Ынтымақ Мәдиев,
қалалық білім бөлімінің басшысы:
– Ынтымақ Әділханұлы, қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындықтары қалай?
– Биыл қаламыздағы 126 мектепте алғашқы қоңырау сыңғыры естіліп, онда 147 мыңнан астам оқушы білім нәрімен сусындайды. Білім ордалары мен мектепке дейінгі, мектептен тыс мекемелерге қазынадан 31 млрд. 694 млн. 99 мың теңге қаралған. Жеті мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Ақтас-2 елді мекенінде 200 орынды, Көкбұлақ тұрғын алабында 300 орынды, Сайрам елді мекенінде 1200 орынды мектептің құрылысы аяқталып, балаларды қабылдауға дайын тұр. Ал №12, №22, №36, №73, №94 жалпы орта мектептерде қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 1 қыркүйекте пайдалануға берілмек. Ал Бозарық елді мекеніндегі 1200 орынды, Қаражол тұрғын алабындағы 900 орынды мектептер қараша айынан бастап балаларды қабылдайды. Биыл №12, №34, №36, №118 мектептер апатты жағдайда деп танылып, үш мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Ал №34 мектептің құрылысы 2016 жылы аяқталмақ. Сонымен қатар, №69, №76, №59 мектептерге құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасына тапсырылды. Үш ауысымды мектептердің мәселесі 2017 жылы шешімін табады деп күтілуде.
– ҰБТ-ның қорытындысы көңіліңізден шықты ма? Түлектердің көрсеткіші биыл қандай болды?
– Биыл ҰБТ-ы 2-8 маусым аралығында 3 тестілеу пункте өткізілді. 6519 мектеп бітірушінің 3921-і тест тапсыруға ниет білдірген. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауының 22 жеңімпазы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес ҰБТ-дан босатылды. Орташа балл - 81,8-ді құрады. «Алтын белгіге» үміткер 155 оқушының 81-і өз білімін дәлелдеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан оқушылары 100 балдан жоғары көрсеткіш көрсеткен №113, №42, №48, №107, №90 мектептерді атап айтқым келеді. Өкінішке қарай, №3, №4, №6, №16, №27, №61, №92, №97, №100, №116 жалпы орта мектептің оқушылары төмен нәтиже көрсетті.
– Ал осы оқушыларға дәріс беретін ұстаздардың білім-біліктігін арттыру үшін нендей шаралар атқарылуда?
– Жастардың отансүйгіш, білімді, зерек, болып өсу жолында тер төгу – бүгінгі ұстаздар қауымы үшін зор міндет деп білемін. Ендеше қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған басты міндеті – оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын қалыптастыру, құзыретті тұлға дайындау. Әр ұстаз әркез өзінің ізденісін жоғалтпай, білім-біліктілігін арттырып отыруы керек. Сол себептен қазіргі уақытта 1749 мұғалім екі апталық курста өз білімдерін шыңдаса, 35 білім мекемесінің басшысы «Кембридж тәсілінің негіздері» бойынша біліктілікті арттыру курсын бітірді. Сонымен қатар, осы жылы 2510 мұғалім курстан өтіп, сертификатқа ие болды. Елбасы Н. Назарбаевтың «ХХІ ғасыр білім мен ғылым ғасыры болатындығына сенемін», - деген мақсатын назарға ала отырып, білімнің сапалы, тәрбиенің нәтижелілігі кәсіби деңгейдегі мұғалімдерге байланысты екендігін іс жүзінде дәлелдеуіміз қажет.
– Оқушылар арасындағы әлімжеттік, бұзақылық оқиғалары жиі орын алып жататыны белгілі. Оның алдын алу бағытында өткізіліп жатқан шаралар қаншалықты нәтиже беруде?
– Облыстық прокуратура өкілдерінің бастамасымен барлық аудандық прокуратураларда, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен және барлық білім беру мекемелерінде мобильдік топтар құрылған. Олардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша шұғыл шаралар қабылдау және іс-әрекеттер жасау. Сондай-ақ, ата-аналар, құқық қорғау органдарымен, зейнеткер ұстаздар, кәсіподақтың қатысуымен қалалық білім бөлімі жанынан тәртіптік кеңес құрылған. 2015 жылы жергілікті атқарушы органдармен, ішкі істер органдарымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 120 рет түнгі мезгілде рейдтік іс-шара өткізілді. Қаламызда орналасқан ойынханалар мен интернет клубтар, көңіл көтеру орындарын аралап, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында 156 жасөспірім анықталып, олардың 48-і ОҚО Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, ал 108-і отбасына жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды. Бірақ жан-жақты жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан жасөспірімдер арасындағы қылмыс тоқтар емес. Айталық, бұзақылық жасауға бейім 70 оқушы аудандық ішкі істер бөлімдеріне, 275 оқушы мектепішілік есепке алынған. Өкініштісі сол, кәмелетке толмағандар арасында 101 қылмыс орын алған. Бұл анықталған құқық бұзушылық бойынша 8 мектеп директорына, 17 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, 41 өзге қызметкерлерге тәртіптік шара қолданылды. ҚР Әкімшілік кодексінің талаптарына сәйкес бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін 134 ата-анаға айыппұл салынды. Бала тәрбиесіне келген сәтте бар жауапкершілікті ұстаздар иығына арта салу үрдіске айналды. Алайда ұлылардың «Ата-анадан ұрпақ өсіп тараған, жақсы-жаман болса, бәрі солардан», деп айтқан ұлағатын басты назарға алғанымыз жөн.
– Аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан балаларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?
– Қаламыздағы білім ордаларында 15 503 бала көп балалы отбасынан шыққан. Аз қамтылған отбасының балалары – 4879. Сондай-ақ, 4686 жартылай жетім, 788 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Бұл балалардың білім алуына мемлекет және демеушілердің тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Биыл міндетті білім қорына 470 млн 091 мың теңге қаралды. 10 571 бала ыстық тамақпен қамтылса, 4500 бала қала сыртындағы лагерьлерде тынықты. 4170 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары қажетті киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.
– Ал кішкентай бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы қай деңгейде?
– Қазіргі таңда мектепке дейінгі 82 мемлекеттік мекемеде – 24 524 бала, 170 жекеменшік балабақшада – 19 294 бала, 44 жалпы орта мектептің жанындағы шағын орталықта – 2550 бала тәлім-тәрбие алуда. Жалпы мектепке дейінгі мекемелерде 46 368 бала, «Балапан» бағдарламасы бойынша 45 011 бала қамтылып, қамту пайызы 77, 1-ді құрап отыр. Бұл көрсеткішті жоғарылату мақсатында 857 млн теңге қаржы бөлініп, 7 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2014-2015 оқу жылында 320 орынды «Самал-3», 320 орынды «Тұлпар», 80 орынды «Гаражная» балабақшалары пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Нұртас», «Қазығұрт», «Жангелдин», «Самал-2», «Бозарық», «Ерімбетов» балабақшаларын бүлдіршіндерді қабылдауға дайындап жатырмыз. Бұл балабақшалардың әрқайсысы 320 балаға лайықталған. Алдағы уақытта Елбасының балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жалғасын табады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ә. ӘБУ