Среда, 12 Апрель 2017 05:19

«Ардагерлер ұйымына» – 30 жыл

Бүгінде «Ардегерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Атаулы күнге байланысты, Әл-Фараби аудан әкімдігі ардагерлер кеңесі және «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық» атауымен ауқымды іс-шараларды қолға алды. Яғни, кестеге сәйкес, кеңейтілген жиындар, «дөңгелек үстел», семинар, жастармен кездесулер ұйымдастырылмақ.

 

Осы орайда, «Сыбаға» дәмханасында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері үшін ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Бауыржан Қалжановтың айтуынша, 2010 жылы аудан аумағында 38 бастауыш ардагерлер ұйымы болса, қазіргі таңда олардың қатары 62-ге артқан. Аудан аумағындағы барлық 26 мектепте бастауыш ардагерлер ұйымы құрылыпты. Жалпы, аудандағы ардагерлер саны 15 мыңға жуықтайды. 

– Бүгінгі таңда ауданда 29 соғыс және 1 150 тыл ардагерінің тізімі анықталып, әлеуметтік карта әзірленген. Тек, өткен жылы 120-дан астам соғыс, тыл және еңбек ардагерлері «Ардагерлер үйлері» мен Сайрамдағы «Мейір» демалыс үйіне және «Манкент», «Сарыағаш» шипажайларына барып, денсаулығын түзеп қайтты, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.

Шара барысында тыл ардагерлері Х. Бижанов, К. Рысбеков, Н. Лычагина аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Әжелер ансамблі және жергілікті өнерпаздар өз орындауында ән-тарту жасады.

Опубликовано в Әлеумет

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласында тұратын 108 жастағы Батыр Ана Назым Мамбетәлі әжейдің шаңырағына барды. Қазыналы қартты мейраммен құттықтап, ыстық лебізін білдірген өңір басшысы қарияға сыйлығын табыстады.

17156337 1228561773926826 3045527638234790811 n

– Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый- құрмет көрсету – парызымыз. Әрқашан, шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден жылылық кетпесін. Жанұяңызға береке, бірлік тілеймін! – деген Жансейіт Қансейітұлы қарт анамен әңгімелесіп, естелік суретке түсті.

Екі ғасырдың куәсі болған, бүгінде 25 немере, 15 шөбере сүйіп отырған Назым әжей шаңырағына арнайы құттықтай келген облыс әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді. 

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 1,5 милионға жуығын нәзікжандылар құрайды. Ал өңірімізде 100 жастан асқан 88 қария өмір сүріп жатыр. Ғасырмен құрдас бұл жандардың көпшілігі Шымкентте, Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарында тұрады. Олардың 70-ке жуығы тыл ардагерлері.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 03 Февраль 2017 06:07

Азалы жылдар ақиқаты

Облысымызда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 4 мыңнан асады. «Кеңес өкіметі кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Екі жарым мың адам "Қайтпас" шағынауданындағы «Қасірет» мемориалдық кешенінде мәңгілік мекенін тапты. Ал республика бойынша 25 мың адам атылған, олардың көбісінің артында қалған ұрпағы жоқ».

16388013 1465587926784548 4222938889475074855 n

Ақын Ханбибі Есенқарақызы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде басшылық қызмет атқарып тұрған кезінде біздің газетімізге берген сұхбаттарының («ШК», №104) бірінде осылай деп еді.

Ақынның айтуынша, мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандар мен хабарсыз кеткендерді 70 жыл бойына санап келеміз. Әлі де дәл дерек жоқ. Соғыс кезінде арнаулы есепке алушылар, статистер болды ғой, соның өзінде соңғы нүкте қойылған сан нақтыланбаған. Ал саяси қуғын-сүргіннің аржағында кәмпеске (елден мәжбүрлі түрде шығарылу) ашаршылық нәубеті жатыр. Зұлмат заман құрбандарының түсін түстеп, арнайы санын алып жүрген ешкімнің болмағаны айдан анық. Оның үстіне бұл жабық тақырып болғаны белгілі. Қазіргі тарихшылар да тереңдетіп зерттей алмай жатыр. Сондықтан бізге берілген сандардың шартты ұғым екенін естен шығармайық. Қазір бұл сандар күн өткен сайын айқындалуда. 

Бүгінгі күнге дейін репрессия құрбандарының біздің облысымыз бойынша жалпы тізімі 2500 емес екенін уақыт өзі айқындап берді. ОҚО Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлмира Серікбаева осы аптада «енді батыл түрде ОҚО бойынша репрессияға ұшырағандар санын 4001 деп айтсақ болады» деп мәлімдеме жасады. 

16265222 1465587473451260 5575891699582500900 n

– 2500 деген сан 1998 жылы жарық көрген «Азалы кітаптан» алынған. 

Бұл кітапта 2124 адамның ғана тізімі бар. Біз осы тізімнің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін Мәскеудің мұрағаттарына сұрау жіберіп, өзіміздің ҰҚК-нің мұрағат құжаттарынан жазықсыз жапа шеккендердің саны 4001 екенін анықтадық, – деді Гүлмира Серікбаева. 

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 80 жыл» атты дөңгелек үстел барысында «Алаш ардақтылары» деген атпен кітап көрмесі қойылды. Белгілі зерттеуші, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 21 Декабрь 2016 06:09

Ардагерлер марапатталды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының ардагерлері марапатталды.

IMAG2305Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай қариялардың омырауына мерекелік медалды салтанатты жағдайда қадап, құрмет көрсетті. Ұлы Отан соғысының майдангері Анна Шаля, ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері Сейдахмет Байдәулетов, Айтымбек Құмарбеков, Оразалы Омаров, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан Омарұлы, облыстық кеңестің төралқа мүшесі Кәрсенбай Қунақов, кеңес мүшесі Базарбек Уәлиханов, пленум мүшесі Любовь Ралдугинаны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық медалімен марапаттады. 

– Сіздерді мемлекетіміздің ең мерейлі мерейтойымен құттықтаймын. Бұл күн біз үшін ерекше толғаныспен қарсы алатын мерекелердің бірі. Сіздердің өмірлеріңіз ерен ерлікке, қаһармандыққа және табандылыққа толы. Әрқайсыңыз мемлекетіміздің көркейіп, дамуына өзіндік үлес қоса білдіңіздер. Ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз біз үшін әрқашан үлгі болып қалады. Сіздерге денсаулық пен жақсылық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! – деді И. Рысбай. 

Марапатталған ардагерлер өздеріне көрсетілген құрметі үшін Елбасына алғыстарын жеткізді.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 21 Декабрь 2016 06:05

Киелі орындарға зиярат жасады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және қасиетті Мәуліт айы мерекесіне орай, қоғам белсенділері өңірдің әулиелі орындарына зиярат жасады. Шараға облыстық «Бибі Фатима» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

IMG 20161219 120121

25 әйелден құралған топтың құрамына өңірдегі қоғамдық бірлестік төрайымдары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері енді. Саяхатшылар алдымен күн түс ауа Арыстан бабтың кесенесiне ат басын тiредi. Мұсылман қауымы үшін киелі орын Арыстан баб кесенесі – Алаш жұртының зиярат ететін қасиетті мекені. Қыс ауасындағы қытымыр ауа-райының мінезіне қарамастан, әжейлер кесене маңайын түгел аралап шықты. Бабаның басына құран бағыштап, құдықтан су iштi. Елдiң, жердiң амандығын тiлеп, дұға оқыды. Кесене маңындағы мұражайларға кiрiп, рухани танымын кеңейттi. 

– Ұлтаралық татулық пен ынтымақты дәріптеп жүрген бірлестік мүшелері бұл жолы зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, киелі орындарға зиярат жасап қайтуды өз міндетіне алып отыр. Зиярат барысында арнайы құрбан шалып, елдің тыныштығы мен бейбіт өмірін дұға-тілектерімізге қосудамыз, – дейді «Бибі Фатима» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күләйша Шәкірова. 

Мұнан кейін арақашықтығы 50 шақырымды құрайтын Шәуілдір ауылынан Түркiстанға дейінгі аралықтағы жолды ақ жаулықты әжейлер әнмен тербеп қысқартты. Күн төбеден ауған сәтте, топ мүшелері Түркістан қаласына келіп жетті. Дегенмен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнiң басындағы адамдардың қарасы мұнда да қалың.
Бабалар рухына құран бағыштаған ардагерлер бұл жолғы сапардан үлкен әсер алғанын жеткізді.

Опубликовано в Әлеумет

(Парижде саябақ ашылып, мүсін қойылса, Астанада көше аты да жоқ)

Біздің бүгінгі респондентіміз – Әбдіуақап Қара (суретте). Ғалым, жазушы, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан атындағы Ыстамбұл университетінің профессоры.
Түркияда тұратын бұл ғалым қазақ тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосып жүр. Оның, әсіресе, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен тарихтағы рөлі туралы еңбектері тарихтың терең теңізінен маржан тергендей дүние. Шетелдік мұрағаттардың қатпар-қатпар парақтарын талмай ақтарып, қазаққа қатыстысын қалт жібермей келе жатқан тарихшы ағамыздың өткенімізді түгендеуге қосқан еңбегі ересен. Әбдіуақап Қараның тұлғалық тұрпатының өзі бөлек. Тектілікке тұнып тұрған қазақы болмыс. Таяуда Түркиядан Шымқалаға жұмыс бабымен келген ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.

DSC 6141

«Сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді»

– Әбдіуақап аға, Қазақ елі былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін тойлады. Биыл А. Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толып отыр. Неге екені белгісіз, осы тарихи оқиға атаусыз қалып жатқан сияқты. Ұлтымыздың тарихын шетелде жүріп зерттеп, қомақты үлес қосып келе жатқан ғалым ретінде бұл маңызды тарихи оқиғаның өз деңгейінде аталмауын қалай түсіндірер едіңіз?

– Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 25 жыл болды. Кеңестік кезеңде ұлттық тарих зерттелген жоқ. Нақтысы, зерттетпей тастады. Сондықтан бүгінгі таңда бізге жетпей жатқаны – ұлттық тарихтың мазмұны мен оны тереңдету жолдары. Өйткені, тарихты зерттеу деген оңай нәрсе емес. Бұған ондаған жылдар мен жаңа көзқарас қажет. Саяси тәуелсіздік бір күнде келеді, ал сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді. Ол үшін көптеген жылдар еңбек етуге тура келеді. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихты зерттеген ғалым ағаларымыз сол кездің өзінде алпыстың асқарына шыққан ақсақалдар еді. Олар Кеңестік кезеңнің идеологиясымен ойлады. Ұлттық тарихтың ақиқати астарын айта алмады. Себебі, 74 жыл бойы маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан тарих бұрмаланды. Олар қанша тырысса да, еуроцентристік көзқарастың тұтқынына тұтылған тарихты өзгерте алмады. 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жазатын тәуелсіздіктің құрдастары, яғни, осы кезеңде туып-өскен жас тарихшылар. 1991 тәуелсіздік алған жылы туған бала 25 жасқа келді. Бұлар Кеңестік идеологіяның қысым-шектеулерімен емес, еркін оймен өсуде. Мәмбет Қойгелді бастаған отандық тарихшылар да кенестік тарихнаманың әсер-ықпалынан арылу үшін басқа елдердің зерттеу тәсілдерін үйрену қажеттілігіне тоқталуда. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Алаш зиялыларының еңбектері дер кезінде зерттеліп, ескеріліп жатыр деп айта алмаймыз. Мұстафа Шоқайға Францияда француздар жоғары баға беріп, саябақ ашып, мүсін қойған. Ал біз әлі де тәуелсіз Қазақстанның астанасынан бірде-бір көшенің атын бере алмай отырмыз. Өйткені, әлі де Мұстафа Шоқай іспетті тұлғаның тарихтағы орны мен рөлін зерделей алмай жүргендер көп. Советтік сарында ойлап, оған «сатқын» деген күдікпен қарайтын зерттеушілер де жоқ емес. Әрине, бұрмаланған тарихымызды шаң-тозаңнан аршып алу жолында үлкен бетбұрыстар жасалды, жасалып жатыр. Бұл орайда қазақ тарихшылары Шоқайдың нацистермен, яғни фашистермен ауыз жаласпағанын архив құжаттарымен дәлелдеп отыр. Дегенмен, ғалымдардың бұл дәйектері халыққа толыққанды жетіп жатыр дей алмаймын. Ғылымдағы жетістіктерді тек тарихшылар, журналистер айтып қана қоймай, сценаристер мен режиссерлер де өз туындыларында көрсетіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, ғылыми кітапты барлық адам оқи бермейді. Ал сол ғылыми еңбектердегі тарихи деректер өнер туындыларында, киногерлердің фильмдерінде, саясаткердің баяндамасында көрініс тауып жатса, онда мыңдаған адам бұл дүниелерден хабардар болады. Сонда халықтың ұлттық тарихқа деген көзқарасы да қалыптасар еді. Сонда тарихи оқиғаларға қоғам болып мән берген болар едік. Қорыта келе айтарым, қазақтың ұлттық тарихы әлі түгенделген жоқ. Өздеріңіз білесіздер, өткенде Елбасы Н. Назарбаев: «Тәуелсіз Қазақстанның тарихы әлі толық жазылмады», – деді. Бұл бағытта Президенттің қолдауымен игі шаралар атқарылуда. Сонымен қатар «Мәдени мұра бағдарламасымен» қазақтың шетелдерде шашырап жатқан көптеген тарихи деректері жинақталып, зерттеліп кітап болып шықты. Мұның бәрі ұлттық тарихқа қосылған сүбелі үлес.

DSC 6125

– Әлгінде бір сөзіңізде отандық тарихты шетел тәжірибесіне сүйеніп зерттеу туралы айтып қалдыңыз. Өзіңіз өмір сүріп, қызмет ететін Түркия Республикасының мұрағаттарында қазақтар туралы тың деректер бар ма? Және олардан тарихты зерттеудің қандай әдіс-тәсілдерін үйренуіміз қажет?

– Маңызды сұрақ қойдыңыз. Түркияның бұл турасында 90 жылдан астам тәжірибесі бар. Мұстафа Кемал Ататүрк 1923 жылы Ұлттық Түрік Республикасын жариялады. Одан алдын Оспан патшалығы болды. Патшалық жүйеден ұлттық мемлекеттік жүйеге өтті. Сонда тарихи көзқарас өзгерді. Осман патшалығы кезінде олар дінге негізделген мемлекет болғандықтан, тарихи көзқарасы пайғамбарымыздың туылуынан басталатын «Үмбеттік тарихи көзқарас» болған. Одан арғы көне түркілердің тарихы ол кезде зерттеліп кітаптарда орын алмаған. Ататүрік жаңа мемлекет жариялағаннан кейін тарихты өзгертіп, ұлттық тарихты исламнан бұрынғы дәуірлерден бастауға тура келді. Осы тұста Ресейдегі түркі-мұсылман зиялыларының көмегі көп тиді. Түріктің көп тарихшылары тарихты көне түркілерден бастап зерттеп, түркілердің исламға дейін де, исламнан кейін де ірі мемлекеттер құрған ұлы өркениеті бар ұлт екенін дәлелдеп, көптеген еңбектер жазды. Қазақстанда қазіргі таңда «Мәдени мұра» бағдарламасы жұмыс істеп, мемлекеттің көмегімен әлемнің қайсыбір бұрышынан да қазаққа қатысты деректерді жинап, ілкімді істер атқарылуда. Бұған қыруар қаржы бөлінген. Осман патшалығының мұрағатынан түріктер мен қазақтардың саяси, елшілік байланысы туралы құжаттар
Қазақстанға берілді. Сүлеймание кітапханасындағы араб-парсы қолжазбасынан да біраз материалдарды қазақстандық тарихшылар алып кетті.

DSC 6169

«Алаштың тарихы Мұстафа Шоқаймен тереңдей түседі»

– Аға, сізді шоқайтанушы ретінде жақсы білеміз. Мұстафа Шоқайға қатысты жаңадан қандай да бір тың деректер бар ма? Ғылым жолындағы соңғы жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз...

– Менің негізгі зерттеу обьектім – Мұстафа Шоқай. Азаттық радиосында 1988 жылдан бастап 7 жыл қызмет еттім. «Азаттық» радиосының бұрынғы қызметкерлері – соғыстан аман қалған қазақстандық азаматтар Мұстафа Шоқайды кезінде көрген кісілер екен. Мен барған уақытта олардың барлығы зейнетке шығып кеткен, кейбірі бақилық та болған еді. Бірақ, сол азаматтардың ізін басқан Махмет Құлмағамбетов, Хасен Оралтай, Мұхабай Енгин, Талғат Қосжігіт, Әлихан Жаналтай сынды қазақстандық және түркиялық азаматтардан Шоқайға қатысты біраз дерекке қанықтым. Көп әңгіме естідім. 1989 жылы Қазақстан Компартиясының қаулысымен Алаш қайраткерлерінің бір тобы ақталып, олардың еңбектері жарыққа шыға бастады. Сол кезде Мұстафа Шоқайды ешкім батылы жетіп ауызға алып, айта алмады. Тек 1990 жылдан кейін Қазақстан тарихының соңғы шындығы ретінде оның есімі атала бастады. Бейбіт Қойшыбаев деген ағамыз «Ана тілі» газетінің бетінде «Мұстафа Шоқай кім?» деген тақырыпта мақала жариялады. Одан бес-алты айдан кейін жазушы Әнуар Әлімжанов ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұстафа Шоқай халық жауы емес, халық қаһарманы» екенін айтқаннан кейін ғана бұл тақырып ашық зерттеле бастады. Мен, міне, осы үрдісті Азаттық радиосында Қазақстаннан келген баспасөз материалдарынан оқып отырдым. Сөйтіп Шоқайдың өміріне қызығып, зерттей бастадым.

DSC 6133Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік күресі 1921 жылы Францияға барғаннан кейін басталды. 1929-1939 жылдары оның басшылығымен «Яш Түркістан» журналының 117 саны шыққан. Басқа да көптеген материалдар Еуропада мұрағатта жатыр. 1995 жылы Түркияға қайтып, ғылым жолына түскеннен кейін докторлық диссертациямның тақырыбы ретінде Мұстафа Шоқайды таңдадым. Францияда, Германияда болдым. Сол жақтың мұрағатынан көп тың материал таптым. Менің ең үлкен жетістігім – Мұстафа Шоқайды кеңестік кезеңдегі «фашистермен бірге әрекеттес болған» деген жаланың негізсіз екенін алғаш рет дәлелдермен ортаға салғандығымда деп ойлаймын. Менен кейін бұл салада зерттеу жүргізген ғалымдар да оның жала екенін көптеген деректермен ғылыми айналымға қосып жатыр. Шоқай ешқашан легионда жұмыс істемеген, қатысы да болмаған. Өйткені легион Шоқай дүние салғаннан кейін 1942 жылы сәуір айында құрылған. Мұстафа Шоқай нацистермен бірге істеген жоқ. Өйткені, Мұстафа Шоқай нацистер алда-жалда Кеңес одағын қиратса, Орталық Азияға тәуелсіздік бермейтінін, тіпті большевиктерден ары жабайы түрде қанайтынын жақсы білді. Сондықтан фашистердің оған Кеңес Одағына қарсы бірге жұмыс істеу жөніндегі ұсыныстарына «Сіздер Кеңес одағын жеңген уақытта бізге тәуелсіздік бересіздер ме?» деген қарсы сұрақ қойған. Олар ешқандай да жауап қата алмаған. Өйткені, «бермейміз» десе, шындықты айтқан болады. Онда Мұстафа Шоқай жұмыс істемейтінін біледі. «Береміз» деп өтірік айтса, оған Шоқайды сендіре алмайды. Сөйтіп Мұстафа Шоқай: «Сіздермен бірге жұмыс істемеймін, үйіме кетемін»,- деді. Париждегі үйіне қайтып бара жатқан жолда Берлинде кенет ауырып 1941 жылы 27 желтоқсан күні қайтыс болды. Нацистер, бірақ, Уәли Қайымхан секілді жастарға өтірік айта алады. «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты Серік Шәкібаевтың кітабында: «Мұстафа Шоқайды Уәли Қайымхан у беріп өлтіріп, Түркістан легионына бастық болғысы келді» деп өтірік жазылып кеңестік саясат қазақ пен өзбек халықтары арасына сына қаққысы келді. Шоқайдың қасында тілмаш болып жүрген өзбек жігіті Уәли Қайымхан, әрине, оның немістермен бірге жұмыс істеуінен бас тартқанын біледі. Онда ол неге өлтірсін?! Әйелі мен достарының айтуынша, нацистер оған у беріп қоя берген. Сөйтіп Шоқай Берлинде кенеттен ауырып қайтыс болады. Немістер «жұқпалы аурудан өлді» деп ақиқаттан өздерін арашалап алмақты ойлады.

Мұстафа Шоқай – тек қазақтың ғана емес, исі түркінің мақтанышы. Түркияда оған өте жоғары баға берілуде. Францияда да солай. 2010 жылы Парижде оның тұрған үйінің қасынан саябақ ашып, мүсін қойылды. Мұстафа Шоқай – шоқтығы биік тұлға. Алаштың тарихы Мұстафа Шоқаймен тереңдей түседі. Ол 1941 жылға дейін Еуропа елдерінде Алаш идеясын ту ғып көтерді. Сондықтан ол – Алаштың соңғы түйіні.

– Елге оралатын ойыңыз бар ма, аға?

– Әрине. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Елге оралып, қызмет етуді армандаймыз. Ғалым болғаннан кейін қай жерде елге көбірек пайдамыз тисе, сол жерде жүреміз. Ғалым адамға материалдық құндылықтан гөрі рухани құндылықтың қажеттілігі зор. Түркияда жүріп, еліміздің тарихын зерттеу ісіне титтей де болса үлесімді қосып келемін. Қазақстанның Түркиядағы елшілігіндегі дипломат достарым мынадай кеңес береді: «Әбеке, сіз елге қайтуға асықпаңыз. Шетелдегі танымал қазақ ғалымдарын елге қайтару жайында заң бар. Сол заң арқылы кезі келгенде үкімет сізді шақырар. Ал бүгінгі танда Түркияда Қазақстанның имиджін көтеріп жүрсіз. Қазақ-түрік ғалымдарының байланысына мәдени-ғылыми көпір болып отырсыз. Әрі бұл жақтағы орныңыз ойсырап қалады. Өкшеңізді алып келе жатқан жастар сіздің орныңызды бассын. Одан кейін елге барып, жаңа шәкірттер тәрбиелейсіз», – дейді. Олардың кеңесі орынды сияқты.

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
Суретті түсірген
Данияр Қожабек

Опубликовано в Сұхбат

Ақтөбеде маусым айының 5-жұлдызында орын алған лаңкестік шабуылдың салдарынан қайтыс болған оңтүстікқазақстандық жауынгердің денесі Шымкентке жеткізілді. Ақтөбе қаласындағы 66/55 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Шардара ауданының тұрғыны Сапар Досбол Еркінбекұлы антитеррорлық операция кезінде ерлік көрсетіп, қаза тапқан болатын. 19 жасар бозбаланың денесі кеше, сейсенбі күні жер қойнауына тапсырылды.

13393387 914310405346238 1327575845 n

Еске сала кетсек, өткен жексенбіде Ақтөбедегі «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне лаңкестік шабуыл жасалып, бейбіт 2 тұрғын оқиға орнында қаза тапқан. Тек мұнымен шектелмеген содырлар қоғамдық жолаушылар автобусын басып алып, Ұлттық «Ұлан» гвардиясының 66/55 әскери бөліміне шабуылдаған.

13325628 988641747918831 5135779619686537795 n

Өткен жылдың 15 желтоқсанында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Ақтөбедегі Ұлттық «Ұлан» гвардиясының 66/55 әскери бөліміне оңтүстік өңірінен барлығы 60 бозбала аттанған болатын. Жарақаттанған жас сарбаздардың қатарында тағы бір оңтүстікқазақстандық Сырым Сүндетов те бар.

Қазіргі кезде 12 қылмыскердің көзі жойылып, 5-еуі ұсталған. Қалған қылмыскерлердің жеке басының мәліметтері анықталып, оларды ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде. Ал қапылыста қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына 500 айлық есептік көрсеткіш есебінде материалдық көмек көрсетілмек.

Опубликовано в Әлеумет

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, кеше таңертең «Қасірет» мемориалында қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті. Жиынға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, облыстық мәслихат хатшысы Қамытбек Айтөреев, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және бірқатар ел ардақтылары, сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтың ұрпақтары қатысты.

13335863 984576064992066 6123712545405750120 n

«Қасірет» мемориалына жиналған қауым нәубет жылдары қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Облыс және қала басшылығы, ардагерлер кеңесінің өкілдері тоталитарлық озбыр саясат жүргізген қудалаудың салдарынан құрбан болған азаматтарымыздың түрмеге қамалғанын, жазықсыз жандардың рухын ардақ тұту бүгінгі және келер ұрпаққа жүктелетін асыл міндет екенін айтты.

 13319943 984576204992052 1762393697404279689 n DSC 0372 

Мұнан соң, көпшілік қауым облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайын аралап, облыстық орыс драма театрында өткен «Тағзым» іс-шарасына қатысты. Онда «Алаш алыптары» деректі фильмі көрсетіліп, сонымен қатар, «Аманат» атты театрландырылған қойылым назарға ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков сөз сөйлеп, қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау және ұлықтау парыз екенін атап өтті. Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Қойшыбаев, саяси қуғын-сүргін құрбаны, Әзімхан Кенесариннің ұрпағы Раушан Ләтайқызы, саяси қуғын-сүргін құрбаны, ағартушы- ұстаз Тәңірберген Отарбаевтың қызы Ұлжан Отарбаева сөз алды. Шара соңында «Понтос» мейрамханасында құрбан болғандарға Құран бағышталып, ас берілді.

Еске сала кетсек, 1935-1938 жылдар аралығында елiмiздiң бiртуар азаматтары жаппай қуғын-сүргiнге ұшырады. Кеңес өкiметi халықтарының 4 миллионнан астам азаматы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың құрбанына айналды. Сол жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша 2500 адам «халық жауы» ретінде атылды. Сұрапыл саясаттың салдарынан 507 мың қарашай, шешен, 180 мың қырым татарлары мен 110 мың поляктар, тағы да көптеген ұлт өкiлдерi Оңтүстiк Қазақстанға күштеп жер аударылды.

Опубликовано в Әлеумет

Тарихтың төрінен орын алар Алаш қайраткерлерінің құнды мұраларын ұрпаққа қалдыру маңызды іс. Бүгінгі күнге дейін тұлғалық келбеті ашылмаған, толық зерттелмеген арыстарымыз әлі де болса баршылық. Өткен ғасырдың басында қазақтың жоқтаушысы болған, мемлекет және қоғам қайраткері Мырза Наурызбайұлының да еңбегі өлшеусіз екеніне көзіміз жетіп отыр.

13321620 176083259460714 4072194422577278272 n

Шардара ауданында елге белгілі азаматтардың қатысуымен біртуар тұлғаның еңбектерін насихаттап, жарыққа шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. «Алаштың Орталық Азиядағы тұлғасы: тарих және тағылым» тақырыбымен өткен жиында көптеген тұжырымды ойлар тоғысып, Алаш тағылымы жайында кеңірек сөз болды. Шардара аудандық мәдениет үйінде бас қосқан бір топ зиялы қауым өкілдерінің арасында ҚР Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Болат Жылқышиев, ғалымдар Уәлихан Бишімбаев, Мекемтас Мырзахметұлы, Дархан Қыдырәлі, Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басшыларынан Ғалым Жайлыбай, т.б азаматтар болды.
Жиынды халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды.
Мырза Наурызбайұлының еселі еңбегін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Қайраткердің Орталық Азияда тұлға атануының өзіндік себебі бар. Ғалымдардың атап өткеніндей, Наурызбайұлы Қырғызстан және Өзбекстанда қызмет еткен. Алашорда салтанат құрып жатқанда өз еліне көп еңбек сіңірді. Еліміздің көптеген аудандарында ізі қалған. Жиынға елдің түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдардың келуі де осы себептен.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді жиынның ашылу рәсімінде сөз алып, тебірене сөйледі. Қажыр-қайратын халқына арнаған азаматтың өмір жолымен таныс екенін айта келе, жиылған халыққа ақ батасын берді.
Жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде профессор Дихан Қамзабекұлының мазмұнды мақаласы жарық көрген. Онда Мырза Наурызбайұлының қызметтік жолы мен тұлғалық келбеті ашып көрсетілген еді. Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Дихан Қамзабекұлының семинардағы бұл баяндамасы да көпшілікке әсер етті.
– Тәуелсіздікке жету жолында еңбек сіңірген тұлғаларымыз көп. Бірақ көп жағдайда олар лайықты бағасын ала алмай жүр. Кей жағдайда ақпараттық ғылыми негіздері жетіспейді, кейде белгілі бір пендешілікке бой ұрамыз. Мырза Наурызбайұлы ең әуелі Алаш қайраткері екенін білуіміз керек. Ол 1924 жылы Орынборда өткен қазақтың ең алғашқы білімпаздар съезіне Бұқара халықтарының атынан қатысқан. Яғни, Бұхарадағы төрт жүз мыңдай қазақтың қаймақтарының бірі болды деген сөз. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы бас көтерулер басы-қасында жүрді. Бұхара республикасының ішінде жүріп көпшілікті мойындатқан, Үкімет құрамына да енген. Қысқаша айтқанда, қазақтарға жауап беретін тұлға деңгейіне көтерілді,– дейді профессор.
Бүгінде қазақтың тарихы әлі де түгенделіп жатыр. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі Алаш қайраткерінің мұрасын таныту Түркістан тарихын зерттеушілердің еншісінде екенін айтты. Мырза Наурызбайұлының мұраларын түгендеу, насихаттау, келесі жылы Алаштың жүз жылдығы аясында өтетін жиындарда тағы жалғаспақ. Ғалымдардың айтуынша, алдағы уақытта Алматы, Астанада алқалы басқосу өткізу жоспарлануда.
Конференция соңында көпшілікке ас беріліп, баба рухына Құран бағышталды.

Т. ҚАСЫМ,
Шымкент – Шардара – Шымкент

Опубликовано в Қоғам
Среда, 01 Июнь 2016 09:46

Билерге тағзым еттi

Дәстүрлі велошеру жалғасын тапты. Шымкентте ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Билерге тағзым» іс-шарасы ұйымдастырылды. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен сот қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары велосипедке отырып, 43 шақырымды басып өтті.

13265999 982793788503627 4056230748105863317 n

Велошеру таңғы сағат 7.00-де Шымқаладағы Бәйдібек би ескеркішінен басталды. Марафоншыларды шығарып салу жиынына келген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, облыс спортының ардагерлері қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Марафонды өткізудегі негізгі мақсат – біріншіден салауатты өмір салтын насихаттау, екіншіден үш биге тағзым ету. Қазақтың ел болып қалыптасуында үш бидің сіңірген еңбегі мол. Әр уақытта бірлік болса, жеңіс те, табыс та көп болады. Осындай шаралар жиі қолға алына берсін!, – деді спорт ардагері Ақжол Асқаров.

13267852 982793958503610 401427100541212377 n

Жүзге жуық велошеруші Бәйдібек би, Қонаев даңғылы бойымен, ары қарай Желтоқсан көшесі және Темірлан тас жолы арқылы Ордабасы ауданына жол тартты. Олар Тәуелсіздікке тәу ете отырып «Бірлік» монументіне дейінгі 43 шақырымдық жолды көтеріңкі көңіл күймен бағындырды. Бәйдібек ауданында ас беріліп, бабалар рухына Құран бағышталды.
Құндылықтарымызды сақтап, жастарға Ұлы Дала тарихын насихаттайтын маңызды жоба соңы облыс өнерпаздарының мерекелік бағдарламасына ұласты.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 2 из 2