік үрейлі оқиғалар Алатау баурайын да айналып өткен жоқ. 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Куәгерлердің хабарлауынша, Николь базары, Абай даңғылы мен Байзақов көшесі қиылысында, Абылай хан даңғылы мен Қазыбек би көшесі аумағында белгісіз адам көшеде автоматпен жүгіріп жүріп оқ атқан. Кейін белгілі болғандай, осы атыс салдарынан бір бейбіт тұрғын мен төрт полиция қызметкері, бір шекара қызметкері қаза тапқаны хабарланды. 

12562328

Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес бойынша шұғыл штабының ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәлімдеуінше, қаза тапқандармен қатар, жеті адам жарақаттанған. Оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетіліпті. Қазір осы оқиғаға қатысты күдікті бір адам ұсталып, қамауға алынған. Сонымен қатар, лаңкестікке қарсы операция барысында қылмыскердің сыбайласы болуы мүмкін деген күдікпен тағы бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазір олардың қылмысқа қатысы бары-жоғы тексеріліп жатыр.
Қазіргі таңда Алматы қаласындағы сақтық шаралары күшейтіліп, барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Сонымен қатар, Алматыда террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланып, кейін бұл режим алып тасталды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында қаза тапқандардың отбасылары мен туыстарына көңіл айтып, бұл оқиғаны теракт деп бағалады.
Еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыда шұғыл брифинг өткізіп, Алматыда орын алған оқиғалардың егжей-тегжейін баяндады.
– Атыс кезінде 8 адам, сондай-ақ қолға түсіру барысында қылмыскер жараланды. 3 полицей, 1 шекарашы мерт болды. Соңғысы оның автомобилін тартып алмақшы болған кезде қарсылық көрсетті. Сондай-ақ, әртүрлі деңгейдегі жарақаттармен 6 полицей және 3 жай адам ауруханаға жатқызылды. Бұлардың қатарында қылмыскер де бар, – деді министр брифингте.
Алматыда атыс салдарынан қаза тапқандардың отбасына мемлекет тарапынан 15 млн. теңгеден материалдық көмек көрсетіледі, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден беріледі.

САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ

terror-1Қазір әлем халқы экстремизммен белсенді күрес жүргізуге бет бұрған. Бұл жаһандық қауіп-қатерге бiрлесе күш-жiгер жұмсағанда ғана істің нәтижелі болатынын өмір көрсетіп отыр. Шындығында, террористік оқиғалардың дүниенің барлық түкпірінде жыл сайын көбейіп келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Бірде АҚШ-та, бірде Иракта, бірде Ауғанстанда, енді бірде Ресейде лаңкестік күштер айылын жимай, дүркін-дүркін бейбіт жандарды қырғынға ұшыратып келеді. Осыдан бір ай бұрын ғана Ақтөбе қаласында болған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза тапқаны белгілі. Енді міне, Алматыда кезекті террорлық әрекет.
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин журналистерге арнап брифинг өткізіп, Алматыдағы оқиғаға қатысты пікірін жеткізді. Белгілі сарапшы атап өткендей, қазір әлем бойынша «жалғыз содыр» тенденциясы белең алып отыр.
– «Кейбір азаматтар әлеуметтік желі арқылы «бір адамның әрекетінің алдын алуға болмады ма?» деген пікірлерін айтып жатыр. Бірақ, біз «ұйымдасқан топ қауіпті, бір адамның әрекеті қауіпті емес» деп айта алмаймыз. Керісінше, бір адамның немесе кішігірім белгілі бір топтың әрекетін алдын алу әлдеқайда қиын болады. Себебі, олар әрекетін дайындау барысында оны жоспарламайды, қару-жарақты дайындамайды. Тағысын тағы... сондықтан, оперативтік арналар арқылы ақпаратты алдын ала біліп, ондай топтың әрекетін алдын алу қиынға соғады, – дейді Е. Қарин.
Сондай-ақ ол қылмыстық топтармен, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмге қарсы күресте қоғам болып белсенді қолдау көрсету едәуір күш бола алатындығын айтады.
– Осы орайда бұл мәселеде көмек ретінде қоғам тарапынан белсенді қолдау көрсетілгені қажет. Мәселен, Facebook немесе WhatsApp сынды әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттар шапшаң тарайтындығын ескерсек, осы әлеуеттің өзін билік мүмкіндігінше өз пайдасына қолданғаны мақұл. Ресми түрде бекітіліп, расталған мәліметті таратуды айтпаған күннің өзінде, бұл желілердің әлеуеті күштік құрылымдардың көмекші құралы бола алатындығы сөзсіз. Яғни, қоғам тыныштығын бұзып жүрген бұзақыға қатысты бағыт-бағдарлар мен қандай да бір ақпараттарды алу арқылы күдіктіні қолға түсіруге әбден болады, – дейді сарапшы.
Қариннің пікірінше, терроризммен күрестің басты алғышарты – жалпы қылмыспен жүйелі түрде күресу. «Мұны мен зерттеулерден білдім. Лаңкестер құқық қорғау органдарының назарына кездейсоқ түседі. Мәселен қару-жарақ, ақша жинау барысындағы қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде кездейсоқ түрде лаңкестік әрекеттердің белгілері назарға түсетін болған. Сондықтан, менің ойымша, қатардағы, қарапайым қылмыстардың алдын алсақ, терроризммен тиімді күрес жүргізген болар едік», – деді ол.

Опубликовано в Қоғам