Баланы кітап оқуға баулу үшін, ең бастысы көркем әдебиетті сүюге көмектесуіміз керек. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы ақын Абай Құнанбаев айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады. Бұл орайда кітапхананың алар орны ерекше.
Облыс көлеміндегі балаларға қызмет көрсететін кітапханаларға әдістемелік және іс-тәжірбиелік көмек көрсету мақсатында Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастырумен «Қазіргі заманғы балалар оқуын және кітапты насихаттау» атты облыстық зерделі кеңес өткізілді.
Барлық аудандық, қалалық, аймақтық балалар кітапханаларының қызметкерлері қатысқан басқосуда қазіргі ақпараттық қоғамдағы кітап оқуды насихаттау, балаларды кітап оқуға тартудың әдістері мен түрлері, балаларды кітаппен достастыру туралы кеңестер беріліп, қатысушылар көп мағлұматтар алды. Зерделі кеңестің соңында облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесе отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты ұйымдастырылған «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» атты көрме-экспозициясының тұсаукесері өтті. Көрме экспозицияны таныстыру барысында облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан алынған Қазақ хандығына байланысты көне заттармен қоса кітаптарға да шолу жасалды.
А. Байділдаева,
Ы.Алтынсарин
атындағы облыстық балалар кітапханасы
директорының
орынбасары