Ажары кiрген аялдамалар Избранное

Среда, 03 Август 2016 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5715 раз

Қазір қалада аялдамалар ретке келтіріліп жатыр. Осыдан екі күн бұрын күнделікті мінетін аялдаманың орнынан алынып тасталғанына куә болдық. Қазір тозығы жеткендерін жаңарту, орналасу орнын зерделеу сынды жұмыстар қолға ала бастаған. Тиісті сала мамандары жыл соңына дейін қалада 40 жаңа аялдама орнатуды жоспарлап отыр. Аялдамалар ретке келтірілуде. Көліктер де жаңартылып, қалаға сән беріп тұр. Ал енді қызмет көрсету сапасы қандай?

БИЫЛ 40 ЖАҢА АЯЛДАМА ОРНАТЫЛАДЫ

DSC 3891

Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Бауыржан Шырынбаев бұл бағытта атқарар жұмыс барысын баяндап берді. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сұрықсыз тұрғандар мен қала көркіне сай келмейтіндердің орнына жаңасы қойылады.
– Тозығы жеткен аялдамаларды жаңартудан бөлек, бір-біріне жақын орналасқандарын қайта зерделеуге мәжбүрміз. «Дархан» базарының маңындағы аялдаманың орнын ауыстырудағы мақсатымыз сол. Арасы тым жақын болғандықтан жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Оған көлік кептелісін қосыңыз. Биыл аялдамаларды жаңартуға, қажет жерлерге қою мақсатында бюджеттен 35 млн теңге бөлінді. Қаланың орталық бөліміне, шалғайдағы шағынаудандарға да қойылуы қажет. Осы қаржыға 40 аялдама орнату керектігін анықтадық. Жыл соңына дейін бәрін орнатып бітеміз, – дейді Б. Шырынбаев.

Аялдамаларды орнатудың да өз реті, тәртібі бар. Қаланың кей көшелеріне жаңадан қойылғандары тым шағын деген сын-ескертпелердің айтылғаны рас. Мысалы, Тұрар Рысқұлов көшесінен Д. Қонаев даңғылына кіре берістегі жаңа аялдама көзге шағындау көрініп тұр. Сөйтсек, ол қазіргі стандартқа сәйкес іске асқан жоба екен. Әлбетте, қаланың орталық, халық көп шоғырланатын жерлеріне үлкен аялдамалар қажет. Ал адам аз орындарға шағын әрі жинақы тұрақтар қойылуы тиіс. Талап-ереже осындай.
Бүгінде қаланың қай жерлеріне аялдама қою қажеттігі туындап тұр? Маманның айтуынша, Тәшенов және Иляев көшесі қиылысына,
Қазыбек би көшесіне қажет. Оған қоса, Ленгір тас жолы бойындағы автожолдың аялдамалары да әбден тозығы жеткен. Кеңес одағы кезінен қалғандар әліге дейін қолданылып келді. Бұдан бөлек, Таскен елдімекенінің Орталық көшесіне төрт аялдама қою да жоспарда.
Күн сайын автобуспен жүріп байқағанымыз көп аялдамалардың атаулары жазылмаған. Бұл мәселені де маманның өзіне қойдық. «Аттары жазылмағандары – ертерек орнатылғандары. Қазір соңғы қойылып жатқандарға бірден аттары жазылуда. Бәрінің де маңдайшасы бар, алдағы уақытта бәрінің де атауы жазылады. Мұны Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімімен бірлесе іске асырамыз. Солар бізге ұсыныс беруі керек», – дейді Бауыржан Шырынбаев.
Қынжылтатыны, кімнің де болса аялдамалардағы жабайы жарнамаға бірден көзі түседі. Нағыз афиша орнына айналғандай. Қай аялдамаға қарасақ та, бәрінде осы жағдай. Негізінен, мұның бәрі заңсыз ілінген жарнамалар. Пысықайлар түнде келіп іліп кететін көрінеді. Артынша тазалыққа жауапты мамандар ретке келтіруге әрекеттенеді. Бір апта өтпей, тағы сол жағдайға түскеніне куә боласыз. Қазіргі жағдайда мұның бәрін бақылау мүмкін болмай тұр. Негізі – бұл іспен тәртіп сақшылары тікелей айналысады.
Келешекте жаңадан орнатылған аялдамаларға монитор қою да жоспарланып отырғанынан құлағдар болдық. Онда әр автобустың бағыттары көрсетіліп тұрады. Автобустардың келу уақыттары да назарда тұрмақ.

«БIР-БIРIМЕН ЖАРЫСЫП, ҚҰТЫҢДЫ ҚАШЫРАДЫ»

IMG 3447

Бүгін де сол көрініс, сол олқылыққа куә болдық. «135» бағыттағы автобусқа мінген едік. Кондуктор жігіт «Гүлжан, Технологический, Байтұрсынова, Гарант, Қонаева...» деп сайрай жөнелді. Қысылып-қымтырылу деген жоқ. Оған ескертіп жатқан ешкімді байқамадық. Үлкендер жағы да тым-тырыс. Мемлекеттік тілге деген құрметсіздігінен бөлек, қазақтың белгілі ағартушы ғалымының әруағын қорлағанын біле ме екен деген ой келді. Мұны әр аялдама сайын қайталайтынын байқап жүрміз.
Күнде кешке 8-ден аса қоғамдық көлікпен үйіне қайтатын қала тұрғыны Үсен Байтұрсынов жүргізушілерге, кондукторларға деген ренішін жайып салды. 53 жастағы қала тұрғынының пікірін мұқият тыңдадық. Өзі 14-ші бағытты күтіп отыр. Таскен елдімекенінде тұрады екен.
«Мәдениет жағы ақсап тұрғаны рас. Бізде жүргізушілердің бәрі «ұшқыш» қой. Ішінде адам бар демейді. Бір-бірімен жарысып, құтыңды қашырады. Адамға деген құрмет қайда?! Түзелетін сыңай байқатқандай болады. Бірақ, әлі де кемшін жағы көп. Тәртіп болса дейсің. Алаңғасарланып айдауларынан адамдарды қағып өтіп жатыр. Одан кейін, кондукторлар дәл түбіңнен айқайлай жөнеледі. Тәртіп пен мәдениетке бет бұратын кез келді емес пе?!» 18 шағынауданда шаштаразшы болып жұмыс істейтін жігіт ағасы осындай базынасын айтты.

«ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУIМIЗ КЕРЕК»

DSC 04401

Рас, жолаушыларды тасымалдау қызметі сапасын жақсарту – өзекті мәселе. Жуырда өткен қалалық қоғамдық кеңесте де бұл мәселе жөнінде сөз болды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі Исамуддин Рысбай қоғамдық тасымалдау қызметіне арнайы бағдарлама қажет дегенді айтқан. Бұл мәселе бойынша да қоғам болып, жұдырықтай жұмыла кіріскен жөн секілді. Мәселені шешуде жұмыстар атқарылып жатыр. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәселені кезең-кезеңімен шешпек.
– Көлік компаниясының басшыларын шақырып, осы мәселені атап көрсеттік. Қазақ тілінде атау, ономастикалық заңдылықпен бекітілген атауымен айту жөнінде талап қойдық. Оның алдында да айтып жатырмыз. Көп жағдайда орындалмай қалатыны рас. Әйтпесе, кондукторлардың бәрі де осы жердің азаматы, жер-су атауларының бәрін біледі. Бірақ селқостық танытады. Дегенмен, олардың көбісі тұрақты жұмыс істемейді. Енді үйрене бастағанда ауысып кетеді. Бұл жағдаймен қоғам болып күресуіміз керек сияқты. Мысалы, ақсақалдарымыз бөлімге келіп, жүргізушілеріңді жөнге салыңдар дейді. Ал өзіңіз ескерттіңіз бе десек, үндемейді, – дейді көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев.
Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Қазір көліктер жаңарған. Кондукторлар бірыңғай формаға ауысты. Тек, осы мәселелерді түзеу қалып тұр. Дұрыс атау талап етіліп жатыр. Негізінен, келешекте аялдамалардың аты автоматтандырылған, дауыс зорайтқышпен хабарлау жүйесіне көшірілмек. Қазірдің өзінде бір-екі бағытта бұл жүйе тәжірибе жүзінде енгізілді де. Әзірге, біздің жолдар ол жүйеге сай емес.

КӨЛIКТЕРIН 20 ПАЙЫЗҒА ЖАҢАРТАДЫ

DSC 0745

Талдау жұмыстары көрсеткендей, қалада жолаушылар ағыны сағат 8.30-дан кейін азаяды. Жетіде жұмыстан шыққан адам сегіз жарымға дейін үйіне жетеді. Ал көліктер тоғыз, тоғыз жарымда жұмысты аяқтайды. Заңға сәйкес, кез келген қоғамдық көлік бір айлық жоспарды 70 пайызға орындаса, ол жақсы деп есептелінеді. Өйткені, техниканың аты техника: сынады, бұзылады.
Бүгінде бөлім мамандары кешкі рейдтерді ұдайы өткізеді. Қазір 84, 74 бағыттағы автобустар түнгі онға дейін жүреді. Өйткені, жолаушылар ағыны сол кезде бәсеңдейді. Бұрынғымен салыстырғанда көліктер жақсы жүріп жатқанын айта кеткен жөн.
Межелі жерге жеткізбей, орта жолда тастап кететіндер немесе «алдыңғыға ауысыңыздаршы» деп қиыла өтінетіндер әліге дейін кездесетіні де рас. Олар – белгіленген графиктен өз уақытынан озып немесе қалып қоятындар. Дегенмен, олардың әрекеті заңға қайшы. Адамдарға қолайсыздық әкеліп, ашу-ызасын тудырады.
Наурыз Сүгірәлиев бұл мәселе бойынша арнайы уатсап желісі көп олқылықтың бетін ашқанынан құлағдар етті. Қалалық әкімдіктің жанынан ашылғалы бері бейпіл сөйлейтін жүргізушілердің де қатары азайған. Темекі шегу оқиғалары да төмендепті. Мұндай оқиғаларға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі нақты шара қолданып, полицияға да шағым түсірген. Бұл жағынан халық белсенділік танытып та жүр. Сіз де осындай жағдайға куә болсаңыз, әлгі уатсап нөміріне жазып жіберсеңіз, оларға шара қолданылады.
Жолақысы көтерілді, енді соған сай қызмет сапасы да жоғарыласа деген талап-тілек көпшілікте. Тарифті көтерудің басты себебінің бірі – көлік компанияларына көліктерін жаңартуға мүмкіндік беру. Мәселен, 2012 жылы шілде айында жол ақысы көтеріліп еді, 2014 жылы 150-160-қа жуық автобус келді. Одан кейін «Грин бас» компаниясы 200 көлік әкелді.
Жылдың аяғына дейін, тасымалдаушылар көліктерінің 20 пайызын жаңарту керек. Талап та зор. Көлік компанияларының мұны іске асыруға мүмкіндіктері де бар.

Последнее изменение Среда, 03 Август 2016 05:41
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.