Среда, 01 Ноябрь 2017 08:37

Ерекше көлік жуу орны ашылды

Қала тұрғындары бұдан былай өз көліктерін өздері жуа алады. Темірлан тас жолы мен Б.Алпысбаев көшесі қиылысында ашылған бұл ерекше қызмет түрі әсіресе көпқабатты үй тұрғындарына тиімді болып отыр.

IMG 0404-26-10-17-05-56

IMG 0408-26-10-17-05-56Автоматтандырылған құрылғының суын 1 минут пайдалану үшін 100 теңге төлейсіз. Бір көлікке шамамен 300-400 теңге кетеді екен. Көбік пен арнайы балауыз шашудың 50 секунды – 100 теңге. Ал шаңсорғыштың бағасы 100 теңге (2,50 мин). 

– Мен бұл жерге алғаш рет келіп тұрмын. Көлігімді өзге орындарда 2000-2500 теңгеге жуады. Мына жерде арзан. Судың ағыны да жақсы екен. Енді кептіретін қызметін қосса тіпті жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Қалижан Алесов. 

Көлік жуу орнының иесі Александр Гондаренконың айтуынша, бұл жерге жүк көліктері де келіп жуа алады. Бірінші рет келіп жатқандарға осындағы арнайы қызметкерлер көмек көрсетеді. Сондай-ақ, күн салқындай бастағанда жылы су және еден жылытқыш құрылғысы қосылады.

Айта кетейік, көлік жуу орны тәулік бойы, демалыссыз істейді.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 20 Октябрь 2017 10:42

Құтқарушыларға 35 көлік берілді

DSC 7656

Өңірімізде төтенше жағдай қызметкерлеріне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев су жаңа 35 құтқару техникасының кілтін табыстады. Оның 7-еуі жоғарғы өтімді өрт сөндіру көлігі. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 434 млн теңге бөлінген. Салтанатты шара құтқарушылардың төл мерекесі қарсаңында өтті.

DSC 7620

– Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайларды алдын алу саласы егемендігімізді алғаннан бері қалыптасып, дамып келе жатыр. Оның дәлелі өңірімізде үлкен ұжым қалыптасты. Қауіптің ортасында жүріп көптеген жетістіктер мен тәжірибеге қол жеткіздіңіздер. Жоғарғы кәсібилік және жанқиярлық еңбектеріңізге алғыс айтамыз, – деді құттықтау сөзінде облыс басшысы. 

Бүгінгі таңда, өңірде өрт сөндіру қызметінде 100-ден аса өрт сөндіру техникасы бар. Оның басым көпшілігі ескірген, тозған. Бұдан бөлек, аудан-қалалардағы өрт сөндіру бөлімдерінің ғимараттары ескі. Жөндеуді қажет ететін үш мекеменің ішінде – Шымкенттегі Түркістан көшесі бойында орналасқан №3 өрт сөндіру бөлімі бар. 

shymkala-83-7

Сонымен қатар, қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжаттарына қаражат бөлінген. Облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерен еңбектерімен көзге түскен 41 қызметкер «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасы», «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.

 

Опубликовано в Қоғам
Среда, 18 Январь 2017 06:17

Жедел жәрдемге – 30 автокөлік

Оңтүстік Қазақстан облысындағы жедел жәрдем қызметіне 30 автокөлік табыс етілді.

16113321 1183496695100001 829985792351598725 o-400x266

– Жалпы, облыста жедел жәрдем қызметін көрсететін 261 көлік бар. Оның 20 пайыздан астамы бүгінгі күнге жарамсыз деп айтуға болады. Сол себепті, оларды жыл сайын азайтып, орнын жаңа көліктермен алмастырып отыратын боламыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы жедел жәрдем қызметінің мамандарымен жүздесуде

Опубликовано в Қала

Ел Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысыны əкімі Бейбіт Атамқұлов ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамына 78 жаңа қызметтік автокөліктің кілтін тапсырды.

 MG 1975

Əкімшілік-іскерлік орталығы алаңында аймақ басшысы патрульдік полиция қызметкерлеріне «КИА-РИО» маркалы 73 темір тұлпар, ал учаскелік полиция инспекторларына «ВАЗ-2121010» маркалы 5 арнайы автокөліктің кілтін беріп, еңбектеріне табыс тіледі.

– Құрылғанына 1 жылға жуық уақытта жергілікті полиция қызметіне қоғамның көзқарасы оң болып, сенімі артып отыр. Сіздер қиын сәттерде қарапайым халықтың арқа сүйер сүйеніші әрі әділеттіліктің жаршысы болуға тиіссіздер. Жергілікті қазынадан 40 миллион теңге бөлініп, қала аумағында халық көп шоғырланған орындарда 17 стационарлық бекет орнатылды. Олардың əрқайсысысында 12-13 бейнебақылау бар. Полицейлер жағдайды жедел бақылап отыр. Өзге де жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда, – деді облыс əкімі Б. Атамқұлов. 

 MG 2029

Ішкі істер органының ардагері, милиция генерал майоры Жеңісбай Сұлтанов «Бұл – Тəуелсіздіктің жемісі» деп есептейді.

– Мен 1992-97 жылдар аралығында облыстың ішкі істер саласын басқардым. Көлік жоқ, жарық пен жылу жоқ, өте қиын уақыт еді. Адамдар көшеде жалғыз жүруге қорқатын, өйткені қараңғы. Тəуба, Тəуелсіздіктің арқасында осындай бақытқа ие болып, қуанышқа ортақтасып жатырмыз. Бұл көліктер полицейлердің жауапкершілігін арттыруға, қылмыспен күресіп, қоғамдық тəртіпті нығайтуға сеп болу керек, – деді Жеңісбай Сұлтанов. 

Іс-шара соңы салтанатты шерумен аяқталды. Айта кетейік, бүгінде жергілікті полицияның құрамында 3 мыңға жуық қызметкер қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалып келеді.

Опубликовано в Қала

Осы жылдың 1 тамызынан бастап ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің өкілдері облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде көліктердің техникалық жағдайын қатаң тексеруде. Және жүк көліктері жүргізушілерінің ҚР ЖҚЕ талаптарын сақтауын бақылау мақсатында «Нөлдік қауіптілік» жедел алдын алу іс-шараларын жүргізуде.

Облыстың автожолдарындағы жалпы қозғалысты бақылауға алған жергілікті полицейлер «Нөлдік қауіптілік» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүк және жеңіл көліктермен жол қозғалысы ережесін бұзушылықтың 7000-нан астам дерегін әшкереледі.

Опубликовано в Заң
Среда, 03 Август 2016 05:47

Көшеге көрiк берген ретрокөлiк

25 мың долларға бағаланған

Шымкент қаласының тұрғыны П.Зияметов өзінің ГАЗ М-20 «Победа» көлігіне аса ұқыпты қарайды. 64 жылдан бері бір емес, бірнеше рет қайта жөндеуден өтсе де, темір тұлпары әлі күнге дейін өзінің әдемі көрінісін жоғалтпаған. Ретрокөлік егесінің қолы қалт етсе болды, оны жуып, тазалап бәйек болады.

DSC 3214

«Шымкент көшелерінде менің көлігіме қызықпайтын адам жоқ,– дейді П.Зияметов. – Бірі – шыққан жылын сұраса, енді бірі – жүргізіп көруді өтінеді. Ал кейбірі суретке түсуге әуес. Сосын көлікті қайдан алғанымды айтып беруді сұрайды. Мен барлығына қуана-қуана жауап беремін». 

ГАЗ М-20 «Победа» көлігі Пайзахмет Зияметовке атасынан мұра боп қалған екен. Көлік облыстық атқару комитетінде «жұмыс істеген». Содан Сайрам ауданы, Ленин атындағы колхоздың еншісіне беріліпті. Ал жарамсыз күйге түскен соң, 20 жыл бойы бөлшектері шашылған күйі гаражда тұрған. 

– Сосын көлікті атам сатып алды. Оны қайтадан құрастырып, қалпына келтірді. Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері еді. «Победа» көлігінің оған қаншалықты жақын болғаны айтпаса да түсінікті. Ал ескіні жаңартамыз деп қаншама күшімізді сарп еттік. Өйткені, оның бояуы кеткен қаңқасы мен шашылып қалған бөлшектерін жинау атамызға оңай болмапты. Бастапқыда оның түсі сұр еді. Кейінірек қара түске боялды. Әрине, қозғалтқышын ауыстырдық. Сол кездегі жүріс пен қазіргісінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Десек те, шаруаға жарап тұр. Нәтижесіне өзіміз ризамыз, – дейді көліктің иесі. 

Жасы жарты ғасырдан асқан ретрокөлікке қызығушылардың көптігі сонша, П.Зияметовке тапсырыстар да көп түседі екен. Мәселен, қонақтарды қарсы алу немесе үйлену тойларында серуенге шығу секілді жұмыстарды да қоса атқарады. Тіпті, ретрокөлікке қызыққандар оны сатып алу үшін 25 мың доллар ұсыныпты. Бірақ Пайзахмет ағай атасының көзіндей болған көлікті сатуға ниеті жоқ.

P.S. ГАЗ М-20 «Победа» көлігі 1946-1958 жылдары Горький автомобиль зауытында шығарылған. Оның бас конструкторы – Андрей Липгарт. Ал қаңқасын Александр Кириллов құрастырыпты. Бастапқыда көлікке «Родина» атауы берілмек болған. 1945 жылы маусым айында оның үлгісін Кремльге апарып, И.Сталинге көрсеткен кезде, ол «Отанды» қаншаға сатасыңдар?!» деп сынай қараған екен... Мұнан соң, көліктің атауы «Победаға» ауыстырылып, тек бір жылдан кейін ғана шығарыла бастапты.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 03 Август 2016 04:19

Ажары кiрген аялдамалар

Қазір қалада аялдамалар ретке келтіріліп жатыр. Осыдан екі күн бұрын күнделікті мінетін аялдаманың орнынан алынып тасталғанына куә болдық. Қазір тозығы жеткендерін жаңарту, орналасу орнын зерделеу сынды жұмыстар қолға ала бастаған. Тиісті сала мамандары жыл соңына дейін қалада 40 жаңа аялдама орнатуды жоспарлап отыр. Аялдамалар ретке келтірілуде. Көліктер де жаңартылып, қалаға сән беріп тұр. Ал енді қызмет көрсету сапасы қандай?

БИЫЛ 40 ЖАҢА АЯЛДАМА ОРНАТЫЛАДЫ

DSC 3891

Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Бауыржан Шырынбаев бұл бағытта атқарар жұмыс барысын баяндап берді. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сұрықсыз тұрғандар мен қала көркіне сай келмейтіндердің орнына жаңасы қойылады.
– Тозығы жеткен аялдамаларды жаңартудан бөлек, бір-біріне жақын орналасқандарын қайта зерделеуге мәжбүрміз. «Дархан» базарының маңындағы аялдаманың орнын ауыстырудағы мақсатымыз сол. Арасы тым жақын болғандықтан жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Оған көлік кептелісін қосыңыз. Биыл аялдамаларды жаңартуға, қажет жерлерге қою мақсатында бюджеттен 35 млн теңге бөлінді. Қаланың орталық бөліміне, шалғайдағы шағынаудандарға да қойылуы қажет. Осы қаржыға 40 аялдама орнату керектігін анықтадық. Жыл соңына дейін бәрін орнатып бітеміз, – дейді Б. Шырынбаев.

Аялдамаларды орнатудың да өз реті, тәртібі бар. Қаланың кей көшелеріне жаңадан қойылғандары тым шағын деген сын-ескертпелердің айтылғаны рас. Мысалы, Тұрар Рысқұлов көшесінен Д. Қонаев даңғылына кіре берістегі жаңа аялдама көзге шағындау көрініп тұр. Сөйтсек, ол қазіргі стандартқа сәйкес іске асқан жоба екен. Әлбетте, қаланың орталық, халық көп шоғырланатын жерлеріне үлкен аялдамалар қажет. Ал адам аз орындарға шағын әрі жинақы тұрақтар қойылуы тиіс. Талап-ереже осындай.
Бүгінде қаланың қай жерлеріне аялдама қою қажеттігі туындап тұр? Маманның айтуынша, Тәшенов және Иляев көшесі қиылысына,
Қазыбек би көшесіне қажет. Оған қоса, Ленгір тас жолы бойындағы автожолдың аялдамалары да әбден тозығы жеткен. Кеңес одағы кезінен қалғандар әліге дейін қолданылып келді. Бұдан бөлек, Таскен елдімекенінің Орталық көшесіне төрт аялдама қою да жоспарда.
Күн сайын автобуспен жүріп байқағанымыз көп аялдамалардың атаулары жазылмаған. Бұл мәселені де маманның өзіне қойдық. «Аттары жазылмағандары – ертерек орнатылғандары. Қазір соңғы қойылып жатқандарға бірден аттары жазылуда. Бәрінің де маңдайшасы бар, алдағы уақытта бәрінің де атауы жазылады. Мұны Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімімен бірлесе іске асырамыз. Солар бізге ұсыныс беруі керек», – дейді Бауыржан Шырынбаев.
Қынжылтатыны, кімнің де болса аялдамалардағы жабайы жарнамаға бірден көзі түседі. Нағыз афиша орнына айналғандай. Қай аялдамаға қарасақ та, бәрінде осы жағдай. Негізінен, мұның бәрі заңсыз ілінген жарнамалар. Пысықайлар түнде келіп іліп кететін көрінеді. Артынша тазалыққа жауапты мамандар ретке келтіруге әрекеттенеді. Бір апта өтпей, тағы сол жағдайға түскеніне куә боласыз. Қазіргі жағдайда мұның бәрін бақылау мүмкін болмай тұр. Негізі – бұл іспен тәртіп сақшылары тікелей айналысады.
Келешекте жаңадан орнатылған аялдамаларға монитор қою да жоспарланып отырғанынан құлағдар болдық. Онда әр автобустың бағыттары көрсетіліп тұрады. Автобустардың келу уақыттары да назарда тұрмақ.

«БIР-БIРIМЕН ЖАРЫСЫП, ҚҰТЫҢДЫ ҚАШЫРАДЫ»

IMG 3447

Бүгін де сол көрініс, сол олқылыққа куә болдық. «135» бағыттағы автобусқа мінген едік. Кондуктор жігіт «Гүлжан, Технологический, Байтұрсынова, Гарант, Қонаева...» деп сайрай жөнелді. Қысылып-қымтырылу деген жоқ. Оған ескертіп жатқан ешкімді байқамадық. Үлкендер жағы да тым-тырыс. Мемлекеттік тілге деген құрметсіздігінен бөлек, қазақтың белгілі ағартушы ғалымының әруағын қорлағанын біле ме екен деген ой келді. Мұны әр аялдама сайын қайталайтынын байқап жүрміз.
Күнде кешке 8-ден аса қоғамдық көлікпен үйіне қайтатын қала тұрғыны Үсен Байтұрсынов жүргізушілерге, кондукторларға деген ренішін жайып салды. 53 жастағы қала тұрғынының пікірін мұқият тыңдадық. Өзі 14-ші бағытты күтіп отыр. Таскен елдімекенінде тұрады екен.
«Мәдениет жағы ақсап тұрғаны рас. Бізде жүргізушілердің бәрі «ұшқыш» қой. Ішінде адам бар демейді. Бір-бірімен жарысып, құтыңды қашырады. Адамға деген құрмет қайда?! Түзелетін сыңай байқатқандай болады. Бірақ, әлі де кемшін жағы көп. Тәртіп болса дейсің. Алаңғасарланып айдауларынан адамдарды қағып өтіп жатыр. Одан кейін, кондукторлар дәл түбіңнен айқайлай жөнеледі. Тәртіп пен мәдениетке бет бұратын кез келді емес пе?!» 18 шағынауданда шаштаразшы болып жұмыс істейтін жігіт ағасы осындай базынасын айтты.

«ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУIМIЗ КЕРЕК»

DSC 04401

Рас, жолаушыларды тасымалдау қызметі сапасын жақсарту – өзекті мәселе. Жуырда өткен қалалық қоғамдық кеңесте де бұл мәселе жөнінде сөз болды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі Исамуддин Рысбай қоғамдық тасымалдау қызметіне арнайы бағдарлама қажет дегенді айтқан. Бұл мәселе бойынша да қоғам болып, жұдырықтай жұмыла кіріскен жөн секілді. Мәселені шешуде жұмыстар атқарылып жатыр. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәселені кезең-кезеңімен шешпек.
– Көлік компаниясының басшыларын шақырып, осы мәселені атап көрсеттік. Қазақ тілінде атау, ономастикалық заңдылықпен бекітілген атауымен айту жөнінде талап қойдық. Оның алдында да айтып жатырмыз. Көп жағдайда орындалмай қалатыны рас. Әйтпесе, кондукторлардың бәрі де осы жердің азаматы, жер-су атауларының бәрін біледі. Бірақ селқостық танытады. Дегенмен, олардың көбісі тұрақты жұмыс істемейді. Енді үйрене бастағанда ауысып кетеді. Бұл жағдаймен қоғам болып күресуіміз керек сияқты. Мысалы, ақсақалдарымыз бөлімге келіп, жүргізушілеріңді жөнге салыңдар дейді. Ал өзіңіз ескерттіңіз бе десек, үндемейді, – дейді көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев.
Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Қазір көліктер жаңарған. Кондукторлар бірыңғай формаға ауысты. Тек, осы мәселелерді түзеу қалып тұр. Дұрыс атау талап етіліп жатыр. Негізінен, келешекте аялдамалардың аты автоматтандырылған, дауыс зорайтқышпен хабарлау жүйесіне көшірілмек. Қазірдің өзінде бір-екі бағытта бұл жүйе тәжірибе жүзінде енгізілді де. Әзірге, біздің жолдар ол жүйеге сай емес.

КӨЛIКТЕРIН 20 ПАЙЫЗҒА ЖАҢАРТАДЫ

DSC 0745

Талдау жұмыстары көрсеткендей, қалада жолаушылар ағыны сағат 8.30-дан кейін азаяды. Жетіде жұмыстан шыққан адам сегіз жарымға дейін үйіне жетеді. Ал көліктер тоғыз, тоғыз жарымда жұмысты аяқтайды. Заңға сәйкес, кез келген қоғамдық көлік бір айлық жоспарды 70 пайызға орындаса, ол жақсы деп есептелінеді. Өйткені, техниканың аты техника: сынады, бұзылады.
Бүгінде бөлім мамандары кешкі рейдтерді ұдайы өткізеді. Қазір 84, 74 бағыттағы автобустар түнгі онға дейін жүреді. Өйткені, жолаушылар ағыны сол кезде бәсеңдейді. Бұрынғымен салыстырғанда көліктер жақсы жүріп жатқанын айта кеткен жөн.
Межелі жерге жеткізбей, орта жолда тастап кететіндер немесе «алдыңғыға ауысыңыздаршы» деп қиыла өтінетіндер әліге дейін кездесетіні де рас. Олар – белгіленген графиктен өз уақытынан озып немесе қалып қоятындар. Дегенмен, олардың әрекеті заңға қайшы. Адамдарға қолайсыздық әкеліп, ашу-ызасын тудырады.
Наурыз Сүгірәлиев бұл мәселе бойынша арнайы уатсап желісі көп олқылықтың бетін ашқанынан құлағдар етті. Қалалық әкімдіктің жанынан ашылғалы бері бейпіл сөйлейтін жүргізушілердің де қатары азайған. Темекі шегу оқиғалары да төмендепті. Мұндай оқиғаларға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі нақты шара қолданып, полицияға да шағым түсірген. Бұл жағынан халық белсенділік танытып та жүр. Сіз де осындай жағдайға куә болсаңыз, әлгі уатсап нөміріне жазып жіберсеңіз, оларға шара қолданылады.
Жолақысы көтерілді, енді соған сай қызмет сапасы да жоғарыласа деген талап-тілек көпшілікте. Тарифті көтерудің басты себебінің бірі – көлік компанияларына көліктерін жаңартуға мүмкіндік беру. Мәселен, 2012 жылы шілде айында жол ақысы көтеріліп еді, 2014 жылы 150-160-қа жуық автобус келді. Одан кейін «Грин бас» компаниясы 200 көлік әкелді.
Жылдың аяғына дейін, тасымалдаушылар көліктерінің 20 пайызын жаңарту керек. Талап та зор. Көлік компанияларының мұны іске асыруға мүмкіндіктері де бар.

Опубликовано в Қала

Таяу болашақта Оңтүстік тұрғындары шалғай аудандарға әуе жолы арқылы қатынауы мүмкін. Бұл жайында ОҚО әкімінің орынбасары С.Тұяқбаевтың канадалық «Викинг ЭЙР» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде сөз болды.

 ushak ushak-2 

Шымкентке келген сапарында компания өкілдері «Twin otter 400» ұшағының таныстырылымын өткізді. Қонақтар таныстыру рәсімінде заманауи әрі сапалы ұшақтың 19 орынға лайықталғанын, сондай-ақ, әуе кемесінің тек жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, жүк тасымалымен де айналысатынын жеткізді. Айта кетерлігі, ұшақтың құны 7 млн АҚШ долларына бағаланған. Көп салалы ұшақтың су бетіне, тіпті асфальт төселмеген қара жерге де қонуға мүмкіндігі бар.
ОҚО әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, біздің ел мен канадалық компания арасындағы келіссөздер жақсы нәтиже берсе, осы ұшақтардың алғашқы бағыты Шардара болмақ. Одан кейінгі бағыттар Мақтарал мен Созақ аудандары болуы мүмкін.
«Викинг Эйр» компаниясы өкілінің айтуынша, олар біздің елімізбен жұмыс жасауды көптен бері жоспарлап келген екен. Сонымен бірге, Қазақстанның экономикалық әлеуеті азаматтық авиация тұрғысынан өте жоғары деп есептейді.

Опубликовано в Қала

Оңтүстікте газ тапшылығына қатысты мәселе шешіліп, көлемі артпақ. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұралхан Шәріпов мәлімдеді.


Облыста автокөліктердің үнемді, экологиялық таза отынға өтуі қарқынды болғандықтан, газ тапшылығы да едәуір сезіледі. Өңірімізде 13 мың 888 автокөлік сығымдалған газбен жүреді. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Ал көлігіне газ қондырғысын орнатқандардың техникалық төлқұжатын заңды рәсімдемегендер қатары да аз емес екен. Осының салдарынан аймақтағы бекеттерде газ тапшылығы туындап отыр.

Н.Шәріповтың айтуынша, өткен айда облысқа 6 300 тонна көлемінде газ берілсе, шілде айына қажеттілік 6 500 тоннаны құраған. Қазіргі кезде облыс әкімдігі тарапынан қосымша 2 мың тонна сұйытылған мұнайға өтінім берілген. Оның 500 тоннасы министрлік тарапынан қолдау тауып отыр.

Опубликовано в Қала