Жауапкершілігі жоғары судья

Пятница, 28 Октябрь 2016 06:39 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 5543 раз

Соңғы кездері сот жүйесіне енген медиация әдісіне жүгінетіндер көбейген. Мәселен, былтыр ғана құрылып, жұмысын бастаған Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотында жыл басынан бері 141 іс бітімгершілікпен шешілген. Даулы мәселеге нүкте қойып, істің ақ-қарасын анықтау – судьялардың білім-біліктілігіне байланысты екені мәлім.
Бүгінгі судья қандай болуы керек? Аудандық соттағы судьялардың бір күні қалай өтеді? Азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту жолында еңбек етіп жүрген судьяның жұмысымен таныстық.

DSC 0218

Сот беделі – әділдікте

Қазіргі кезеңде судьяларға зор міндет жүктеліп отыр. Соттың абыройы – әділдігінде. Әділдік іздеген азаматтар ең соңғы үмітін арқалап, соттың есігін қағатыны мәлім. Қаратау аудандық сотында өз міндетін абыроймен атқарып жүрген судьяның бірі – Ләзат Әуелбекова. Жауапты міндетті арқалап жүргеніне 2 жыл болыпты. Былтыр наурыз айында қызметіне кіріскен. Өзінің жүрек қалауымен таңдаған саласы осы. Сол себептен де, мақсат үдесінен шыға білу жолында еңбек етіп келеді.
Күнделікті жұмысы қауырт. Біз кабинетке кіргеннен білікті маманның сот отырысына дайындалып жатқан сәтінің үстінен түстік. Жер инспекциясының берген талап арызы негізінде актіні жарамсыз деп тану бойынша істердің анық-қанығын зерттеп отыр. Жұмыс үстелінде «Азаматтық кодекс», «Жоғарғы сот нормативтік Қаулысы», ҚР Жоғарғы сотының Бюллетені, «Неке және отбасы» туралы заң, т.б құжаттар...
Кесте бойынша бір күнде бес іс қарауы тиіс. Олар негізінен – жер, еңбек даулары, моральдық-материалдық шығындар өндіріп беру істері. Бүгін де түске дейін үш сот отырысын, түстен кейін тағы екі сот отырысын жүргізді.
Бәрі тәжірибенің арқасында келеді. Негізі жұмысты хатшылықтан бастаған. Одан кейін адвокат, нотариус болып тәжірибесін ұштаған.
– Әрбір істі мұқият қарау керек. Жұмысты талап арызбен танысудан бастаймын. Бәрін жан-жақты қарау – басты міндетім. Үстірт қарасаң, шешім де солай шығады. Мойнымызға жүктелген жауапкершілік жүгінің ауыр екенін түсінемін. Өйткені, адамдар судьяның шешімі қалай шығады, мәселе солай аяқталады деген үмітте отырады. Талапкердің, жауапкердің ісін толық, жан-жақты зерттесең, олар одан кейін еш жерге шағымданбайды, – дейді өзі.
Сот саласына да сәт сайын өзгерістер еніп жатыр. Мұндайда үнемі ізденіс керек. Әрбір судья сот төрелігін сапалы атқарып, әділ шешім қабылдауға әрекеттенеді. Басты мақсат сол. Сот шешімі өз күшінде қалса, ол судьяның біліктілігін айқындайды.
Адвокат, нотариус болып істегеннің қазір көмегі тие бастаған. Л. Әуелбекова әрдайым облыстық соттың судьяларының, өз басшысының ақыл-кеңесіне жүгінеді. Бұдан бөлек, Жоғарғы сотқа екі апталық оқуға барса, әр апта сайын облыстық соттағы семинарға қатысып, білім-біліктілігін көтеріп жүргені. Еліміздің өзге өңірлерінде қалай, шетелде қандай тәжірибелер бар? Бәрінен де хабардар болуы тиіс.

DSC 0221

Бітімгершілікпен татуласты

Таңғы сот процесіне кірдік. Әуелі қаралған мәселе – жер дауы. Оңтүстік Қазақстан облыстық жер инспекциясы басқармасының талап арызы қаралды. Олар түбірі жоқ шешімдерді заңсыз деп тауып, күшін жоюды сұраған.
Екінші сот отырысында неке бұзу туралы азаматтық іс қаралды. Үш бала-шағасы бар азаматша заңды некені бұзбақ ниетте. Себебі, күйеуі Ресейде жұмыс істейді, бес жылда бір келеді деп шағымданып отыр.
Бұл мәселені шешудің тиімді жолы – медиация. Л. Сейітханқызы екеуін бітімгершілікке келуге шақырды. Өз қатесін түсінді ме екен, әйелі талап арызымнан бас тартамын деді, екеуі қайта татуласты.
Бірде 95 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері сотқа әділдік іздеп келіпті. Өзінің туған қызы мен немересінен өз ақшасын өндіріп алу мақсатымен. Әкімдік тарапынан берілген 1 млн теңге сыйақысын қайтарып алмақ. Ал өзі зейнетақы алу үшін қызы мен немересіне сенімхат беріп қойған. Бірінші процесте, ұлдары, қыздары бәрі келген, зал лық толған. Бұл мәселеде қайтпек керек? «Оларды бітімгершілікке келуге шақырдым. «Бөтен адам емессіздер, туған қызыңыз. Екінші сот отырысында бітімгершілікке келіңіздер» дедім. Істі жан-жақты қарадым. Ақшаны аударғаны рас. Өз туған қызы мен немересі ақшасын жасырып келіпті. Екінші сот отырысында да шешімге келмеді. Сот үшінші, төртініш отырысқа дейін жалғасты...» деп судья күрделі жағдайлармен бетпе-бет келген жайттың бірін баяндап берді. Ақыры ақшаны қарияға өндіріп беріпті. Шешім сол күйінде қалған.

Делегаттың құрамында бар

– Құдай нәсіп етсе, облыстық соттың судьясы болсам деймін. Әрі қарай Жоғарғы сотқа дейін барғым келеді. Негізгі мақсатым осы. Әрине, ең бастысы – сауатты маман болу. Аудандық сотта қызмет етсем де, білікті маман болуға ұмтыламын, талпынамын, – дейді өзі болашақ мақсаттарын айтып.
Қараша айында Астанада Қазақстан Республикасы судьяларының жетінші сьезі өтеді. Елордаға аттанатын облыстық делегаттың құрамына Ләзат Сейітханқызы да енді. Бұл да бір үлкен абырой.
Біздің кейіпкеріміз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана. Сенбі, жексенбі күндері жаттығу залына барып, екі сағат спортпен шұғылдануға да уақыт табады. Біз жақыннан танысқан судья осындай қырынан танылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.