Қазақстанның өңірлерінде 1 қарашадан бастап атқарушы органдардың бірлесуімен «Заң керуені» акциясы басталды. Іс-шара аясында прокуратура, полиция, қылмыстық атқару жүйесі, экономикалық тергеп-тексеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, мемлекеттік кірістер, қала әкімдігімен басқармалардың қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы құрылды. Шымкентте құрылған көшпелі топ тұрғындарды 14 қарашаға дейін қабылдайды. Кеше акция қаладағы төрт ауданның шалғай елді мекендерінде ұйымдастырылды.

Қаратау ауданы

Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан мәдениет үйінде «Заң керуені» акциясы өтті. ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен республика көлемінде өтіп жатқан бұл акцияның мақсаты – жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту. Іс-шараға Шымкент қаласының прокуратурасымен қатар барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың мамандары қатысты.

karatau

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүгінде жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам құру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызы зор. Әділетті қоғам орнатудың басты алғышарты – заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Сол себепті Шымкент қаласының прокуратурасы халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамдағы ең өзекті мәселелермен танысып, олардың заң аясында шешімін табуына ықпал етіп отырады, – дейді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Берген Ержаппар.

Б.Ержаппар бүгінгі «Заң керуені» акциясы соның тағы бір көрінісі екенін айтады.

–Бүгін халықпен тікелей кездесе отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді азаматтардың өз аузынан естіп жатырмыз. Кейбір келеңсіз жағдайлар, заңсыздықтар орын алып жатқан болса, осында жиылған тиісті құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып дереу проблеманы шешуге болады. Сонымен қатар кейбір азаматтарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңес берілді, – дейді қала прокурорының орынбасары.

Оның айтуынша, акция аясында шешілмеген күрделі мәселелер Шымкент қаласы прокуратурасының бақылауына алынып, толық тексеріліп, зерделеніп, тиісті іс-шаралар қолданылады.

Ауданда «Заң керуені» акциясы 3 күн бойына жалғасады. Бүгінде Шымкент қаласының прокуратурасында азаматтарды қабылдау орталығы тұрақты түрде жұмыс істейді. Ол жерге кез келген азамат барып, кезекші прокурорға өзінің сұрағын қойып, талаптары мен арыздарын жеткізе алады. Сонымен қатар қала прокуроры, прокурордың орынбасарлары мен басқарма бастықтары азаматтарды қабылдауға дайын.

Әл-Фараби ауданы

Әл Фараби ауданында «Заң керуені» акциясы №129 мектеп ғимаратында өтті. Акцияға Әл-Фараби ауданының Сәуле, Текесу, Береке, Химфарм, Көркем және Ақтас шағынаудандарының тұрғындары қатысты.

Заң керуенінің құрамында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат, Әл-Фараби ауданының прокуроры Қантөре Хандиллаев, аудан әкімі Рашид Мыңбаев және 34 жергілікті атқару органының өкілдері бар.

–«Заң керуені» акциясы 1 қарашадан ҚР Бас Прокурорының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде басталды. Көшпелі топ қаладағы елді мекендерді аралап, тұрғындарға құқықтық, заңгерлік кеңес береді. Одан бөлек қала прокуроры мен орынбасарлары күнделікті белгіленген кестеге сай тұрғындарды қабылдайды. Бұл іс-шараның ерекшелігі тұрғындарға кеңес беруге қаладағы барлық мекеме бір жерге жұмылуында болып отыр, - деді қала прокурорының орынбасары Ержан Маратұлы.

 

al farabi

Жүзден аса тұрғын инфарқұрылым, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік, әлеуметтік төлемдер секілді мәселелердің шешімі жөнінде тиісті мамандардан кеңес алды.

Еңбекші ауданы

Еңбекші ауданында өткен «Заң керуені» акциясында тұрғындарға мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар мен жеңілдіктерді алу, мүлікті тіркеу, мұрағаттық анықтамалар беру, салықтарды есептеудің дұрыстығы және т.б. өзекті мәселелердің шешімі бойынша сала мамандарынан заңнама шеңберінде тиісті кеңестер мен жауаптар беріледі. Кездесуге Еңбекші ауданы аумағындағы Абдуллабад, Базарқақпа, Бадам-1, Тұрдыабад, Шаңырақ елді мекен тұрғындары өтініш-тілектерімен келген.

enbekshi

Көшпелі топтың құрамында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Бақтияр Мұхамеджан, Еңбекші ауданының прокуроры Серік Әбдиев, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, сондай-ақ, прокуратура, құқық қорғау мен жергілікті атқарушы, мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының өкілдері бар.

«Заң керуені» акциясы – тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын белсенділік танытып, республикалық акцияға қатысуға шақырады.

Абай ауданы

Шымкент қалалық прокуратурасы құзырлы органдармен бірлескен «Заң керуені» акциясы Абай ауданында Жаңа талап елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтті. Акцияда елді мекен тұрғындары өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді.

abai

Заң керуенінің құрамында Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Н.Сейдалиев және атқару органдарының өкілдері бар. Көшпелі жұмыс тобының өкілдері халыққа жедел құқықтық көмек көрсетті, заңдарды түсіндіріп, құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтардың шағымын тыңдады.

Республикалық акция аясында қалалық көшпелі топтың халықпен кездесуі жалғасады.

Дәмдінің де дәмдісі бар

Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:54

palau

Байқауда 40-тан астам аспаз бақ сынады

Дәстүрлі «Шымкент палауы -2022» халықаралық палау фестивалі шымкенттіктерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Достық дастарханын «Қоғамдық келісім» мекемесі, Шымкент қаласы ҚХА, ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.

Биылғы фестивальге көршілес Қырғызстан, Өзбекстан Республикасынан,еліміздің Алматы, Шымкент, Тараз қалалары мен Түркістан облысынан аспаздар келген. Жалпы аспаздар палаудың 41 түрін дайындады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов халықтар арасында достықты дәріптеу мақсатындағы іс-шараны ұйымдастырушыларға, демеушілерге алғысын жеткізді.

ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов фестивальдің жылдан жылға аясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

Бір емес, бірден 41 аспаздың қолынан дәм татқан қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға түспеді. Барлық қатысушылар арнайы сый-сияпаттар және алғыс хаттармен марапатталды.

ЭНЕРГЕТИКТЕРДІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:31

energetika

Шымкентте Халықаралық ардагер энергетиктердің XI форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы мен еліміздің ардагер энергетиктер Кеңесі ұйымдастырды. Форумға Қазақстан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның ардагер энергетиктері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары қатысты.

Жиында саланың бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы құрылымының (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) тозуы, электр энергиясы тапшылығының басты себептері, жаңа қуаттардың жеткіліксіздігі мәселесі талқыға түсті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында желілердің тозуын азайтуға тапсырма берген еді. Сондай-ақ, Президент Астанада өткен жиын барысында газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.

Іс-шарада отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады. Қазақстан ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов атқарылған жұмыстардың нәтижелерінен хабардар етті. Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығының төрағасы Еркебұлан Ильясов Шымкент қаласында энергетика саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Шетелдік меймандар форум аясында «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытының өнімдермен танысты.

«ЕЛІҢДІ СҮЙСЕҢ, ЕРЛІК ІСТЕЙСІҢ»

Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:13

ELINDI SUI

Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы республикалық «Жас Ұлан» әскери мектеп-интернатында Отанын шынайы сүйетін, намысты жастар өсіп келеді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Қарулы күштерінің айбынды офицері болу. Осы мақсатта қандай қиындық кезіксе де төзуге бар. Қорғаныс саласы темірдей тәртіпті талап ететінін жанымен ұғынған. Бәрінің де кеудесінде намыс найзағайы ұшқындап тұр.

Биыл осы мектептің шәкірті Әділет Жақсылық Арыс қаласының Ақдала елдімекенінде жазғы демалыста жүрген кезінде суға батқан 9 жасар баланы құтқарып, ажалдан арашалап алды. Бұл оқиға жаз айында болған-тын.

Әділет Жақсылық туыс ағасы Нұрғиса екеуі бірге үй шаруасымен айналысып жүріп, кенеттен жақын жердегі Түркістан-Арыс каналынан балалардың айқайлаған дауысын естіген. Көмекке жеткен бұларға жағалауда тұрған бала суға батып кеткен досын көрсетеді. Ағайынды қос жігіт ойланбастан өзенге сүңгіп, баланы іздей бастайды. Бір кезде Әділет аяғының жұмсақ нәрсеге тигенін сезеді де ауа жұтып, қайта суға сүңгіген кезде ес-түссіз жатқан баланы алып шығады. Дереу алғашқы көмек ретінде жүрекке массаж жасап, жасанды тыныс берген. Жедел жәрдем келгенге дейін ағайындылар баланың жағдайын бақылап, өкпеге кезекпен жасанды дем беріп отырған. Осылайша Әділет Жақсылықтың батыл және сенімді іс-әрекетінің нәтижесінде бала бір ажалдан аман қалды.

Ә.Жақсылық – әскери мектептің 2-ші оқу ротасының тәрбиеленушісі. Осы ерлігі ескеріліп, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ерлігі үшін» орденімен наградталды. Оны мектепте өткен арнайы жиында қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы, полковник Алмаз Тілеуханов табыс етті.

– Өзіміз кішкентай кезден осы каналға шомылып өстік. Тереңдігі 3,5 метр болатын жері бар. Еш ойланбастан сүңгіп кетіп едім, баланың бетонға қыстырылып қалғанын байқадым. Ағам екеуміз қолдан келген көмекті жасадық. Жедел жәрдем қызметкерлері дәл уақытында әрекет еткенімізді айтты. Жасөспірім үш күннен кейін есін жиды. Ауыл тұрғындары разы болды. Әкем «Адам өмірін аман алып қалыпсың» деп арқамнан қақты. Бұл жағдай маған ерекше әсер етті. Мектебіміздің басшысы да жігерлендіріп, үлкен ерлік жасағанымды айтты. Енді алдағы өмірімді осы әскери саламен байланыстырамын, – дейді өзі.

11-сыныпқа өткен 2-ші оқу ротасының 2 взвод ұланы Әділет Бағжанұлы 2005 жылы Арыс қаласының Ақдала ауылында дүниеге келген. Қарапайым, сабырлы, өз ісіне тиянақты азаматпен жақыннан таныстық. Әділет әке жолын қуған талапты жас. Әкесі Бағжан Исмаилов та әскери қызметші. Арыс қаласындағы 74884 әскери бөлімде взвод командирі болып қызмет атқарады.

– Бірінші сыныпта оқитын кезім. Бірде әкем Арыстағы әскери парадқа ертіп апарды. Мені әскери техникалар, әскерлердің бұйрықты орындаулары қызықтырды. Содан кейін әскери адам болуды армандадым. 8-сыныпта әкем «Жас ұлан» мектебі туралы айтып берді. Одан кейін еш ойланбастан осында оқуға шешім қабылдадым. Үйдегілердің бәрі қолдай кетті. 2021 жылы осында 10 сынып оқушысы атандым. Қазір менен кейінгі екі інім де әскери адам болуға құлшынып жүр. Ауылға барғанымда да балаларға бұл саланы қызықтырып айтып беремін, – дейді жас ұлан.

Дарынды ұлан әке тәрбиесінен үлгі алған. «Әкем тік мінезді. Бір істі қолға алса, соны тындырмай тоқтамайды. Анам Перизат Батырбекова – ауыл мектебінде мұғалім. Ата-анамның тәрбиесі осы салаға қызығуыма себепкер болды». Кейіпкеріміз осылай сыр шертті.

Әділеттің гуманитарлық пәндерге қызығушылығы жоғары. Қазақстан тарихын тереңдете оқып, географиядан әлем елдерін танып-білуге құмар. Әскери мектепті тәмамдағаннан кейін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері институтына түспек ойы бар. Бар мақсаты – болашақта отан қорғап, елінің айбынды азаматы болу. Мақсаттары айқын.

– Әскери адам барынша шыншыл, қатал болу керек. Қолым қалт етсе Б.Момышұлының, А.Бектің кітаптарын оқимын. Сабыр атамыз секілді елді, жерді қорғайтын азамат болсам деймін. Отаным үшін бәріне дайынмын. Мұнда тәртіп бірінші орында. Бар білімін аямаған мектеп ұстаздарына алғысым шексіз, - дейді Әділет.

2003 жылы мектепке Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың аты берілген. Әйгілі батырдың даңқын асыру, мектебін мақтаныш ету – шәкірттердің негізгі ұстанымы.

Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектеп-интернаты бүгінде өзгеріс, өркендеу жолында тұр: сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелер көбейген, мектепке тек 9-сыныпты бітірген мектеп оқушылары ғана қабылданады.

Әрине, қосымша сабаққа, ең әуелі, ынтасы зор, тіл үйренуге талаптылары қатысады. 9 үйірме жұмыс істейді. Мектеп түлектерінің Ресей, Түркия, Беларусь еліндегі әскери оқу орындарында тәлім алып жатқандары баршылық. Алда насихат жұмыстары күшейе бермек.

Мектептің тәрбие жұмысының бағыты мен мақсаты – тағылымды, отансүйгіштікке тәрбиелеу іс-шаралары. Оқушылардың бойында патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, ҚР Конституциясын құрметтеуді үйрету – басым бағыттардың бірі.

Мұның бәрі де алға қарай жылжудың, талап пен тәрбиенің қатаңдатылуында болса керек. Оқу орнының басшысы, полковник Ғазиз Төлеуішев бізге мұның негізгі себептерін түсіндіріп берді.

– Негізгі міндет – сабақ үлгерімін жақсарту, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу. Мектепті бітірген ұландарымыз жоғары әскери оқу орындарына көптеп түсу керек. Бағдарламалар осы мақсатта қабылданып жатыр. Мектебімізде екі жылдық патриоттық тәлім-тәрбие алған оқушы әрдайым Отан қорғауға дайын тұрады. Әскери жоғары оқу орнына түссе де, түспесе де. Біздің түлектер қай салада болса да абыройлы еңбек ететіне мен кәміл сендіре аламын, – дейді мектеп басшысы бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгімелеп.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқаны жүйелі және қатаң тәртіпте жүргізілуде. Отан тірегі Қарулы күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей тәуелсіз елдің әр азаматы да жауапты. Президент тапсырмасына сәйкес, әскерге шақырылушыларды ынталандыру жұмыстарын жандандандыру басты назарда тұр. Шаһарда күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және сапалы өткізу бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынған.

ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Рустам Ақбаров Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өткізген-ді. Күзгі әскерге шақыру жұмысын сапалы ұйымдастыру – басты талап.

2022 жылғы көктемде Шымкент қаласы бойынша ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарына 756 адам әскерге шақырылды. Күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, барлығы 800-ге жуық адам әскер қатарына алынбақ. Күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі. Қазіргі уақытта 300-ден астам адам әскерге шақырылды.

Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындауы қажеттігін түсінуі тиіс. Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыруда халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Еліне қалқан болар жаужүрек азаматтардың бары қуантады. 2010 жылы маусымның 22-де Ақтау колониясынан қашпақ болған 21 сотталушының жолын кескен қатардағы жауынгерлердің бірі Ербол Отарбаевтың ерлігі ел жадында. Жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Ол кезде Ақтауда № 6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Небәрі 19 жасар жігіттің ерлігі ел ішіне тарап кетіп еді...

Әскери борышын өтеуге келген сарбаздарды, әскери мектептердің шәкірттерін отансүйгіштікке баулу, тарихын білуге, дәстүрін сақтауға тәрбиелеу – жауапты міндет. Халқымызда «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген қанатты сөз бар. Мінекей, еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы ету Әділет Жақсылық, Ербол Отарбаев секілді азаматтардың қолында.

Қорғаныс министрлігі тарапынан әскер қатарына алынатын жастарды ынталандыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау бойынша да бастамалар көтеріліп жатыр. Оқу орындарына түсуге жеңілдік немесе грант беру жағы қарастырылуда.

Жастарды әскерге шақыру науқанында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-әрекеттерді жүргізу, насихат жұмыстарын күшейту, жедел іс-шаралар қабылдау бойынша нақты жұмыстарды атқару міндеті тұр.

 

Жақсы дәстүр жалғасын тапты

Пятница, 28 Октябрь 2022 05:01

jaksi-dastur

Шымкент қаласында «Жеңіл атлетикалық манеж» спорт кешенінде академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық ашық турнир басталды. Биыл 28-ші рет ұйымдастырылған жарыста еліміздің барлық өңірінен және Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан, жалпы 250-ге жуық спортшы бақ сынайды.

Сайыстың ашылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов шаһарда бұқаралық спортты дамыту, спортшыларға жағдай жасауда жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев, грек-рим күресінен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Серік Жұмашев турнирдің тарихына тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі.

Шаһарда грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Биыл Шымкент қаласының балуандары Мейіржан Шермаханбет пен Әлімхан Сыздықов Азия чемпионатында жеңімпаз атанған еді.

Қалалық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Сапарбаев әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Шермаханбетке темір тұлпардың кілтін табыс етті. Осы жеңіл автокөлік спортшыға демеушілер тарапынан беріліп отыр.

Қаладағы Көрме орталығында 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Жиында қаланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленіп, шаһардың жетістіктері сараланды. Іс-шараға қала әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган басшылары мен қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

659

Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның және қалалық қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қатысты.

661

Шымкент қаласында 25 қазан – Республика күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы мен гала-концерті өтті. Республикалық форум жыл сайын балалар шығармашылығын қолдау және дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке жетістіктерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылады.

663

Страница 21 из 82