Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-ана мен оқушылардың әбігерге түсетіні анық. Бұл күнде базарлар мен сауда үйлерінде мектеп формасы мен мектепке қажетті құрал-жабдықтардың саудасы қызып тұр. Биылғы баға ата-аналардың қалтасына қаншалықты салмақ салды? Базарға келген ата-аналармен бірге аралап көрген едік.
Бiр баланы киiндiруге қанша қаржы кетедi?
Қаладағы «Автонұр» базарында ығы-жығы адам. Екі-үш баласын жетелеп алған жұрт. Бар тапқанын баласына жұмсап, көңілін қалдырғысы келмейтін ата-ана. «Ойымдағыны алам» деп қиғылық салған бала. Бір сөзбен айтқанда, базар маңы у-шуға толы. Қала тұрғыны Эльвира Маханбетованың төрт баласы да мектепке барады. Бүгін 4-сыныпқа баратын ұлы мен 3-сыныптың табалдырығын аттайтын қызын базарға ертіп келіпті.
– Алдымен осы кішкентайларымды бастан-аяқ киіндіріп алайық деп шештік. 20 мың теңгемен келіп едім. Оның 7 мыңнан астамы оқу құралдарына кетіп қалды. Әзірге шалбар мен белдемше, сосын кеудешесін алдық. Оған 7500 теңге жұмсадым. Күн жылы ғой, костюмдерін келесі жалақыдан алып берермін. Әлі спорттық киімдерін алу керек. Бүгінгінің балалары ескі киімдерін кимейді, ал оларды қатарынан қалдырғың келмейді. Айтқанын алып беруге тырысасың. Үлкендеріме бұдан да көп ақша кетеді, – дейді Эльвира Маханбетова.
Бүгінде мектеп киімдерінің басым бөлігі Қытай мен Қырғызстаннан ағылуда. Былтырғы бағамен салыстырғанда 200-300 теңгеге қымбаттағанын айтты сатушылар.
Оқу құралдары қалтаңыздан 10-15 мың теңгенi қағады
Базардың қақпасынан ене бергеннен-ақ қыз-жігіттер «екі теңгеден дәптер алыңыз» деп қаумалап, қоярда-қоймай сауда нүктесіне ертіп барады. Бір қызығы, мұнда 10 мың теңгеден жоғары бағаға сауда жасасаңыз ғана 100 дәптерді екі теңгеден береді, ал 5 мың теңгеге сауда жасасаңыз 50 дәптер аласыз. Бұдан көп дәптерді қолыңызға ұстата алмайды. Сөреде самсап тұрған оқу құралдарының бағалары да сан түрлі. Мәселен, сөмкелер мен рюкзактар сапасына қарай 1000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін барады. Қалың дәптер – 30-100, сызғыш – 25-50, өшіргіш – 20-30, ермексаз 250-350, түрлі-түсті қарындаш 80-1000 теңге. Базардағы оқуға қажетті құралдардың көбі Ресей мен Қытайдан келеді. Сатушылар олардың бағасы биыл өзгермегенін айтады. «Сурет дәптер, күнделік, ермексаз қорабының сыртындағы балалар көп көретін «Маша мен аю», «Көліктер» тағы басқа мультфильмдердің кейіпкерлерінің суреті кішкентайларды қызықтырмай қоймайды. Басқаларына қарағанда қымбаттау. Біздің де балалардың көңілінен шыққан отандық мультфильм, балалар киносы кейіпкерлерін, батырларымызды осылай мұқаба сыртына шығарып дәріптесе екен, – дейді Гүлбану есімді ата-ана. Ата-аналардың айтуынша, мектепке қажетті құрал-жабдықтар ұсақ-түйек көрінгенімен, қалтаңыздан 10-15 мың теңгені қағады.
«Гаухардың» мектеп формасына сұраныс жоғары
Шымкенттегі «Гаухар» тігін фабрикасы бүгінде тек Оңтүстік жұртына ғана емес, еліміздің басқа қалалары мен Ресей нарығына да киімдер шығаруда. Мектеп формасын іздеген ата-ана мұнда да көп. Ләззат Бисенова №66 «Қазығұрт» орта мектебінде білім алатын екі қызын ертіп жүр.
– Былтыр базардан сатып алғанбыз. Биыл осы үлгідегі форманы киюге міндеттеді. Екі қызымды ертіп келіп, форма таңдадық. Тігісі, матасының сапасы көңілімнен шықты. Бағасы да қымбат емес, – дейді Ләззат.
«Гаухар» тігін фабрикасы жыл сайын 8-10 мың мектеп формасын тігеді екен. Бүгінде «Sabtex» сауда үйінде 1-4 сыныптың қыздарына арналған костюм, белдемше мен кеудешесі 6100 теңгеден сатылып жатыр, 5-8 сынып қыздарына – 8550 теңгеге аласыз, ал жоғары сынып оқушылары үшін 10 000 теңге деп бекітілген. Ал ұлдардың мектеп формасы 6500-7800 теңге аралығында.
– Біз мектеп формасының матасын Иран, Пәкістан, Ресей елдерінен арнайы алдыртамыз. Биыл Алматыдан тапсырыс беруші мектептер көп. Сондай-ақ, өнімдерімізді Ресей нарығына өткізіп жатырмыз. Білім ордасында оқушылардың мектеп формасымен жүргендері дұрыс. Әр ата-ананың тұрмыстық жағдайы әрқалай ғой. Бірі баласына қымбат киім әпереді, ал бірі күнделікті азығын әрең тауып жүр. Сондықтан өз басым мектепте бірыңғай формамен жүргендерін құптаймын, – дейді «Гаухар» тігін фабрикасының басшысы Әнипа Халбаева.
Мұндағы бір көңілге қонғаны, мектеп формасын базардағыдай тұтас сатып алуға міндетті емессіз. Қалтаңыздағы қаржыңызға қарай, белдемшені, кеудешені, шалбарды бөлек, костюмді бөлек сатып алуға болады. Мектеп формасы мен әскери киім тігуде тәжірибесі мол фабриканың өніміне сұраныс та жоғары.
Әйгерім БЕГІМБЕТ
P.S. Қазіргі таңда оқушылардың қандай форма киетінін әр мектеп ұжымы өздері шешеді. Бірақ алдағы уақытта барлық білім ордасындағы оқушылар бірыңғай киім киюі мүмкін. Өйткені білім және ғылым министрлігіндегілер 2016 жылдан бастап бірыңғай мектеп формасын енгізу туралы ұсынысты депутаттар қарауына жіберді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Шоқпаровтың айтуынша, бірыңғай түс пен үлгіні таңдау ата-аналардың құзырына беріледі. Ол үшін бұл іске олар әр аймақтағы белсенді ата-аналар мен ұстаздарды жұмылдырмақ.