Телеарнаның бір күні

Пятница, 07 Ноябрь 2014 04:05 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7955 раз

Күн сайын теледидар тетігін қолға алатын көрермен нені іздейді? Бірі кино көрсе, бірі көңілді ән тыңдайды. Енді бірі салиқалы сұхбатты тамашалайды. Осы орайда «Қазақстан Шымкент» телеарнасы ел игілігі үшін жемісті еңбек етуде. Оңтүстікте 1990 жылы 5 қарашада облыстық телеарна өз жұмысын бастады. Алғашқы хабарын 4 камералық ЖТС (жылжымалы телестанция) арқылы тікелей эфирге таратты. Бүгінде 24 жылдық тарихы бар телеарна өңір жұртшылығына көгілдір экран арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірін жеткізуде белсенді жұмыс жасауда. Жұмыстан оралған жан алдымен арнаның жаңалықтарын көреді. Ал телеарнада бұл сәтте жұмыс қыза түседі.

1303816321 televidenieАрнаның таңертеңгілік жұмысы қарбаласпен басталады. «Таң нұры» сазды ақпараттық бағдарламасы 1,5 сағаттық бағдарлама. Телеарнаның әр таң сайын шымылдығын ашатын хабар мәнді, мазмұнды болуы тиіс. Ал ұжым әр күнгі эфирге үлкен дайындықпен шығады. Көрермен күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып, жаңа күнмен, таңғы бағдарламадан қуат алуы қажет. Осыны ескерген шығармашылық ұжым бағдарламаға барын салады. Біз телеарнаның туған күні қарсаңында бір күндік жұмысының куәсі болдық.
Әдеттегідей жүргізушілер мен режиссер және операторлар жұмысқа таңмен таласа жетті. Жүргізушілер алдымен грим бөлмесіне бас сұқты.
Гример Жайна Үсеннің жұмысы таңғы сағат алтыда басталады. Өйткені оның қызметі белгілі бір уақытқа бағынбайды. Соған қарамастан гример қыз өз жұмысын мінсіз атқарады. Жайна эфирге шығушы журналистер мен қатысушы қонақтарға грим жасайды. Мереке күндері Жайнаның қолы босамайды. Қыздар жағы алдын ала жазылады. Бұл жолы да гример қыз жүргізушілердің кескін келбетін әрлеп, тікелей эфирге шығарып салды.
Бүгін «Таң нұры» сазды ақпараттық бағдарламасын Серғали Жарылқасымов пен Маржан Жорабаева жүргізеді.
Жуырда келген Серғали бағдарлама арқылы көрерменмен алтыншы рет жүздесіп отыр. Тікелей эфирде хабар тізгінін ұстау оңай емес. Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары.
– Эфир кезінде Маржанмен кеңесіп отырамын. Мәтінді оқығанда қай кезде бір-бірімізге қарау керек екенін, қашан күлімсіреу қажеттігін түсінемін. Кейде сөз таппай тосылып қаламын. Ондай сәтте Маржан іліп әкетеді. Телеарнадағы кәсіби журналист аға-әпкелеріме қарап бой түзеп келемін. Әрине, үйренетінім, әлі де көп. Дегенмен, аз да болса төселіп қалдым, – дейді жүргізуші Серғали Жарылқасымов.
Ал Маржан Жорабаеваны көрермен жақсы біледі. Телеарнада «Таң нұрын» бір жылдан бері жүргізіп келеді. Эфир біткенше Маржанда тағат болмайды. Қате жібермеуге, қателеспеуге тырысып бағады. Сондай-ақ, бағдарламаның жүргізушілері Шолпан Аязбаева, Хорлан Кармен, Бақтыбек Нұралы, Аида Әбидуллақызы көрерменнің көзайымына айналған.
Ал телеарна режиссерлерінің жұмысы кадр сыртында жүзеге асады. Асқан жауапкершілік пен жинақылықты талап ететін қызметтің жүгі ауыр. Режиссер Ықтияр Досов үшін әрбір эфир өзінше бір туындымен бірдей. Ықтияр ағаның қызығы мен шыжығы көп салада еңбек еткеніне он жылдан асыпты. Ол өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайды. Жұмысының сәтті шығуы үшін, жүргізушілердің жақсы жұмыс жасауы үшін қолынан келгенін аянбайды. Жүргізушілер мен операторлардың кем-кетігін түзейді. Олардың артық сөзі мен қимылына жол бермейді. Хабарларды рет-ретімен жүргізушілерге хабарлап отырады. Бүгін де режиссер жұмысына ынтазарлықпен кірісті. Жүзі жарқын. Әдемі әзілімен, астарлы қалжыңымен жүргізушілер мен операторлардың көңілін көтеріп қойды. Республикалық арналарда таңғы бағдарлама үшін елуге жуық журналист жұмылдырылады. Ал аймақтық арнада сегіз адам жұмысты бастап кетті.
Біз телеарнаның жаңалықтар мен хабарларға бейімділген екі студиясына бас сұқтық. Заманауи телекешен техникалармен толық жабдықталған. Сондай-ақ спутниктік қондырғысы бар 4 камералы шағын жылжымалы телевизиялық станция да талапқа сай.
ПТС арқылы республикалық маңызы бар іс-шараларды және Үкіметтің «Үдемелі индустриялық-инновациялық» бағдарламасының дамуына байланысты жыл сайын өтетін телекөпірде Оңтүстік Қазақстан облысының ірі-ірі жобалары таныстырылады. Осының барлығында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы ұжымының қолтаңбасы бар.
«Қазақстан-Шымкент» телеарнасы қазіргі таңда жылжымалы телевизиялық станция арқылы облыстың кез келген жерінен тікелей эфирде хабар таратады. Хабарлар тәулігіне 14 сағат эфирге шығады. Ал эфирге шығарылатын материалдардың сапа тұрғысынан қалың қауымға жол тартуына аға инженер Қаһарман Сұлтанов жауапты. Телеарна техникасының пірі атанған инженер мемлекеттік маңызы ауқымды жобалар мен телекөпір бағдарламаларына тас түйін дайын. Монтаждаушылар, бейнеинженерлер, техникалық қызмет бәрі Қаһарман ағаның басшылығымен жүзеге асады.
Дыбыс режиссері Айнұр Төлебаева, операторлар Батыр Оразбеков, Абай Құралбай, жарық беруші Серік Махамбетәлі, эфир инженері Қуаныш Ибадуллаев, монтажер Садыр Әбдіманап өз жұмысының кәсіпқой мамандары. Оқиға орнынан әдемі кадр алу, мәселенің ұңғыл-шұңғылына қанығу операторлардың еңбегімен келетін дүние. Мен үшін әрбір күн мереке,-дейді кран шебері Батыр Оразбеков.
Көлік жүргізушілері оқиға орнына дер кезде жетуге ықпал етеді. Ақпаратты уақытылы беруде бұл кісілердің де үлесі зор. Олар қаланың барлық картасын жатқа біледі.
Таңғы бағдарламаның түсірілімінен соң, жаңалықтар бөліміне келдік. Мұнда қашанда қарбалас. Телеарна журналистерінің әр күні еңбекке толы. Ел өміріндегі, облыс, қала көлеміндегі жаңалықтарды «Оңтүстік ақпарат» бағдарламасы дер кезінде шапшаң, жан-жақты таразылап беруге тырысады.

434 e7f647df4a536bce03d62b47dc892ff3

 Олар жоспарға бағынбайды, мезгіл талғамайды. Ал жаңалық болып жатқан түрлі оқиғалардың тобықтай түйіні мен оймақтай ойын беретін бағдарлама. Күн сайын «не болып жатыр» деп телеарнаға қарайтынымыз анық. Аңғарғанымыз, бір күнде телеарна 27 жаңалықтар топтамасы мен сюжетін ұсынады екен. Содан болар, журналистер кез келген уақытта оқиға мен жаңалықтардың ортасынан табылады. Ақпарат беруде алдына жан салмайды. Мұнда екі тілде 12 журналист жұмыс істейді. Тілшілер мен телеарнаның еңбектері де нәтижесіз емес. Бұқаралық ақпарат құралдары арасында жыл сайын өткізілетін «Дидар», «Оңтүстік эфир», «Объектив» аталымдарының жеңімпазы, «Ақжелкен» бағдарламасы «Еуразия айналымы» халықаралық байқауларының лауреаты.

Телеарна журналистері Баубек Бұлқышев, Саттар Ерубаев, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың, Үкіметтік марапаттардың иегерлері.
Қазіргі таңда Нұрмахан Кенжехан, Мақсұт Айтжан, Гүлсанат Қалмырзақызы, Нұрлан Әлімбаев Гүлмира Оңласбек, Саттар Есімбек, Динар Мусаева, Наталья Цой, Марал Төкенова телеарна көрермендерінің көзайымына айналған. Жаңалықтар қызметін үйлестіруші Жадыра Мергенбаева сағат сайын қала, облыс аймағынан келіп түскен ақпараттар мен сюжеттерді сұрыптайды. Жаңалықтарды дер кезінде ұтымды формада беруге тырысады. Жадыра Айқаракөз» ұлттық-этнографиялық хабары, «Үркер», «Денсаулық» бағдарламалары арқылы оңтүстік жұртына танылған.
– Тікелей эфирдің жұмысы қашанда ауыр. Диктордың да жауапкершілігі жеңіл емес. Әріптестерімнің күні бойы жасаған, ізденген еңбегін халыққа түсінікті әрі нақты жеткізуі керек. Техника болған соң, кейде суфлер істен шығады. Болмаса ақпараттың мәтіні кешігіп жатады. Сондай сәтте тележүргізушілер шапшаң, қалығез болуы қажет. Кейде санаулы уақыттарда мәтіндер болмай қалуы мүмкін. Ондайда өзің қағазға мәтінді түсіруіңе тура келеді, – дейді шеф редактор
Жадыра Мергенбаева.
Репортаж кезінде телеарна журналистерінің үлкен ізденісте еңбек ететінін білдік. Хабарлар бөлімінің «Ақтолғай», «Біздің аула», «Айтарым бар», «Шымқала кеші», «Жүйріктер алаңы» тілшілердің шығармашылығынан туған жаңа жобалар. Ал жүргізуші Шолпан Аязбаеваның жастар тәрбесіне арналған «Жастық жанары» хабары (қоюшы режиссері Рауза Архабаева), Гүлжауһар Ахметқызының сенбілік «Сырғалым» ток-шоуы көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Сондай-ақ тележурналистер Назгүл Сұлтанова, Ардақ Байтүгелова, Фариза Құрманбек, Ұлмира Тоқсанбаева жемісті еңбек етіп келеді.
Сондай-ақ репортажда «Қазақстан РТРК» АҚ ОҚО филиалының директоры Уәли Қыдырдың нағыз шығармашылықтың адамы екенін байқадық. Ұйымшыл басшы журналистердің меселін қайтармайды. Кеңес беріп, бағыт-бағдар беруден жалықпайды. Ал телеарнада әрбір секунд мен минуттың тапшы екеніне көз жеткіздік.
– Көрермен телеарнамызды көру арқылы өз бағасын береді, көргісі келетін хабарын күтеді. Біздің басты мақсатымыз - көрермендеріміздің эфирден не күтетінін анықтап, олардың талғамын білу, соған сай өнім ұсыну. Отбасылық кинокөрсетілімдермен бірге балаларға арналған мультфильмдердің де үлесі мол. Сондай-ақ «Таң нұры» ақпараттық сазды бағдарламасын үлкен-кіші асыға тосады. Қазір арнамызды әрбір аймақ тамашалай алады. Бірде студияға қонаққа келген ақын Әселхан Қалыбековаға Баян-Өлгий өлкесінен көрерменіміз тікелей эфир арқылы хабарласты. Біз мұндайды күтпеген едік. Біздің арнамызда ілгерілеу бар. Әрбір хабарымызды жаңартып отырамыз. Жаңалықтарымызда да өсу байқалады. Ақпараттар топтамасы күніне 8 рет беріледі. Оның 4-уі тікелей эфирде – дейді «Қазақстан РТРК» ОҚО директорының орынбасары, бас редактор Гүлсара Қуанышбаева.
Мінекей, жаңалықтың жаршысына айналған тілші, ауыр техниканы иығына салып, талай бейнеге тіл бітірген оператор, кадрдың қиюын келістірген инженер мен режиссердің қызметі осындай. Сан саланы қамтитын телеарна ұжымы алдағы уақытта да көрерменін сапалы бағдарламаларымен, жағымды жаңалықтарымен қуанта бермек.



Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: Тележурналистика: кемшілігі мен жетістігі »