Шалғай ауыл, қалалардан келіп Шымкентте білім алуға ниеттенген студенттер енді жатақханадан тарықпайтын болады. Кеше Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының жаңадан салынған 12 қабатты ғимараты салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Жоғары білім алуды қалаған жастардың жатын орнына арналған ғимарат – студенттер үйі деген атауға ие болмақ. Салтанатты шараға ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков және ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев қатысты.
Алыстан көз тартатын зәулім ғимарат 500 орынға лайықталған. Заман талабына сай бой көтерген жатақхананың әр бөлмесінде жеке санитарлық торап, жуынатын бөлме бар. Сонымен қатар, ғимарат интернет желісімен қамтамасыз етілген. Кітапхана, бірнеше оқу залы, асхана, медициналық және ем қабылдау, теледидар көретін, кір жуатын, үтіктейтін бөлмелері де бар. Көпқабатты ғимаратта 2 жеделсаты жұмыс істейді.
– Заманауи жатақханасы бар оқу орнында білім алып жатқанымызға қуаныштымыз. Енді мұнда мол кітапхана қорынан бастап, киім тазалайтын, шаш қырқатын қызмет түрлерін де еркін пайдаланатын боламыз, – дейді ҚР Білім және ғылым министрінің қолынан бөлме кілтін алған филология факультетінің 4 курс студенті Ғазиза Жамәділ.
Іргетасы өткен жылы қаланған ОҚМПИ-ге қарасты Студенттер үйінің құрылысын «Ақ орда» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Зәулім ғимаратты салу үшін 1 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалған.
Жатын орындар ең алдымен, толық және жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыдан шыққан, шалғай аудандардан келген студенттерге, сондай-ақ, сабақты үздік оқитын әрі белсенді жастарға беріледі.
Жатақхананың бес қабаты ғылыми-әдістемелік орталыққа арналып, студенттердің бос уақытында ғылыми жұмыстармен айналысуына арналмақ. Ал аулаға орындықтар мен шамдар қойылып, субұрқақпен әсемделуде. Осылайша, 12 қабатты зәулім ғимарат шаһарымыздың шырайын ашып, студенттердің жатақханаға деген біршама қажеттілігін өтейтін болады.
Ж. КОЛХОЗОВ,
Суретті түсірген Қ.ШЕРІМ