«АСЫРАУШЫсын ТАПСА АДАМ БОЛАР, ОҚУЫН ТАПСА БІЛІМ ҚОНАР» Избранное

Пятница, 14 Октябрь 2022 05:14 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2270 раз

Енді тәрбиешілердің жалақысы көбейіп, жүктемесі азаяды. Ал, мектеп директорлары әр 7 жыл сайын ротация негізінде ауыспақ. Білім берудегі тың жаңалықтың бірі — кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына академиялық дербестік беріліп отыр. Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Шымкент қаласында білім беру саласының өкілдерімен өткен кездесу барысында мәлімдеді.

362

 

Айлығы көбейіп, жүктемесі азаяды

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 11 009 мектепке дейінгі білім беру ұйымы 881,4 мың баланы қамтып отыр. Оның ішінде 5696-сы мемлекеттік болса, 5313-і жекеменшік. Мұндағы жекеменшік балабақшалардың 4979-ы жан басына қаржыландыру бойынша мемлекет есебінен білім беріп отыр. Алайда, бас ұстаздың айтуынша, 3-6 жас аралығында бөбектерді мектепке дейінгі біліммен қамтуда әлі де түйіні шешілмеген мәселе көп.
— Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бағытталатын қаржы келешекте 6-7 есе артығымен қайтарылатыны әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Яғни, бала тәрбиесі мен білімінің іргетасы осы балабақшада қаланады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайту көзделіп отыр. Сонымен қатар, балалардың тамақтану нормативі мен балабақшаға орналасу кезегі де қайта қаралады, - деді Асхат Қанатұлы.
Биыл республикада балабақшамен қамту көрсеткіші 97,8 пайызды құраған. Жыл басынан бері 19 300 орынды құрайтын 230 мектепке дейінгі білім беру нысаны салынса, жыл соңына дейін 34 мың орынды құрайтын 322 балабақша пайдалануға берілмек. Ал, Шымкентте 577 мектепке дейінгі білім беру нысаны бар. Оның 72-сі мемлекеттік, 505-і жекеменшік.
— Балалардың тәрбиесімен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқығын қорғау — білім саласының ажырамас бөлігі. Бүгінде республикадағы барлық білім ұйымдары 100 пайыз бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Алайда, балабақша кезегіне қатысты проблема толық шешілмей келген еді. Қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін электронды кезек тәсілін енгізіп, оны қадағалауды жергілікті білім басқармаларының құзіретіне де бердік. Алайда, бір баланың құжаты 2-3 өңірде кезекте тұрған жағдайлар да кездесіп жатыр. Сондықтан балабақша кезегіне тіркейтін өңірлердегі электронды базаны біріктіру қолға алынды. Біз бұл арқылы ашықтықты, әділдікті қамтамасыз етіп, құжаттың бірнеше өңірде тіркелуін шектейтін боламыз, - деді А.Аймағамбетов.

«700 мектеп директоры ротацияланды»

Еліміздің бас ұстазы өз баяндамасында мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқығын қорғау мен педагог мәртебесі жайында сөз қозғады.
— Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, бүгінде мектеп мұғалімдерінің қосымша жүктемесі азайтылды. Яғни, әр мұғалім бір жұмыс күнінде екі құжатты ғана толтырады. Оның бірі – сабақ жоспары, екіншісі – сыныптың оқу журналы. Алайда, мұғалімдер сыныптағы 4-5 дарынды оқушыны ғана бағалап, оқытпай, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты күшейтуі керек. Сынып жетекшілері баланың ата-анасымен жұмыс істеп, сабақ үлгерімінің төмендеу себебін анықтаған жағдайда, білім сапасының да артатыны сөзсіз. Мен бұл тұста, еліміздегі Білім-инновация лицейлерінің ата-анамен жұмыс тәжірибесін қолдаймын, - деді Оқу-ағарту министрі.

361


Мемлекет басшысының қыркүйектегі Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» дей келе, білім сапасын арттырудың басты тетігінің бірі оқушыға жайлы орта қалыптастыру екенін ерекше атап өткен-ді.
— Бүгінге дейін мектеп құрылысы жайында тек оның саны ғана айтылып келді. Ал, алдағы уақытта қай нысанның қанша оқушыға лайықталып салынатынын ескеретін боламыз. Мәселен, белгілі бір өңірде 5 мектеп салынғанымен ол 50 орынды болып, бар-жоғы 250 оқушыны ғана қамтуы мүмкін. Бір өңірлерде үлкен мектеп салынып, оқушы саны жетпей жатса, енді бір өңірлерде 1200 оқушыға арналған ғимаратта 5000 бала оқып жүр. Басқарма басшылары «3 ауысымды мектеп жоқ» деп есеп бергенімен, 5000 баланың 2 ауысымда оқып жүрмегенін айтпай-ақ түсінуге болады. Сондықтан мектеп құрылысын жүргізерде міндетті түрде болжалды қажеттілікті ескеру шарт, - деді Асхат Қанатұлы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 7680 мектепте 3,7 миллион бала білім алып жатыр. Оның ішінде 6906-сы мемлекеттік, ал 545-і жекеменшік білім беру ұйымы. Ал, Шымкентте Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 32 мектеп салу жоспарланған. Соңғы екі жылда жеке инвесторлар есебінен жан басына қаржыландыру бойынша 50 мектеп қосылып, 21 300 орынмен толыққан. Кәсіпкерлер алдағы уақытта тағы 25 мектеп салуға ұсыныс білдірген. Нәтижесінде 2023 жылы үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі, ал 2025 жылы сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі толығымен шешілмек.
— Бүгінде жас әрі білікті мамандарды жұмыспен қамту мақсатында электронды конкурс негізінде құжат қабылданып отыр. Сонымен қатар, білім сапасын арттыру мақсатында мектеп директорларының ротациясы қолға алынды. Шымкент қаласы алғашқылардың бірі болып ротация жұмыстарын жүргізді. 20 жылдан астам бір мектепті басқарған кісілердің ротацияға деген кереғар көзқарасын да білеміз. Дегенмен, бұл —білім сапасын арттыру үшін қажетті тәжірибенің бірі. Биыл республиканың барлық өңірінен 1000 мектеп директорын ротациялау жоспарланған болса, бүгінге дейін оның 700-і ауысып үлгерді. Алдағы уақытта бір мектептің басшылығындағы қызметі 7 жылдан асқан жағдайда ғана ротацияланады, - деді А.Аймағамбетов.
Сондай-ақ, оқу бағдарламасына енген өзгерістерге тоқталды. Жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілінде білім беретін 1-сыныпта «Әліппе» мен «Ана тілін» оқыса, 2-сыныпта «Орыс тілі», 3-сыныпта «Ағылшын тілі» пәндері қосылады. Ал, орыс тілді сыныптарда қазақ тілі 1-сыныптан бастап, «Ағылшын тілі» 3-сыныптан оқытылады.

Академиялық дербестік берілді

Елімізде 770 колледжде 488 мың студент білім алып жүр. Оқу-ағарту министрі нарықтық сұранысқа қажетті мамандар даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыстың артқанын атап өтті. Мәселен, 2019 жылы 94 мың студенттің оқуына мемлекет бюджетінен қаржы бөлінсе, 2022 жылы ол 128 мың балаға жеткен. Ал, 2025 жылға дейін 165 мыңға жеткізу көзделіп отыр.
— Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі тың бастама — еңбек нарығында сұранысқа ие маман даярлау мақсатында колледждерге академиялық дербестік берілуі. Енді олардың өздері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындайды, - деді А. Аймағамбетов.

363


Оның айтуынша, білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті біліктілікті алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға, қажет болған жағдайда қосымша басқа біліктілікті алуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді. Осылайша, колледждер жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайтын болады.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов білім саласында үздіксіз 25 жыл еңбек еткен маманға арнайы мемлекеттік марапат тағайындалатынын мәлімдеді. Яғни, оны үздік тәрбиеші де, ұлағатты ұстаз бен кәсіптік білім беру ұйымында еңбек еткен оқытушы да ала алады.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары
Ш.Мұқанның жүргізуімен өткен жиын сұрақ-жауап негізінде жалғасты. Кездесуге келген мұғалімдер мен мектептердің қамқорлық кеңесінің төрағалары, колледж оқытушылары саладағы көкейтесті сауалдарын жолдады.
Ата-аналар комитетінің төрайымы Айдана Байдосова мектеп пен баланың қамқоршысы арасындағы жауапкершілік шекара және балабақшалардағы шектеу жайында сауал жолдады. Министр оған мұғалім балаға сабақ уақытында ғана жауапты екенін түсіндірді. «Бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі басым. Десек те, ата-ана мен мұғалім етене жақын байланыста болса, сапа артатыны сөзсіз. Ал, балабақшадағы шектеуге келетін болсақ, кез-келген білім ұйымының жұмысына рұқсат беретін құзырлы мемлекеттік мекемелер бар. Әр ата-ана балабақшаға немесе мектепке барып, сабақ өтуге кедергі келтіруге құқы жоқ. Ол 45 минут тек мұғалімнің құзіретіне берілген уақыт. Министр мен де олай рұқсатсыз сабақты бөле алмаймын», - деді ол.
Сондай-ақ, бірнеше ұстаз жаңа оқу жылынан бастап орыс тілі, дене шынықтыру пәндерінде сыныпты екіге бөліп оқытуға шектеу қойылғалы жүктеменің азайып кеткенін алға тартты.
— Өңірлерді аралаған кезде бір мұғалімнің 64 сағатпен жұмыс істегенін көрсем, енді бір өңірде 16 сағаттық жүктемені 5 мұғалімге бөліп бергенін білдік. Бұл екеуі де заңға қайшы. Әр мұғалім тиісті 16 сағаттық 1 жүктеме немесе 24 сағаттық 1,5 жүктемемен жұмыс істей алады. Сондай-ақ, мұғалімнің жүктемесі көбейген сайын бірінші кезекте білім сапасының төмендейтінін ескеруіміз қажет, - деді министр.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі бірқатар қамқоршылық кеңес төрағаларының, салалық кәсіподақ мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, алдағы уақытта тиісті шараларды қабылдайтынын жеткізді.
А.Аймағамбетов Шымкент қаласына сапары барысында «Аружан» мемлекеттік балабақшасының жұмысымен танысып, Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің жас мамандарымен кездесті. Сондай-ақ, Оқушылар сарайында қаладағы білім беру ұйымдарының басшыларымен арнайы кездесіп, саладағы жаңалықтармен бөлісті.