Шымкентте «Студенттік шақ» фестивалі өтті. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы мен «Бәйтерек» жастар ұйымы ұйымдастырған шараға 500-ден аса студент жас қатысты.
Дәстүрге айналған фестиваль М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бас ғимаратының алаңында 200 студент жастың қатысуымен таңғы жаттығудан бастау алды. Екі күндік іс-шара аясында қаладағы студент жастар бірнеше байқаулар бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ, «Шынықсаң шымыр боласың» атты спорттық сайыста да бақ сынады. Жас дарындардың өнерін өңірімізге белгілі өнер қайраткерлері мен спорт саласының үздіктері бар арнайы әділқазылар алқасы таразылады.
Фестивальдің қорытындысы бойынша көркем сөз оқудан өткен байқауда бас жүлде «Мирас» университетінің студенті Динара Ораловаға бұйырды. Ал жас суретшілер байқауында Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенті Нысанбай Нұрболат топ жарса, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенті Пауль Маргарита жас архитекторлар арасындағы байқауда үздік атанды. Спорт додасының волейбол сайысында Қазақстан инженерлі педагогикалық Халықтар Достығы университеті, арқан тартудан Шымкент медицина колледжінің құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. Ал эстафета бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ерлер және қыздар құрамасы бас жүлдені ешкімге берген жоқ. Бір қызығы, ОҚМУ-дың студент жастары футбол жарысында да чемпиондық тұғырға көтерілді.
Мерекелік шараның жабылу салтанаты және гала-концерті кешқұрым «Қызғалдақ» су бұрқағының жанындағы сахнада өтті. Жастардың мерейлі мерекесіне арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов аталмыш фестивальге белсенді қатысқан жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен үздік студенттерді Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Жастардың көңілін серпілтіп, жанын жадыратқан мерекелік кеш облыс эстрада жұлдыздары мен жас өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өз жалғасын тапты.
С. ТАСТАНБЕК